30.10.2021
  298


Автор: Серік Сағынтай

Жалмауыз

Каждый из нас одинок в этом мире. Каждый заключен в медной башне и может общаться со своими собратьями лишь через посредство знаков. Но знаки не одни для всех, а потому их смысл темен и неверен. Мы отчаянно стремимся поделиться с другими сокровищами нашего сердца, но они не знают как принять их, и потому мы одиноко бредем по жизни, бок о бок со своими спутниками, но не заодно с ними, не понимая их и не понятые ими. Мы похожи на людей, что живут в чужой стране, почти не зная ее языка; им хочется высказать много прекрасных, глубоких мыслей, но они обречены произносить лишь штампованные фразы из разговорника....

Сомерсет Моэм

«КарЛаг» тұтқыны Иманмұса Жантоқовтың шөбересі Ыбырай Мусин — белгілі түрколог ғалым. Оның егізі Мұсатай болса, облыстағы кардиоорталықта бас дәрігер. Бір ата-анадан өрген егіздер сенбі сайын бас қосып, моншаға барып, одан соң, сыраханаға енгеннен шыққанша толассыз дауласады.

Кез келген адамның жүрегінде «АЛЛА» деген арабша жазу бар, — дейді кардиолог.

— Жаңылысасыз, профессор мырза, — дейді түрколог, — жүректі шарбақтаған тамырлардан шығатын таңбалар Орхон-Енесайдағы көне түркі қаріптерімен дәлме дәл келеді:

«АЛАС» яғни, «Кет. Жолама. Аулақ!» деген мағынаны береді...

* * *

«КарЛаг» тұрғындары сол түні ұйқыларынан шошып шықты. Қорқау күзетшілерінің күндізгі құқайынан емес. Қабаған жалмауыз иттердің ұлуынан, абалап үруінен де емес.

Түн ортасынан ауа лагерь шетіндегі жәпірейген тамнан шұбатылып шыққан өзгеше иіс жер тістеген бараққа қалықтай еніп, күлімсі қапырық сыз езген дәлізді бойлай есілген. Быламық ботқаға қосылған жарты қасық сақардың майының иісі емес. Ет иісі. Ылжырап піскен, содан сәл бұрын ғана сойылып, сөлі сорғымастан қазанға түскен жас еттің иісі. Шеткі камерадағы жөйттердің мұрнына жетіп, есік аузында бүкірейген өлімші жігіт ыңырси ұйқысырап, шошып оянды. «Ет?! Ет пісіріліп жатыр!.. Есімнен ауа бастаған шығармын? Үйде жатқан жоқпын ба?» Қармана тұрғысы келіп еді, аяғын езіп, бұтына тығылған шалды сезіп, өзінің камерада жатқанын аңдады. Талмаусырап, тамсанып жатып, белгісіз үреймен бірге танауын қытықтаған ет иісіне елітіп, ұйқыға кетті. Дәлізді кезген міскін елеске еріп, күллі камераны адақтап шыққан ет иісі тыныс-демі күбір-күрсініске айналып кеткен тұтқындарды шошытып шықты түнімен. Мұндай елес күнде кезбейді түрмені...

Тұрыңдар, иттер!!!

Сарт-сұрт етіп ашылған есіктен бозамық сәуле, сәулеге жармаса салқын сыз енді камераға. Қарауылдың тат жеген штыгы есік аузындағы Ыбырайымның бүйірін пісіп өтті. Ыңырси қиралаңдап тұра бере құлаған өлексені аттап, өзге тұтқындар ілбіп, сыртқа ұмтылды. Бір-біріне ұйлығыса сүйеніп, сүйретілген тірі аруақтар таңғы серуенге, серуен соңында камераға қайыра қамалған соң, тесіктен үлестірілер бір-бір қасық таңғы тамаққа асығулы. Ыбырайымды соқыр шал ғана демеп көтерген болды. Ыңырсыған сорлы соқыр шалға сүйеніп, әзер оңалды. «Ет жейікші» деді қырылдап, «Ет жейміз бүгін». Бүйрегіне қадалған сүңгінің орнынан қан да ақпады. Сырқырап ауырып, шаншып барады. Бірақ, осының өзі де ләззат секілді. Тырнағы сынған сұқ саусағын ауырсына апарып, сипап көрді. Ала көлеңкеде саусағына қан табы жұққанын байқаған. Жалма-жан сорып-сорып алған. Таңдайына нәр жүгіргендей. Тағы қарманып, бүйіріне саусағын тығып жіберіп, қанатқысы келді. Басы айналады. Саусағын тағы сорған. Тістеуге де дәрмен жоқ. Қарауылға қарады. «Тағы шаншып алса екен. Қаным қайда кеткен?! Мен есімнен ауа бастаған шығармын... Ет...» Шалға сүйеніп, далаға әзер шыққан. Аңсары аспан жақта. Мына жат аспан жанын езсе де, көк шатырдан кеңдік төгіліп, сызды салқын ауа ауру өкпесіне құйылып, өлімші жанына сәл демеу берген. Сүйретіліп жүріп, сопақ шеңберді үш айналды.

Камера жаққа!

Ілбіген тұтқындар ірметіліп, асыққан қалып танытты. Біразы құлап та жатыр. «Штык тығып алса екен! Итке қаптырса екен!» Жаналғыш қарауыл керзі етікпен ғана тебеді қырсыққанда. Аласұрған иттер де алыста. Тоқ. Тірі өлекселерге қарамайды да. Кенет барақ жақтан жүгіре жеткен төрт-бес қарауыл бұлардың күзетшісімен әлдене деп тілдесіп, оншақты тұтқынды жеке бөліп алды. Енді сырты көкпен сырланған әлдебір үйге қарай айдап келеді. Әлгі үйге жақындағанда түнгі елеспен бірге естерін сілкілеген ет иісі тағы танау қытықтады. Ас пісіретін орын екен. «Ет!» десті тұтқындар. Үрейлі үміт тірілген өлімші кеуделерде. Көк үйдің тапал есігіне таласып, әзер сыйысты. Шұбалған тар дәліздегі бас сыймас тесіктен ұсынылған тегеште ылжырап піскен ет майсыз сорпаға батып, бу атып жатыр. Ыбырайым жалма-жан қолын салып жіберіп, қарпып алды. Аузы күйгеніне қарамай талмап, қылғытып жіберді. Өзегіне өрт құйылған. Суырып барады. Күйіп қалған тілін қоса жұтардай. Иегі кемсеңдеп, темір тегештегі сорпаны төге-мөге сімірді. Қалшылдап, қабырғаға сүйене кетті. Жанар алды буалдыр елес. Басы айналып, миы көзінің қарашығын сорып, солқылдатып жіберді. Салдыр ете түскен тегешті елемей, ішіне түскен бір кесек етті аялап, қабысқан қарнын қос қолымен қысып, жіберсе айырылып қалардай мәңгіп ұзақ отырды.

Ет! Ет! — десті әруейлер ыңырсып.

Ет! Енді күнде ет жейсіңдер! — деп, қарқылдап күлді қарауылдардың бастығы.

«Бұл шынымен өңім бе, әлде, түс көріп жатырмын ба?» Аурулы кеудесіне гүрс етіп тиген керзі етік есін жинатты.

Тұр орныңнан, сілімтік! Иуда! Сапқа тұр!..

Жарты жалғанның жұраты жиылған КарЛагтың Көкөзектегі бөлімшесінде көктемнің сол сызды күндерінен бастап тұтқындарға, оның ішінде ұлты қазақтар мен өзге жұрт иттің етінен жек көрер жөйттерге күнде үш мезгіл ет асылып берілетін болды. Бұлжымас тәртіп, жоғары жақтан қатаң қадағалауға алынған. Кімнің қамқор назары түскені белгісіз — қырықшақты қазақ пен жүзге тарта иудей тұтқын ет жеп, оңалып, бір жасап қалды.

«Ет! Ет!» дейді ыңырсып, түн баласы түстеріне үрейлі елес кіретін тұтқындар. Сүйегінен сылынып алынған, әлде, ұзақ қайнатылып, сілікпесі шығып, жілігінен ажыратылған ет — адам еті еді...

* * *

Авраам Сенковский!

Мен!

Бұл бір адым алға аттаған. Жарты ай бұрынғы өлмелі әруей жетіліп, еңсе тіктемесе де, аяғын нық басар халге жеткен.

1900 жылы туғанмын. №57 статья. Жиырма бес жыл.

Иманмұса Жантоқұлы!

Мен...

Қазақтың үні құмығыңқы шықты. Тоқырауын бойын жайлаған ел Көкше теңізді кешіп өтіп, жалайыр ішіне сіңгенде шалқар дария жағасынан кетпеген еді мұның ауылы. Қырық үйлі ауылдың молдасы да, тәуіп-емшісі де осы жігіт ағасы. Бұл да сол «елу жетінші» баппен келген. «Халық жауы».

Бір адым алға, малғұн!

«Е, Тәңірім! Тағы неге душар қылмақ ойың бар?»

Хижраның 1312 жылы. Елу жетінші бап. Жиырма жыл.

Жап ауызыңды! Оңға бұрыл! Алға...

Сол күні қосақталған қазақ пен жөйттің бірінің оң қолына салынған кісен екіншісінің сол қолына тағылды. Алпамсадай тұлғасы арыған нар қазақтың жанында тапал бойлы құстұмсық бұйрабас жігіт інгенге қосақталған тайлақтай сүмең-сүмең етеді.

Апырай, құдай қоспағанмен қосаққа қоса тізілдік-ау, Ыбырайым. Бұлар бізді қайтер екен?..

Бір кісенге байланған екеу лагердің тау бөктерлей салынған есік-терезесіз тас қамалына қамалды. Зілбатпан темір есік сақырлай жабылып, жарықтан гөрі қараңғыға көздері үйренісіп қалған тұтқындардың жотасынан тірелген темір сүңгі дедектетіп, сүрінтіп-қабынтып, жықпыл-жықпыл дәлізбен түрме түкпірінен бір-ақ шығарған. Тас қамалдың тапал дәлізінен аттағаннан-ақ үйітілген құйқаның иісі Иманмұсаның қолқасын қапқан. «О, Тәңірім! Мынау неткен сасық иіс?!» Күйген терінің, не бықсыған жүннің иісі. Авраам рақаттана дем тартқандай.

Мал терісін ыстаған ба? Әлде, өртеген бе?

Аңсаған екенсің сен де! Тымырсықта ұзақ жатып қалған өліктің иісі бұл! Өлген кісінің жаны жаһаннамға аттанарда тәні осылай сасып, қоңырсып кетеді. Ей, мына көр-лақатта бір емес бірнеше мәйіт жатқан сияқты ғой...

Қосақталған қазақ пен жөйттің көзі әбден үйренгенде өздері енген түпкі бөлменің қос қабырғасы мәйіттен қаланғанын аңдап, өкіре қашқан кері қарай. Жендеттің сүңгісіне де қарамады. Сыртқы есікке барып тірелген.

Қайт кейін!

О, Алла! Алла! Көрмегім осы ма еді?!

Ыбырайым өз құдайына сыйынып, сарнап жылап кетті. Сүт пісірім уақыт өте екеуі де солықтап басылған. Сол кезде сыртқы есік те сарт-сұрт ашылды. Бір топ жендет ішке енген. Тізерлеп отырған қос тұтқын орындарынан атып тұрып, тысқа ұмтылғанда, бірден таяқ астында қалды. Жарты сағат таяқ жеп, естерінен тана бере мұрындарына жеткен ащы нашатыр иісінен қайыра ес жиысты.

Сілімтіктер! Бір ай бойы адам етін жеп келіп, енді қорқып тұрсыңдар ма?

Иманмұса қайыра шалықтай берді. Авраамның көзі шарасынан шыға, жүрелеген қалпы қатты да қалды...

Қарғыс таңбасы басылған тағдырға көнгеннен басқа шара жоқ! Бір кісенге тізілген қос бейбақ сол күндерден бастап, мәйіт соятын қасапшыға айналды. Екеуі де апта бойы көнбей, таяқ астына алынып, ақыры аштықтан тұралап өлімші болғанда ауыздарына құйылған спирттен естері мәңгіп, шала піскен адам етін қарбыта асаған. Көзіне ібіліс елестеген еді қазақтың, жөйттің жүрегіне шайтан ұя салған. Анығы — екеуінің де естері ауысып кеткен-тұғын.

Ендігі тірліктері міне — әуелі әкелген бетте тәнін жапқан киімдері сыпырылып алынған өліктердің кеудесін жарады. Мәйітті шалқасынан салып, төстің етегінен сәл төменге пышақ ұрады. Ырсиған қабырғаларға жабысып тұрған теріге лыпыма селебе тиген бетте сасық иіс тұншықтырып, отырысып қалады бейбақтар. Төстен бір қарыс төмен кіндікке шейін тілінген көк етке бас бармақ сыярдай тесік жасалып, қабысып қалған ішек-қарынды жармай алу үшін ішке жел үріледі. Көк етті пышақ жүзімен сөккен соң, мал сойып үйренген қазақ оң қолын төс қуысына сүңгітіп жіберіп, қабырғаға жабысып қалған өкпені ажыратып, кеңірдектен уыстай ұстап, өңешпен бірге суырып алады. Борсыған сарысу сыртын қаптаған өкпеден қара қан ұйып, солып қалған жүректі арылтып, темір легенге жеке салады. Жөйттің кәсібі — абажадай темір пеште жанып жатқан отқа іріген ішек-қарын мен белгісіз ауыр дерт жеп, аштықтан шіріп, беріш басқан не соққыдан қан ұйып, қалпы өзгерген өкпе-бауырды салып, өртеп жіберу. Күніне жиырмашақты жүректі жармай алатын қос қасап өлекселердің өзге етінен жеуге жарамды жамбас пен сан етін мүшелемей шауып алып, терісінен ажыратып, пеш үстіндегі тайқазанға тоғытады. Керекті мүшелері алынған өлікті де екеулеп жүріп, пешке жұтқызады. Еті сойылған терілер жеке ыдысқа жиналады. Піскен ет иісіне мәңгіре масайып отырады әр кеш сайын екеуі. Көз алдары тұманданған қосақталған сорлылардың саналарын да тұман жапқан-ды. Күнде ертеңгілік бір-бір тостаған спирт пен су-суан енгізіледі темір есіктен. Түн ішінде шалықтап оянған екеуі таң бозында бір-бірін сүйретіп, есік аузында ояну да әдетке айналған. «Ет! Ет жейміз!» дейді Ыбырайым қырылдап. Қазақ қарқылдап күледі. Баяғы-ы-ыда атасы алғаш бауыздатқан қоңыр қозы маңырайды ойында. Кейде кісінеген ала айғыр боп арқырайды, тасаттыққа шалынған ақ қошқар, көк өгізше өкіреді өзі.

Кешкісін тағы ашылған есіктен жүрек салынған леген мен ет толы тайқазан әкетіледі. Ет — тұтқындарға тартылады, сыртын жаба қоңыр қан ұйып, қолқа тамыры салақтаған жүректер орталықтағы зертханаға — қанқұйлы ғалымдардың арам пиғылды зерттеулеріне аттанады. Орнына оншақты мәйіт — сол күні жан тәсілім еткен тұтқындардың тәні енгізіледі. Бұлар екеулеп жүріп, өліктерді өздерінің қасапханасының қабырғасына қалайды.

...Әлде, күз, әлде көктем. Күніне екі мезгіл сыртқа шығарылатын қос қасап өздерінің қарғыс атқан тірліктерінің соңғы күніне жеткен еді. Кешкісін шыққанда екеуі де ішке кіргісі келмей соққы жеді. Иманмұса өкіріп жылаған, көптен бері Алласы ауызына түскен. Ыбырайым да біресе күліп, біресе жылап, қосағын құшақтап, көрісе берген. Басы жарылған қазақ тірлік белгісін танытып, қалшылдап оянғанда, темір есікке сүйеніп жатқанын аңдады. Қылқынып барады екен. Ыбырайым мойынынан тас қылып құшақтап алыпты. Солықтап, күрсініп, діріл қағып жатыр. Ауызынан қан аққан. «Е, бейбақ! Кімін сағынған екен?» Кенет өзінің соңғы жарты жылдағы күллі тірлігі жадына ғайыптан оралды. «Алла! Алла!» деді күңіреніп. Ыбырайымның қолын ажыратып, орнынан атып тұрған. Әлгінде басына тиген ауыр соққы ауышқан есін қалпына келтіріп, жадын жаңғыртып, сана тұманын сейілткен еді. Қан-қан қолынан, киіміне сіңген адам қанынан, ішек-қарындардан жұққан жыннан жеркеніп, лақылдатып құса берді. Өкіріп, ұзақ жылады. Түн баласы құдайына мың мәрте жалбарынып, мына тозақтан құтқаруды сұрады. «Бірақ, мен тозақтың өзінде жүрген шығармын?! Тозақ отына күйгендердің жүрегін жуып, арулап көміп жүр емеспін бе?» Миына қадалған шаншу әнтек есеңгіретіп, талықсып жатып ұйықтап кетті. Түсінде ібіліспен шарап ішіп отырды. «Кел. Жұтайық мына балдан» дейді серігі. «Бал емес мынау, сайтанның сідігі» дейді бұл. «Мен енді ішпеймін. Татар дәмім таусылған». «Ха-ха-ха! Атау-кереңді ішіп алсайшы. Ей, жалмауыз! Сен де тозаққа барасың. Сені де бір қасапшы мүшелемей сояды. Жүрегіңді жеке алып, жерге бермей жиырма жыл сайтанның сідігіне салып, сақтап қояды». Жүрегі атқақтап соғып жатып оянған. «Мен адам сойдым. Топыраққа берілмеген, арулап көмілмеген аруақтарды қорладым». Адам етін жегені жадына оралғанда шарасыздықтан шалқалай құлады. Тас еденге басын тарсылдатып соғып, жанталасты. Бірақ, жан тәтті екен. Өлмеді. Жүрегі шым-шымдап сыздап, тас боп бүріп ауырып, ауызына қан дәмі келген. Тілін тістеп алыпты. Ұртына ұйыған қан толып қалғанын сонда аңғарды. Лоқсып, түкіріп қалғанда тістелген тілінің жартысы қоса кеткен. Езуінен шұбырған қан тоқтар емес. «Тілім кәлимаға келмейтін болды-ау! Иманымды кім үйіреді?!» Сүйретіліп, жүрелей отырған Ыбырайым сұқ саусағымен мұның қанды түкірігін түртіп, ішінде жатқан кесек етті — тілді шымшып ұстап, Иманмұса қолын қаққанша ауызына салып жіберді. Мылжаңдап шайнай бергенде, қазақтың жұдырығы шықшыттан тиіп, қырындай құлады.

Аауыыыайуатүіте.

«Аш ауызыңды, айуан. Түкір тез!» дегісі келген бұның. Жартысына жуығы қыршылып кеткен тілі икемге келмеді. Қос қолымен жөйттің ернінен ұстап, жағын айырмақ болған. Қатты күштегенде Ыбырайым ауырсына ауызын ашқанмен, тілді жұтып та үлгеріпті. Жанындағы қосағының айуанға, аңға, әлде, әлгі шайтанның, жалмауыздың өзіне айналып кеткенін ұғынды. Өзінің де...

Тамұқ түн еді. Жаны ауырып, жүрегі жерге тартып, сазып қоя берді. Ауызынан аққан қан да тоқтар емес. Мойыны ерек ауырлаған басын көтере алар емес мүлде. Бүк түскен қалпы жылай да алмай, күрсіне де алмай, санасына салмақ түсірген ауыр азапты ой мен қасіреттен еңсесі езіліп, отыра берді. «Өлу керек! Тозағы да жұмақтай шығар бұдан соң!» Жүрегінің түбіне шөккен иманының, жансебіл сенімінің жұқанасы да қалмапты. Көзі ашылмай, қос қабағы қосылар тұста әлдебір саңылау пайда болғандай. Айналаны сонымен көріп отыр. Кенет қарақұсынан да сызат саңылау білінді. «Е, есімнен танайын дедім ғой». Беймәлім халге ене бастағаны сәл жұбаныш берді. Бірақ, есі ауыспаған. Керісінше шүйде, жетесінен сыздықтаған саңылаудан іліп алған әлдене мұның тәнін ауада қалықтатып, түпкі бөлмеге әкеледі. Жүрегі жоқ екен дейді кеудесінде. Сүйретілген Ыбырайым да ширақ. Жөйт орнынан тұра бере есік аузындағы қос тостағанды да ала кеткен. Екеуі қиралаңдап барып, қасапхана үстеліне тақады.

Аққан қанға мына у ем болады, Иоанн-Мошэ! — деді есі қалпына келген Ыбырайым.

Ы-ы-ы!..

Ішінен «Атау-керем шынымен мына сайтанның сідігі болғаны ма!» деген. Салбыраған зілдей басын көтерместен үстел шетіндегі селебеге қол созды. Әдеттегідей. Екеуі қатар қозғалған. Екеуі пышақ алып, мәйіттің екі жағынан шыққан. Өзінің айуандық халіне еріксіз титықтай көнген Авраам не істерін білмей тұрғанда, Иманмұса кірпігін әзер көтеріп, кешкі серуенге шығарда үстелге шалқасынан салынған мүрдеге қарап, өкіре шыңғырып жіберді. Кеше кешкілік ішін тіліп, кеңірдегін суырып алып, өкпе-жүрегін ажыратуға әлдері келмей кеткен мәйіттің ішек-қарыны ақтарылып жатыр еді. Қалың қара шашы қаба сақалымен қоса ұйысып, жүдеу жүзін басып кеткен жанның көздері ашық. Өлгенде жабатын жан болмаған. Аласы аз жанары Иманмұсаға қадалыпты. Қырлы мұрыны зорайып шалынған. «Бауыры-ы-ем!» деді ыңырси зарлап Иманмұса. Онысы мүлде басқа дыбыс боп шыққан. Қасқырдың ұлығанындай созылыңқы, күңіреністі боп шықты. Ішін тартып өкірді есі түзелген қасапшы. «Бауырым, Тәңірбергенім!..»

Тәңірберген ағасы еді Иманмұсаның. Әке-анадан бір туған. Мұның қолына кісен түскенде істер дәрмені болмай аласұрып, шиті мылтығымен бір оқ шығаруға ғана шамасы келіп, қара атымен түнге сіңген ағасы еді. «Бауырым! Бақида бір кездесерміз! Қош!» деп айғайлай өкіріп кетіп еді. Енді, міне! Кездесті.

Мұздап қалған ағасының тәнін құшып, зарлап қанша жатқаны есінде жоқ. Ауызынан аққан қан ұйып, үстел үстіндегі ылыққан жынға араласа қатып қалған. Еңсесін әзер тіктегенде қос қолдап, тостаған ұсынған Ыбырайымды көрді.

Мә, Мошэ! Жұтып ал, жақсы болады...

Бұл шіміркенбеді. Өз қанымен бірге ішкі сарайын аралаған у қайғысын шайғандай. Ағасын арулап жерлей алмайтыны, өз қолымен кеудесін тілгені ойына келді. Кісенін сылдыратып, қос жұдырықтай жүректі уыстаған. Еппен өкпеден бөліп алды. Қолқаның тармақталар тұсынан кесіп, жабысқан тамырлардан арылтып, қос қолдап жоғары көтерді. Не істегісі келіп тұрғанын білер шамасы жоқ. «Аға!» деді. «Тәкем! Жалғыз сүйенішім! Ноқта ұстатар, бас ұстатар, бата баптатар, ардағым!» Мәйітті айналып, Ыбырайымды ертіп, пеш алдына барды. Ыбырайым өкпе-бауырды пешке атып ұрды. Бұл жүректі де отқа жұтқызбақ боп сәл ойланып тұрып, айналдырып қарай бастаған. «Адам жүрегі жұдырығымен бірдей болады деуші еді. Нар ағамның кеудедегі асылы-ай! Ат басындай!» Қолқадан тармақталған тамырлардың қос құлақшаны қапсыра төмендеп, бұтарланған күйі ерек быртиып, дертіп тұрғанын аңдады. Бездене біткен берішпен бірге тас боп қатып қалыпты. Пештің жабылмайтын аузынан шалқыған жалынмен әлгі тамырлар қозғалып тұрғандай боп шалынды. «Алла!» деді Иманмұса. Өз көзіне өзі сенер емес.

Ыбырайым, «Алла» деген жазу мынау! О, Құдырет! О, Жасаған Алла! Сұбхан алла!

Қошқыл қоңыр түске еніп, қатып қалған үлкен бүлдірген тәрізді жұмыр кесек еттің сыртын шарбақтай қатқан тамырлар өзара беймәлім ретпен жалғасып, тұтас жазу, түсініксіз таңбаларға айналған еді санасы сансыраған тұтқынның көз алдында. Күрт тізерлей отыра қалып, жүректі оңнан солға қарата айналдырып, тәспіқ тартар машығын ұмытпаған сорлы саусақтары кезегімен қыбырлап, еріні дірілдеп, Құран сүрелерін созды қасапшы. Кесілген тілі қазақшаға келмесе де, арабтың жұмсақ әуезді сарынына ере, көмейден төгілген зарлы дұғаны кедергісіз ақтарған. Жарты сағат зарлаған бейбақ, орнынан ғапыл атып тұрып, Ыбырайымға қарап, жөйттің қолында тұрған селебені алып, кенет шалқая бере өз алқымынан қиялай тартып, айналдыра орып жіберді. Тік тұрған күйі сылқ етіп, тізерлей отырып, кеңірдегі мен күре тамырынан атқақтаған қою қара қан тыйылғанда, шалқалап құлады. Әлгінде өзін өзі шалып, бауыздап жібергенде, оң қолындағы селебені тастай сала, ағасының жүрегін қос қолдап ұстап, кеудесінің сол жақ тұсына басып үлгірген екен. Иманын үйіріп, ағасының жүрегін тәспіқше тартып, дұға қайырған Иманмұса шалт қимылмен жан тәсілім ғып, шалқалай құлағанда денелі қазақтың салмағы басып кеткен Ыбырайым солға қарай теңселе шатқаяқтап, ашық тұрған пеш ішіне баспен кіріп кеткен-ді. Өкіре айғайлап жанталасқанмен, темір пештің жалмауыз аранынан шыға алмай тұншығып, әп-сәтте жалын құшағында жан тапсырды байғұс жөйт...

* * *

Адам баласы бабамыз Жұмақтан Жерге қоныс аударғаннан-ақ қапалы қарғыс арқалап келеді. Қара жерді қайыстырар салмағы бар қаншама күнәміз жүрегімізді сәт сайын сығымдап, солқылдата қанын сорар тамырымызбен тарап, тәнімізді улаған. Жүректің басына киіліп, сыртынан шеңгелдей уыстаған тамырлар біреу үшін Тәңірінің есімі сынды құдыретке ие болса, біреу үшін бүлдіргеннің сыртын шырмаған өрмекшінің торындай — шыбынын шырқыратпақ, жанын жалмамақ. Қайткенде де, жұдырықтай кесек етке басылған таңба маңдайдағы пешененің биіктен құйылған жарықпен зорайған зілмауыр көлеңкесіндей. Өз жүрегімізді былай қойғанда, қара жердің қыртысын тіліп, тәніне сойдитып қаншама таңба салдық. Абайлап қарап отырсаңыз, Жер шарындағы жағаларын жойқын мұхит шайған құрлықтар да адам жүрегінің сұлбасына ұқсас келеді екен. Сол жүректің бір тұсында кімнің қолымен жазылғаны белгісіз «ҚарЛаг» деген қасіретті таңба тұр. Бәлкім, адам жүрегіндегі жазу басқа емес, осы таңба шығар? Абайлап, тағы бір қараңызшы...

Иә, адам үшін қарғыс арқалап өмір сүргеннен ауыр ештеңе жоқ шығар! Бірақ, бірақ, сол ауыр жүк еңсемізді езіп, жүректің басына зілмауыр темір тәж сынды киіліп, міне, бәленбай заман өмір сүріп келеміз! Өлгенде ұрпаққа қалатын мүлік-мүкәммалдың шаңына жұғып, сырына көшіп, сол қарғыс та мирас болады. Олар да өз уақыты түгесілгенде, келесі буынға ұластырмақ. Соңыңда қалдырарың неғұрлым көп болса, әлгі зілбатпан жүктің де үлесі соншалық болмақ. Араны ашылған жалмауыздай жұтқыншағың бүлкілдеп, маңыңа қопа-қорыс жинасаң, түбі заман өзіңді жалмағанда тірлікте есесі кеткеннің қарғысы да саған артылмақ.

Араб каллиграфиясын меңгерген дәруіштер адамның жүрегінде «Алла» деген жазу барын айтып, жалғанға жария етті. Жүрек те — бір кітап. Әлгі ғалымдар оқыған таңба мұқабадағы жазу болар. Ол кітаптың аты ма, әлде, автор қолтаңбасы ма, бізге беймағлұм. Анығы — жүрек-кітапты парақтап оқымақ болған кез келген пенденің мұқабадан әрі аса алмай жүргені...





Пікір жазу