06.11.2021
147
Сары ала жапырақ
Күз келді тағы, саудырап сары жапырақ,
Сары ала сәуле сарғайды күллі атырап.
Кешегі анау – желегі жалау көк терек
Сып-сида болды қаққанша қасты қапыда-ақ.
Мезгілдің лебі демімен кеше үрлеген,
Көк терек еді көзімді қарып гүлдеген.
Мезгілдің көркін мезгілдің желі «тонауын»
Түйсігім жетіп түсіне алмаушы ем мүлде мен...
Күз келген сайын келуші ем терек түбіне,
Теректің жүдеу қараушы ем аяп түріне.
Табиғаттың бұл қаталдығының «тіліне»,
Таба алмай жауап өтем бе деуші ем тіріде...
О, таптым, таптым!
Жалғыз-ақ екен жауабы,
Топыраққа жапырақ тыңайтқыш екен дауалы.
Сары ала күзде саудырап жатқан жапырақ –
Жүрегің сазып сағынтқан көктем хабары.