05.11.2021
  136


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Жарқыным-ау, махаббат өрт екен ғой

Жарқыным-ау, махаббат өрт екен ғой,
Мерт етердей адамды дерт екен ғой.
Он жетіде үйлену ерте екен ғой,
Жарқыным-ау, махаббат жалқы екен ғой.
Жарқыным-ау, махаббат жалқы екен ғой,
Шын ғашықтар зар болу салты екен ғой.
Он жетіде қол жетпеу ойлағанға
Махаббаттың мәңгілік нарқы екен ғой.
Жарқыным-ау, махаббат мұң екен ғой,
У екен ғой не зәмзәм су екен ғой.
Он жеті жас өзі емес махаббаттың,
Маңайында естілген шуы екен ғой.
Шуылымен, шуымен алдамаған
Ақ махаббат бары рас, шын екен ғой.





Пікір жазу