05.11.2021
  148


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Тал бесік туралы баллада

Көргенде сені сәмбі тал
Қабағы жанып тұрғандай.
Есіме түсті Сәбіл шал
Және де және бір жағдай...
Есіме түсті ерке өзен
Құрдымға қарай жөңкілген.
Бұйым ба оған бел, кезең,
Бір рет ырғып серпілген?
Жазыққа тіреп табанын,
Шымырлап ағар толқыны –
Мойнына салған даланың
Мойылдай бұйра елтірі.
Жағасы жасыл тал, орман,
Хош жұпар иіс атырап.
Үп ете қалған самалдан
Үркетін жәудір жапырақ.
Есіме түсті төрт қанат
Тұрмысы – әбеқоңыр үй.
Бір-екі құлын ноқталап,
Жылқысыз тұрмас желі ылғи.
Есіме түсті тал бесік,
Тал құрық пенен тал уық.
Жағалау кезіп, жар кешіп,
Жүгірген ұлы тал мініп.
Есіме түсті тал күршек,
Есіме түсті тал оқтау.
Тал шанасы да бар деуші ед
Жетегі ғана шолақтау...
Есіме түсті көк өрім
Қабығын талдың жонғанда
Балауса балғын дененің
Бойынан сөлі тамғанда.
Тарамыс жіптей тарқатқан
Тоқсан да бұрап, сан иіп,
Тал шебері еді ол, жан-жақтан
Жататын жұрты ағылып.
...Бір күні тоқсан шақырым
Сабылып сонау дуаннан,
Сүліктей етіп атының
Қан сорпа терін шығарған.
Келді бір кемтар жолаушы,
Бір аяқ шолақ, қол молақ.
– Ал, әлей болсын! – шал даусы, –
Жүр еді ұлым жол қарап...
Дегенде кемтар атынан
Қарғыды жерге бір ырғып.
– Ақсақал, – деді, – отырам,
Келіп ем бір зат ырым ғып.
– Отырам, – деді, – асықпай,
Көзінде оттай нұр жанып.
Жалғанға жаңа ғашықтай
Наласыз, мұңсыз бір кәріп...
– Бейшара-ай, – деді шал іштей,
– Қайтсін-ай, – деді кемпірі.
Көз қарақ болған таныс қой
Мүгедектердің әр түрі.
Қырық алтыншы жыл. Қырық күн.
Шілденің кемел кезі еді.
Тобылғы, дүзген, шіліктің
Өртеніп тұрған өзегі.
Тек қана өзен бойлаған
Құба тал нарттай тұр қунап.
Үп еткен желмен ойнаған
Жапырағы желпіп, суды ырғап.
Жайғасып кемтар, есіктің
Жақтау жағына қарады.
Иілген талдан бесіктің
Тұр әне иін – шабағы.
– Ақсақал, сізге сұрау боп
Отырмын, сірә! – деп алды.
– Жарымжан мынау – бір әулет
Не арты соның, не алды.
Дегенде демі іркіліп,
Қарт оған:
– Тәйірі, тек! – деді. –
Үмітсіз шайтан...
Жігіттің
Болады қырық көктемі!
Жалғыз көз қарттың қолымен
Жасалып тағы бір бесік,
Үміттің алыс жолымен
Жолаушы тартқан тілдесіп...
Жылады кемтар:
– Жалғыз ем,
Ақталар ма деп бұл батаң,
Мен перзент көрсем, алдымен
Осы жерге әкеп аунатам.
...Көріпті перзент.
Көгеріп
Кетіпті сол бір көсеге.
Құбыласы тегіс теңеліп,
Бақ қонған бопты пешене.
Бір өзен бойы су-нәрін
Жүрсе де күнде бір еміп,
Топыраққа сонау ұлдарын
Аунатқан жоқ ол бір келіп.
Аунатқан жоқ ол, дегенмен,
Аяулы оған сол бесік.
Тербетті оны өлеңмен
Түндерде небір ән қосып.
* * *
– Жасап ем жастан сан бесік, –
Депті қарт кейін өлерде.
– Тек бесік жырын ән қосып,
Айтыңдар мені көмерде»...





Пікір жазу