06.11.2021
  189


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Жаңылшақ

Жаңылшақжан, жазық маңдай жаз сипат,
Құрғымыз кеп қиылушы ек наз сұқбат.
Тоқталған көз, оқталған сөз көп еді,
Атқан оқтай аялдамай жөнеді,
Айдарыңнан жастық желі аз сипап.
Бойжеткен шақ ерте айналды басыңнан,
Күнің толмай гүлің тұрды ашылған.
Бірақ сенің бал дәуренің аумады
Жарқ еткенде жазым қылған жасыннан.
Жібек мінез қасиетіңдей, киеңдей,
Көптің сөзі түртті бірақ түлендей.
Беу, сұлулық, сен де адамға сормысың,
Сиқыр болсаң көзге шыққан сүйелдей
Қос бұрымың Торғай менен Тобылдай,
Көрген адам кеткісі жоқ шомылмай.
Жалт қарасаң жараламай жібермес,
Жанарың бар атқан мірдің оғындай.
Әй өзің де өртенгің кеп жүр ме едің,
Шоқ ерніңді сонша неге үрледің?
Сол ерінге білмедің бе талайдың
«Мылқау бір түн жалынсын» деп жүргенін?
Тәттілікті үйретпеген тәнге сен,
Тәнің сенің у да десем, бал десем,
Жарар еді-ау, жарасарын білген соң,
Астамшылық жасадың ба әлде сен.
Тағат, төзім кең маңдайда о да тұр,
Жо-жоқ сенде сұлулыққа тең ақыл.
Таразының басып кеткен бір басын,
О, махаббат, о, махаббат, о, қапыл!





Пікір жазу