Сұлтан Махмұд және Аяз
Сұлтан Ғазналы Махмұд заманында ауылдан келген бір жас жігіт, еңбекқорлығы және адалдығының арқасында бас уәзірлік дәрежесіне дейін көтеріледі. Оның тез арада осыншалықты дәрежеге көтерілгенін басқа уәзірлер көре алмай, сұлтанға бас уәзірі Аяздың әр күні түнде қазынадан алтын ұрлап сарайдың бақшасындағы бір бөлмеге кіріп, сақтайтынын айтады. Сұлтан да шағымданғандарға бір түні сол бөлмеге барып бақылауларын және нәтижені өзіне білдірулерін айтады.
Көре алмаушылықтың буына берілген уәзірлер әлгі бөлменің есігіндегі мықты құлыпты әрең бұзып ішіне кіреді, бірақ бүкіл ойлаған жаман ойлары босқа кетеді. Өйткені қабырғада шарық (теріден жасалған жеңіл аяққиім) мен бір ескі шапан ілулі тұрған еді. Алтын іздеу үшін топырақты да қазып көреді, бірақ ештеңе таба алмайды. Кейін өздері ұялып, сұлтанның жанына барып:
– Біз қателесіппіз. Көре алмаушылық еткенімізге және жала жапқанымызға өкіндік. Бізге жаза беруіңізге разымыз,- дейді. Сұлтан жазаны Аязға қалдырады. Ол былай жауап береді:
– Сұлтаным! Сіздің алдыңызда жаза беру маған жараспайды. Олардың айыбы бар болса да, негізгі айып менде. Өйткені, егер мен бөлменің есігіне мықты құлып салмағанымда және жасырынып бұл жерге кіріп жүрмегенімде, бұл достарым менен күмәнданбас еді. Сұлтаным! Менің негізгі шыққан тегім белгілі. Сіздің арқаңызда түсімде де көре алмайтын ниғметтерге қауыштым. Осы ниғметтерге беріліп, тәкаппарланып кетпеу үшін, негізгі шыққан тегімді ұмытып қоймау үшін, ауылдан келгенімде киіп келген қойдың терісінен жасалған шапаныммен аяғымдағы шарықты қабырғаға іліп қойған едім. Әр күні соларға қарап өз-өзіме:
«Ей Аяз! Міне сенің негізгі түбің осы. Қауышқан ниғметтер, дүниеліктер, мансаптарың негізгі шыққан түбіңді ұмыттырмасын! Бұл ниғметтердің себебінен өткен өміріңді, ата-анаңды және Аллаһқа ғибадат етуді ұмытпа!» деп айтатын едім.