03.11.2021
  202


Автор: Қази Данабев

Жаным Арал

Мен Аралдан кеткем жоқ
Айта көрме,
Жетелейді ел жаққа қайта кеуде.
Көк теңізден келген бір базаршымын,
Бұйымымды бітірсем,
Қайтам елге.
Тіршілікті думандап бір тынбаған.
Қашық тартты көк теңіз бұл күн маған.
Әр күн сайын ақ толқын еске түсіп,
Сағынышым сыздайды шым-шымдаған.
Жалғыз теңіз!..
Жаным да,
Ой алаңым.
Жарық күнім,
Сенделтпей қоя ма ұлын.
Түс көрем бе,
Айқара Аралымды,
Құшақтаған күйімде оянамын.
Қан ойнатып кеткен бір реңіме,
Өкпем де жоқ теңізсіз бұл өңіме.
Бір құшқаным анық қой,
Оянғанда,
Өтіп кеткен шығар ол жүрегіме.
Ғайып болар
Жағаға басын ұрып,
Жатқан теңіз,
Жарқ еткен асыл үміт.
Толқып қанща жат асың,
Жаным, Арал
Жүрегімнің түбінде жасырынып...





Пікір жазу