САЛАУАТ ИСАҚАЕВ ПЕН АЙБЕК ЕРЕЖЕПОВТІҢ АЙТЫСЫ
Салауат ИСАҚАЕВ:
Өмірге берері көп алғанынан
Адамды тану керек арманынан.
Белгісі Бекет бабам көрінеді,
Сөз тартсам ғасырлардың аржағынан.
Қашаған, Абыл, Нұрым үні естілер
Даламның құлақ түрсем албарынан.
Ер Қосай, Сүйінғара өткен өлке
Танытқан тектілігін талғамынан.
Береке-құт кетпеген балдарынан,
Баталы сөз кетпеген шалдарынан.
Жал-жая, қазы-қарта дастарқаны,
Қымызы үзілмеген алдарынан.
Ұлдары өңшең батыр, намыс қуған,
Майысқан қылыш жүзі бармағынан.
Би болған бабалары билік айтса,
Қайысқан аттың белі салмағынан.
Бұл елде болымсыз ұл туған емес,
Көршінің сөз таситын шарбағынан.
Өлеңді оралтайын ел есіне,
Мінгізіп, желкен тартып кемесіне.
Асына атамыздың келгеннен соң
Айтуға іркілейін мен несіне?!
Ассалаумағалейкум, Маңғыстауым!
Көтерген ақындарын төбесіне.
Мен де бір сөз ұстаған ақының ем,
Батагөй шалдарымның ақылымен
Ағаның алдын кеспей келем әлі
Бұрынғы бабалардың нақылымен.
Тұнып тұр өлең-жырға ішім менің,
«Ардагер ақын бұл» деп түсірмегін.
Ардагер десеңдер де мына мені,
Орда бұзар отыздың ішіндемін.
Айбекжан, шал деп мені ойлап қалма,
Осыны дұрыс болар түсінгенің.
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Тілімді тас қайраққа жанып едім,
Зәмзәмнің бұлағына малып едім.
Ал, енді бір сөйлейін ақтарылып,
Жаратылған ұлдайын бағына елдің.
Алғашқы айналымда алдыңызда
Өнерімді ортаға салып едім.
Қосайдың қолға ұстаған найзасындай,
Шашымды тікірейтіп тағы келдім.
Ағам келді – тілінің сүйегі жоқ,
Демен бірақ – сөзінің тиегі жоқ.
Аузынан ақмаржан сөз ағылуда,
Жыр төгетін бабамның иегі боп.
Мына біздей баламен айтысқанда
Бұл айтыстан қайтпасын күйелі боп.
Ағасы, Атыраудан келгеніңде
Ойларың шықса екен жүйелі боп.
Қап-қара боп қасыма келіп апсыз,
Бетіңізге жаққандай күйені көп.
Мен сізді түнде көрсем ойлаушы едім –
«Ұрғашы горилланың күйеуі» деп...
Көшелі ердің жолымен
Көшіңе бүгін ерейін.
Ойымнан өлең ойдырып,
Тіліммен маржан терейін.
Ағайын келсе жиылып,
Шет елге кеткен мұнайдай
Өлеңді қоймай төгейін.
Бұқарлы кілем сырмадай,
Меккелік алуа, құрмадай,
Барымды тарта берейін.
Ақтауға келген кезімде
Адайы жүйрік секілді
Алқынбай шауып көрейін.
Мына отырған ағайын
Тыңдасын жырды сүйіне.
Ағамыздың жырына
Қалмаса екен күйіне.
Салауаттай ағамыз,
Кезекті енді берейін,
Сала берсін биіне.
Күмәнді боп тұр осы жол.
Сау-саламат ағасы,
Барасың ба үйіңе?
Салауат ИСАҚАЕВ:
Ал, ағайын, ағайын!
Домбырамды қағайын.
«Сұрағандарың сөз болса...»
Әрқайсыңды әспеттеп,
Лағылдан алқа тағайын.
Аламан дуда айтысып,
Аспаннан шарт-шұрт жай түсіп,
Күштімін деп келгеннің
Тәлтіреткен талайын.
Атырау еді-ау аймағым,
Еділ мен Жайық жайладым.
Исатай мен Махамбет
Көтерген көкке байрағын.
Асан қайғы, Қазтуған,
Жиембет пен Доспамбет,
Шерленіп өткен Шернияз,
Әруағымен солардың
Алдыңда талай сайрадым.
Сайратпай мені қоя ма?
Қалың елім – қайрағым,
Сүт бетіндегі қаймағым.
Ығылман жыры ықтырған,
Мұраттың жыры бұқтырған.
Малайсары би сөйлесе,
Ханың да қарғып, тік тұрған
Құба жон құба далаға
Құрманғазы күй ұқтырған.
Динаның күйі ибалы,
Тәңірім берген сый-дағы.
Мен солардың сарқыты,
Кезім жоқ сөзден ұттырған.
Айбекжан, біртүрлі екен өлеңіңіз,
Керек боп тұр ма әлде көмегіміз?
Мұныңыз не, келе сап ағаңызды
«Күйеуі горилланың» дегеніңіз?
Тілдеме, бала, ағаңды,
Білдірем саған шамаңды.
Білмейтін болсаң шамаңды,
Қашаған атам айтқандай:
«Жыртармын, бала, жағаңды».
Айтарыңды ашып айт,
Айтыспақ болсаң араңды.
Ол рас, Атыраудың қарасымын,
Тұлпардың тайдырмайтын тағасымын.
Іні боп ізеттілік көрсетсеңіз,
Келтірем осы айтыстың жарасымын.
Қаймықпай елдің жүгін көтеретін
Халқымның қара нардай баласымын.
Мен емес жерлеп салар жауызыңыз,
Ашылған гүл едіңіз қауызыңыз.
Пірленіп туған жерден келіп тұрмын,
Қисайып кетпегей тек ауызыңыз.
Кең Жылой – ән салдырған думанды елі,
Ерлердің белді бекем буған жері.
Кір жуып, кіндік кесіп Ақмешітте
Әулие Пір Бекеттің туған жері.
Болады бұл баланың бағы қалай?
Келер-ау сөз сөйлейтін шағы талай.
Ал, інім, кезегіңді берейінші,
Сөзімді сабақтағын әрі қарай.
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Көрсетпестей шаңыңды,
Таңға асырар таңыңды,
Көрсін бүгін әлеумет
Көрғұландай бабымды.
Сөйлейтін нағыз шағымды.
Кіші деп отырған ағамыз
Өкпесі мен қарынға
Өтіменен жарылды.
Қақпанға түсіп отырсың
Ашқан сайын жағыңды.
Келтірейін мұрныңа
Кеудеңдегі жаныңды.
Кіші деген Айбекті
Тілің қалай жаңылды?
Сүрінбес жерден шалынды.
Мына отырған ағамыз
Ойы алтынға малынды.
Аңдысқан сендей ақынға
Алдаспан қайқы қылыш ем,
Алтыннан соққан сабымды.
Әрі қарай сөйлейін,
Қызыл тілім, зырлағын.
Таңдайымда тулағын.
Мен бір мысал айтайын,
Қос құлағыңмен тыңдағын.
Баяғы өткен заманда
Сүлеймен деген Пайғамбар
Құмырсқадан жеңіліп,
Басына қайғы туғанын,
Білесің бе бұл жағын?
Құранды ашып қарасаң,
Піл дейтұғын сүреде
Ағайынға шын мәлім,
Қаптаған қалың пілдерді
Тесілген жапырақтардай
Үстінен таспен атқылап
Оқымап па едің қырғанын?
Кім қырды десең пілдерді,
Жұдырықтай денесі
Әбәбіл деген құс екен.
Өзі де мендей кіші екен.
Денесі толған күш екен.
Біледі оны бұл қауым.
Айбекке сөзді арнаған
Мына отырған ағамның
Көрдік біздер ырғауын.
Ұйтқыған борандай
Қалай екен жырлауым?
Қара нармын дедің ғой,
Қара нардың белінен
Ашбөрі келіп аттаса,
Шойырылып жануар
Естімеп пе едің тұрмауын?
Білмеуші ме едің бұл жағын?
Тағы да мысал айтайын,
Бойым ұзын деген керіктің
Қарнын жарса арыстан,
Мойным қысқа еді деп
Естімеп пе едің бұлдауын?
Теректей бойын теңселтіп
Құлатпайды ма құрбанын?!
Мысал еттім мен біраз
Дүниенің тұрлауын.
Айналайын, ағажан,
Жайдай болсын жырларың.
Ойларың оттай ақынсың,
Шабытты шалқар, шын дарын.
Менен сасып қалдың ба?
Жоғалттың сөздің ырғағын.
Жазылмай жатыр шырмауың,
Тағы бір кезек берейін,
Жабыдай болсын шауып көр,
Үстіңде айыл-тұрманың.
Мықты ақын деп айтысқа
Өзіңді бүгін шығарған
Ана отырған Нұрланды
Өтірікші қылмағын.
Айта алмай қалып бірақ та
«Баяғы өткен заманда
Мықты айтысқан едім» деп,
Аузыңды ашып тұрмағын!
Салауат ИСАҚАЕВ:
Таңдайым айт дегенде тақылдағай,
Сәл кезек бере тұршы қақылдамай?
Ағаңды маймыл дедің, түйе дедің,
Суырдың айғырындай шақылдап-ай.
Ел жұртқа өлеңмен бер береріңді,
Сенсіз-ақ көріп алам көрерімді.
Онсыз да Алты Алашқа таратамын
Бойымдағы ақындық өнерімді.
Бұл сөзім сенер болсаң имандай-ақ,
Сыйлымын Маңғыстауға сыйлаудай-ақ.
Нұрланды әңгімеге қосып тұрсың,
Тұрғандай бұл ағаңнан финалды аяп.
Оныңды кеше бетке айтпадың ба?
Жолымды берер едім қиналмай-ақ.
Шын жүйрік қыза шабар терлегесін,
Сөгіліп қолтықтары өрлегесін.
Айтысқа келер кезек шығып тұрмын,
Айбек-ау, қарсыласым келмегесін.
Ал, Айбек, ел жайына барайық та,
Қатты айтсақ бұйырмағын, сал айыпқа.
Бүгінгі мереке де берекелі,
Жақсы сөз, жарым ырыс табайық та.
Ұрпаққа қолға ұстатар бірдеңе айтып,
Айтыспен ел есінде қалайық та.
Айып па тұлпарымды жараттырсам?
Інімнің тұяғынан тарапты шаң.
Бірдеңе біреу әкеп береді ме?
Аузымды ашып Айға қарап тұрсам.
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Ағамның айтқан сөзі ырыс болды,
Бұл жерде құлақтарға жұғыс болды.
Енді ғана келесің жөнге көніп,
Шабытың әлдеқайда тыныш болды.
Суырдың айғыры деп айтып жатсың,
Біздерге жауап берер бұл іс болды.
Еркектік титуылымды аласартпай,
Айғырға теңегенің дұрыс болды.
Құлағыңды сал енді, ағасы!
Дау тапқандай өнетін
Делбейін біраз сөзбенен
Құлағыңның көк етін.
Толтыра отыр басыңның
Ақыл салған себетін.
Айналайын ағайын,
Сіздерге сөзді айтайын
Бұл заманда не жетім?
Аққалалы бөз жетім
Шырылдап жатқан шындығың
Саңылауына кірмейтін
Кірерге құлақ түрмейтін
Үкіметке айтқан сөз жетім.
Ер бабалар қорғаған,
Ұрпақтың қамын ойлаған
Қытайға кеткен жер жетім.
Мұнай мен газ, мырышың
Алтын мен жез, күмісің,
Жерден шыққан ырысың,
Шетке кеткен кен жетім.
Елдің қамын ойлаған,
Жемқорға қаны қайнаған,
Бастарын тігіп бәйгеге,
Алысып жатқан ел жетім.
Байлығын беріп Батысқа
Емір, Қытай, АҚШ-қа,
Сөзіне сенген дөкейдің
Қарапайым ел жетім.
Шала молда уағыздап,
Дінің боп тұр ол жетім.
Ана тілді ұмытқан,
Ала тілді ұлық деп,
Сорлы тілім сол жетім.
Айта берсең сөз тергеп
Көп әлі де кем-кетім.
Өткен күнде күдік көп,
Болашақтан үміт көп,
Қайырлы қылып бір Алла,
Бақ көрсетсін келбетін,
Келешекте қазағым,
Әлемнің озып көшінен,
Өзіңде қалып несібең,
Патшадай ғұмыр кешірсін
Алшаңдар басар жер бетін.
Тағы да сөйлеп берейін,
Ағасы, құлақ саларсың.
Салмасаң да құлақты,
Ойдан ғаріп қаларсың.
Бұрынғыларша сөйлейін
Осылай болса жанарсың,
Әділ сөйле халыққа,
Солай етсең жанарсың
Қашағандай атамыз
Ол кісінің сөзін мен айтсам,
Сен де тыңдап бағарсың.
Шамдай болып жанарсың.
Алаудай жанған бұл жерде
Сөзіме бүгін қанарсың.
Тағы да кезек берейін,
Өзіңді сынап көрейін.
Ағам едің алдағы,
Тағы да біраз шапшы енді,
Айтқаныңа көнейін.
Салауат ИСАҚАЕВ:
Інішек, жаңа таптың жөніңізді,
Жұртыммен әнге қостың көбімізді
Көрсетіп сыйластықтың ер үлгісін
Сыйлайық сахнада бірімізді.
Түріктей ағайындар жақтырмайды
Түтігіп күнге күйген жүзімізді.
Қысық көз қытайлар да жақтырмайды
«Аллаху акбар» деген дінімізді.
Ағылшын дегенің де ұнатпайды
Қаныма біткен ана тілімізді
Күнімен жұмсап аға-інімізді,
Түнімен қорламақшы түбімізді.
Әйтеуір қанға біткен шыдамдылық,
Басқаға білдірмейміз дымымызды.
Қасқырдай көкке ұлып қысылғанда
Құдайға ғана айтамыз мұңымызды.
О, ағайын, ағайын!
Көктемнің кезі келгенде
Дариядан сең қалар.
Бетеге кетсе бел қалар,
Бектер бір кетсе ел қалар.
Татулығыңнан айырылма,
Айналайын, Маңғыстау!
Берекең кетсе нең қалар?
Ал, інім аттың басын шалдырайық,
Өмірдің алды жарқын, арты ғайып.
Қазыдан хабар келіп жатыр, інім,
Қалғанын келесіге қалдырайық.
Айбек ЕРЕЖЕПОВ:
Тағы ұшып өтейінші бұл көгіңнен,
Ақындарға айтсын деп тіл берілген.
Ризамын осындағы ағайынға,
Қалмайтын айтыс деген дүрмегіңнен
Майрадай апаларға ризамын,
Айтысты ұйымдастырған шын көңілден.
Нұрландай досыма да ризамын,
Біздер үшін шабатын ілгеріңнен.
Айтыскер ақындарға ризамын,
Халық десе бал тамсын тілдеріңнен.
Айтысқан ағама да ризамын,
Әрқашан көріне бер жыр көгінен.
Мен өзім өз өзіме ризамын,
Осылардың қасында бірге жүрген.