Алматыдағы алғашқы өлең
Нұр шашылған пейілдерден қаштың ба?
Қыр астың ба? Жыр астың ба?
Қайда сенің ұзақ күткен өлеңің –
Өміріңнен әдемірек әлемің...
Алматыға түйе мініп бармадым,
Бәрібір де қалың тұман ар жағы:
Осы жол ма жүрген менің пойызым,
Осы өлең бе бойы қысқа, ойы ұзын?
Көше мынау – көзіңді ашсаң көргенің
Адамдықтың нәзік қана өлгені.
Өсегі дау , өшемін ау дейді үнім,
Мың тоннадай мұң екен ғой сыйлығы.
Ұлы ақынның өлеңіндей тәмамдар
Өлу үшін күн кеше ме адамдар?!
Өлең үшін түн кеше ме жоқ әлде
Кім кінәлі, кінәлі кім оған ,не?
Соры болып суға батқан етіктің
Бұл қаладан одан басқа не күттім?!
Сағыныш деп ойламадым неге шын,
Қайтқан құстың ізгі сәлемдемесін...
Жүрегіңді жұлып жатса таңғалма,
Құлыпын бұз есіктердің арманға.
Ей,Алматы, керек боп жүр маған сәл,
Ауылымда қалып қойған ғаламшар!