05.11.2021
116
Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан
(Зинураға)
Күнім шыққан сәскеге, мезгіл шаңқан,
...Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, «жоқ-барға» мойындамай,
Уайымдамай, уақытша төзгін, қалқам.
Төзгін, қалқам, шалғайда, шетте жүріп,
Сағынышқа сарғайма, көп беріліп,
Назырқасаң босатып буынымды,
Өкпек желдей жеткіз бір өкпелі үміт.
Өкпек желдей есілген сендегі үміт –
Өрге сүйреп шаршаған мендігі жүк.
Бөліп жұтқан бөлменің ауасындай
Арқалаймыз екеуміз теңге бөліп.
Тағдыр бізге жазылып қойған жырдай,
Салдың ірге қанатын жайған жылдай.
Қолаң желдей қазымыр үміттерің
Қоймайды екен қазылтып ойландырмай.
Маған талай үмітті кез қыл, қалқам,
...Сені сүйеді екенмін, сездім, қалқам.
Мені сүйсең, бір ауыз тәтті жырдың
Толғағына бір ауық төзгін, қалқам.
Кеңшілік Мырзабеков Кеңшілік Мырзабеков шығармашылығы Кеңшілік Мырзабеков өлеңдері күн мезгіл Зинура