30.10.2021
  312


Автор: Серік Сағынтай

Жаңбырлы жаз

Аудан орталығындағы аурухананың травмотология бөліміне Көкенай мен Бақан жексенбі күні түс ауа жеткізілді. Демалыс күні қай дәрігер бәлністе болушы еді? Әрі науқан — қыс қырқа сыртында қылпытып қылышын қайрап жатыр. Екі науқас еріксіз дүйсенбіні күтеді. Көкенайдың «Жасыл орақ» кәмпәниясының соңы бірдеңеге ұрындыратынын құрғыр іші сезген Бақан — әттең, тілі болса жақсылап бір сыбар еді — “атаманын” көзбен атып, ызбарланып жатыр. Анау өкпелеген кісіше бұған желкесін беріп тоң-торыс...

* * *

Көкенайдың отбасындағы науқандық «Кәсіподақ жиылысы» биыл жылдағыдан ертерек, әрі көрінеу жайма-шуақ атмосферада өтті. «Кәсіподақ жиылысының» күн тәртібіндегі негізгі әм жалқы мәселе — «Жасыл орақ — 199...» науқаны. “Одақ төрайымы” Көкенайдың кемпөшкесі Рәзия күйеуі мені інісіне (кәсіподақ мүшелері) былтырғы, одан арғы жылдарға шолу жасап, шүйлігіп өтіп, биылғы жылғы жалпы шығындар мен дайындық мәселесі туралы хабарлама жасады. Тура артық-кемсіз екі аптаға созылатын кәмпәнияға 2 тоқты, жарты мөшек ұн, 1 келі шәй, 3 келі қант, 1 пәшкі тұз, сәлеркеге 8000 теңге (сәлерке удай қымбат!), трәктірдің май-пай, оны-пұнысына плюс 200 теңге, 200 гр. кәмпит, тура сонша пішинә, айран, дегендей 7 пәшке «Полет», спирт (спирт өт-те аз!), 10 пәшке сіріңке бөлінеді.

— Кемпір, спірт бөлгенің жақсылықтың нышаны екен...

— Әдірем, саған берейін деп отырмын. «Берекелі болсын» деп көрші маңайдың ішкіштері келмей ме? Өзің-ақ ертіп әкелерсің...

— Бәсе, неғып иій қалды десем, кәмпит-пішинә жегізбексің ғой, биөнер кездегідей...

— Әдірем...

— Біражола салат-мәнті қоспадың ба?..

— Жарайды, ол кірмейді сметаға... Боссыңдар, ертең ертемен тұрып, тірәктір зәбәйт ет, қосқа шейін жетерлік сәлерке бар. Сосын 8000 теңгені тура шөп шауып біткен күні аласың, тасуға. Қалған бірөдуктің дайын. Шалғы шыңдаулы, киім жуулы. Отбой, жатыңдар.

— Құп болады, тәбәріш.., тәбәріш бірәпсөйүз. Қыз дайын болса, біз дайын.

— Қызшылын...

Жиылыс сонымен тарқаған. Тауық шақыра бастағаннан-ақ тірәктірді «зәбәйт» еткен екеу тележканы тіркеп ап, екі апталық тамақтарын тиеп ап, тартып берген. Аршалы сайдағы шабындық әжептәуір жер. Оған екеуі қалай жетіп, қалай қос тігіп, бір тоқтыны құбылаға қаратып шалып жіберіп, бірін қазыққа арқандап, т.б. өйткен-бүйткенін тізе берсе көп. Сөз шығын. Әупіріммен жеті күн өткен...

* * *

«Жатыр едім жайлауда пішен шауып-ай,

Ақ көйлегім су болды жаңбыр жауып-ай...»

Төпелеп өткен көп тамшы көнетоз ақ көйлегін денесіне жапсырып кеткен Көкенай шешіп, сығып киюге ерініп, ыңырсып әуен төгіп, ысқырып отыр. «Қайран, қазақтың әндері-ай, тура маған арналған. Бірақ, осының ылғи арғы жағын еске түсіре алмай қор болам. Қойшы. Шөпті айтсайшы. Мына жауын айналып келе берсе, шөпті су ғып ауырлатып жібереді-ау. Онда план бұзылады».

— Әй, Пахан, менде интереснейшій бір идея бар. Айтайын ба? Тура төбеңнен төмен қарай алтын құйғандай төгіп жіберейін бе? Еһ, шіркін..!

— Не боп қалды? Жапан түзде қаңғыған не идея ол?..

— Айтайын ба? Айтып кеп жіберейін бе?..

— Айтсайшы енді, үздіктірмей. Қызын бұлдаған құдағиша...

— Ол былай. Мә, әуелі күбіңді ыстап ал (қалтасынан алып темекі ұсынды). Ол былай. Желдіртіп жеті күн өтті. Шабындықты пәшти біттік. Жалпы, сен мәләдессің, тура атмәшинеден кем емессің...

— Жә, көпшік қоймай. Идея?!

— Енді екі-үш күннен соң шөп тасу үшін сәлеркеге ақша аламыз. 8000 теңге! Біз бірәпсөйүздің шешімімен сенбі күні соңғы рейс — оныншы рейсті жасап бітуіміз керек. Ол апаң жұма күні қалаға балалардың сабақ киімін әкелуге кетеді. Сол кезде біз он рейстің орнына жеті не сегіз рейс жасап, қалған ақшаға гөләйт етуіміз керек. Түсіндің бе?

— Вот, мәселе қайда! Содан?!

— Соданы несі-оу! Бір рейске сәлерке — 800 теңге. Екі рейс 1600 теңге. 1600 теңге литрін 400 теңгеден алғанның өзінде спирт. Жете ме саған! Жете ме апаң келгенше екі күн бура болуға?

Бақан орнынан қалай қарғып тұрғанын білмей қалды.

— Жетеді. Жетпек түгілі асып кетеді! Сенің басың бас-ей. Қайдан бәрін ойлай бересің, а?!

— Ойнама, жаман жездеңмен. Еһ, шіркін, сосын бір гөләйттасақ, ә! Көрші ауылдың брәкөнерлеріне барып қайтсақ, мотоциклмен. Бірақ, ол үшін еңбек ету керек. Күннің жаумауын тіле, сонда мен жауам, сел ғып жіберем. Сылқитып тұрып, он рейстің шөбін сегіз рейске сыйдырып тиеу керек. Шөптің суланбауын тіле. Искусство требует жертв! Өзіңді, трәктірді аяма. Во, сонда. «Ауылың сенің іргелі, шәйі көйлегің бүрмелі...»

Екі күнгі тамақ ішілмей қалды. Екі күн бойы екі шөпші қосқа от та жаққан жоқ. Қолға аттай 8000 теңге түсетін атты күнді күткен. Жай күткен жоқ, шөпті шөмелелеп, тәйт десе тұра қашуға дайын отырды. ...Әупіріммен екі күн өтті. Жаңбыр жаумады. Үш күннен соң кәсіподақ төрайымы қалаға кетпек. Ақша кәссіден шықты. Содан не керек, екеуі шөпті сылқита, тележканың рессорын қайқита тиеп, үш күнде ауылға алты қатынады. Бәрі ойдағыдай. Көкенайдың жобасынша енді екі рейстік шөп қалды. Рәзия да қалаға кетті. «Демалыс күні түс ауа келем, амандық болса. Шөбіңді бітіріп, етіңді асып, дайын отыр».

Өз есебі түгел Көкенай оны ұғып жатқан жоқ...

* * *

Жұма күні кештетіп, Аршалы саймен келесі жазға дейін қоштасқан екі шөпші Көкең қорасының төбесіне шошайта маялап, ала сиырдың нәпақасын үйіп біте сала, жақсылап шаңбасар ұйымдастырып, ұйқыға кеткен. Содан сенбі күні таң бозара шөліркеп оянған Көкенай Бақанды жұлқылап тұрғызып ап, мотоциклді ауыл сыртына итеріп апарып, «көрші ауыл, қайдасың, әйт, шүу» деп тартып отырды. Айтып-айтпай не керек, сол күні түннің бір уағына шейін Қоңыраттың қалың итін абалатқан екі сері әлдебір достарының сенегіндегі үстел басына түнеп шықты. Таң ата тағы шөліркеп оянған Көкенай «Иждің» бордачегінде қалған 300 гр. спіртті әкеп, бірге сұлаған бес бөріні оятып, бас жазып алып, «ауыл, қайдасың» деп аттың басын елге бұрған.

«Қош бол, қалқам, көргенше,

Қайта айналып келгенше...»

Күн жексенбі. Түске шейін Күн де өртеніп, мотоцикл қайта-қайта қызып, жүріс өнбей қойды.

— Ой, итаяқ, не подведи меня!

— Есегіңе мінгенше, жаяу кетем.

— Қой, ей, Пахан, кемедегінің жаны бір. Сәл шыда, әне, қарашы, бұлт айналайын деді. Құрығанда шыбыштың кішәсіндей сіркіретеді.

— Рас-ау, ә?!

Мотоциклдің «қаны» және бір көтеріліп суый бере баданадай ірі тамшылар жетті жерге.

— Иә, сәт. Жолымызды оңғара көр. Бірәпсөйүздің қаһарына қалдыра көрме. Кеттік.

— Давай, тарт. Түс боп қалды.

— Ей, жатыр едім жайлауда пішен шауып-ей,

Ақ көйлегім су болды жаңбыр жауып-ау...

— Дальше?..

— Арғы жағын ұмытып қалыппын. Ылғи есіме түсіре алмаймын.

— Сен құда шығарып салғанға жете алмай, мас боп қаласың ғой, постоянно.

— Возможно...

Өзен жағалай біткен қалың шилеуіт арасындағы жалғыз аяқ жолмен төтесінен тартып келе жатқан мотоциклдегі қос қыран кенет оң қапталдағы өзенге қарап аңырып қалды. «Апыр-ау, бұ неғылған пләж?!» Өзеннің тал-бұтасы сиреген құмдауыт жағалауында бір топ қыз-келіншек суға түсіп жатыр екен. Жаңбыр сіркіресе де, Күнді бұлт құшпаған. Жаздың соңғы қызығын сарқып алғысы келмеген беймарал, мөлдір, бейқам, шадыман сәт. Топты ару жайдақ өзенде су шашысып, даланың дарқан тыныштығын мәз-мейрам карнавалға айналдырып жіберген.

— Мәссаған, қыздар, е-һей!

— Айдалада неғылған қыздар-ей?!.

— Па, шіркін! Жатыр едім жайлауда пішен шауып-ей,

Ақ көйлегім су болды жаңбыр жауып-оу...

Кенет таспадай сиыр соқпақта лекітіп келе жатқан қосаяқ «Иждің» доңғалақтары көктен кеп ұшты да кетті. Екі көзі қыздарда боп жолды ойламаған Көкенай бұл маңда ескі тоғандардың сорабы барын тарс ұмытыпты. Оң қанаттағы өзенге қарап әндете «ұшып» бара жатқан Көкенайдың есіне өлеңнің жалғасы сақ ете қалды:

...Сен есіме түскенде, беу қарағым-ай,

Ақ боз аттан жығылдым есім ауып-ай! «Тура маған арналған өлең!» Келесі сәтте дүние бұлдыр тарта берді.

* * *

Екі сері естерін «ГАЗ-63-тің» бортында, қалың қыздың ортасында жиды. Екеуінің де сөйлеуге жағдайлары келмей, бастары өзен жаққа қарай қисайып, жақтары қарысып қалған. Әлгінде бұлар аударылғанда көріп қалған қыздар жылдам машиналарын жеткізіп, аудан орталығына бір-ақ тартқан. Бұлар әлде, Алматы, әлде, Жезқазғаннан келген Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының мүшелері екен.

Дүйсенбі күні бәлністің бар дәрігері, Көкемайдың кемпөшкесі, көрші-қолаң бәрі жиылып, екі шөпшінің басы бірдей неге оңға қарап қисайып қалғанын білмей дал болды...





Пікір жазу