05.11.2021
  188


Автор: Кеңшілік Мырзабеков

Ана сөзі

Бозторғай онда таң атпай әнге басты да,
Бейкүнә даусын төкті ғой аспан астына.
Сәріде селеу арасын қалың шық жауып,
Сәскеде сәуле балқытты-ай келіп тасты да.
Сағым да сосын ойнақтап шығып қыр белге,
Сабырлы дала тұнды да тұрды гүлдерге.
Соқаны салып, төскейді тілді күс қолдар
Сар адырда әкем қой бағып, жайлап жүргенде.
Бейбіт күн еді ол, мылтықтың даусы естілмей,
Құс атқан жоқ-ау үркітіп көлден ешкім де.
Көктемге салым егіз боп шыққан өскіндей
Көбейе берді, көбейе берді қос гүл де.
Жанарым әлі нұрға да толып болмаған,
Жүрегім әлі қайда екен дейді сондағы ән.
Келіншек еді сол көктем ғана жар сүйіп,
Жас шыбық едім өмірге енді орнаған.
Қайтесің, бірақ...
Қарғысты қанша жаудырттық,
Аналық үкім, адамдық арды жарлық қып.
Сол соғыс талай жастықтың әрін жоғалтып,
Бізге кеп түсті сол соғыс салған барлық жүк.
Көтердік оны нәп-нәзік мынау белмен-ақ
Қайғы мен қайрат екеуін қатар теңдеп ап.
Ерлік пен ездік, өмір мен өлім айқасса,
Өзгереді екен, ер болады екен ел ғажап.
Майданға жарды шығарып сонда салған біз,
Жасырар не бар, көз жасын сығып алғанбыз.
Оралмай кетті, хабарсыз кетті кейбірі,
Қалдырып кетті жүректе қалған арманға із.
Бейбіт күн үшін бердік қой бәрін үлес қып,
Жүрдік қой әр күн әр үйден жоқтау жыр естіп.
Өмірді жұтып қоярдай болған соғыспен
Өмірді біздер өрбіту үшін күрестік.
Бітті ғой соғыс. Кетті ғой жанға жара сап,
Аз болған жоқ-ау адамға деген аласат.
Өлмейді өмір...
Аналар барда ақ сүтті
Жоғалмайды екен, тоналмайды екен болашақ.
Аспанда күн бар – туады нұрлы таңғы арай,
Сарыарқа желі соғады енді жанға жай.
Ал енді бізге соғыстың көрген зардабын
Шыдауға шек жоқ, соққысын оның қарғамай.
* * *
Бозторғай шырқап тып-тыныш таңда серпілді үн,
Келешек күндер келбетін көріп желпіндім.
Аналық арман, аналық махаббатыммен
Дүниеге дәйім тыныштық тілеп мен тұрмын.





Пікір жазу