05.11.2021
  152


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Мен тал көрдім, солқ-солқ еткен құба тал

Мен тал көрдім, солқ-солқ еткен құба тал,
Ми далады ыққан қойдай бір отар.
Қайдан ғана қаулап өсіп шықты екен,
Қақтаған күн қалай ғана шыдатар?
Сұңғақ екен сылап бойын керілген,
Жел қозғаса еңкеюге ерінген.
«Беу, бейшара-ай, бірдей ғой, – деп ойлаймын,
Маңдайыңа біткен бағың сорыңмен».
Сол ойымды және өзімнен жасырдым,
Сарайымды аша алмадым, ашындым.
Бірте-бірте селдіредің, заң солай –
Жапандағы жалғыз қалған жасыл мұң.
Бозбала күн қабағынан қан тамған,
Бозбала күн бастан өтіп жалтарған.
Яки қурап, яки жаңқа боп кетпей,
Уақыт, сенің есен қалған балтаңнан,
Айналайын бір топ талдан түздегі
Бір арманның қалған түбір іздері.
Тап осылай қалса болды кейінге
Мың шумақтың бір шумақ жыр тізбегі.





Пікір жазу