03.11.2021
  191


Автор: Нұрлыбек Саматұлы

Жалдамалы жазушы

Алдына жайып салған ақ қағазға төне беріп «піссімілла» деп күбір етті де, қаламын тербеп алғашқы сөйлемді жазды. Кідіріп, еңсесін тіктеді, екі көзі жазуда. Дауыстап оқыды. Тәп-тәуір сияқты.

Алғашқы сөйлем сәтті шықса, қалғаны соған ілесіп, төгіліп келе беруі тиіс. Ол өзі және оқыс басталса жақсы. Оқыс басталса, оқырманды оқиғаға қарай үйіріп ала жөнелетін құйыны болғаны. Сөйлемге ұласқан сөздер мүлтіксіз суретке айналғаны. Сонда ғана ойдың жүрегі лүпілдеп, тіріле бастамақ. Олай болмаса, шығарма бастан-аяқ болбырап, олақ қатын илеген қамырдай боп-бос боп былжырайды да тұрады.

Оқиғаны солғын баяндап, кейіпкерімен жағаласып пәлсапа соғып кететін жазушылықтан құдай сақтасын. Ондай кемеңгерсіген шығарма, оқиғасы қызық болса да, оқырманды бездіріп тынбақ. Ал әркімнің басында бола беретін кәдуілгі жайды көз алдыңа көлбетіп шебер суреттеп, cол арқылы адам психологиясына тереңірек бойлап баратын, сөйтіп ойдың шыңырауына шым батырып әкететін жазушылықтың жөні бір басқа. Пенде баласының ә дегенде аңғарыла қоймайтын, онсыз әңгіменің тұзы татымас мінездері, жан дүниесінің қалтарыс-бұлтарыстары кісіні мұрындықтап алып, еріксіз жетелеп, қайта айналып соға беруге мәжбүрлесе ғой. Көркем әдебиеттің өзі адамды ұғынуға деген ұмтылыс емес пе...

Жазушы ақ параққа тербеп жазған жалғыз сөйлеміне көзін қадап отырып, өзімен өзі іштей сөйлесіп кеткен екен. Тағы бір оқып қарап еді, алғашқы сезім суып үлгеріп, солған шөптей солғын тартып сала беріпті.

Манадан шаншылып отырған орнынан тұрып кеткенін өзі де байқамай қалыпты. Жалма жан қара тонды қоңылтақ сұғына салып тысқа беттеді. Саусағына жалғыз тал темекі қыстырыла кетті. Қаламы жүрмеген кезде өстетін әдеті. Далаға шыққан бойы шалқайып көкке қарайды. Көз түгілі көңіл жетпес көк төрінен көретіні жымыңдаған көп жұлдыз. Аспанға көз тіксе қиялы демде шалқып, алақандай қағазға қамалған көңілі қанаттанып, шексіз зеңгірге самғай жөнелетін тәрізді.

Шылым тұтатты. Әдетіне басып шолғаны аспанның қиыры. Таза ауа тынысын ашып жіберген. Қар қылаулап тұр. «Тосын нәрсе іздеудің қажеті жоқ, — деген ой келді басына, — тосын нәрсе іздесең, іздеген тосынның өзі тосын болмай қалады. Қалай ойласаң, солай жаз. Басыңда барды жазасың, басыңда жоқты қалай жазасың?»

...«Бірнеше жылдан бері шимайлап жүргенім еді, қайта жаз, еркіңше көсіл» деп, кеше Қызылбаев ұстатқан қолжазбаны қолына алып, көз жүгірте бастады. Біресе түйіліп, біресе кіржиген қабағы қату. Неге ғана келістім дегені шығар. Кенет қарқылдап күліп жібергені. «Әй, ит-ай, ит-ай! — Басын шайқады. — Дәмесі Дәмегүлдің дамбалындай деген сөз бар біздің жақта, — деді сосын біреумен сөйлесіп отырғандай самбырлап. — Былдыр-батпақ қой мынау».

Оқыған парақты былай тастай салып, басқасын алды. «Тракторист. Тақырып болғаныңа! Мейлі ғой. Тырақтыршы да тірі жан. Оның-дағы өз тағдыры өзінде». Оқуын оқи бастаса да, төзімі тозып, жауын астында батпақ кешкен жандай соңғы бетке ентігіп жеткені. Екі қолымен сығымдап ұстаған басын шалқайта тастады. «Кейіпкерінің аты Оспан» деді көзін жұмып.

Есіне өз ауылындағы Оспан түсе кетсін. Ол да тырақтыршы. Айтпақшы, бір оқиғасы бар сол Оспанның. Көктемгі қарбалас кез екен. Қас қылғандай әйелі жеті қараңғы түнде жетінші балаға толғата қалыпты. Жазған құлда жазық бар ма, ДТ-75-ті жіппен тартып қоттайды да, әйелін тонға орап жанына жатқызып, аудан орталығына қарай тырақтырды арқыратып қозғалады ғой. Жыланбауыр шынжыр табанмен елу шақырымды әрең тауысып, перзентханаға таң ата тұмсық тірегені сол екен, құлағына шар еткен дауыс жетеді. Сасқаны ма, ауылдан шыққалы тістеніп біткен Осекең әйелі жаққа көзін оқыс тастап, «әй, ерім-ай» деп жіберіпті. Сол сөзді не өзіне айтқанын, не әйеліне айтқанын аңғармай, перзентханаға ышқынып кіріп, ышқынып шығыпты. Жүгіріп жеткен дәрігерлер темірдің ішінде туып қалған әйелді шаранасымен қоса орай сала зембілге жатқызып, ішке ала жөнеледі.

Дар-дар еткен тырақтырды тұрған жерінде тоқсан градусқа шақыр-шұқыр бұрған Оспан, шаттанғаны шығар, газдың қалақ темірін тапап басып, көшені қою қара түтінге толтырып тастапты дейді. Моторының суы сарқылдап, түс ауа ауыл шетіне әрең ілігеді ғой. Соңынан «УАЗ» мінген парторг өкшелеп қуып жетсе керек. «Ассалау, — деп, алға соза ұмтылған қос қолын қағып жіберіп: — Қайда қаңғып жүрсің! — деп, жағасына жармаса кетеді. — Бөгет бұзылып, судың ақтарылып жатқаны анау!»

— Келініңіз туды... — дейді Оспан жайраңдап.

— Туса не бопты? — депті парторг оның қуанышын су сепкендей басып. Осекең дағдарып басын қасиды. — Өзің партияның адамысың! Жауапкершілік қайда? Мемлекет мүлкін жеке ісіңе пайдалануға қалай дәтің барды, а?! Жасампаз компартия атынан сөгіс жариялаймын саған!

Оспанның сол замат түсі бұзылып сала береді. Тоғанас батырдың тұқымы екені есіне түсіп кеткен ғой. Қайда барса тастамай, төс қалтасына салып жүретін партия билетін жалма жан суырып алып, «ал енді қайтер екенсің» дегендей ортасынан қақ айырыпты шабаз. Қақ айырып қана қоймапты, «Мә, саған компартиялық сөгіс!» деп долданып, порторг ағайдың бетіне лақтырыпты. Ашуы бөгет бұзған тасқыннан жаман лақылдап, тырақтырды егістікке қарай бұра-мұра мөңкітіп бір беріпті сосын.

Парторг болса түрі өрт сөндіргендей түтігіп қала береді. Партбилетті қақ айырып парторгтің бетіне лақтырғанның жазасы не екені, қырсық шалғанда, уставта жазылмапты. Әрі аударады уставты, бері аударады уставты, таба алмайды. Сонымен іштен тынып, жылы жауып қоюға мәжбүр болыпты дейді білетіндер...

Осыны еске алғаны сол екен, ойланбастан қағазға төне кетті. Оспан ағасының мінезі өзіне мәлім. Бір ашуланбасын, бір ашуланса қол-аяғын бірдей сермеп, төбелесті бастап кеп жіберетіні бар. Айыру бермейді. Көз алдында ғой, көз алдындағыны суреттемей не көрініпті.

Аз сілтеді ме, көп сілтеді ме, со жағын аңғарса кәне, бір заман қаламын суытып, сәл тыныс алды. Бұрқыратып-ақ тастапты. Өз шығармасы болса ғой, бүйтпес еді, жүз ойланып, мың толғанып, толғатып бітер еді. Айналасы бірер беттен аспас еді. Ал мынау Қызылбаевтың... ой-дай-й, он бес беттен асырған, он алты бетті еңсерген... Компьютерге он төртпен терсе сегіз-тоғыз бет, ол анық. «Осы да жарап тұр саған» деп, кеңк-кеңк күлді. Өзі жазбақ боп жүрген әңгіменің сюжетін біреуге көзі қиып бере салғанға аздап іші ашығаны болмаса...

Жалма жан компьютерді қоса салып, тас-талқан боп тулаған кейіпкердің әсерінен айыға алмай, саусақтары пернетақта үстінде тарс-тұрс секектей жөнелді. Оқиға майлы ішекше айналып, құлпырып, түрленіп, әй, несін айтасың, осы қарқыннан таймаса, бес жүз беттік кітаптың, бір айда, бәлкім одан ертерек, басы қайырылар. Келіскен жарты миллион теңгені шытырлатып санап алу, сосын, бұның ісі.

Дайын болған алғашқы он бетті осы қазір үйінде пырылдап ұйықтап жатқан кітап авторының электронды поштасына жөнелтті де, көңілі көншіп, үстел жанындағы диванға қисая кетті. Қисая бере аңғарды, таң қылаң беріпті.

***

Бір сүйкімсіз дыбыс құлақ етін кеміріп, оянбасына қоймады. Әзер көтерген басы қорғасын құйған сақадай бір жағына ауып кете берген. Үстел үстінде тулап жатқан телефонға жақтырмай тастаған жіпсік көзіне ұйқы тығылып тұр. Удай ашып барады.

— Інішек, мен ғой, ағаң ғой. — Жазбай таныды. Қызылбаев. — Оқыдым. Айтатын әңгіме бар. Кездесу керек.

— Ассаумақым, аға.

— Иә, иә, әліксәлім ғой. Немене, ұйықтап жатсың ба әлі?

— Таң атқанша жазып едім, аға.

— Орталық алаңда коферум деген кафе бар. Соған кел. Сағат он екіде.

...Кофенің танау жарған ашқылтым иісі коферум ішін жайлап алыпты. Төр жақ бұрыштағы үстел басында жапалақ құстай жарбиып Қызылбаев жалғыз отыр. Алдында шашылған қағаз.

— Мұнда тастай сал, — деді, шешіп алған сырт киімін қайда қоярын білмей, іркілген бұған. Орнынан тұрмады. — Кофе ішесің бе, әлде шай ма?

— Өзіңіз білесіз ғой.

Түнде темекіні басыңқырап шегіп жіберген екен, таңдайы кеуіп, тілі құрғап қалыпты. Ерні кебірсіп тұр. Жаңа автобуста ырғатылып келе жатып, қазір Қызылбаев не ішесің деп ілтипат қып жатса, ыстық сорпа алдырайын деп ойлап еді, ол ойын айта алмады.

— Онда кіріселік... Қарағым, жақсылап бір кофе әкелші, — деді осы сәт жандарына жақын келген даяшы қызға. — Оқып шықтым, — деді сосын бұған бұрылып. — Жалпы жаман емес. Бірақ ұнамсыз сөздер баршылық екен.

Жазушы «о не сөз» дегендей ұмсыныңқырап отырды.

— Мысалы... — принтерден шыққан парақтың орта тұсында тұрған бір сөздің астын сызып қойған екен, соған шұқшиды. — Міне, мына жерде қоқыс-моқыс депсің. Қоқыс ладно, моқысың не?

Мырс ете қалған бұған көзілдірік үстінен тесіле қарады.

— Моқысың не деймін саған? Қазақ тілінде моқыс деген сөз жоқ қой. Орфографиялық сөздікті қарадым. Сөздікте жоқ.

— Енді... — деп бөгелді жазушы, — енді сөз арасында айтыла береді ғой. Мысалы... қалай десем екен... балтай-шалтай деген сияқты.

— Мен сенің балтай-шалтайыңды білмеймін. Моқысты айтам.

— Жарайды, аға, моқысты алып-ақ тастайық, — деді тезірек құтылғысы келіп. — Моқыссыз-ақ бірдеңесі болар. — Сөзінің соңын міңгірлеп бітірді.

— Сызамыз бұны. Енді қайталама.

Даяшы қыз беті көбіктенген екі күрешке кофені құдды бір үйме табақ ет тартқандай-ақ үстел үстіне еппен қойып жатыр.

— Бұндай сөзден аулақ бол. Кәне, кофе алайық, — деді күрешкенің біреуін өзіне қарай ыңғайлап. — Кофесі жақсы осы араның. — Сыздықтата ұрттап, ыстық кофенің көбігін жұтты. — Осы бізде бір жаман әдет бар, — деді сосын ерніне жұққан көбікті алақанымен бір сүртіп, — халықаралық терминдерді бұзып жазатындар пайда болыпты. Сен де сау емес екенсің содан. Кешір, қатты айтқаныма. Айтпаса болмайды. — Алдында жатқан көп қағаздың біреуін бөлектеп алды, — міне, мында тырақтыр депсің, електір депсің. Қою керек ондайды, трактор, электр деп жазу керек. Елебатыр деген де бар екен. Бұ не сұмдық? Элеватор ғой ол.

Әжептәуір үлкен мін тапқандай бажырайып қарап, бірауық үнсіз отырды.

— Тағы бір айтайын дегенім, абзацқа сонша құмар екенсің. Ә, қу бала, көлемін көбейтудің айласы ғой ол. Менің шашылып жатқан ақшам жоқ. Уақыт қысып тұр. Үлгеру керек. Сыйлықтың жылы ғой биыл. Ана жақта сөйлесіп жатқан кісілер бар. Мәселе мынада, жарайды оны қоялық, кейін көңірсітіп жүрме, арамызда қалсын. Ертең кітабымды орысшаға аударып жатса тырақтыр, електір, елебатыр дегеніңе түсінбей қалар.

— Неге түсінбейді? Түсінеді.

— Ұлтшылдық деп кілт ете қап жүрмесе.

— Аға, соңынан жа-ақ-сы-ла-ап қараймын. Түзеймін. Мәселе онда емес, мәселе мазмұнда ғой, — деді жазушы шыдамай.

— Мазмұнға кейін келеміз, — деп, иегін сипап ойлана қалды. — Қалай ойлайсың, сыйлыққа тати ма шығармам? Меніңше, татитын сияқты. Сондықтан кітап үш килограмм болса деп шештім. Негізі бес килограмды ойлағанмын. Тартып көрдім, Бельгердің кітабы бір килограмға оншақты грамм жетпейді екен. «Қан мен тердің» үш кітабы қосылып одан да аз. Сосын әрі ойланып, бері ойланып үшеуге түстім.

Жазушының көзі атыздай боп, басын шайқай берді.

— «Абай жолы» ше? «Абай жолын» өлшеп көрмедіңіз бе? — деді еріксіз күліп жіберіп.

— Қазір айтайын. — Кәстөмнің ішкі қалтасынан қойын кітапша шығарды. — Қа-зі-ір... қа-зі-ір... — кітапшаны парақтай түсіп, — міне, менде екінші томы ғана бар екен. Бірінші томы жоқ. Алты жүз қырық екі грамм. Сонда екі томы қосылып, өсіріп айтқанда, бір жарым килограмға не жетеді, не жетпейді. Соған қарап, кофе алсаңшы, үш килограмм дұрыс болар деп шештім.

Жазушы суый бастаған кофені сіміріп салды. Кофеден соң ыстық сорпаға тапсырыс бере ме деген дәмесі.

— Қалай, үшеу дұрыс па? Ойыңды айтшы, — деп анау тақымдап қояр емес. — Қатты қағазға бастырамыз. Жылтырақ ше. Әріптердің де дәулеуі дұрыс. Детский энцеклопедия бар ғой, сондай қып. Майда-майда болса шалдар оқи алмайды.

— Онда мұқабасының ішіне қорғасын пластина салу керек шығар.

— Ондай да мұқаба шыққан ба? — деді анау иланып қалып. — Қазір неше түрлісі шығып жатыр-ау, ә? Өзің пәлесің, типография жақты көп жағалағансың ғой. Сұрап көрші таныстарыңнан. Кофе қалай? Тағы алдырайын ба?

— Жо-жоқ. — Сорпа болса демекші боп бір оқталды да, тағы да тілін тістеп тосылып қалды.

— Бір сыншысымақ бар. Өзінің сыншы сияғы жоқ. Аты кім еді сол иттің, танисың сен, фамилиясы тілімнің ұшында тұр. Өлетін шығар, қалай ұмыттым, ә? Сол ит анада, одан бері бір-екі ай өтіп кетті, қасында екі-үш руласы бар, менің кітабым туралы көк-і-іп тұр. Құлағым шалып қалды. Жанына жетіп барып едім, андағы сөзін тыя қойды. «Сіздің кітаптарыңыз құбылыс қой» деп мақтай жөнелді. Нағыз ит екен. Алдындағы сөзін естімеген болсам кәдімгідей қампиып қалар едім... Жарайды, ана жақта таныстар бар, соларға айтып буындыртам ғой. Енді олай айта алмайтындай ету керек. Одақтың мүшесі деген атым бар. Бірнеше кітап жазған жазушымын. Облыстың жетпіс жылдығы медалінің иегерімін.

— Иә, мазмұнына келейікші.

— Жазуын сен жазғанмен идея менікі, соны ұмытпа. — Сұқ саусағын шошайтып безеп қойды. — Айтпақшы, «Балалық шақ» деген әңгімемді оқыдың ғой. Кішкентай кезімде түйеден қорқып бұтыма жіберіп қойғаным туралы. Со жерін қоссақ па екен, қоспай-ақ қойсақ па екен? Ақылдасқаным ғой.

— Қосу керек, — деді жазушы батылданып. Еркінсіп те кеткен жайы бар. — Ең қызық жері сол ғой. Шығарма шынайы болғаны жөн.

Қызылбаев ырсың-ырсың күліп қағазға үңіле берді де, есіне әлдене түскендей, басы қақшаңдап орнынан тұрып кете жаздады.

— Мәссаған! Ең маңызды мәселені ұмытып барады екем. Бұл енді үлкен қате. Саяси қате. Әй, мен де сілтеп жіберіппін қызды-қыздымен. Енді... рас ондай болғаны. Анау жағымсыз кейіпкер бар еді ғой, біріккен кәсіпорындағы бастық қытай ше, қазақтарға күн бермейтін. Соны қазақтың бір жігіті жекпе-жекке шақырып, мұрнын бет қылады ғой... Соның қытай екенін көрсетпейік. Құдай сақтасаң сақтаймын деген. Атын да айтпайық. Жәй, мастер дей салайық.

— Қытай десе қайтеді екен? Онда тұрған түк те жоқ, меніңше.

— Білмей тұрсың. Заңда... Қылмыстық кодексте ұлттық алауыздықты қоздыру деген бап бар. Ұлым прокурордың кеңесшісі. Содан білем. Ұлттық алауыздықты қоздырған адам екі жыл бас бостандығынан айырылады. Әне! Мәселе қайда!

Жазушы қайран қап, не дерін білмей дағдарып, отырып қалды.

— Мына жерге леп белгінің үшеуін қой.

— Қай жерге?

— Мына жерге. «Қазақстанымыз қарыштап дами берсін» деген жерге. Сұранып тұр емес пе?

— Біреуі жетпей ме? Тұр ғой әне, қақиып.

— Өйтіп айтпа. Бір жәмән сөзді және кіргізіп жіберіпсің.

— Не деген?

— Жәлеп деген. Масқара ғой мынау!

— Аға-ау, оны айтып отырған автор емес... сіз емес, оны айтып отырған кейіпкер ғой.

— Кітап шыққасын мектептерде, тағы басқа жерлерде кездесу ұйымдастырамыз. Тұсаукесер жасаймыз. Сонда оқушылар мына жазушының тілі қалай өзі деп ойлап қалады. Жо-жоқ, маған жараспайды олай деген. Мен интелегентный адаммын. Менің лексиконымда жоқ ондай сөз.

— Ағатай-ау, сонда кейіпкердің характерін қалай ашамыз? Бейпіл ауыз екенін қалай көрсетеміз?

— Аузы сондай лас әйел еді деп жазсаң болады ғой.

— Құр баяндау боп шығады онда. Баяндау — көркем әдебиет емес.

— Сабанбайды жазған жазушының солай жазған жері көп.

— Мен ол жазушыны мойындамаймын.

— Ол үлкен жазушы. Біліп қой. Жақында Президенттің қолынан орден алды. Мен саған бір құпия сыр айтайын. Халық деген аңғал ғой, жазушының шығармасын оқымайды халық, атағын, дақпыртын оқиды.

Жазушының айтар сөзі түгесіліп, орындығын кері ысырып отырды.

— Сөйлемді толық жазу керек. Мектептің баласына дейін біледі, анықтауыш, толықтауыш дегенді. Тағы қандайы бар еді? Мысалы мына жерде «жүкті алып жүр деп сөмкені нұсқады» депсің. Қолымен нұсқады деу керек қой.

Жызушы мырс етіп, кекете күліп, орнынан тұрып кетті.

— Ағасы, — деді қайта айналып төніңкіреп кеп, — ол онсыз да түсінікті. Ау енді қолымен нұсқамай, анаусымен нұсқай ма? Айтыңызшы?

— Сен өзі...

Орнынан Қызылбаев та атып тұрды. Бұлардың атып-атып тұрғанын қайтуға жиналғаны деп ұқса керек, анадайдан аңдып жүрген даяшы қыз құлдыраңдап жетті.

— Есебіңді әкелші, қарғым! — деп басыла қалды Қызылбаев.

— Мінекейіңіз.

Даяшы ұстатқан қағазға үңіліп бір қарады да, қалтасынан кесек ақша суырып, қызға ұсынды. Кофенің қанша теңге тұратынын жаңа білген жазушы «кофеге сонша ақша шығын қылғанша ыстық сорпа алмай ма» деп өкпелеп тұрды да, дереу жұмсарып:

— Айып етпеңіз, аға. Сіздің ескертпеңіздің бәрі дұрыс, — деді күлімсіреп. — Дұп-дұрыс. Жөндеймін. Түзеймін. Қара да тұрыңыз. Сіз жазғандай қылам.

— Әй, інім-ай, манадан солай демейсің бе, ағаңмен тіреспей...

— Аға, — деді жазушы жасқана сөйлеп, — тиын бересіз бе? Аздап болса да.

— Қалтамда болмай тұр, — деп ол қалтасын қағып-қағып қойды. — Жырымшылап алғанша, соңыра бір-ақ алмайсың ба бүтін қып.

— Дым ақша қалмады.

Қызылбаев қалтасына қолын сұқты. Жазушы оның қалтаға сұққан қолынан көзін айыра алмай тұр.

— Мә, бес мың. Енді сұраушы болма, — деді есікке беттей беріп. — Ықыластанып жазсын деп беріп жатырмын.

Жазушы оның о жағына бір шығып, бұ жағына бір шығып, ыржың-ыржың күле берді.

***

Аузынан күйген кофенің иісі бұрқырап коферумнан шыққан жазушы со бойда ешқайда бұрылмай, азық-түлік дүкеніне екпіндеп кіріп барды. Екі бөлке нан, бір қалта сүт, бір қалта айран, біршама ойланып барып қол басындай шағын шөлмек арақ сатып алды. Ақшасын төлеп тұрып нанмен бірге пакетке салған арақты тонның ішкі қалтасына сүңгітті.

Сыртқы есіктен ентелей енген әкесін бәрінен бұрын байқаған кішкентай қызы, оның соңын ала одан бір жас үлкен ұлы арсалаңдай жүгіріп кеп, қаумалап жатыр.

— Әуелі даладан келген кісінің қолындағы затын алу керек, — деп кейіп алды да, бүйірі бұлтиған қалтаны ұлына ұстатты. — Мә, ал мынаны! Мамаңа апар! Тастай салма әр жерге.

Ұлы қалтаны құшақтаған қалпы ас үй жаққа ұшты. Соңынан әлденеден құр қалатындай қызы да тұра жүгірген.

«Сонша діңкілдегенде әкелгені осы ма әкеңнің?» Ас үй жақтан келіншегінің күңкілі естілді. Оның сөзін сөз деп елемей кабинетіне зып беріп кіріп кеткен жазушы қойнындағысын шкаптың қуысына жытырып жіберіп қана бері шықты.

— Қызылбаев деген халтурщик кітап жазып бер деп жатыр, — деді кешкі ас үстінде көңілденіп. — Сонымен кездесіп қайттым.

— Бірдеңе төлей ме өзі? — деді келіншегі елеңдеп. — Арзанға жазба. Арзанға жаза салатының бар сенің.

— Арзан емес. Жарты миллион.

— Бес жүз мың ба?

— Жоқ. Жарты миллион!

— Өй-дөйт! Аузыңды толтырып айтпасаң болмай ма? — деп кекетті келіншегі. — Әйтеуір бермей кетпесін.

— Неге бермейді? Береді. Бермей көрсін.

Келіншегі шай құйған кесіні ұсынып жатып:

— Мемлекеттік заказбен шыққан кітабыңа елу мың теңге алып пе едің осы, — деді.

Жазушы үндеген жоқ, аузы күйгеніне қарамай ыстық шайды ұрттап жіберді.

...Кешкі астан соң Қызылбаевтың қолжазбасына ұзақ шұқшиды. Шұқшиған сайын қабағы кіржиіп, шекесі құрысып бара жатты. Байқаусызда әлдебір ылас нәрсе ұстап алғандай, қолындағы қобыраған қолжазбаны сілкіп тастап, сілкіп тастап отырды.

Төргі бөлмеден еміс-еміс жетіп жатқан теледидардың ызыңы мазасыз-ақ. Салған әні өксіп жылаған әйелдің дауысынан аумайтын әнші жігіт солығын баса алар емес. Қандай сүйкімсіз! Құлағына жете бастаса-ақ аза бойы қаза тұратын. Сау басына сақина тілеп алып, іші күйіп отырғанда, шіркін неменің өксуі еді жетпегені. Әй, ит жыны дәл мұндай қозбас.

Қолына алған қолжазбаны тағы да сілкіп тастап, жанындағы диванға сұлқ құлап еді, іле қайта ұшып түрегелді. «Айтпақшы...» деді көңілдене күліп жіберіп. Аттап басып барып шкаптың артынан насыбай шақшаның көлеміндей шөлмекті суырып алды. Өзінен басқа тірі жан таба алмайтын қалтарысқа тыққан оймақтай ыстақан да орнында екен. «Бізде не жоқ дейсің, бізде бәрі бар» деп ыржиып күлген түрі жадырап сала берді. Шекесін тырыстарған ит жыны құйрығын бұтына қысып жоғалған.

Маңдайы жіпсіп, қолжазбаға үңіле бергені сол екен, қызының шырқыраған жан дауысы шыққаны. Артынша екі көзінен жас парлап, бақырып жылап өзі де жетті. Соңынан тықсыра қуған ұлы оны мықыннан қағып өтіп:

— Мен емес, өзі бірінші тиіскен, — деп, өжектеп тұр.

«Қап, шабытым енді ширыға бастағанда...»

— Әй, мамасы! Құрт мыналарды! — деп ақырды.

Дауысы әйелдің өксігіне ұқсаған әнші жігіттің жағымсыз үні оқыс өшіп, төргі бөлмеден тасыр-тұсыр атып шыққан келіншегі:

— Жүріңдер, әй! Жылама дедім мен саған! Папаң кітап жазып жатыр. Мазасын алмаңдар! Кәні, ұйықтаймыз! — деп, екеуін сөзге келтірмей қуып әкетті.

Жазушы жалма жан екінші ыстақанды аржағына құйып жіберіп, қайта келген ит жынын табанда тұншықтырып үлгерді.

«Осы кейбіреу қара сөзбен бірдеңе жазса, сонысын әлдеғандай қып проза дейді екен, — деп ойлады. — Мынау да солардың сортынан. Мынаусы немене ал. Қорқақ адам еді дейді. Арам еді дейді. Кейіпкерінің мінезін ісімен, сөзімен танытпай, өзі айтып берген де проза ма? Тым болмаса, сөйлемі сөйлемге ұқсаса екен-ау! Мына бір сөйлемі, тіпті, жарты бетке шұбатылыпты, аяқтай алмай өкпесі өшкен. Осындайлар ғой, оқырманды жерітетін. Өзі етекте тұрып, төбе басындағы кісіні төменге сүйрейтінін біле ме екен. Мықты болсаң, етектегіні төбеге шығарып көр. Әттеген-ай, біреудің кітабын жазам деп, стилімді құртып алмасам жарады».

Еппен есік ашылып, келіншегі басын қылтитты.

— Кітап жазып отсың ба?

Бұл ала көзімен ата қарап:

— Енді не қып отырмын? — деді ойын бөлгенін жақтырмай.

— Ым-м, ұйықтай берем онда.

— Құры!

Есік сырт жабылды.

...«Арық Жәмиланың қараторы, Сансызбай қызды жақсы көрмей, келгенде бетіне қарап отырып, баяғыда мектепте оқып жүргенде құдықтан қауғамен су шығарып, жиырма шақты қойларды суарғанда, шешесі айқайлады».

Түсінуге тырысқан еңбегі зая боп, басы зеңіп бара жатты. «Баяғы Күлтегіннің, Тоныкөктің тасқа қашап жаздырған жазулары дәл мынадай түсініксіз болмас» деп ойлады үстел астына жытырған шөлмекке қолын соза беріп.

Түбіндегісін ыстақанға сарқып құйды да, таңдайына тастай салды.

«Ух-х!»

***

Соңғы оншақты күн омалып отырған орнынан тұрмай, өзін өзі қамшылап бітіп еді, қатты қалжырапты. Көзі әңгел-шәңгел. Алды толы ыбырсыған қағаз. Дегенмен бейнеткеш-ау. Қалай болса солай салақ баяндап, бірді айтып, бірге кеткен оқиға сорабын әр парақтан қуалап тауып, кейіпкер атаулыны адам кейпіне ендіріп, әрқайсысына мінез дарытып, даралап, ауыздарына жөндем сөз салып жасаған дүниесі, қазір қараса, тым-тәуір-ақ. Кейде олардың сәтті айтып қалған сөздеріне өзі мәз боп күліп те алды-ау.

Жарыдан ауа бастапты. Енді біразырақ шыдаса... жарты миллион теңге қалтада дей бер.

Тысқа шықты. Дала аяз. Суық аспанда тоңған Ай дірдектеп жүзіп барады. Айдың жүзін жасыра алмай, шығысты бетке алып созыла жылжыған сұйық бұлт қайда барып аялдар екен?

«Кітап жазу инемен құдық қазғандай, — деп күбірледі үстеліне кеп отырған соң қолжазбаны алдына тартып қойып, — құмырсқаша қыбырлай бересің, қыбырлай бересің. Ой, деген-ай! Айтпақшы, сол құмырсқа қыбырмен қанша жер екен жүретінім?»

Санап кеп қалса, бір бетте отыз екі жол. Сызығыш салып жолын өлшеді, он жеті сантиметр. «Компьютермен екі бетің бір бет. Үш келі кітапқа қажеті қолжазбамен мың бет. Сонда отыз екі көбейту он жеті, тең болады бес жүз қырық төрт сантиметр. Бір беттің жолы бес жарым метрге сәл жетпейді. Оны мың бетке көбейтсе, мәссаған, бес мың төрт жүз қырық метр. Яғни бес жарым шақырым. Ойпыр-ой, сүрініп-қабынып сонша жер түртінектей ме? Ол дегенің құмырсқа бейшараға ит өлген жер ғой. Ой, құрып кет сен, құрып кеткір, Қызылбаев!»

Ұйқы тығылған көзін уқалап жіберіп, сағатқа назар салды. Таңғы бес. Ұйыған аяғын әрең игеріп барып, диванға қылжия кетіп еді, кірпігі кірпігіне ілінісіп жүре беріпті.

***

Ішіне екі мың адам еркін сыйып кететін, жоқ екі мың емес, үш мың адам еркін сыйып кететін айлапат кең концерт залы. Көрермен халық қолдарына қып-қызыл, енді қайсыбіреуі ағы, көгі аралас шоқ-шоқ гүл ұстап, аяқтарын асықпай басып, қолтықтаса ағылып келіп жайғасып жатыр, жайғасып жатыр. Әлдебір салтанатты жиын әне-мәне басталардың алды. Біраздан соң даладай зал лық толды. Бәрінің-дағы назары сахнада. Көздері күлімдеп, мейірбан көңілмен елти қалыпты. Алып келген гүлдерін тізелерінің үстіне тастай салмай, өздері ынтыға күткен құрметті де қадірлі адамға ұсынуды асыға күткендей тік ұстап, қолдарынан тастамайды. Қадірлі адамы, сірә, әнші болар.

Қоңыраудың құлақ қытықтайтын нәзік үні естілді де, баяу басталған әуенмен бірге шымылдық түріле бастады. Үстіне киген қаракөк кәстөм-шалбары да, мойнына таққан қызыл галүстігі де өзіне жараса қалған жүргізуші жігіт тіп-тік жүріп келіп, орта тұсқа кідірді. Абыр-сабыр кілт тиылып, мына бір жүріс-тұрысы келіскен жас мырза не дер екен дегендей көрермен біткен ынтыға құлақ түріскен. Жазушы сонда өзіне орын тимей, сахнаға таяу қалтарыста, қаракөлеңке бұрышта елеусіз тұрғанын аңғарды. Мына айлапат кең залдағы үш мың жайлы орынның біреуі өзіне тимегеніне қапа болып, көңілі құлазып сала берген. Өмірде жолы болмайтын бейбақтың тап өзі ғой. Жетім баладай көпшіліктен шет қала беретіні бір бұл ма? Жұрт сияқты қолына гүл де ұстай келмепті-ау. Сәлден соң сахна төріне маңдайы жарқырап шығатын құрметті һәм қадірлі адамға мына халық жапатармағай гүл ұсынып, өліп-өшіп жатқанда қотыр тайдың күйін кешіп бір өзі оқшау қалмақ па? Қорлық-ай!

— Құрметті халайық!

Сахна төріне аялдаған сымбатты мырза жігіт саңқылдаған үніне тамағынан аздап гүжіл қосып сөз бастады. Жүрген жүрісінен-ақ көзіне жылыұшырап, шырамытқандай еді, көмейлетіп шыққан дауысынан тани кетті. Облысқа танымал ақын досы — Наймантай. Институтта бірге оқыды. Бірге өлең жазды. Жарысып бірге өлең оқыды жұрт алдында. Бірге ішкен кезі де көп. Өзі қаңғырып Алматы асқанда, ол облыс орталығынан табан аудармай тұрақтап қалған. Осында ақын атағы шыққан. Облыс әкімінен бастап, халық түгел алақанға салады қазір. Арқалы ақынымыз деп мақтан тұтады. Көз алдарында жүргендіктен, өңге ақыны болмағандықтан сөйтеді. Көрмейсің бе, ең бір жауапты салтанатты шараны жүргізуді сеніп тапсырғанын.

Өзі ше, құрып қалсын өзінің көрген күні. Өнер ордасы дейтін алып шаһарды аңсап, алқынып жеткенде не тапты? Көргені жалдамалы пәтер. Өлерменденіп жүріп шығарғаны бір поэзия, бір проза — екі кітап. Әдеби журналдар, обалы не керек, жазған-жазғанынша бұрқыратып басады да тастайды. Сол шіркіндер, бірақ қаламақы төлеуді ойламайтыны жаман. Ана жолы біреуі төлеген, төлегені бар болсын, төлегені жиырма бес келілік бір қап ұнға жетпеді. Олардың да күні күн емес, таралымы мыңға жете ме, жетпей ме, әйтеуір барға есеп. Мүшәйра, бәйгелерге де қатыспағаны аз, қазір оны да қойған. Бәйге қорытындысы шығатын күнді лүпілдеп күткен жүрегі, сол мезет су сепкендей басыла береді. Өзінен де мықты біреу пайда боп тұрады. Сөйте-сөйте жүрек ауыруына ұшырамаса де. Жыл қорытындысында аты аталып көрген емес. Әдеби сыншылар өзі туралы үндемейді. Тым болмаса тізімге де қоспайды. Мұндай жазушы өмір сүрмейтін сияқты. Шыққан екі кітабын май шаммен іздесең де таппайсың, жер жұтқандай, дүкенге түспеген. Тойға шақырғандар «журналиссің ғой, құттықтау өлең жазып кел» деп жатқаны. Туған жер де өзінің атын ендігі ұмытқан болар? «Әй, қойшы, менің шығармаларымды бағалайтын кейінгі ұрпақ» деді өзіне өзі іштей. Көкірегінде қызғаныштың қызыл иті ұлый бастағанын ұқты. Ұлыған итті, алайда тәйт деп тыйып тастауға дәрмені жетпеген.

Наймантай нақыштап өлең оқи бастаған екен. Құлақ салса, арнау өлең. Әлдебір талантты ақынға арнауы. Оқуы келісті-ақ. Қалың көрермен бір леппен құлшына қол соғып, алып барады. Бұл да қашан көрсең қолынан тастамайтын ескі портфелін бұтына қысып тұрып қол шапалақтағансыды. Ыржиып күлген қалып танытты. Сол сәт ыржиып күлгені күлгенге емес, ыржиып жылағанға ұқсап кетті ме, немене...

Ұзақ қол шапалақтаудан соң қайта сөз алған ақын досы енді тым еркін. «Құрметті халайық, — деді ол. — Жаңа ғана мен оқыған өлең, қазір өздеріңіз қауышқалы тұрған аса талантты ақынға арнаған арнауым еді. Қазір сол ақын оқырман жүрегіне ұя салған жазушы. Бүгін туған жерге табан тіреп отыр. Бұл біз үшін бақыт. Қане, — алақанын алақанына шапаттап даурықты, — қошамет, қошамет!»

Ду қол шапалақ залды кернеп кетті. Қара портфелін бұтына қысып, ықылассыз қол ұрып тұрған жазушының маңайына жалтақ-жалтақ қарағыштай берген түрі тым жүдеу. Туған жер төсіне табан тіреген кемеңгер жазушының кім екенін білгісі кеп барады. Сүйтіп тұрып қошаметшіл залдан қалайда сытылып шығып кетуді ойластыра бастапты. Мынадай шексіз құрметке бөленген бәсекелес жазушының шат-шадыман сәтіне куә болу өзіне оңай тимесін аңғарған.

«Әй, жексұрын Наймантай, зымиянсың-ау, зымиянсың! — деп ойлады сахна төрінде жүзі бал-бұл жанып тұрған досына ызалана көз тастап қойып. — Тыштыртуың жаман. Пайда ойлауды шебер-ақ меңгеріпсің. Кітабыңды тегін шығартып алуды ойлап тұрсың ғой осы тұрғанда. Қомақты әдеби сыйлық та алғың келер».

Досы тамағын кенеді. «Уақытты көп созбай қонағымызды ортаға шақыралық. Қонағымыз қазір өз араларыңызда... залда...»

Наймантай сахна баспалдағына аяғын жедел салып, залға беттеді. Гу-гу қошамет, гүрс-гүрс қол шапалақ. Жазушы желді күнгі қамыстай теңселіп кеткесін жарға сүйене беріп, Наймантайдың тұп-тура бері бұрылғанын байқады. «Бітті, — деп ойлады, — тезірек тайып тұрмаса болмайды». Шегіншектеп кетіп еді, Наймантай жанына жетіп келіп, білегінен шап бергені. «Қайда барасың, сені айтып тұрмын, сені...» деп құлағына асығыс сыбырлай салып, қолтығынан қармап, сахнаға қарай тартты. Айлапат кең зал дүлей толқынға ұрынған кемедей шайқатылып... басы айналды, көзі бұлдырады. Қапелімде түсім ғой деп ойлап үлгерді. Түс емей немене, осындай да бола ма?

— Бәрін ойластырып қойғанбыз, — деді Наймантай сыбырлап, — еш саспа.

Тартыншақтап келе жатып, тырнақтай бала кезінен атақты жазушы болуды армандайтынын есіне алды. Шын тілесең орындалмайтын нәрсе болмайды деп бір психолог қақсап қоймайтын еді, сол рас боп шықты. Оның үстіне өзінің прозасы жұрт жазып жүрген былжырақ проза емес, басқа... нағыз проза ғой. Осыны ойлағаны сол екен, бойына ересен бір күш құйылып, кеудесіне алапат мақтаныш сезім шүмпілдеп толып шыға келгені. Нық басып сахнаға көтерілді. Бір өкініштісі, осы бір бақытты шақ дәл бүгін, күтпеген жерден бола қояды деп ойласа, кәне. Жазған-сызған өлеңдерін жиып-теріп сөмкеге салып жүргені мұндай ақыл болар ма? Арасынан суырып кез келген біреуін оқып берсе, бәлкім тағы біреуін, сосын тағы біреуін оқыса мәнерлеп, сол жетіп жатыр ғой. «Иә, иә, әй, айналып қана кетейін Наймантайым, адал доссың ғой сен, адал доссың! Тосын сый жасағың келген екен ғой досыңа. Әй, бірақ бүйткен тосын сыйың бар болсын, жүрегі жарылып, өліп қалар деп, сірә, ойламайсың, ә!»

Оқиғаның тосын болғаны сонша, қапелімде не дерін білмей, басын оңға бір бұрып, солға бір бұрып қарсы алдандағы моншақтай мөлдіреген көп көзді жіпке тізгендей қып шолып өтті. Осы азғана үзіліс жүрегіне қайрат құйды сірә, буын-буынын билеп ала жөнелген майда дірілді ұмытып, сөмкеден бір шымшым қағаз шығарды. Біреу дыбыссыз басып келіп, микрофонды ыңғайлап қойып жатыр. Өмірі болмаған, бірақ өмір бойы армандаған ерекше сәт. Қызық болғанда, көп қағаздың бетінде тұрған өлең де «Ерекше...» деп аталады екен. «Бәлі, мұндай да өлең жазған екем-ау»!

«Ер-ек-ше... — деп көтеріңкі леппен өлеңін бастап кетті де, бір сәт тына қалып, жыпырлаған залға аз-кем көз тоқтатты. Дауысының зорайып, даладай кең залдың түкпір-түкпіріне, бұрыш-бұрышына ерекше екпінмен жеткенін аңғарды. — Ер-ек-ше-е...»

Алғашқы «ерекше» толқыған залды өзіне қаратып алу сияқтанды. Енді жігерленіп, бар өнерін салып оқи жөнелмекші еді... өлеңді жатқа оқи алмайтыны, қағазға қараса ғана шапқан аттай заулайтыны еске түсіп, басы қағазға домалап құлады. Құлағаны құрып қалсын, осы жаңа ғана бар өлең ұшты-күйлі ғайып болыпты. «Сасқалақтап тұрып араластырып жібермесем нағылсын» деп ойлап, көп қағазды ақтарып, тез-тез іздей бастады. «Ерекше...» деп аталатын өлеңі түскір табыла қоймаған соң, «ойымда қалған екі шумағын оқи салайын» деп, тіктеліп тұрды да: «Е-ер-ек-ше...» деп, кең залды зор дауысымен дүбірлетіп барып, кілт тұрып қалды. Апырмай, қалай шығып кеткен жадынан? Өшіргішпен өшіргендей өшіріліп қалыпты ғой. Әшейінде көкейінде сайрап тұратын сияқты еді. Қағазға қайта үңілді. «Басқасын оқи салайын» деген ой қылаң берген-тұғын. О, тоба! Өз көзіне өзі сенбеді. Қағаз біткен тап-таза. Аппақ. Әлгінде ғана шумақ-шумақ болып, шөлдеген қойдай ентелеп, жамырап тұрғаны қайда? Асығыс аударыстыра бастады. Сол-ақ екен, ақ қағаздар көз алдында аппақ ақ көбелекке айналып жоғары қарай ұшып шығып, ұшып шығап көлбеңдеп тұрып алсын. Зал гулеп ала жөнелді. Соңғы екі-үш парақты көбелек боп кетпей тұрғанда ұстап қалайын деп, баса қойып еді, онысы қатты бірдеңеге айналып үлгерді. Қараса, кір сабын. Селк ете түсті. Біреу емес, екеу емес... көп, үйіліп тұр. «Хозяйственное мыло 250 гр» деген жазуы көзіне ап-анық шалынса болар ма. «Ерекше... — деді сонда да алған беттен қайтпай. Еске түсірмек боп, жанталаса ойланды. Сүмектеп терлегенін танау ұшынан домалап түскен тамшы әйгілеп тастады. «Ерекше...» Масқара! Дым жоқ. Мінбеден түсіп, сахна кезіп кетіпті. Екі қолында екі сабын.

— Ерекше... ерек-ше... ер-ек-ше... — Аптығын баса алмай, ызалана айқай салды. Зал қозғалақтап кетті. Біреулері қос қолдап басын шеңгелдеп алған. — «Ерекше...»

Дауысы осы жолы өлімсіреп естілді, манағы екпін ізім-қайым. Ашу қысқан, ыза буған көкірегі алау-далау. Зал жақ сағымданып, толқи жөнелген. Қолына қысып ұстаған кір сабынның біреуін залға қарай құлаштап неге лақтырғанын өзі де ұға алар емес. Артынша екіншісін ытқытты. Өзін өзі ұстай алмай долданып апты. Өкініш пе, білмейді, іші толған өрт. Жүгіріп барып, үйіліп жатқан сабыннан асығыс іліп ала сала, бірінен соң бірін тоқтаусыз лақтырды залды көздеп. Лақтырған сайын «Мә, саған ерекше... мә саған, ерекше!» деп айқайға басты. Зал іші ызы-қиқы шу! Бірін-бірі жаншып, бірінің үстіне бірі шығып кетіп, дүркірей қашқан халық. Табан астында тапталып қалып жатқан гүлдер. Өзі болса еңіреп жылап жүр.

...Жүрегі шаншып, шошып оянды. Ояна сала төсегінен ырғып тұрды. Мына бір оқиғаның не оқиға екенін қапелімде түсіне алмай, маңайына алақ-жұлақ қарағыштай берген. Шыңғырған, ойбайлаған әлемтапырық үрейлі дауыстар құлағында. Жүрегі атқақтап алып барады. Әлдебір үрей кеудесін құрсаулап, қысып тастаған. Көзінде көлкіген жас.

Бөлмедегі дүние-мүлік бозарып көрінді. Жаңа ғана дүрліккен зал... енді жым-жылас. Наймантай да ғайыптың бірі. Осының бәрі өңі емес, түсі екені санасына қиналыспен әрең жеткені. Сонда да өзіне өзі жуық арада келе алмай, дел-сал боп, жаншылған еңсесін тіктеместен, бөлме ортасында кемсеңдеп тұр.

Сол сәт безектеген қалта телефонның дауысы құлағына жетті. Еденде жатыр екен, сипалап қолына әрең іліктіргені. Жас жуған көзіне тақады. Дисплейдегі жазу бұлдырап, оқи алмағасын құлағына апарды.

— Әл-ө-ө! Әл-ө-ө!

— Таң алдында шошып ояныппын, — дейді біреу жау қуғандай асығыс сөйлеп. Қызылбаевтың дауысы. — Себебі, түс көріппін. Түйеден қорқып, бұтыма жіберіп қойғанымды көріппін. Енді масқара. Пазор. Соны жазбау керек деп шештім. Сен былай қыл...

— Әй! — деп сөзін бөліп жіберді ентігін баса алмаған жазушы. — Құры бар! Өзің де құры! Кітабың да құрысын! Естіп тұрсың ба?

— Не дейсің, естілмейді.

— Иә, аға! Жазба десеңіз, жазбаймын деймін.

— Ертең кездесейік. Қағаздарды алып жет, сағат он екі.

— Мақұл аға, мақұл. Алып барам, аға. Он екіде жетем, аға.

Жауап күтпестен телефонды өшіре салды да, төсегіне сылқ етіп отыра кетті.

***

Қызылбаевқа барып келген жазушы қолын қаламға апармады. Кеше түн көрген аласапыран түстің әсерінен айыға алмағаны ма, қас қарайғанша басы солқылдап ауырып, сұлқ түсіп жатты да қойды. Төсегінен қатын-баласы ұйқыға кеткенде ғана тұрып, сүйретіліп үстелге барды.

Жылына бір келетін демалысын сарп етіп, ай жарым бойы тапжылмай қадалып жазған жазбаларға марғау көз жүгіртті. Көз жүгіртіп отырып, өзі сомдаған кейіпкерлерін қызықтап кеткенін де байқамай қалыпты. Бірте-бірте өңге дүниені ұмытып, түйілген қабағы жазыла бастады, құрысқан шекесінен шып-шып тер білінді. Бір қараса екі езуі екі құлағында. Ойындағысы орайын тауып қағазға түссе, жазушының тілегені одан артық қандай бақ?

Оқып отырған әңгіме аяқталып, қағаздан басын көтергенде ғана көкірегін әлдебір жайсыздық жайлай бастағанын ұқты. Сәті түсіп қағазға өріп шыққан ойлары енді өзінің емес, қайдағы бір халтурщиктің меншігіне айналатынын ойлағанда, өзінен туған ұлды жат біреуге жетектетіп жібергелі тұрған адамдай жаны жабырқап сала берсін. Ал ол болса, алған сыйлығы мен көрген қошаметін шын көріп, өз өтірігене өзі иланып, көкірегі аяққаптай болады-ау! Қалай, ә!

Осыны ойлағаны сол, енді ештеңе ойламай, тіпті ойлай да алмай, қағазға тесіле қарап отыра беріпті.

***

Ұйқысынан ояна сала бір жымың етіп, қағазға жармасты. Ойына кішкентай бір теңеу түсе қалған-ды. Кішкентай болғанымен орнын тауып тұра қалғанда, бұрын жасауы жетіспей күңгірт тартып тұрған ой шіркіннің сәулеленіп сала беретінін айт. Көркем әдебиетте, егер қажет болса, кез келген ұсақ-түйектің өзі ұсақ-түйек емес. Қыл өңешке кеп қадала қалған қылқанды қалайша ұсақ-түйек дерсің?

Таңғы астан соң төрт күн табандатып терген кітапты басынан бастап соңғы рет мұқият қайталап оқып, әріп қатесін салмаққа отырып еді. Жолшыбай түзеп-күзеу көбейіп кеткені. Тірескен тіркестер мен сірескен сөйлемдер де кезігіп қалып жатыр. Оларды сол замат сары саздай илеп иін қандырып, сүйіскен қос көгершіндей сүйкімін келтіріп өтті. Мына бір кейіпкер неменің айтып тұрғаны не сөз, әй? Газет тілі ғой. Бәлі, қарапайым адам қашан газет тілімен сөйлеп еді, ол олай емес, былай сөйлесе керек. Сөзді әркім әрқалай саптамай ма? Сөзге жоқ тоңмойындар айтарын қас-қабақтарымен-ақ аңғартады ғой. Мінез де адамның өмірден тапқан өз олжасы. Қызылбаев деген неме, күніне үш мезгіл қоңыраулатып, кейіпкерді кейіпкерге ұқсатуға мұрша берді ме? Содан ғой, соңғы кезде ұйқыны ұмытқаны. Ұйқыны ұмытқан оюшының оюы оюға ұқсаушы ма еді? Ұқсамайды ғой.

Жазушы көңілденіп сала берді. Көңілденгені сондай, екі беті қызынып, қызыл көрген қырандай қағазға шүйліге берген.

Бас-аяғын түгендеп кеп қалса, анау-мынау емес, төрт жүз бетті толтырып тастапты. Кітаптың қалыбына салса, бес жүз бетке жалпиып жата қалғалы тұр. «Бәрекелді! — Ыңылдап әндетіп жіберіпті. — ...Теп тегіс жұмыр келсін, а-ах-ау, ай-на-ла-а-сы...» Өткенде сатып әкеп, балалар сурет салып құртпасын деген қауіппен сөренің жоғарғы жағына жасырып қойған бір орам қағазды принтердің өңешіне тоғыта бастады.

— Көңілдісің ғой.

Келіншегі екен. Жұмыстан келіпті. Балабақшадан оралған балалар қиқуды бастап жіберіп жатыр.

— Бітірдім! Құдай қаласа... ертең... — деді алақанын алақанына ысқылап. — Тез шайыңды қамда, моншаға барайын.

...Моншаға кірмес бұрын шашын қиғызды. Тырнағын тықырлап өзі алды. Өсіп кетіпті. Шашын қиғызып отырып та, тырнағын алып тұрып та өзін сондай жайлы, еркін сезінгені. Ыстық буда отырғанда түрмеден жаңа босап шыққан жандай балбырап, шексіз рақатқа батқаны. Қазір, моншадан кейін, үйге барған соң қолға қалам ұстамай, қағазға үңілмей, аяқты жеткен жеріне дейін созып тастап, алаңсыз ұйықтайтынын ойлағанда, көкірегін кернеген шаттыққа ие бола алмай қалды ма немене.

***

Белі буылған қағаз папкыны қолтығына қысып ұстап, алып-ұшып жеткені коферум. Қызылбаев күтіп қалар деп асығып еді, келе қоймапты. Үйренген әдетпен төрдегі бос үстелге тіке тартқан. Есік жаққа ауық-ауық қарағыштап, біреу кіріп келсе орнынан ұшып тұра жаздап отырды.

Қасына екі мәрте келген даяшы қыз, бұл мезірет танытпағасын, екі ретте де бос кетті.

Едәуір күттіріп, кешігіп жеткен Қызылбаев асықпай шешініп, онсыз да сұйық шашын қайта-қайта жылмита тарағыштап бөгелде берген. Кәстөмінің түймелерін бір-бірлеп ағытып, қайта салып қойды. Сонан соң ғана аяғын санап басып келіп, бос орынға жайғасты. Осы екі арада жазушы орнынан үш тұрып, үш отырды.

Қызылбаев папкыны алдына алып, сыртына жазылған өзінің аты-жөнін ежіктеп оқыды, қызықтағандай сипап-сипап қойды, бауын асықпай шешті. Бұған сүзіле бір қарады да, көзіне көзәйнегін іліп, ерні жыбырлап оқи бастады. Жазушы мойнын созып, үздіге қарайды. Алғашқа бес-алты беттен қадалып шыға алмаған Қызылбаев енді әр жерден бір көз салып, аударыстыруға көшті.

— Үстінен мұқият қарадым, — деді жазушы шыдап отыра алмай. Қызылбаев көзілдірік үстінен қарай қалып:

— Кәзір көреміз, — деді. Іле-шала, — міне, мына жерде үтір қалып кетіпті. Кәне, мұқият қарағаның? Дереу түзеу керек. Кейін ұмытылып кетеді. — Баттитып сызып, жөндеп қойды. — Кеше бір ауылдас досыма оқытып көріп едім, тракторист туралы әңгімеге күліп жатыр. Оспан өйткен жоқ дейді. Ойдан шығарғансың дейді. Ұялғаным-ай! Не айтарымды білмей, үндемей құтылдым. Соны өзгертсек қайтеді?

— Не деп өзгертеміз?

— Парторг болған ағамыз әлі тірі. Осында тұрады. Сол оқып қойса, айтады ғой, қашан ондай болды деп. Сонда не деймін?

— Бұл енді көркем әңгіме ғой, естелік емес.

— Танитындар бәрібір түсінбейді. Көркемің не, көркем емесің не, оларға бәрібір.

— Сіз ол деңгейге түспеңіз.

Қызылбаев оның бұл сөзін естімегендей қағазға үңілді. Тағы бірдеңе таба ма деп қауіптенген жазушының қабағы тұнжырап, аузын бағап отыр.

— Тә-әк, — деді соңғы бетті аударып қойып жатып, — сен өзі әдемі жазасың-әй, — ырза болғаны ма, көзі күлімдеп танау астынан пырс-пырс еткен дыбыс шығарды, — шынымды айтайын, мен жаза бастасам болды миым каша боп кетеді. Басымда тұрған нәрсе жан-жаққа бытырап қаша бастайды. Тарақан сияқты. Таңғалам, осы маған не болған деп. Кофе алмадың ғой.

— Рақмет аға, осыған онша емеспін.

— Неге? Жақсы ғой кофе деген.

— Кофе ішсем ішім өтетін боп жүр.

— Қызық екен! Біреудің ішіне сары май жақпайды дейді ғой, ненің іші екен сол. Есімде жоқ. Жарайды. Мақтады деп есіріп кетпе. Ескерту жетеді.

— Неше дана шығармақсыз? Екі мың ба?

— Екі мың? Оның бәрін қайтем? Елу дана жетпей ме? Бес мың деп жаздыртам ғой. Неге сұрадың? Бекер айттым ба, тісіңнен шығып жүрмесін.

— Тұсаукесер жасағанда жетпей қалмаса.

— О жағы бар екен ғой. Көрерміз енді...

— Тұсаукесер жасағанда бірге барып, көмектесем ғой.

— Неге бірге барасың? Жұрт көрсе, жаман ойлап қалмай ма... мына жігітке жаздырған деп... Айтпақшы енді бір мәселе бар. Кітапқа сын мақала керек. Соны өзің жаз. Сыншы іздеп қайтеміз? Негізгі критериін түртіп те қойдым. Міне, бір данасын беріп қояйын. Осыдан ауытқыма. Мақтайсың ғой. Сыйлыққа лайықты шығарма деп бітіресің мақаланы.

Жазушы тосылыңқырап отырып:

— Мани-маниді беріп қоясыз ғой, аға, — деді.

— Мани-мани, мани-мани... өлдің бе мани-маниден?

— Келініңіздің айлығы онша емес еді.

— Тұра тұр, бердім ғой анада.

— Одан бері бір жарым ай өтті. Бес мың қайда жетеді?

— Сен маған бір айда бітірем дегенсің. Жүріп алған өзің, жарты айға кешіктіріп тұрсың.

— Күнімен, түнімен жаздым. Ұйықтамадым.

— Ол өз шаруаң. — Қолжазбаны жалма жан сөмкеге нығырлап салып қойды. — Мақаланы әкел. Автор болатын адамды өзім табам, — деді де орнынан тұрды. Қалтасына қолын салып, бес мың теңге шығарды. — Мә, мынаны ала тұр. Он мың болды осымен. Кофеге сен төлей сал.

Есікке қарай беттей беріп, қайта қайырылды.

— Сыйлыққа лайық шығарма деп жәй жаза салма. Әбден лайық деп жаз,— деді, — әбден, — деп және шегелеп қойды.

Жазушының орнынан тұруын күтпей, қыдың-қыдың басып ұзай берген. Жазушы оны сыртқы есікке дейін көзбен шығарып салды. Құлазыған көңілін жұбата алмай, еңсесі түсіп, үстел басында шоқиып жалғыз отыр. Даяшы қыз жанына жақын келген екен.

— Ыстық сорпа бар ма? — деді бәсең дауыспен.

— Бізде сорпа болмайды. Кофе ғана.

— А-а, онда мынау кофеге. — Қызылбаев алдына тастай салған бес мыңдықты даяшыға қарай ысыра берген еді...

...Көзін ашқанда көргені биік бөлменің төбесі. Түсінсе бұйырмасын. «Жаңа ғана...» Басын көтеріп, маңайына барлай қарады.

— Қозғалмаңыз. Жатыңыз, — деген мейірімді дауыс естілді. Ақ халат киген жігіттің дәрігер екенін түсінді. — Скорый әкелді. Жүйкеңіз жұқарған. Шаршағансыз. Мидағы қылтамырлар тарылған. Қаныңыз тым қою.

Сөйтті де аспа ине әкеліп салды. Жазушы аурухана бөлмесінің төбесіне қарап жатып Қызылбаевпен кездескенін еске түсірді. Даяшы қыз бес мың теңгенің қалғанын қайтті екен деп те ойлады.

— Емделмесе болмайды, — деді дәрігер. — Жатып емделу керек. Бірақ бізде орын жоқ. Платный болмаса. Шамаңыз келетін шығар?

— Көреміз. — Ойына бірден түскені Қызылбаев болды. — Қанша керек екен?

— Бес жүз мыңдай боп қалар.

— Жарты миллион ба?

— Жоқ, бес жүз мың.

Жазушы өкпелеген баладай томсырайып, бір ауық үнсіз қалды.

— Телефон шалсам бола ма? Біреу ақша қарыз еді.

— Болады. Шалыңыз. Басыңызды көтермей сөйлесіңіз.

Жазушы Қызылбаевтың нөмірін теріп, телефонды құлағына апарды.

— Әлө, аға, — деді сәлден соң сыбырлап сөйлеп, — үй емес... ауруханаға түсіп қалдым... иә, аман сияқты едім... сіз кеткен соң... білмеймін... көзімді ашсам аурухана... — сөйлемей, арғы беттен естілген дауысқа құлақ түрді, — аға, не ғой, жедел жәрдем әкетіпті... сосын платныйға жатасың деп жатыр... қанша дейсіз бе... бес жүз мың дейді... — бөгеле түсіп, — қойыңызшы, өтірік айтып қайтем, рас... енді бере алғаныңызша беріңізші... А-а, мақала? Шыққасын жазам ғой... Елу мың? Елу мың жетпейді аға.... а-а, не дейсіз... Астанадамын дейсіз бе? Қалай, жаңа ғана Алматыда едіңіз ғой... әлө, әлө...

Қолынан телефон сусып түсіп кеткен жазушы дәрігерге жалынышты көзін тастады.






Пікір жазу