05.11.2021
  118


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Түс

Ұйқым сергек. Мен қазір көп түс көрем,
Жорытар ем жүрегім дауаласа.
Торғайдан суыт шығып, Тосынға кеп түстенем,
Ұясына асыққан бал араша.
...Төбешігі Тосынның тау екен деймін,
Таудан өтіп кетейін, тәуекел деймін.
Тау артына тығылып қоныпты ауыл,
Таудан асу, әрине, көлікке ауыр...
«Шөміштөбе» басына жұртты иіріп,
Нұрқан ақын сөйлеп тұр мұрт шиырып.
Арқам кеңіп жөнейді, содан ба әлде,
Кеудемді ашам саябыр сараң желге,
«Жауса деймін жарықтық бұлт бұйырып».
Күн жаумайды, шаң құрғақ, ауа құрғақ,
Шәйі сағым шайқайды даланы ырғап.
Өртеңге өскен Қаракөл қамысына
Қараймын да, жазамын қаламымды ап.
Жыр тумайды, зіл дене құрысады,
Жырау ақын «жырла» деп ұрысады.
«Қарағайдың әуелі шанағын қақ,
Арқаң бар ма ед, жөнелсей, ал, ағындап»...
Дейді маған Нұрекең, қиналамын,
(Қиын екен қинағаны сыйлы адамың).
Қорықпай-үрікпей түсемін қара терге,
Құдіретің бар, Ақындық, иланамын!





Пікір жазу