Нұрқан мен Хайролла
Нұрқан – ақын, Хайролла – төкпе жырау,
Егіз шекті екеулеп жеккен ылау.
Хайроллаға жыр туса хабар келген:
– Жет Торғайға тезірек, жет, жаным-ау.
Колхоз бенен қаланың арасы алшақ,
Көлігі жоқ көп жұртқа қарасар шақ..
Жол жүрер күн, жаз бойы қаңтарулы
Қарағайға жанасып жара саусақ.
Басып-басып қалғанда сағасынан,
Шалқып бір күй шығады шарасынан.
Шекке тиіп кетер деп қорқып отыр
Жазым қолдың Хайролла жарасынан.
Атын ерттеп асығып қамшылайды,
Айдау жолдың бойынан шаң шұбайды.
Ашудастай ащы айран бойға сіңіп,
Кекірген соң кеңсірік қаңсымайды.
Көкжиекке күлдіреп күн құлаған,
Көздің майын тауысып тұр бір адам.
Қызыл толқын ішінде қайық болып
Жалғыз қара көрінді бұлдыраған.
Бір-ақ елі маңдайды баққа бөлеп,
Бақыт келсе байлайтын қақпа керек.
Келе жатыр ақынға бір жақсылық
Қызыл толқын ішінен аққан ерек.
Нұрқан үйі – шымтезек қабырғасы,
Өтті осында жас шағы, жалын жасы.
Қанатымен осы үйде желпіді оны
Қайран өлең, қанатты қарлығашы.
Құйып кеткен құрдымға қайран жасын
Сезген ақын сезімге қайралғасын.
Селдетіп бір сәуірдей құйып өтіп,
Шөлдеп көріп сағынған Хайролласын.
Аударып ап ерінен, еміреніп
Егіз туған баурындай айналғасын.
Қозы іңірде көгеннен жамыратып
Көтереді Хайролла қайран даусын!
Келген адам қи ойып, сақпан атып,
Ақын жыры бойына от таратып,
Ескі әріппен жазылған қолжазбаны
Ежіктейді ай жатып, апта жатып.
– Зәру жырға зарығып жұтап едік,
Жапырағы бар желпі, – деп, – бұта болып,
Хайролланы қонаққа шақырады ел,
Ол кетеді өңденіп сыпа болып.
Сәтен көйлек жуылып, құты кіріп,
Саптама етік аяқтан сыпырылып,
Дастарқанның басында, қасында ақын
Төкпе жырау төгеді құтырынып.