07.11.2021
679
КҮЗ бен БІЗ…
Жаным-ау, келе жатыр тағы да күз,
Амалсыз төрт мезгілге бағынамыз.
Мойындамай жүрсек те біз екеуміз,
Былтырғы күзді іштей сағынамыз.
***
Сені сүйіп, көзге ілмей қыз-қырқынды,
Қызықпен өтіп еді күз былтырғы.
Өткен шақты еске алып есеңгіреп,
Неліктен болып жүрміз біз бір түрлі?
***
Тағы да жаз өтеді, күз келеді,
Биылғы күз береді бізге нені?
Біз екеуміз сырласып отыратын,
Сарғайған саябақтан ізде мені…
***
Ол баққа мен бармаймын, келеді күз,
Сол жерде қоштасқанбыз себебі біз.
Албырттықпен айтылған шығар бәлкім,
«Біз бақытты боламыз» дегеніміз…
***
Жаным-ау, өкіндім мен, күйіндім мен,
Кім мені құтқарады қиын күннен?
Біз қыдырған былтырғы саябақта,
Серуендер екенсің биыл кіммен?