06.11.2021
  134


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Мөр

Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай,
Үйіңнен арылмайтын береке ұдай.
Сен бізбен асық ойнап, күрке тігіп,
Бірақ та ойнамадың неге топай?
Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай,
Бір үйдің бозтайлағы ең еркетотай.
Сен енді қыздарменен суға кеттің
Асып ап иінағашқа тең тобатай.
Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай,
Толыстың Торғайда өскен төре талдай.
Талайлар тамсанатын «Бәрекелді-ай,
Қай үйге қонар, – деп, – бұл қараторғай».
Мен сені ұмытпаймын, Мерекетай,
Оқталдым сөз айтқым кеп неге талай?..
Жанарың жарқ еткенде айбалтадай
Жүрекке тие жаздап қалған талай.
Жеңіспен бірге туған Мереке қыз,
Екеуміз ай-күні бір тел екенбіз.
Амал жоқ, оянбаған махаббатқа
Елесін балалықтың мөр етеміз.





Пікір жазу