Бүлінгеннен бүлдіргі алма!
Бір күні Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Арафат пен Муздалифа арасындағы «Мұхассыр» атты ойпаттан өте жылдам өтеді. Мұны көріп, таңырқап қалған сахабалар Алла Елшісінен:
– Бұл жерде сізді жылдамдатқан не нәрсе? – деп сұрайды. Сонда жауап ретінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Хақ Тағала бұл жерде Әбрәһәнің әскерін қырған – деді.
Тағы бір мысал; Ауыртпалыққа толы Тәбук жорығынан оралып келе жатқан сахабалар шөлдерін басып, көлеңкеде дем алуға Сәмуд қауымының тау-тастарды ойып жасаған сарайларына кірді. Мұны көрген Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– «Бұл жайда Сәмуд қауымы Алланың қаһарына ұшыраған. Соның ұшқыны тимеу үшін бұл жерден су алмаңыздар!» – деді. Сахабаларда Алла Елшісіне (с.ғ.с.):
– Ыдыстарымызға су толтырып, тіпті осы судан қамыр да илеп қойдық – дейді. Сонда хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– «Суларды төгіңдер, қамырларыңды түйелерге жегізіңдер!» – деп бұйырды. (Бұхари, Әнбия, 17).
Бұл оқиғалардан түрлі құбылыстардың кері әсері жансыз нәрселерге де әсерін тигізіп, оларға жұғып қалатынын көріп отырмыз.
Қазақ мұндайда «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дейді. Кез келген бүлінген – қираған, бұзылған, құртылған деген сөздің синонимі, ал, бүлдіргі – бүлдіргіш, қиратқыш, бұзғыш, құртқыш деген сөздің синонимі. Сондықтан бүлінгеннен бүлдірі алмаған жөн.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ