Ордабасы
Есіткен соң елің салған зар үнді,
Етек-жеңді жиып, ойлап қамыңды,
Дәлелдедің бірлігіңді, барыңды,
Ордабасым, жаралдың сен Орда үшін,
Сақтау үшін қазағыңды-қаныңды!
Туса деумен бұл қазаққа жарық күн,
Алғы күнге алаңдаумен зарықтың.
Қасиеті дархан көңіл халықтың,
Шежіресі сан ғасырлық тарихтың,
Ордабасым – хан қаласы, жарықтық!
Бүгін-дағы ұранға сал ел естір,
Алты алашты ағайын ет, кеңес құр,
Жатыңменен терезеңді теңестір.
Алғы күнде біздер асар белестұр,
Ордабасым, өкпе-назым емес бұл!
Тағзым еттім, тау-тасыңды сүйіп бір,
Тағдырына қайыспайтын иық бұл.
Қырдағыны қия баспай шалатын,
Қасиетің қай жерден де биік тұр!
Қадағалап қарекетін әр күннің,
Қол жетпестей асқақтадың, сән құрдың.
Төле, Әйтеке, Қазыбек боп жаңғырдың,
Санасына сан миллион халқыңның.
Сені еске алса жаужүрек ұл күлімдер,
Жыр қылады даңқыңды асқақ бүгінгі ел.
Әрбір тасың – қатып қалған көз жасы,
Егілмейтін жүректер де дірілдер.
Бөлінгенді бөрі жеген заманда,
Ордабасым, назарыңды сал алға!
Мұқалғанда жігер берер айбыным,
Айнала бер алынбайтын қамалға!
Ордабасым үнсіз ғана тұрсың сен,
Бұл қазаққа өмір берген Күнсің сен!
Ордабасым, атың сенің киелі
Шешендерім бірлік деумен өткен жер,
Көсемдерім елді қосып кеткен жер
Қалың қазақ туымызды тіккен жер,
Қас-дұшпандар босып, тізе бүккен жер,
Батырларым қайраттанып тасқан жер,
Ақындарым жырдан шашу шашқан жер,
Тарихы да, ырысы мол неткен жер,
Еңбеккері тамшылатып төккен тер,
Ордабасым, атың сенің киелі,
Ұрпақтарың өзіңе бас иеді!