Күрес
Уақыт - сағым алға қарай зырлайды,
Ата бермес арайлана таң күліп.
Арттан қуып, жетіп тұрар бір қайғы,
Өмір деген – күрес екен мәңгілік.
Нұрлансын деп гүл- көңілдің шуағы ,
Кімдер кімге береді екен қол ұшын?!
Барлық адам күрес үшін туады,
Мың қиналып, толғанады сол үшін!
Жан – жағымда – жаңа буын, мың өскін,
Толғанамын кейінгі ұрпақ жайында.
Еңселенер елім үшін күрестім,
Уа, Құдайым, сол күрестен айырма!
Ауылым – алтын бесігім
Далаңда сағым көшетін,
Айқара ашар есігін.
Барғанда мерей өсетін,
Ауылым – алтын бесігім!
Таңырқап қарап тосылма,
Ауылдың күні – мың сабақ.
Жиналып бүгін осында,
Басуда киіз, жүн сабап.
Таппайды сәтке бір тыным,
Жандары алтын ауылдың.
Жамайды талмай жыртығын,
Туыстың, көрші, бауырдың.
Кеңдігін ұққан даланың,
Ауылдың қызық өмірі.
Жолын бір кеспей ағаның,
Сәлемін салған келіні.
Самаурын қайнап бұрқырап,
Түтіннен керней тақты өлең.
Әжелер сосын «сыр» құрап,
Ішеді шайды баппенен.
Ошақтың шоғын шегере,
Пісірген қандай тандыр – нан!
Жүгіріп шыққан немере
Атаның жүзін жандырған!
Далада сиыр мөңіреп,
Қайтатын малдар өрістен.
Қарбалас тірлік төңірек,
Самалы есер егістен.
Күтері елдің жауын ғой,
Еңбекпен ғана өткен күн.
Қадірін білер ауыл ғой,
Шаруақор қара кетпеннің!
Ауылым сенен ұғамын,
Құстардың ғажап үндерін.
Өзенің, көлің, бұлағың,
Иісі жұпар гүлдерім!
Сүйемін дала, тасыңды,
Тынымсыз диқан қауымын.
Өзіңе ием басымды,
Бесігім – алтын ауылым!