Көшу
(баллада)
Арбаға ақ тары артып жиырма бес пұт,
Арда жер иіген кез. Қырға көштік.
Талма жел теріскейден соқты үздігіп,
Сайлардың сабатынан ылғал есті.
Сар қамыс, сояу қамыс бас алмаған,
Бас алып көк құрағын шаша алмаған.
Саусақтың саласындай сабау қамыс,
Сабағы шашбауланып жасанбаған.
Қол созым қоға көлдер құстар қонған
Күршектің күпшегіндей ысталмаған.
Жағадан апыл-ғұпыл көшкенде ауыл
Омырауы алқа-салқа қыстау қалған.
Алысқа шығармай-ақ үнін жатық,
Шым-шымдап баяу ғана шымырлатып,
Жеңешем жарқ-жұрқ етіп ақ тамағы,
Келеді «Бір баланы» ыңылдатып.
Шоқалақ соққан сайын қырдың жолы
Қамыты бірде кейін, бірде ілгері
Қара өгіз жұлып жейді жолдың шөбін
Бір толмай көмейіне қырдың көгі.
Артқы арба мен отырған майланбаған,
Алысқа барамыз деп ойланбағам.
Таңғы шақ. Тынық ауа, торғын көкте
Тек қана бозторғайлар сайрандаған.
Өгізі алғы арбаның мұқыл кәрі,
Өзі бір күй талғайтын күтім малы.
Жеңешем шыбыртқысын көтергенде
Жүрісін жеделдетті, тыпырлады.
Жеңешем желең отыр белін түйіп,
Өткен жел өңменінен өңін сүйіп.
Ойлаймын: «Қайран көкем қосылған-ау
Қалтқысыз көңіл қосып, теңін сүйіп».
Жеңешем жалғыздыққа елге қарсы,
Жанына шақырғанда мен бе қарсы?
Арбаны тіркеп қойып тік отырмыз
Айналған алдымыздан желге қарсы.
Ауылдан шықсақ та ерте жол өнбеді,
Жеңешем жалтақ-жалтақ елеңдеді.
– Кенжем-ау, көзім тартып келе жатыр,
Көкеңнен хабар-ошар келер, – деді.
Басқарма «Шөл егінге барасың» деп,
Жеңешем қасына ерткен қарасын деп.
Кеше де айтып кетті ол: «Тұқымды алып,
Сәскеде қос басында боласың», – деп.
Жеңешем ала өгізді төпеледі,
Ала өгіз қыр арқасын көтереді.
Алмаса қайыс тіліп көнтері арқа,
Қамшымен қаққанына етене еді.
Жел тынды
Салқын сабат үрлей тұрмай,
Зауалын зауза күннің күрмей тұрмай.
Өгіздер ілбіп басып, жеңгем отыр:
– Ұят-ай, ұят болды-ау, түннен тұрмай.
Көтеріп жердің түйдек уыс шаңын,
Көтеріп көк бестінің құйысқанын,
Кезеніп жетіп келді салт атты адам,
Кезеріп тыңдап тұрдық ұрысқанын.
– Күн-түні біз шабамыз күнқақпай боп,
Топырақ кеуіп кетті тулақтай боп.
Ырғалып-жырғаласың сен екеуің,
Мынаның қарысуын тіл қатпай тек.
Сықырлап былғары ері тақымдағы,
Бір кезде арбамызға жақындады.
Жеңешем бет жыртқан жоқ, кешіккен соң
Кінәсін үнсіз ғана мақұлдады.
– Әй, бала, ештеме жоқ жасқанатын,
Сенен кем бе басқа ұл, басқа қатын?
Бар, күркеңді тіге бер қосқа барып,
Сендейінде жігіттер тас жаратын.
Жеңгеңменен екеуміз қыстауға анау
Тұқым жинап қайтамыз кешке жақын!..
...Жан-жағымда иен қыр, дала жатыр,
Жеңгем маған жәудіреп қарады ақыр.
Ала өгізді атты адам жетекке алып
Иесіз жатқан қыстауға бара жатыр.