05.11.2021
  178


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Он сегіз жасар құралай

Он сегіз жасар қыз едің
Он сегіз жасар өрімдей.
Ойда жоқта бой түзедің,
Қайда жүр едің көрінбей?..
Махаббат дейтін ауылға
Салған жоқ па едің ат-көлік?
Мап-майда жазғы жауынға
Көрген жоқ па едің тап болып?
Қараған көзді қандырмай,
Жандырмай кетпес қалқа қыз.
Қанатымызды талдырмай,
Қасыңа жақын қондырмай,
Қосылар ма екен ортамыз?..
Он сегіз жасар құралай,
Салқының түссе – өрерсің.
Ызғарына да шыдамай,
Ызғытып тұрып желерсің.
Ылдидан ырғып, белге өтіп,
Ылғи да, ылғи желдетіп,
Туған жеріңнің жүргенде
Төбелеріне төрлетіп,
Құмай қуса – құсасыз,
Тап бола көрме төбетке
Жіліншігіңе жел бекіп.





Пікір жазу