01.11.2021
  287


Автор: Әкім Ысқақ

Күрсінбеші

Аманында жарқыраған Күн – Айдың,
Күрсінбеші,
Неге сонша мұңайдың?
Шық түспесін көңіліңе жауқазын,
Жанарыңа шаттық толсын, шырайлым.

Күрсініспен өтпесінші ақ таңың,
Қайта айналып келмес жарқын
шақтарың.
Жаз дидарың жапырақтай жайқалып,
Жазиралы гүлге айналсын бақтарың.

Күрсініспен өтпесінші күндерің,
Мұңаймасын, солмасыншы гүлдерің.
Қайғы уы жайламасын жаныңды,
Керек маған қуанғаның, күлгенің.

Күсініспен өтпесінші сағатың,
Таусылмасын төзім – қуат, тағатың.
Өмір – толқын қанша қатты соқса да,
Қайрылмасын, қатайсыншы қанатың.

Ғұмыр кешкен күнге қарап құлшынып,
Адам жасар ақ арманға құлшылық.
Ойдағыңды ойран етіп кететін,
Оңай емес, оңай емес тіршілік!

Азап меңдеп, қалса дағы құр сүлде.
Ғазиз жүрек, жалындай бер, дүрсілде
Тауқыметі көп болса да тағдырдың,
Өрлігіңді өксітпе сен, күрсінбе!
* * *
Жанарыңның, жарығым, тереңі мұң,
Өрімталым, өзгеден ерек үнің.
Көздеріңде жан сырың дірілдейді,
Айтшы, жаным,ренжідің неге бүгін?

Қара түнек сел екен
Бұзған бәрін,
Еріксізден қиналып сыздар жаның.
Көңіліңе қаяу мұң ораныпты,
Белгісі ме бұл әлде қызғанғанның?


Өтсе күндер,
Жылжып бір арман – ағын,
Көкіректе өзіңсің – салған әнім.
Пендемін ғой, қателік болған шығар,
Жүрегімді мен бірақ алдамадым.

Қуанышым,
Көктемім – қызғалдағым,
Шуақ сепкен жаныма ізгі арманым.
Үміт деген нәзік қой үлбіреген,
Үзіп алма,бұлайша қызғанбағын.

Қызғанбағын,
қылықтым, жыламағын,
Сені қалай жылатып жүре аламын!
Іште қалар қызғаныш – тамшы емес пе,
Көз жасыңды көл қылма, сұранамын.

Іңірде айтып көңілдің ізгі арманын,
Сағымдарша сырғанап жүзді алға Күн
Көтерейік сенімнің ақ желкенін,
Сенші жаным,өтінем, қызғанбағын!





Пікір жазу