Мектептегі үлкен үзіліс кезіндегі жыныстық қатынас
Мен — 4-курс студентімін. Бітіруші курс болғандықтан, тәжірибеден өту үшін осы Алматы қаласындағы мектептердің біріне бардым. Маған 8 - 11 сынып арасындағы оқушыларға қазақ тілі және әдебиет пәнінен сабақ беру міндеті жүктелді. Алғашқы күннен-ақ оқушылардың сабаққа бей-жай қарайтынын, тіпті бұрынғыдай бағаңды төмендетемін, ата-анаңа шағымданамын десем де, олардың аса қорқа қоймайтынын түсіндім. Ең сорақысы — өзім сабақ беріп жүрген оқушымның мойнынан «засостың» белгісін байқағаным. Оны тіпті ашып, көрсетіп жүруге ұялып, арланып тұрған бала да жоқ. Ал менің көргенім мектептегі түрлі сұмдықтардың тек бергі жағы ғана болып шықты.
Бірде ауруханада медбике болып жұмыс істейтін құрбым мектептегі оқушы қыздың оқиғасын айтып берді.
Ауруханадағы түнгі ауысымдағы кезекшілік кезінде есінен танып, құлап қалған 15 жастағы оқушы қызды алып келді. Бірнеше уақыт бұрын жүрегі айныған екен. Анасы тамақтан уланған шығар деп топшылады. Біз де солай ойлағанбыз. Бірақ нақты диагноз қою үшін тексеру керек. Сараптама жұмыстарының басы қасында жүрдім. Нәтижесі — 15 жастағы қыздың аяғы ауыр. Сондай-ақ оның уксус ішкені анықталды. Оқушы есін жинағаннан кейін оған аяғының ауыр екенін айттым. Ол бұл сөзді естігеннен кейін бірден «анама айтып қоймадыңыз ба?», - деді. "Әзірге айтып үлгермедім" - дедім. . Әлгі қыз болса жалынып, аяғыма жалбарына бастады. Өлердегі сөзін айтты. Анасына айтпауымды өтініп сұрады. Ойландым... Біраздан соң оған «маған болған жайттың бүге-шүгесіне дейін айтып берсең, қолдан келгенше көмектесем», дедім. Мен мұндай жайтты бастан өткерген жалғыз қыз емес екенін түсіндім. Сол себепті оқиғаның мән-жайын біліп, алдын алу шараларын жасағым келді.
Медбике: Бұл жағдай қалай орын алды?
15 жастағы қыз: Мектепте қыз-жігіт болып жүретін жұптар болады. Олар жоғарғы сыныптардың да, төменгі сыныптардың да арасында көп. Жыныстық қатынасқа түсу жұптардың арасында дағдыға айналып кеткен. Біз мектептегі үлкен үзіліс болған кезде арнайы киім ауыстыратын бөлменің алдына жұптар жинала бастаймыз. Сол жерде әр жұп өз кезектерін күтіп тұрады.
Медбике: Мектепте мұғалім немесе басқа адамдардың көріп қояды деп қорықпадыңдар ма?
15 жастағы қыз: Жоқ, мұның бәрі алдын-ала ойластырып қойылған. Себебі, ішке кіргендерді сыртта кезек күтіп тұрған жұптар қарауылдап тұрады.
Медбике: Ал сірке суын не үшін іштің?
15 жастағы қыз: Біз бала көтеріп қоюдан қорықтық. Содан кейін үлкен сыныптың оқушылары «сірке суын ішу керек, солай ғана бала көтеруден қорғана аласыңдар», - деді.
Сұмдық жайттың бас-аяғы осы. Ол сол күні 15 жастағы қыздың анасына қызының аяғы ауыр екенін айтты. Анасының бұл оқиғаны қалай қабылдағаны белгілі. 15 жастағы қыздың кейінгі тағдыры маған беймәлім. Ол анасының айтуымен аборт жасатқан шығар деп ойладым.
Жаға ұстатар оқиға Алматы қаласындағы мектептердің бірінде орын алған. Бұл біз естіген бір ғана қыздың басынан өткен сұмдық, ал біз естемеген масқараларды жасырып қалып жатқандар қанша?
Ресми статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде 15-18 жас аралығындағы қыз балалардың жүктілігі 3443-ке жеткен. Бойжеткендер арасындағы ерте жүктіліктің нәтижесі 70% аборт жасатумен, 15% түсікпен аяқталған. Тек 15%-ы ғана босануға бел байлайды екен. Ал сол аборт пен түсіктің әсерінен елімізде қаншама қыз баланың ана атану мүмкіндігінің құлдырағанын елестете беріңіз.
Баланың күнәсі – үлкендердің кінәсі
Қоғамда мұндай дерттің көбеюуіне кінәліні тек бір тараптан ғана іздеу дұрыс емес. Дегенмен, енді өсіп келе жатқан жасөспірімнің болашағына жауаптылар бұл жағдайға неліктен бей жай қарайды?
Бұл мәселенің алдын алу үшін не істеу керек?
Баланың болашағына жауапты – ата-ана. Ата-ана баланың жағдайын тек материалық тұрғыда ғана қамтамасыз етіп қоймай, тәрбие мен білімге келгенде де бірталай міндеттері бар екенін ұмытпаған жөн.
Біріншіден, бала тәрбиесін қоғамның, қоршаған ортаның әсеріне салмау керек. Балаңыздың кімдермен араласатындығын, достары кім екендігін, сыртқа шығып бара жатқанда қайда, кіммен бара жатқандығын қадағалап, жалпы араласып жүрген ортасын қадағалаған жөн.
Екіншіден, балаңызды қолдағы ұялы телефонның тәрбиесіне қалдырмаңыз! Балаңыз кіммен сөйлеседі, қандай видеолар, қандай кинолар көреді қатаң қадағалаңыз. Мектептегі мұғалімдерімен үнемі байланыста болыңыз. Сондай-ақ, балаңыздың бос уақыты болмасын. Қабілетін байқаңыз, кейін соған қарап үйірмелерге беріңіз. Бірақ қосымша сабақтарды таңдау барысында балаңыздың да пікіріне құлақ асқан жөн.
Үшіншіден, балаңыздың басқалардың емес отбасының жанында көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік жасаңыз. Ойын ашық айта алатындай емін-еркін байланыс орнатыңыз. Отбасылық мерекелер, отбасылық жиындар ұйымдастырып отырсаңыз да артық болмайды.
Сонымен қатар, бала болашағына жауаптылардың бірі мектеп болғандықтан, мектептегі бала тәрбиесіне қатысты бірнеше қағидаларға қатал тәртіпті орнату керек. Мәселен, мектеп формасына байланысты, қыздардың қысқа етек киюі мен сәнденіп келуі секілді тағы басқа жағдайлар. Сондай-ақ, мектептегі арнайы өтілетін ұлдар жиналысы мен қыздар жиналысы және тәрбие сағаттарының сағатын көбейтіп, арнайы мамандарды шақыру арқылы оқушылардың өресіне жеткізерліктей түсінік жүргізу қажет.