30.10.2021
  243


Автор: Серік Сағынтай

Жарты қап кітап

(Жойқын мұхиттың жұтқыншағы бүлкілдеп, қалтылдаған кемені жұтарда кім тастай қашушы еді сапарластарын?! Қапырық бөлмеге жарық шам ызғарлы сәулесін шашқанда да қуыс-қуысқа тығылатын тарақан еді ғой. Ал, біз... Біз бәріміз тозақ кемесімен аттанып барамыз — бір бағытқа ғана билет сатылған — жетер, шалдыға жетіп, салығып ұйқыға кетер, бәлкім, салыққанда ұйытар ұйқы да тәніңді тастай қашар тұрағымыз — Тамұққа аттанып барамыз. Сіз неге біздің кемені тастай қашқыңыз келеді?! Билетіңізді ұсақтап жыртып, ауаға шашып жібергеніңізбен, бұл сапар Сізді тастап кетер жайымыз жоқ! Алып кемемізден қашып та құтыла алмайсыз. Шарасызсыз! Мінәжәтіңіз осынау ғаламдық кеме — Жер шарындағы миллиондаған күнәһардың даусынан озып Көкке жете ме екен?! Әлде, менің күйреуік өлеңім сынды тек өз жанымды ғана мүжитін немесе жұбаныш жұптайтын былдыр-былдыр ертегіге айналып кетер ме?!

Шарасызсыз — менің әңгімемді тыңдауға еріксіз көнесіз. Себебі, Сіздің мінәжәт пен Көктен түскен жазбалардың әр қарпіне бір тәмсіл арнап жазуды біздің мойнымызға жүктеген. Ал, ол түпсіз уақыттың шырғалаңында адасқан Сізге бірден-бір алданыш. Әйтпесе, қасиетті жазбаларды тікелей оқып, ештеңе түсінер емессіз. Уақытыңыз да аз. Тәніңіз кемені тастай қашса да, ғаріп жаныңыз қайыра оралып, қайғылы кейіпте, жалғаннан ештеңе ұқпаған беті тірлік кеше береді...)

* * *

Электричка Қарағандыға Күн еңкейе жеткен. Көмірдің шаңы кірпігіне жұққан қарагөз қала шаршаңқы кейіпте қарсы алады Ақынды. Көзі қара болғанымен, бұл қаланың ләмі басқаша. Темір жол керуенсарайына ене бергенде дауыс зорайтқыштан үні қатқыл апай: «Курметты, жалаушылар..!» деп бейпіл акцентті ағытады. Мырс етесіз. Белгілі ақынның «ТЖ-лар» атты өлеңі есіңізге оралады. Бірақ, ол кезде «ТЖ-лар» туралы өлең әлі жазылмаған... Керуенсарайдан осы шаһарға ат шалдырған әр ақын, әншіні, күйшіні, жазу-сызуға ғапіл қатысы бар жанды қарсы алуға құштар Граждан Шақшабаласын көресіз. Сіз оны танымассыз, бірақ, ол Сізді танып қояды. Өлеңіңізді оқиды, әңгімеңізді әдеби газеттің қиындысынан көзі шалған, атағыңызға қанық. Жо-жоқ. Қымсынбаңыз. Жүгіңізді көтерісіп, басыңыздың «сақинасы» болса, емдеуге бейілді. Біздің Ақынды да сол Гірекең қарсы алсын. Алғаш танысса да, Ақын ешкімді жатырқай алмайды. Ұзын плащының шалғайына әнтек жұққан шаңмен түстес қапшығы кенет күтіп алушының иығынан табылған. Ақын алаңдаса да, Граждан оны көтертер ме сыйлы қонаққа. Жарты қапшық кітап еді. Өлеңдер. Өлкелік газетке ерте-кеште басылған. Кейін жинаққа еппен енгізілген, әр қарпінің көлеңкесіне қоңырқай мұң тұнған жырлар-тұғын. Бір-екеуін Сізге оқып берер едім - әңгімемнен ауытқып кететін тәріздімін. Кейін, осы әфсанам жүрегіңізге қонақтап жатса, үлгіреміз...

Ақынның қалаға келгенін ешкім білмей де қалған. Өзі де жарапазан-жар-жарға жау. Радиода орнығып, сол торапта қартайыңқырап қалған ескі танысын тапты. Онда да Граждан екеуі үйіне іздеп барып еді. Қос ақын — бірі алыс ауылда, бірі қапырық қалада, тірліктерінде бес-алты мәрте ғана дәмдес болыпты. Сонда да, етене жақын тәрізді. Қалалық қаламгердің намы — Бәжең. Бәжең Сәуірұлы. Аймаққа танымал, ертеректе қазақтың үлкен ақындары жазбаларын жақсы бағалап, кейін денсаулық күйімен, жер шалғайлығымен әдебиет ағысынан сәл қалыңқы қап қойған. Провинциялық ақын-жазушылардың бәрінің тағдыры осы тұрыпты ғой. Алматы алыс. Жылына бірер барғанмен, қонақ боп бастап, елдегі қоңыр тірліктің ырғағын бұзып, қалың ақын-жазарманның ортасында шайқала шауып, қайтасың. Сосын, елге оралғанда тым-тырыс тыныштыққа құлақ үйрете алмай, тағы дерттеніп жүргенің. Ал, алыстан елге іздеп келсе ғой сол ақындардың бірі. Екеу келсе де артық емес. Тұтас қазақ әдебиетінің бір дәуірі көшіп, іргеңе қонғандай боласың. Сырттан келген туыс та, егер шулы ортадан келсе, мұндағы салқын саябырға шым батады да кетеді. Бірақ, соншалық ұзаққа шыдай алмайды. Тереңге сүңгіп бара жатқанда, қапылыста ауа жетпей, қайыра атып шығып, сабыр айдынынан өзінің асау толқынды өзеніне асығады. Сөйткен алма-кезек дүние.

Ал, біздің ақын жарты қап кітабын арқалап, Н. стансасынан келген еді. Ертеректе Ібір-Сібірдің сызды ауасын жеті жыл жұтып, елге келе жатқанда, Алаштың аймаңдай ақынының туған жері екенін естіп, пойыздан түсіп қалған. Ақыры, сол топыраққа тамыр байлаған. Стансадағы тірлік қарагөз қаладағыдан да мылқау ғой. Әдеби орта жоқ. Ақсақалдардың ескі әңгімесі ғана алданыш...

Әлқисса, қос ақын кісінесе табыссын. Граждан үшеуі Бәжең баспанасын кабакқа айналдырып отырғанда, үй иесінің әйелі жұмыстан келді. Келе сала салқын қабақ аңдатсын қалалық ақынның жары. Бәжең «кәне, аш қабағыңды, қамда ас-тағамыңды!» десін қарап отырмай. Содан сойқан басталды. «Бұл үй сенің алқаштарыңды асырайтын приют емес. Кеше ғана өлейін деп, ауырып отыр ең ғой! Сайтанның сідігін сіміріп ап, маған мән айтатын кімсің! Мынау қай қайыршының қапшығы?! Құрт көзін! Бәрің де көздеріңді құртыңдар! Қазір милиция шақыртам!»

Соңғы сөз стансалық ақынның жанды жерінен тиген. Сібірдің дәмін татып қайтқан соң, заң өкілдерімен кездесуді жаны сүймейді. Жалпы, кім жақсы көреді дейсің? Ұйлығыса үйден шыққан үшеуі ілби басып, теміржол керуенсарайына бет бұрған. Әлгінде босағада жатқан «қайыршының қапшығы» Гражданның иығына қонжиыпты.

Теміржол керуенсарайына кім келіп, кім кетпеген?! Сіз де, менің ойшыл оқырманым, дәм тартса келесіз бір. Сонда көресіз: ерсілі-қарсылы ағылған жұртты әр заманда, жылдың әр мезгілінде осында бас сұғып, табан тіреген әріптестерім деп ойлаңыз. Барлығы да таныс, бірақ, бәрі де бөтен тәрізді ғой. Біз бәріміз бір заманда, бір кеңістікте өмір сүрмеуіміз мүмкін. Ал, керуенсарайда дәрежеміз теңесіп қалады — қайсы болмасын! Бәлкім, осы тәмсіл Сіздің қолыңызға тигенде біз де тірліктің керуенсарайынан бір бағытқа ғана сатылатын билетке ғұмыр-тиынымызды ұсынып тастаған боп шығармыз. Өткенде атайы ақын ағам бір ғаламат жыр жазды: Бір заманда біздің аталарымыз «Коммунизм» деген стансадан түсіп қалып еді ғой, келесі станса — «Репрессия» деп аталатын, одан кейінгі станса міне — «Капитализм». «Келесі аялдама — «Алаш» стансасы» деген дауыс алыстан талып жететін тәрізді деген... Иә, әңгімемнен ауытқып барам. Дегенмен, осы керуенсарайлардың бәрінде Граждан Шақшабаласы тәріздес бейкүнә адам жүре қоймас. Грек аңыздарында ғұмырдарияның өзен-вокзалынан өткізетін әзірейіл кейіпті әлдекім болар еді ғой. Болмаса, Анненковтың вагоны тоқтаған стансалардан, күллі КарЛагтың қақпасы болған Қарабастан бір заманда желкелеп түсіріп тұрса тағдырың...

Граждан бастаған үшеу сол түні қарагөз қаланың керуенсарайын бір шайқады-ау дерсің. Қоңыр күздің соңы болатын. Таң бозында асфальт үстіне қонған сыз қырауға айнала алмай буланып кететін уақ. Жастары ұлғаймаса да, жер ортасынан асқан қос ақын жас перінің сілтесіне шыдай алмаған. Ақыры, Гражданның есіне жақын орамда тұратын сазгер көкесі түскен. Сазгер де заманында тиісті енші-бағасын ала алмаған. Бірақ, әндерінің ғұмыры тіл жеткізер тітіреніс тылсыммен астасып, тілсіз қалар сәттерінде қайыра басталатынын білетін, сенетін. Сол ғайри сенімін жүрек тереңіне жасырып тастаған еді. Өзі де шырқаған: «Жан түбінде ұйықтап жатқан арыстан, оятпашы мерт қыларсың сезімді!..» Сезімі қалғып кеткен заманы еді сазгердің. Яки, тірлігі тұйықталар — фәни күнге алды жабық уақта ілбіп, күн кешіп жүрген. Жардан, баладан ада. Жалғызсырап, жансебіл жүрегін қысқан жәдігөй тірліктен жалыққан. Сазгердің есігін таң бозында итеріп кірген үшеу тынықсын. Түс әлетінде шөліркеп оянған Гражданның қойнынан сусын басар сұйық та табылған. Бәжең Күн қос қабат үйлердің шатырынан шуақ сырғаната бастағанда жұмысына кетті. Сазгер мен стансалық ақын қайыра ұйқыға шомған. Түс ауа Граждан жұмыс орнына, нәпақасын айыруға аттанады. Күндегі тірлігі — торапты жолдың түйініне келіп, күрмеуін шеше алмай зарыққан жанға билет тауып береді. Пароммен ана дүние, мына дүние арасын жалғап жүрген «әлемнің ақ періштесі» дерсің. Екі дүние арасында кім кездеседі екен өзіне: бірақ, мүсәпір-жолаушының сауабын алатын ләппай-тақсыр қарсылаушы-жөнелтуші міндетін маңдайына жазған, сомен таңдайына ақ тигізген. Түн орталай Граждан сазгердің лашығына қайта оралған. Қос зарлық не күйде екенін біліп кету ойында. Ақын мен сазгер ертеңгілік таныстырылған бір-біріне. Бірақ, әрқайсы келесісін бұрын көрмек түгіл, естімеген адамым екен деп түйген. Граждан қолтығына қыса келген ащы су мен тіскебасар, онан қалды бұрыштағы ток пеш үстіне жамбасын күйдіре-мүйдіре жайғасқан қара бақыр, одан шұбала шыққан дәмді иіс әңгімеге сүйреген екеуін. Ақын алдыңғы түннен бері кіреберіс бұрышта елеусіз қалған қапшығынан бір кітабын алып шығып, өлең оқымаққа талпынды. Сазгер тірлігінің беймәлім бір қалтарысында қап кеткен шабытты шақтары қайыра оралғандай күлімсіреп бой тіктеді. Ақын майдақоңыр машығымен жыр төге бастады. Сазгер күлімсіреген қалпымен ыңылдап ілесе кетпекші. Ақын... Сазгер... Ақын... Сазгер... Шақшабаласы да бұ тірлікке әредік қазанаспа астындағы отты қағыстырған қаммен араласқан боп отырсын. Ақын жырын сағыныпты. Сазгер де қақпағы әлдеқашан құлыпталып қалған сырсандығының қиюы кеткен тұсынан себезгілеп шашыраған шуақ-саздары жанарынан ұшқындап, бір жасап отырды. Оған отты суды қосыңыз! Тірліктегі темірқазығыңнан адасып, ел ортасында отырып, елсізде қалғандай күн кешіп көрдіңіз бе, бауырым? Өнер қуған өрелі жан атаулы өз жүрегінің шұңғыма тереңіне талай мәрте сүңгіп, өзін іздеп жүріп адасар еді. Тек өнер-білім ғана емес, тірлікте тамырын танығысы келген һәр жанды көргенбіз. Біздің қос кейіпкер де ұлыс көшіне жанай шапқан жалғыз аттының ғұмырын кешіп еді. Әу баста жазылған тағдыр ма, әлде кездейсоқ жазым әлегі ме: бірі - шалғай ауылда елеусіз қалған, бірі — жанын ұғар жан таппай жабыққан. Адасу емей немене?! Әлде, олардыкі жөн де, көптікі қата ма?! Қайткен күнде де, сол күні екі азамат серпіліп еді. Жыр оқылып, ән шырқалды. Кенет Сазгер әбден бой жасаған адамның кейпімен Ақынға сергек қарасын:

Есіңде ме? Екеуіміз ертеректе кезігіп едік қой?

Мүмкін емес, ағасы! Менің тірлік-талқаным сіз жүрер аулаларда шашылмаған еді.

Бәрі мүмкін! Бәленінші жылы Алматыда Мұқаң — Мұқағалимен Төлеген ақынның үйіне келіп едің ғой.

Иә, Мұқаңмен дос-жар болғанбыз! Айбергеновтың ауласына бас сұғып тұратынбыз. Сіз қайдан жүрсіз ол маңда?

Мен Шәмшімен жолдас болғам. Әлі де! Біз Шәкең екеуіміз барғанбыз сол үйге...

Ойпырмай! Сен... солсың ғой!

Иә! Дәл өзі! Ал сен... Сен — солсың!

Енді кім деп отырсың?!

«Ой, бауырымдап» қауышқан қос жігіт ағасына қара бақырды ұмсына ұстап келіп тұрған Гірекең аңтарылып қарасын.

Ой, бауырым-ай!

Өй, көкем-ай!

Бәсе!

О, шебер құдай!!!

Манағы әңгіме — әңгіме ме! Енді кеңісін кеңістік. Көкжиек түріліп, аспан асқақтап сала берсін! Алаш атырабында мұндай талай атақты кезігіс болған. Бізге етенесі - Әсеттің Кемпірбайдан көңіл сұрап барар сапары. Бұл теңеуімізді артық, әбес санасаңыз, алыстан мысал табайық. Гогеннің Таити аралынан Парижге оралуы. Одан да әрідегі ежелгі дәуірдегі әпсаналық оқиғалар. Қай-қайсы да қос азаматтың — Ақын мен Сазгердің кезігуіне мысал бола алар еді. Сеніңіз! Сенбесеңіз, өз өрешеңізге көз тастаңыз: жігіттік дәуренде аз-кем дәмдес боп, арада тұтас ғұмыр өткізген соң кезіккен әріптесіңізді танып, таңырқаған сәтті ойға алыңыз... Иә, иә! Сол сәттегі бір өзгеше сезімдер сазгердің лашығы ішін арайға толтырып еді! Қазақ маңдайына басқан ақиық ақын мен сыршыл сазгердің жанында қарулас серік болуға жараған біздің кейіпкерлер де осал емес еді. Тек, тірлік, тағдыр сызығы өзгеше сызылған...

Қарағанды керуенсарайын мекен еткен сол қос сері жайлы әңгімені түрлі қалыпта тәмәмдауға болар еді. Бәлкім, жария жазуға да жата қоймас?! Бірақ, бәрібір Ақын мен Сазгер осы жазуға тәуелсіз, ада кейіпте сол кезең, сол кеңістікте ғана емес, дәл қазір де осында, тұсымызда өмір сүріп келеді ғой. Вокзалға бас сұғыңыз — дабыр-дұбырлы жүргінші-жолаушылар шуынан тыныс-демі сезіледі; әрі өткен, бері өткен таныс бейтаныстардың бірі болмаса, бірінен сұраңыз таниды: көрген, естіген, әдеби газеттердің қиындысынан өлеңін оқыған; анау қара айғыр сүйреген шұбалаң вагонға өткенде мініп кетіпті, мына бір ауыр күрсіністі зілтабан пойыздан әне-міне түсетін сыңайлы. Дегенмен, ауытқып барамыз тағы...

Арайлы, шырайлы отырыс соңы аһылаған естелікке ұласқан. Шаршаулы кейіп, қалып ойлы жандарға жиі жұққыш қой. Әсем әннің де соңғы ноталары ойнақшып аспанға атылғанмен, тиылар сәті мұңға шылқыр еді! Жырдың да соңғы шумақ, соңғы жол, сөзі естелікке бастау берер тиянақ қой.

Гірекең түн көрпесі қарагөз қаланы қымтай бере керуенсарайына қадам түзепті. Ілкіде естіген әңгімемде дүние жігін қосып-ашар дәнекершілер ел ұйқыға шомар саябырлы сәттерді сүйеді-міс. Қарсы алу, қоштасулар да. Ал, сол күннен бастап қос серінің ортақ тірлігі, ғұмыр тиянақтар ортақ жолы басталыпты. Күнде Күн жарықтық аласа үйлердің тозыңқы шатырларын сипай шуақ таратқанда ілбіп вокзалға баратын еді олар. Күн сайынғы қалыпқа түсіп кеткен ғадет бойынша Ақынның бір-екі кітабы ұзын плащының төс қалтасына сүңгітіледі. Сазгердің естелік әңгімесі де жүрек тұсында қызбақшы — тыңдарманын күтіп. Ал, керуенсарайға кім келіп, кім кетпейді?! Сіз де, менің ойлы оқырманым, бір жолыққан шығарсыз тірлік сапарыңызда Ақын мен Сазгерге! Бәріміз бір мезгілде, бір кеңістікте өмір сүрмегенімізге кім кепіл?!.

Мына кітаптың авторы мен ғой, - дейді Ақын. — Сәл жастау кезімдегі суретімді бергізгем. Бір өлең оқып берейін бе?

Сіз келісесіз. «Өлеңіңіз жақсы екен!» дерсіз. Ақын сенуге бейілді. Сазгер қоштауға. «Иә» дейді ол. «Осындай жырлар бар адамзат аспанының астында!» Сізге кітап та сыйға тартылып, қолтаңба алып қалу ұсынылады. Қуана келісіп, қос серінің қолына азды-көпті тиын-тебен ұстата салыңыз! Жаныңыз ашығандықтан емес! Өлеңді түсінгендіктен. Ал, тіпті, жырдың жалғасын күтсеңіз, дастархан жайып, Сазгердің естелігін тыңдарсыз!..

Осы сценарий бойынша сырғыған қара күз ақ қауырсынды қысқа алмасқан. Қыс соңы көктемге ұласар ма еді?! Жо-жоқ, әрине! Мезгіл мәресін белгілер құдірет жоқ бізде. Тек...

Тек, сол баяғы сазгер лашығына қоңыр күзде апарылып, кіреберістегі бұрышта елеусіз қалған сарғыш қаптың түбі көрінсін бір күні. Әуелі ақын ертеңгісін тұрып, сырт киімін киердегі әдетімен еңкейген. Әуелгі тоқ қалпы қыс ортасына таманғы аязды күндері жүдеңкіреген қапшық ауыл үйінде пеш түбінде жататын жетім қозының бойына жылу дарыған соң сол жатқан қалпы керілгендегісіндей жермен-жексен болып қалыпты. Арық салалы саусағы еденге тақ етіп тиген Ақын аңтарылып, Сазгерге қарасын. Керенау қалыпта, ұйпаланған шашын тарап тұрған ол да бұған жүдеп көз тастаған. Кітап бітіпті! Енді қайтпек керек?! Дымы біткен ақын босағаға төселген бөстекке отыра кетті. Сазгердің мүйіз тарағының бірер тісі сынып, шашына сіңген. Сәлден соң әдепкі еңселерін түсірмеген қалыпта екі адам есікті итере жауып, керуенсарайға қарай кетіп бара жатты... Бәлкім, бұл соңғы таңдары ма екен?! Бәлкім, бұл соңғы сапарлары ма екен?! Біз көрмедік сол көктемде оларды. Керуенсарайға шартараптан құйылып-ағып кетіп жататын жылы ағыстардың біріне түсіп, беймәлім бағытқа жөнеп кете барды ма екен?! Ал, Сіз...

Сіз іздедіңіз бе оларды?! Ана бір пысқырып кеп тұрған қараайғырдың қоңыраулы трашпенкесіне аяқ артып бара жатқанда, соңыңызға ақтық рет қарап қалғанда, ағылған жүргіншілер арасынан жүдеңкі жүздерін көзіңіз шалған болар. Есіңізге түсе қоймады. Әйтеуір бір заманда, бір тарапта көргенсіз. Қайтсе де, есіңізге түсер ме екен?!.

Қарагөз қаланың керуенсарайы талай Ақынын қарсы алып, шығарып салып еді. Тас төселген алаңға табан тиген бетте Сізді де Граждан Шақшабаласы қарсы алуы мүмкін. Себебі, таниды, біледі, өлеңіңізді әдеби газеттің қиындысынан көзі шалған. Басыңызда түрлі ой болса, серпілтуге де бейілді. Тек...

Тек, сол бір қыраулы қыста бір-біріне селбесіп күн кешкен Ақын мен Сазгерді байқамай өтіп кетесіз керуенсарайдың кең залынан. Әне, ана бір топтың қақ ортасында Ақын өлең оқып, қолтаңба ұсынуда. Міне, Сазгер естелік айтуда.

Бұл әңгімені түрлі қалыпта тиянақтауға болар еді. Бірақ, әлі де сол екі сері адамзат керуенсарайының бір шетінде ағылған жүргіншілер арасында күмбірлетіп өлең оқып, естелік баптап біздің арамызда жүр-ау. Біздің жазуымызға еш тәуелсіз, ада, арылған, анық ақиқат кейіпте...

* * *

(Ал, Сіз неге біздің кемені тастай қашқыңыз келеді?! Бәріміз баратын жаққа бір бағытқа ғана билет сатылған. Сол тарапта бірге болатынымыз анық! Оған дейін таныс бейтанысыңның қолтаңбасы басылар кітап түгесілгенше, тірліктің көнетоз қапшығын арқалап, керуенсарайлар кеңістігін тоздырармыз...

Бұл жақта бәлкім біз бір уақытта, бір кеңістікте бірге ғұмыр кешкенімізге сенгіміз келеді. Ал, ана жақта қайтсек те бірге боламыз. Тек ондағы керуенсарайда бізді кім қарсы алар екен?!. Оған көңіл құлатып, жаныңызға жақын жұбаныш ретінде қабыл көрмесеңіз... Бәрібір, басқа амалыңыз жоқ. Шарасызсыз...

Тәніңіз кемені тастай қашса да, ғаріп жаныңыз қайыра оралып, қайғылы кейіпте, жалғаннан ештеңе ұқпаған беті тірлік кеше береді...)

13.ХІІ.2010.





Пікір жазу