06.11.2021
  135


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Тоған

Торғай тасып, «Ұрыөткелден» өтерде
Сонау жылы сасқан екем бекерге.
Апыл-ғұпыл шыға келсем адырға,
Арғы иінде тоған жатыр көтерме.
Өзенді енді өтем-ау деп айналып,
Шабдар атты салып қап ем сайланып,
Жолың болғыр, жол қысқарды-ау дедім де,
Неге салған, тұрмын соны ойланып.
«Сарыөзекке» су шықсын деп салған ба,
Қаракөлге ну шықсын деп салған ба?
Торғай-өзен құюшы еді құрдымға,
Су қадірін жұрт ұқсын деп салған ба?
Жайқын жазық, су қаптаған бар аймақ,
Тұрып қалдым жан-жағыма қарайлап
Және ойлаймын қапыл келіп өзенге
Тоған болмай, қойып кетсем не болмақ?..
Қашан салған, кім салғызған бұл тоған,
Құрдым анау – арадары бір табан.
Жақын салған, батыл салған өзенді
Тұсадың деп ұрыспас-ау жұрт оған.





Пікір жазу