04.11.2021
140
Шық әлем
Дүлейдей борандағы қақырап төніп,
Жоғалып кетем табылмай түзге асам да.
Күздегі сағыныш тектес жапырақ болып
Сен мені ізде сонда.
Шыдай алмайсың, сен оған тіпті де ерсең
Бітпейтін жол бар уақытпен сыр ашып алам.
Көктемгі жарған бүрлерден шықты көрсең
Сен мені сұрашы содан.
Сұрашы содан біледі ол, біледі бәрін
Мөлт етер сосын тамшыларменен тізген мұң.
Біледі сол шық бір қыздың жүрегі барын
Ішінде жүрексіздердің.
Ізде сен солай, қараусыз жыламайын мен
Кеудеңе тағар алқадай жүз үмітті шен.
Мен шық болам да нәркескен тұла бойыммен
Дір етсе, үзіліп түсем.
Жаратты дейсің жарығым кенде ғып кімге,
Құстардан жеткен хаттардай бола алар сырым.
Мөлдір шықтайын көрінбей пенде біткенге
Бір күні жоғалам, шыным...