11.11.2021
  152


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ұстараның жүзінде жүрсін, жаным

Ұстараның жүзінде жүрсін, жаным,
Бойжеткендей кінәмшіл қымсынғаның.
Қысылғаның ұнайды, қымсынғаның,
Қымсынуда білемін тылсым барын.
От шарпыған қанатын көбелегім,
Көбелегім, «көзсізсің» демек едім.
Көріпкелі болады көзсіздің де
Табиғат пен тағдырдың жебегенін.
Көріпкелі болады көзсіздің де,
Аман қалдық сан рет ессіз мүлде.
О, Махаббат-тәңірім, өзің сақта,
Сені, сені берген жоқ ешкім бізге.
Кінәланба, қорланба, қапаланба,
Өкінгенмен онысыз опа бар ма?
Тек махаббат сыйлайды ортақ өмір
Бірер мезгіл, бірер сәт екі адамға.
...Туса перзент, дүниеден өтсе бір ұл,
Бір қуан да, артыңа өксіп, бұрыл.
Найза ұшында, жүзінде ұстараның
Өтер-кетер, қайтейік, өстіп ғұмыр.





Пікір жазу