Жазмыш жарасы
Жынды шал күн сайын өзінің жатаған, тозығы жеткен үйінен шығып, ауыл мектебін бір айналып өтуді әдетке айналдырғалы қаша-а-ан. Әлдебір әуенді ыңылдай айта мектепті қоршаған темір шарбақты жағалай жүру оның ең бір сүйікті ісі секілді. Бұған балалардың көзі әбден үйренген. Бірақ, Жынды шал қапелімде олардың жандарына жақындай қалса, тұра қашпағанымен, бойларын үрей билейтін. Балалар бір адамға зияны тиіп көрмеген, оғаш қылығы жоқ сол бір мүсәпір жаннан не үшін қорқатындарын өздері де білмейді. Әйтеуір, одан бойларын аулақ салады. Бәлкім, кезінде әке-шешелерінің өздерін жұбату үшін Жынды шалдың есімін алға тартып, «жыны жұғып кетеді» деп қорқытып айтқан сөздерінен оның жағымсыз бейнесі көкейлерінде жатталып қалғаннан болар, кім білсін?
Жынды шалдың бұлайша мектепті төңіректеп жүруінің мәнісіне ешкім ой жүгіртіп көрген емес. Оның сыры тек өзіне ғана мәлім...
***
Бір топ бала мектеп ауласының сыртында әрнені сөз етіп, шүйіркелесіп тұрғанда қастарына тақап қалған Жынды шалды байқады да, оған үдірейе қарасты. Іле олар әлгі жан өздерінен ұзаңқырай түскенде оны өзара келемеждеп, мазаққа айналдырып, жетісіп қалды. Осы сәтте топ ішіндегі Мұраттың көңілі пәсейіп, ішкі әлемін ауыр зіл басып, өңі күреңітіп кетті. Мұны аңғара қойған серіктері әлгі қылықтарынан саппа тыйылып, үндерін өшірді...
Мұрат ауланы қоршаған шарбақтың есігін аяқ ұшымен түртіп ашып, аулаға кірді. Аула жым-жырт. Ол үнсіз тұрды да, там көлеңкесіне төселген алашаның үстіне шалқасынан жатып, көгілдір аспанға ұзақ қарады. Әлденеге күйінгендей жұдырығымен алашаның шаңын шығара түйгіштеп-түйгіштеп қояды. Оның көз алдында бет аузын түк басқан Жынды шалдың бейнесі тұрып алды.
Мұрат әлгі адаммен көшеде кездесе қалса, бәз біреулер секілді оған үрке, үрейлене қарамай, жанынан жайбарақат өте шығатын. Екеуі бір-бірімен ұшыраса қалған сәттерде Жынды шалдың қой көздері күлімдеп, бұған тесіле қарап, бұл қасынан ұзап кеткенше соңынан көзін алмайтын. Мұрат осындайда ту сыртынан қадалған көздің әсерінен өзінен-өзі абыржып, әбігерленетін.
Оның ойын «Әй, Мұрат, түскі шайыңды іш» деген апасының даусы бөліп жіберді. Ол дастархан шетіне сүлесоқ келіп жайғасты. Төрде көкесі Төлен, одан төменірек ағасы Есім мен әпкесі Гүлсім, екі иінінен дем алған самауырының жанында шай құйып апасы отыр. Ол бірер кесе шай ішті де іле тысқа шықты. Ішкі әлемін әлдебір зілмауыр сезім жаншып, езіп бара жатқандай. Ол аулада аз-кем кідірді де сәлден кейін асығыс түрде шарбақтан аттап өтіп, ауылдың күн шығыс жағындағы қаңсыған тастаққа қарай жүгіре жөнелді. Суды егістікке бұрып жібергендіктен қаңырсып, күнге күйіп жатқан тастаққа не үшін келгенін өзі де білмейді. Осы арада біраз тұрды...
Күн шығыс жақтан жалғыз қарайған көрінді. Беймәлім қарайған — салт атты адам болып шықты. Мұрат оған қарама-қарсы жүрді. Арадағы қашықтық қысқара түскенде әлгі салт аттының ауылдағы беделді қариялардың бірі Әжібай ата екенін таныды. Жұрттың бәрі Әжібайға «шал» деген сөзді қосып айтады. Бетпе-бет кездесе қалса, сыртынан «Әжібай шал» дейтіндер дереу «ата» немесе «көке» деп елпең қағады.
— Ассалаумағалейкум, ата!
— Уағаликумассалам... Оу, Мұратпысың, айдалада неғып жүрсің?
— Жай, әншейін.
— Әншейін адам жүре ме?
— Жай...
— Ой, сен жай жүрген адамға ұқсамайсың ғой. Көзің шүңірейіп, екі жағың суалып, тым жүдеп кетіпсің. Әлде біреу-міреу ренжітті ме?
— Ешкім ренжіткен жоқ. Жай... Тек бір нәрсеге көзім жетпей жүргені... Соны сізден сұрасам қалай болады? Білемін, сіз де мені баласынып мардымды жауап бермессіз. Дегенмен, сұрап көрейін...
— Білдей жетінші сыныпта оқитын сені бала деп кім айтты? Кезінде сен сияқты он төрт-он беске толғандар келіншек алып, отбасын асыраған, елін жаудан қорғаған... Жарайды... Шамам келсе, сұрағыңа жауап берейін.
— Ата, кезінде біздің ауылдың бас жағындағы ана бір жайдақ тамда тұрғанымыз есімде, — деді Мұрат әлгі там жақты қолымен нұсқай көрсетіп. — Оны сіз білетін де боларсыз. Сол тамның күн шуағында талай-талай ойнағаным еміс-еміс көз алдыма елестейді. Содан қазіргі тұрып жатқан үйге мен үшін себебі күңгірт, әйтеуір көшіп келдік. Алғашқы кезде бөтен аула, бөтен үй, бөтен адамдардың ортасында өзімді жалғыз сезіндім. Тек апам мен бұрыннан өзіме таныс үй-мүліктері ғана менің көңілімді сергітетін. Бұрын соңды көрмеген адамым әке, бұрын соңды көрмеген жандар аға, әпке болды... Олар мені еш жатырқамайды, қайта олар сенің әкеңмін, ағаңмын, әпкеңмін деп құлағыма құя бергісі келеді. Бірақ, менің жан дүниемде оларға деген салқындық бар. Неге бұлай? Дегенмен, осы арада үлкен бір гәп барын сеземін. Есімді енді-енді біліп келе жатқанда алдына отырғызып алып , ыңылдап өлең айтып әлдилейтін аяулы жанды, аяулы алақанды аңсаймын. Сіз шыныңызды айтыңызшы, менің әкем кім? Ол өлген жоқ, оған сенемін.
— Ойбу-у-у, Мұратжан-ау сен не айтып отырсың, өзіңнің әкеңнен, өзіңнің бауырларыңнан безесің бе? Олай деме, бұл неғыл дегенің?
— Ата, сіз жалтармаңыз... Бұған дейін қанша адамнан оқталып осы жайлы сұрағым келген, бірақ жүрегім дауаламаған. Енді бүгін тайсақтамай сізден бар шындықты білгім келіп еді, оңды жауап беруге ыңғай танытпай тұрсыз. Сіз айтпасаңыз да өзімнің туған әкемнің кім екенін сеземін. Бірақ, соның анық-қанығын нақты білгім келеді... Дегенмен, өз сауалыма өзім жауап берейін. Тыңдаңыз. Ауылда жұрттың бәрі көрсе болды жанына жақындамай айналып өтетін, өз есімінен айырылып, Жынды шал атанған адам менің әкем. Сенің әкең сол деп ешкім айтпаса да көңілім сезеді, солай сезінемін, өйткені ылғи мені көрген сайын соңымнан ұзақ қарап тұрады, менімен сөйлескісі келеді. Тіпті, кейде әлгі жайдақ тамның жанынан шықпай, құлаған шарбақты, құлаған қадаларды түзетіп жүреді. Бірде түн ішінде ол не істеп жүр екен деп іздеп те бардым. Сол баяғы біз өмір сүрген жайдақ тамның есігін ашып алып, ішінде менің сәби кезімде еститін әуенді ыңылдап айтып жүр екен. Сол кезде оның өзімнің туған әкем екенін біле тұра одан қатты сескендім. Сескенбей қайтейін, «түнде көшеге шықпаңдар, Жынды шал ұстап алады, оның қолына түссең өлтіре салудан тайынбайды, оған жақындамандар, жыны жұғып кетеді» деп жастайымыздан ауыл адамдары қорқытып келеді. Тіпті, біреудің баласы жыласа да, «Жынды шалды шақырып келемін» деп қорқыта жұбатып алады. Бірақ, жұртқа қорқынышты көрінетін сол кісіге мені әлдебір сиқырлы күш тарта түсетіндей.
— Айналайын балам-ай, сен өзің бәрін сезіп жүр екенсің ғой. Мен несін жасырайын..., ертелі-кеш бәрібір білесің, білуге тиістісің. Сенің әкең сол адам, — деді Әжібай күрсіне. — Бұрын жұрт оны өз атымен атайтын... Қазір ол Жынды шал атанып кетті. Ол шал емес, небәрі қырықтан енді асқан жас жігіт. Ауылдағы ең бір жөні түзу, ешкімнің ала жібін аттамаған, айтулы жігіттің бірі болатын. Әке-шешесінің қойған есімі — Қаражан. Біз оны кішкентайынан еркелетіп, ақжарма көңіліне, жақсы мінезіне қарап Ақжан деп атап кеткенбіз. Ол әке-шешеден ерте айырылып, бар тауқыметін өз мойынымен көтеріп, сенің шешеңмен отау құрып, ел қатарлы тіршілік етіп жатқан еді. Құдай ісінің кем-кетігі жоқ дейді ғой, аяқ астынан биік талдың үстінде қураған бұтақтарды балтамен шауып жатып, абайсызда жерге кұлап түсті. Содан, еш жері мертікпегенімен, миы шайқалып, ақыл-есі ауытқыған, тілден айырылған. Солай... Тек әлдебір әуендерді ыңылдай айтып жүреді де қояды. Сен оған ешкімді де кінәлама. Қайткен күнде де «әкемді неге тастап кетеді?» деп шешеңді кінәлі санарсың..., бұйрық солай болса, қайтпексің, шырағым. Әкең бір атадан жалғыз еді. Бірақ, ауылдағылар киім-кешегін, ішіп-жемін ұсынып, оны тарықтырып жүрген жоқ. Сен өзіңді-өзің мүжи берме. Бар өмірің, бар қызығың алда. Әлден сары уайымға салынсаң, жас өміріңді өзің-ақ бұғаулап тастайсың. Саған одан пайда жоқ. Менің айтарым осы.
Осы арада Мұрат Әжібайдың сөзінен өзінің фамилиясы мен әкесінің құжаттағы есімі бауырлары Есім мен Гүлсімдікінен бөлек болуының нақты себебін білді. Өйткені, ол бұған дейін аға-әпкесінің фамилиялары өзінікінен басқа болуының себебін анасынан сұрағанда: «Көкеңнің Әбдір деген ағасының жастай дүние салған Қаражан деген баласы болған. Сол кісілердің аты өшпесін деп сені солардың аттарына жаздырғанбыз», деген жауап алған. Сонда Мұраттың тосыннан қойған сұрағына мүдірмей жауап беру үшін ана байғұс әруақтан іштей кешірім сұрай, қайын атасының есімін дауыстай айтып, баба дәстүрін бұзған-ды. Анасының сөзіне Мұрат сенген. Содан кейін бұл тақырып оны мазалай қоймаған. Бірақ, бүгін бәрі белгілі болды.
Екеуі ауылға қарай беттеді. Күн едәуір еңкейіп, түс ауып қалған.
Бала ауылдың ең бас жағында орналасқан, әбден тозығы жеткен жайдақ тамға көз жіберді. Ол қараған жаққа қария да еріксіз мойын бұрды. Екеуі де әлгі тамның жанында отырған Жынды шалды байқап қалған. Әжібай баланың көңіл-күйін бет әлбетінен байқағысы келіп қарап еді, Мұраттың жанарында жас мөлтілдеп, екі беті боп-боз болып кеткен екен.
***
Түс мезгілі. Жаздың ең соңғы айы аяқталып қалған. Тас төбеден шақшиған күннің көзі адамдарды қыспақтап көлеңкелі жерге жіпсіз байлаған. Көшеде тірі жан жоқ. Ауылда бейне бір тіршілік тоқтап қалғандай.
Мұрат бөлмеде дөңбекшіп ұзақ жатты. Басқалары тым-тырыс. Бәрі де ұйқыға бас қойған болуы керек. Ол уақыт өткізу үшін кітап оқымақшы болып, сөреге жақындай бергенде есігі ашық тұрған көрші бөлмеден көкесі мен апасының өзара әңгімесін құлағы шалды. Шешесінің даусы жалынышты шығып жатқан секілді. «Ақша жоқ емес қой, ең болмаса әкесінің бір айлық жәрдемақысын қисаңшы. Мектепке киіп жүрген киімі алқам-салқам. Бір сыпыра киімін бүтіндеп берейік». «Сен не, мен оның киімі бүтін жүргенін қаламайды дейсің бе, алым-жұлым болып жүрген жоқ қой. Былтырғы киімдерін киіп бара берсін. Киімдері тым жарамай бара жатса көрерміз. Қалтаңа бес-он тиын түссе, дереу балаңның үстіне жапсырғың келеді, ана екеуі саған бала емес пе?» «Мен оларды балам емес деп тұрғаным жоқ. Сен өйтіп бұра тартпа». «Бұрыс сөйлеп тұрған мен бе, сен бе? Әкеңнің аузы, сенің көзіңнің еті өсейін деген екен...». Мұрат қабырғаның арғы жағында болып жатқан дау-дамайды естігісі келмей, құлағын екі қолымен басты да, аяғының дыбысын сездірер-сездірмес сыртқа зыта жөнелді. Шырылдаған шешесін іштей аяп барады.
Ол сыртқа шыққан бетте көшені өрлей жүгіре жөнелді. Өкпесі өшіп, ентіккен күйде қатар тігілген қара талдардың көлеңкесіне жете бір-ақ тоқтады. Басы айналып барады. Үй ішіндегі жанжалды дауыс құлағында жаңғырып тұрып алды. Сәл ентігін басқан соң есін жиып, өзі жиі ойлайтын, жиі төңіректейтін әлгі жайдақ тамға қарай жүрді. Үйді бір айналып өтті де, оның тау жағындағы терезесінен ішіне үңілді. Іштегі қара көлеңкеден ештеңе көрінер емес. Там ішіне кірмекші болып есікті сәл сығырайта ашты. Ары қарай батылы жетпей тұрып қалды. Әлде бір үн құлағына «кіре бер, кіре бер өзіңнің үйің ғой» деп сыбырлағандай. Міне, ол табалдырықтан аттады, бір адым, екінші адым. Жарықтан бірден қараңғы жерге кіргендіктен алғашқыда көзі үйрене қоймады. Қырсыққанда есік те қайта жабылып қалғаны. Іле сәл-пәл көзі үйренейін деді. Іште біреу бар секілді, өйткені пысылдай тыныс алуы естіліп тұр. Тұла бойын қорқыныш биледі. Әне, біреу бар, бәсе, пысылдап дем алысы анық естіліп тұр. Ол өзі тұрған дәліздің төрт қабырғасын анық көрді де, кейін екі адым қайта шегініп, есікті айқара ашты. Үй іші жап-жарық болып кетті. Төргі бөлмеде жатқан Жынды шал біреудің келгенін біліп, орнынан көтерілді де дәлізге шықты. Олар бір-бірімен бетпе-бет келіп қалды...
Өздерінің әкелі-балалы жандар екенін білетін бұлар бір-бірімен іштей ұғысқандай болды. Жынды шал — Қаражан өз перзентіне мейірлене қарап қалған. Алғашқыда бойында пайда болған сескену сезімінен арылған Мұрат қимылсыз тұр. Жан-дүниесі аласапыран. Әкесі екеуінің өмірін бір арнада тоғыстырмай, екі жағалауға лақтырып тастаған, бірақ өздерін жиі жолықтырып жанды қинаған тағдырына Мұрат лағынет, қарғыс айта қоймады.
Бала әкесіне қолын созып, амандасты. Әкесі ұлының қолын жіберместен өзіне тартты. Мұрат әкесінің кезінде өзін әлдилеген алақанының жылуын сезініп, денесі тоқ жүргендей дірілдеп барып, іле рахат бір ләззатқа бөленгендей болды. Кенет Мұрат әкесінің белінен құшақтай алды. Көзден аққан кермек жас ерніне құйылып, жұтына берді. Олар құшақтасқан күйі ұзақ тұрды. Осы уақытта бала «бұл кездесуден кейін әкемнің ақыл-есі өз қалпына келер деп үміттенді де. Екеуінің құшағы ажырады. Жынды шал қайтадан ішкі бөлмеге кіріп кетті. Бала тұрған жерінде қаққан қазықтай қалшиды да қалды...
***
Оқушылардың сабағы басталғанына бір айдай уақыт болып қалған. Бүгін жетінші сыныпқа ең соңғы сабақ — дене шынықтыру. Мұғалім топтанып тұрған оқушыларға қарай қолындағы допты лақтырып жіберді де, «сабақ аяқталған соң үйлеріңе тараңдар» деп кетті де қалды. Мұғалімнен құтылып, өз еріктері өздеріне тиген балалар алаңның шаңын төбеге көтеріп доп қуды да кетті. Ұл балалардың екпініне ілесе алмаған қыздар топ-топқа бөлініп, өздерімен өздері қалды. Мұрат ыстық күнде алаөкпе болып жүгіргенді дұрыс көрмей, қақпаға тұрған. Әзірге қарсыластар жағы осалдау шығып, доп қарсы беттегі қақпаның алдынан кетер емес. Сол кезде ер балалардың ойынын қызықтап алаңсыз тұрған қыздар иірілді де қалды. Бәрі де шошынған түрде мектепке қарай жылыстай бастады. Мұрат әлденеден қысылғандай қолымен жер шұқылап, жүзін төмен салды. Қыздардың үрейленуі Жынды шалдың келіп қалғанынан-тын. Ұлдар жағы Жынды шалды елер емес. Мұраттың еңсесі түсті де кетті. Осы кезде қарсылас жақтың тепкен добы қақпаға сүңгіп, Мұрат қапы қалды. Сыныптағы батылдау сөйлейтін Қабыл: «Ей, әкеңнің, ана жынды әкеңді көріп есіңнен айырылдың ба, көзіңе қарамайсың ба, бар, соңынан еріп кет» деп жеки сөйледі. Бұрын ешкімнен мұндай сөзді естіп көрмеген Мұрат шыдай алмай Қабылға тұра ұмтылды. Бірақ, екеуінің жаға ұстасуына өзгелер жібермей қалды. Қабылдың ойда-жоқта айтқан сөзі Мұратты есеңгіретіп жібергендей. Ол мектеп ауласын тастап шығып кетті.
Жынды шал — Қаражанның дәл сол күні мына жарық дүниедегі жалғыз жақыны — баласын соңғы рет көріп, онымен сырттай болса да қоштасу үшін ішкі әлсіз түйсігінің итермелеуімен мектепке барғанын ешкім білген жоқ.
Осы күні кешкісін Жынды шал дүниеден қайтты. Ол өз үйінің көшеге қараған қабырғасына сүйеніп отырған күйі қимылсыз қалыпты. Мәңгілікке. Көргендердің айтуынша, Жынды шал сол сәттерде анадай жерден өтіп бара жатқан адамдарды қол бұлғап, өзіне шақырумен болыпты. Ешкім бара қоймаған. Ол не айтқысы келді екен?..
***
Ертесіне Мұрат сабақ үстінде көңілсіз отырды. Дәріске еш зейін қойған жоқ. Тек терезеден көшеге қарайлаумен болды. Неге екені белгісіз, әйтеуір жүрегі қобалжып, әлденеге алаңдап, мазасы қашты...
Көшеде Газ-53 жүк машинасы баяу өрлеп кетіп барады. Үсті толы ер адамдар. Ол әлгі машинаға көзден таса болғанша қарады да отырды. Бірақ, Мұрат сол машинаның үстіндегі адамдар Жынды шал — Қаражанның сүйегін жерлеуге кетіп бара жатқанын білген жоқ еді. Егер Әжібай атасы сол тұста әлдебір жаққа сапарлап кетпей, ауылда болғанда мұны әкесімен қоштасып қалсын, қабірге бір уыс топырақ салсын деп алдырар ма еді, кім білсін?..
Мұрат бұ дүниеден әкесінің қайтқанын кешке жақын әлдекімдердің өзара әңгімесінен кездейсоқ естіп қалды. Сол заматта оның жан әлемін қара түнек басып, өзегін өкініш, өксік кернеді. Көзінен жас ыршып-ыршып кетті. Осылайша, бала қазаның қайғысын жалғыз өзі қарсы алды. Оның көңілін аулап, қайғысын ешкім бөліскен жоқ.