Беу, бозторғай!
Беу, бозторғай!
Шырқайсың баяғыдай,
Көмейіңнің көріпкел ояуын-ай!
Көк көдеге байланған кіндігіңнен
Аяулым-ай, мен сені аядым-ай...
Аяйтыным – алысқа ұшпайсың-ау,
Сар даланы сарғайып қыстайсың-ау.
Аяйтыным – аяулым құйттайсың-ау,
Тағдырыңның кәрінен ықпайсың-ау.
Аяйтыным – аяулым нәзіксің ғой,
Демалсаңшы бір ауық, қажыпсың ғой.
Ауытқып, толқып ұшқанмен кең далаға,
Аумайтұғын сен Темірқазықсың ғой.
Аяйтыным – қорығың, қорғаның аз,
Бір сәт тыным таппайсың болғалы жаз.
Шындықты айтқан адамдай шырылдайсың,
Шырқап жүріп батасың сорға біраз.
Беу, бозторғай!
Шырқайсың баяғыдай
Дауысыңның бабын-ай, бояуын-ай.
Баяғыдай шырқағым келген кезде
Еске түсер елесің, аяулым-ай.
Беу, бозторғай, шырқай бер, шырылдай бер,
Дауысыңды сен даланың сырындай көр.
Дала өзгерсе өзгерер, қала болар,
Сен өзгерме, сен, сен, сен құбылмай көр!