02.11.2021
  299


Автор: Әкім Ысқақ

(Тағдыр сынына мойымаған Жеңісгүл Дәулетоваға)

Мен қазақ қызымын! Алатаудай асқақпын, теңіздей тереңмін, бұлақтай мөлдірмін. Жусан иісі аңқыған Ұлы даланың бойға күш-қуат берген, қасиеті сіңген еркесімін. Тәуелсіздіктің туын көтерген, Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан қазақпын.
Мен қазақ қызымын! Ұлтын ұлықтаған, дәстүрін ұмытпаған, қайғыдан түңілмеген, елім деп күлімдеген жанмын. Кеудемде өшпес жалыным барда, айналама шуақ шашар жарығым барда сын өткелде құламаған, құласам да жыламаған текті ұрпақтың өкілімін. Жаным жараланса да жабырқамаған, қиналсам да қаймықпаған, қаныммен келген қайсар мінезім қалыптасқан қазақпын. Намысым алға тартқан сайын өрге құштарлығым арта бермек. Өйткені мен ата-бабам аңсап қол жеткізген Тәуелсіздіктің нұрымын, Жеңістің гүлімін! Сондықтан да жеңіске деген жігерлігім өшпейді. Гүлдей нәзіктігім сақталып, мына әлемге деген мейірімділігім жүрегімде әрдайым орын ала бермек.
Мен қараңғыны емес, жарықты ардақтаған, төмендікті емес биікті аңсаған, көңілін кірлетпеген, көк туын құрметтеген Ұлы даланың аяулысымын. Әр қазақтан өлмес рухты іздеймін, армандарыма асығумен жақсылықтан үміт үзбеймін. Жаманның алдында басымды имеймін, жасықтарды, пасықтарды сүймеймін. Мен тілін, ділін білмейтіндер үшін күйемін. Өйткені мен елімді, жерімді, ұлтымды сүйемін!
Мен өмірді сүйемін. Өйткені нұрын төккен көктегі күндеймін. Сондықтан да қанша бұлт аспанымды торласа да жеңілуді білмеймін. Мен армын, намыспын, өшпес жалынмын. Үлкенді сыйлайтын, өзгені жамандыққа қимайтын, ұлттық тәрбиеден тамыр алған, еркін елдің ертеңі үшін күресемін. Бәйгеге қосқан тұлпарын, әуелеп ұшқан сұңқарын бағалайтын, нағыз асылды ғана ағалайтын, өткенін саралайтын, тағдыр қанша сынаса да көңіл оты өшпейтін, елімнің болашағын көксейтін, қадір-қасиетпін. Қымбатым-арым, ардақтым – Отан-анам, туып өскен топырағым, бәріңді де осы киені қадірлеуге шақырамын. Бабалар жолын жалғаған асыл жанмын, мына қайнаған өмірге ғашық жанмын. Өйткені мен қазақ қызымын!





Пікір жазу