10.11.2021
  290


Автор: Ақерке Әбілхан

"Ол жағы құпия"

– Бүгін бізде қонақта - елімізге белгілі эстрада жұлдызы АНАУ МЫНАУ. Сонымен, эфирімізге хош келіпсіз. Шығармашылығыңызда нендей жаңалықтар болып жатыр? Сонымен бөлісе отырсаңыз.


– Ыыы, биылдыққа екі клип түсірдік...


–  Қанша шығын шыққанын айта кетсеңіз.


– Ыыы, ол жағы құпия қала берсін. Аз емес, әйтеуір.


– Демеушіңіз тегін кісі емес көрінеді. Ол кісіні көпшілікке таныстырғыңыз келмейді ме?


– Кешіріңіз, ол кісі атын жарнамалағанды ұнатпайды. Ол менің өнеріме шын жанашыр жан. Аты-жөні құпия қала бергені жөн.


– Аа, жақсы. Өзіңізді актерлік жақтан да сынап көріп жатыр деп естіп едік. Қандай және кімнің кинофильміне түсіп жатырсыз?


– Ия, бойымдағы дарынымды жасырғым келмейді. Жақында экранға шығып қалады ол кино да. Режисердің тарапынан киноның егжей-тегжейін айтпай-ақ қояйын. Мен онда басты рөлдердің бірін сомдаймын. (Басты рөлдердің бірі деп әдемі қылып айтқаны. Жәй эпизодтық рөл болса да, басты рөлдердің БІРІ деп айта береді). Қандай кино екендігі кішкене ғана құпия болып қала берсін жарыққа шыққанша. 


– Киноға түсіп, қалтаңыз қалыңдап қалған шығар біраз? Бұл үшін қанша төледі?


–  Шүкір, жақсы төледі. Пәлен деп сомасын айтып жар салмай-ақ қояйын. Құпия!


–  Отбасыңыз жайлы айтыңызшы? Тыңдармандарыңыз білгісі келеді. 


– Өнерім қызықтыра ма сіздерді, жоқ әлде жеке басым ба? Отбасылық өмірді құпия ұстағым келеді. ("Өнері" жайлы бәрін жайып салып жатқандай)


– Патша көңіліңіз білсін. Ал болашақта қандай жоспарларыңыз бар?


– Бәрін жайып салғым келмейді. Жария етпей жасағанды ұнатамын. Бәрі жақсы болатынынан сенемін. Жоспарларым әзірге құпия күйінде қала берсін. 


– Пәлен фестивальге қымбат көйлек тіктірдіңіз. Тым болмаса бағасын айтыңызшы. 


– Саудаласып тұрған базардағыларға ұқсап кеттік қой (қарқылдап күліп алды).  Оның қажеті қанша енді? Елдің алдында жүрген соң, білесіз, арзан киімді іліп шыға салмаймыз. Басқа-басқаааа, бұл қымбааат көйлегімнің бағасы АСА ҚҰПИЯ.


Айтыңызшы, мұндай сұхбатты қалай жариялауға болады. Не айтылды мұнда? Тыңдарман мен көрермен білгісі келетінін білді ма? Бәрі құпия күйінде қалды ғой. Дәл мұндай сұхбаттарды жарияламай-ақ ҚҰПИЯ күйінде қоқысқа тастай салу керек. 







Пікір жазу