Мәңгі толғақ
Адам қызық.
Пенде ғой адам деген,
Күресесің өзіңнің санаңменен.
Күрмелесің өзіңнің мінезіңмен,
Құрмет тұтар қоғамың бағаңменен.
Баға деген – бағыңның алғышарты,
Бағалады-ау дей көрме жалқы-жарты.
Жалқы-жарты бағалау – жарым ырыс
Азаматқа болсын да халқы тәнті.
Халқың сүйсе, халқыңды сен сүйгенің,
Еңбегіңе береді еншіңді елің.
Қоғамыңмен санасып, кешірерсің
Халқыңның сен кешпеген кей сүрлеуін.
Ол кінә емес.
Қоғамның дамуында
Өткен-кеткен орнымен жаңғыруда.
Өкініш жоқ өткенге, тек өкініш
Болмасын де болашақ тағдырында.
Жатпай-тұрмай соны ойла, сонда ғана
Бізге де аға боласың, елге де аға.
Халқы бір күн төбеге көтергенде
Басы айналған «бақытты» пенде ғана.
Пенде болма,
Ел қамын ойлағанда
Және айналып кетпеңіз пайғамбарға.
Адам – пенде,
Халқының сүйіктісі
Көктен түсті дейсіз-ау қай жалғанда?
Сүйіктісі халықтың өз ұлы ғой,
Сүйгізетін санасы, сезімі ғой.
Азамат та ана ғой,
Халқын сүю –
Мәңгі толғақ, толғаққа төзуі ғой.