11.11.2021
  264


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Сезім

Сезімімді сергелдеңге түсірдім,
Сезінуден ұшықтым да, ұшындым.
Сезімімнен ұшық алдым, тұшындым,
Сезім, сенің құлыңмын да, құсыңмын,
Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім.
Кейде баймын, кейде саған қысырмын,
(Қысыр қалған кездерімде қысылдым).
Мәрт кезінде мерт кезі бар мысыңның,
Кейде сақсың сауысқаннан бетер сен,
Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім.
Кейде от қып, кейде күл ғып ұшырдым,
Кейде тікен, кейде гүл ғып ұсындым.
Айырмасы нәсілің мен түсіңнің
Айғағы емес нәпсің менен ісіңнің.
Сезім, сені жаңа-жаңа түсіндім,
Түсінгеннен өз-өзімнен қысылдым,
Қара тер боп суындым да ысындым.





Пікір жазу