02.11.2021
  240


Автор: Әкім Ысқақ

ҚАРАТОРҒАЙ ШЫРЫЛЫ

Мына бір оқиға естен кетпейді. Ол кезде ауылда тұрамыз. Есігіміздің алдында сарай болатын. Оның боғатында қараторғайдың ұясы бар. Оның үш балапаны бар еді. Үлкен құстар балапандарына жем іздеп, ұшып кететін. Бір күні екі қараторғайдың әдеттегіден ерек ащы дауысы естілді. Өмірі мұндай дауысын естіген емеспіз. Мен есік алдында тапшанды реттеп жатқанмын. Әйелім жуған кірін алуға шығып еді. Екі құс шүйлігіп келіп төбесінен шұқып өтеді. Артынша сарайдағы ұясына қарай ұшады. Мұндайды көрмеген Ұлжан айқайға басып, үйге қарай қашты. Мен бір оқиғаның болғанын сездім. Сарайға жылдам жақындадым.
Сөйтсем, боғаттағы ұяға сұр жылан жетіпті. Балапандары шырылдай түседі. Шыбын жаны одан безердей шырылдаған әкелік, аналық құстар ұясына жетіп барып жыланды бір түйіріп өтеді. Жылан да шегінбей, аузын арандай ашып, ысылдаған күйі бұларға тап береді. Сөйтсек жыланның бас жағынан кейінгі жері томпайып, жуан боп тұр. Қарасақ, балапан екеу-ақ! Мәссаған! Бір балапанды жұтып қойған екен. Қалған үріккен екі балапан үнсіз сіресіп қалған. Қайта-қайта қараторғай біз жаққа ұшып келгені «Адамдар, көмектесіңдер!» – деген әрекеті екенін ұқтым да, тез арада жыланға қарай тас лақтырдым. Ол лезде зу етіп жоқ болды. Ұясына жеткен екі қараторғайдың ащы дауысы өшіп, қанатын жайып, балапандарын құшақтай түскеніне қарап, аналық, әкелік мейірімдеріне куә болдым. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамай, балапандарын қорғау жолында қайсарлыққа барған қараторғайлардың бұл тірлігін ерлікке баладым.





Пікір жазу