Дүр ененің тайпасы
немесе анаеркі дәуірінің азалы аңызы
(Хикаят)
Ұлы Ағашты алапат өрт шарпығалы Көктегі Оттың неше мәрте жанып-сөнгені Төбеқұстың есіне түспеді. Үлкен жартастан ағынға құлай өскен алып теректің шіріп, қуыстана біткен сусіңді өзегінің ішіне бүрісе тығылып жатқалы қашан. «Неге сөйлемейсің, Алып Терек?» Алып терек сықырлап, күрсінген болады. Оның тілін түсінуге де дәрменсіз еді Төбеқұс...
Ұлы Ағашқа түнек қараңғылықты жамыла аттанған тайпаның соңғы еркегі тура жиырма түн жоқ боп, Үлкен От басына оралмағасын, әбден үміті үзілген Дүр ененің тоғайға лақтырған алауы От маусымы қақтап-құрғатқан орманды айналасы бес-алты күн ішінде алапат өртке орады...
Ұзын судың кең қолатты алабын қоршаған Ұлы Ағаш мұндай өртті алғаш рет һәм соңғы рет көрді. Нешеме ғасыр сыңсып бітеу өскен ну жыныста алғашқы түні-ақ адасқан Төбеқұс, енді қайтып От басына оралмасын сезгендей, таң бозында тауып алған жартастағы жығыла өскен ағаш өзегіне төрт түнеді. Айға бесінші рет бас иер түні тағы да Ұлы Ағаштың Айлы алаңқайындағы елес-қыздардың биін тамашаламаққа аттанған. Ол жолы тағы адасып, уақыт есебінен жаңылды. Тек, әлдебір таңда жартас басындағы терек қуысында ащы түтін исінен тұншыға оянғанда, жынысты қалың от жалмап, өрт қаулағанын, «Егер еркектердің кері оралмас ізіне түсіп, От басына келмей қалсаң, жиырма рет Ай әуенін айтып болып, Ұлы Ағашты Үлкен Оттың киесіне құрбан етем» деп Дүр ененің өксіп айтқан сөзінің орындалғанын түсінді...
Енді бәрі де кеш-тұғын...
* * *
Алып От маусымының соңын ала тіршілік кенет салыңқы тартып, бірер күн ішінде айнала сары ала түске боянып шыға келеді. Сона-ау ұсақ шоқылары шымқаса, жымдаса тізбеленген апай төс алаптан бас алар қаптаған бұлақтар да жаз бойы біртіндеп тартылып келіп, айналасы екі-үш-ақ тәулікте сөңкеге айналады. Сансыз бұлақ-тұмалар жауын-шашын кезеңі бойы жердің тәнін сойдита тіліп, жықпыл-жыра атаулының тінін тітіретіп-қақыратып, ну жынысты алапқа армансыз жайылатын. Дөй даланың төсіне тармақтала тізілген мол бұйра бұйрат, тапал тау, тоқал шоқылардың қолат-сайларына ұйлығыса өскен неше мың жылдық Үлкен Ағаш суға әбден бөгеді. Әсіресе, аспанға жалпақ жалын күдірейтіп, мойырт мінезбен шөге жатқан Жыландыдан бастап, жауыр жоталы Жосалы, жеке-саяқ үрке үздіккен Жетімшоқыға дейін аралықта ерен сәнмен қапталдаса өскен ақ қайың, сары теректі тоғай мүлде суға шылқиды. Терең сайы, ашық алаңқайы, ойыс ойпаты сол судан жаз бойы құрғамай дымданып жата береді. Шалғыны да шүйгін, жеміс-жидегі орасан мол өлке.
Дүр ененің тайпасы Ұлы Ағаштағы алаңқайдың өкпе тұсына дөңгелете тіккен қонысын тастап, таудағы үлкен үңгірге тығылғалы да қаншама уақыт өтті. Ілкіде сіркіреп сирей тамған тамшылар көкті құрсаулаған бұлт тұтасып, қатпарлана қалыңдаған сайын молайып, ұзақ-сонар сең көшкінге айнала берді. Әредік лекіте нөпірлеп, бір сәтте бұйра-бунақ бұлтты жойқын жел сілкіп қап, тамшы топанын жерге тұтасымен бүркіп жібергендей болады. Көктегі Оттың жылуы қалың бұлт, тұтасқан сұп-сұр дымқыл мызғымас мүлтті көктеп өтпей, көрер көзден таса болғалы да қашан. Жұлдыз да жоқ, Ай да жоқ. Көкжиекті көлбеген тұнжыр таулар кенет алыстап, кеңістік шымқай сұрқай бояуға тұншыққан. Жосалының жапсарына жанаса қонған қатпар әжім маңдайлы дүлей таудың ұшар басына қарайғы қынасыз жалтыр тасты жақпардың құларман боп біткен етегінен үлкен үңгірдің үрейлі кіреберісі үңірейіп тұр. Жай уақытта сырт көз мүлде елеместей тұмшаланып, тал-бұта, жапырақтармен көлегейленер үңгір аузының дәл бүгін ашық аңқайып жатуы тегін емес. Бұл — жауын-шашын кезеңінің аяқталып қалғандығының, От маусымының басталатынының белгісі. Үңгір аузындағы ебедейсіз ергенекті шетке ысырып тастаған тайпаның от иесі Кәрі тіс әже. Өзі сол ергенектің астына бүрісе жайғасып, тілім-тілім ерні жыбырлап, әлде үрей, әлде зор қуанышқа толы көздері шарасынан шыға сұр бұлтты, сұр көшкінді аспанға телміріп отыр. Ол мұнда түн ортасы ауа үңгір ішін күңгірлете нажағай ойнап, Күн күркірегенде ақсаңдай басып жеткен. Тумысында аз ұйықтайтын, талып-қажу дегенді білмейтін қатпа кәрі әруей бұл түні де тым сергек мүлгіген-тұғын. Ендігісі міне, нажағай дәметіп, кәрі аспанға телміруде. «Ұзын Қайың, Сары Терек, сендер біздің кәрі шешелерімізбен бірге талай мәрте аппақ Айға бас игенсіңдер. Көктегі Оттың жарығымен аспанға алақан жайып, немереммен де бірге өсіп келесіңдер. Отты шыбықтың қызуын тарта көріңдер бойларыңа. Немерелеріме жылу керек, от керек. Олар сендердің де немерелерің. Мен де сендердің қыздарыңмын». Кәрі тіс тоғай алабындағы қалың ағашпен тілдесіп отыр әредік. Қалың орман да шуылдасып, құптайды оны...
Бұдан әлденеше заман бұрын, ұмытпаса, үлкен үңгірде әлде, жиырма, әлде он тоғызыншы рет қоныс жаңартқан жылы қою түнде күркіреген отты дабылдың күңіренген үнін естіп, жылы орнынан тұрып, ергенекті жұлқа ашып, көкке телмірген. Ол кезде қою қолаң шашы жотасына жалдана жығылып, тілерсегін қайшылайтын. Қап-қара, қап-қатты ерек еді. Сол кезден бері ергенек астына жайғасып, ұзын шашын беліне бекем орап, Отты дабыл үнін және естімекке ынтығып, ыңылдап От әуенін салып келеді.
Қара түннің қойнауынан шыққанбыз,
Отты дабыл, сенің үнің тым күшті.
Отты дабыл, сенің үнің тым күшті.
Сенен жылу, сенен жарық сұраймыз.
Қара үңгірдің қойынында туғанбыз...
Дәл сол жылы болса керек, қап-қара түнерген бұлттар мұнартқан тауларды жаныштаған алыс көкжиек жақтан жарқ еткен Отты шыбықты, лып еткен жарықты бір ғана сәт байқаған. Сәлден соң күтір етіп көк қаусағандай қаһарлы дабыл денесін дір еткізді. Бұл От әуенінен жаңылып қалған-тұғын. Дір-дір етіп, тісі-тісіне тимей үрейленіп отырғанда, Отты шыбық қара бұлтты және бір осып өтті тура көз алдында. Жосалының қыр арқасына қадала өскен қарағай қақ айырылып сұлаған. Ауа өзіне етене жақын от исіне, лаулаған жалын, бықсыған күңірсік түтін исіне толып кетті. Әлде, қуанып, әлде, қорқып, қалш-қалш етіп, түк басқан салалы саусақтарымен жас жуған жүзін жасырып еңірей берген. Келесі сәтте тайпаның барша әлеуетті әйелдері үңгір аузына топталып, От әуенін айғайлап айтып тұрғанын аңғарды. Ергенек астынан бұл да шығып, еңсесін тіктеп, үрейге, үмітке толы әуенге қосылып кетті:
Қара түннің қойнауынан шыққанбыз,
Отты дабыл, сенің үнің тым күшті.
Отты дабыл, сенің үнің тым сұсты.
Сенен жылу, сенен жарық сұраймыз.
Қара үңгірдің қойынында туғанбыз...
Ее-һе-ей, Ее-һе-ей,
От ене, ее-һе-ей, От ене...
Одан соң қаншама от тұтанды...
Аспандағы үрейлі бұлттарға да жалынады тайпаның От иесі. «Ей, аспан балалары! Сендерге Үңгір енем өрбіткен тайпаластарым атынан өтінем, Отты шыбықты өз жоталарыңа дарытпай, Ұлы Ағашқа босата көріңдер. Менің немерелерім тоңып қалды...»
Биыл Кәрі тіс әже өзінің соңғы Отты маусымы екенін сезеді. Ішін бір үрей үңгіп, алаңы көбейген. Түсінде де үнемі сонау балғын кезін, одан кейін От иесі атанып, бір тайпа тұқымның түтінін түзу түтеткен әлеуетті шағын, жеті-сегіз еркекке дес бермес деген кездерін кешіп жүреді. Әр түн сайын ертеректе көрген түсі жалғасып, тым әрі-әріге, өзі қайдан, өзгелер қайдан шыққанын білмес, күңгірт беймәлім кездерге көше береді, көше береді. Түбі сол есіне түспейтін ескі кездерге еніп, оралмай көшіп кететінін аңғарады және оның тап биылғы Отты маусымда болатынын анық сезеді.
Кәрі тіс әже ыңылдап ыңырсып, өз ой-орманында адасып отырғанда алыс мұнарлар арасында лыпыған сәуле жүгіріп, тұтасқан бұлттар тіні сөгіліп жатты. Күңгірлеген дабыл дауысы талып жеткенімен, сілбірей сыңсып, күллі даланың иінін түсірген қалың жауын тыйылатыны байқалады. Жауын-шашын маусымы қарсаңында үңгірге енгізілген құрғақ отын таусылғалы да біраз уақыт өтті. Соңғы Ұлы Терімде жиналған қорек те азайып, көк жасық сусіңді тамырлар мен нәрсіз құрақ-жапырақтарды талғажау еткен қырық қаралы тайпалас осы атты күнге «шықпа, жаным, шықпалап» әзер жеткен.
Енді әрі кетсе бір-екі күн өткен соң-ақ зілмауыр бұлттар көктің төрін айғыздай жөңкіліп, Отты дабылдың сұсты үнінен тырағайлап қашып, аспан тазарып сала береді. Әне, сол кезде қаншама күндер-түндер бойы бүрісе тығылып, аппақ Ай мен көктегі Отты сағынып, үрейге жем болған әйелдер тайпасы үңгірді тастап, алып От маусымына қадам басады. Оған дейінгі аз ғана уақытта Кәрі тіс әже көктен көзін алмай телміріп, отты шыбықтың жерді осып, алау тұтатар сәтін күтуі керек. Көктегі Оттың жерге қадар шыбығы қай маңға түседі, сол маңды от иесі тап басып тауып, тайпа отын түтетуі керек. Бұл тіпті де оңай емес. Көктің тоңы ыдырап, аспан ойдым-ойдым көк бояуын, күн сәулелерін төккенмен, дымқыл ауа әлі де сыз тартып, жер бусанып, бу ыдырап, торғын тұман төңіректі тұмшалайды. Бірақ, бұл да ұзаққа ұласпай, ауа тазарып, тымырсық желсіз күндермен алмасады. Бұл екі арада жер батпақтанып, даланың жасыл тәні сарғайып, қара-қоңыр топырақпен лайлана араласып жатады.
Кәрі тіс кенет іргедегі ергенектің етегі түріліп, әлдекімнің бүгежектеп тақап келе жатқанын байқады. Сәл ығысып, орын босата бере, тоңқаңдап тақап қалған әйел емес, еркек екенін байқады да, ызбарлы көздерімен сестене жалт қарады. Анау оған қыңған жоқ. Қайта жалбыраған шаштары арасынан жайнақ көзі жарқырап, ақсия ыржиып қояды.
Әйелдерден бұрын еркектердің тысқа шығуы ырымға сыйғысыз, кешірілмес жайт. Мұны тайпабасы байқаса, дереу жазалайтыны аян. Бірақ, бұл келе жатқан Дүр ененің ұлы Төбеқұс. Төбеқұстың кіндік шешесі мына отырған Кәрі тіс әженің тап өзі. Ендеше ол кімнен қаймықсын! Дүр ене алғаш тайпабасы боп сайланған жылы жүкті боп, үңгірге келіп, өмірге осы Төбеқұсты әкелген. Кәрі тіс Төбеқұстың басын тасқа тигізбей, көтеріп ап, жапыраққа ораған. Одан кейін де оншақты рет үңгір аузы қармен қымталды. Сол Қарлы қыстарда Төбеқұсты жылытқан Кәрі тіс әжесі.
Кәрі тіс Төбеқұсқа ысырыла орын берді. Төбеқұс жайғаса бергенше болған жоқ, көз алды жап-жасыл отқа толып кетті. Зәресі ұшып, дәрмені құрып, әруейдің қойнына бір-ақ сүңгіген. Анау да әзер отырса керек, тас боп қатты да қалды. Аспан асты, жер үсті шатыр-күтір алапат үнге толып кетті. Көк қарс айрылып, жер байғұс аунап кетіп, құрдымға құлап баратқандай әлемет бір дүние. Басын бұрып көкжиекке қараған От иесі Отты шыбықтың Жыландыға таман алыс мұнарлар арасына қадалғанын аңдады.
Алыс, тым-тым алыс, - деді күбірлеп, — Ол маңға жеткенше оттың түтіні де қалмайды...
Сенен жарық, сенен жылу сұраймыз,
Отты дабыл, От ене!
Әлде, түн, әлде, күндіз. Мұнартқан жапанда жалғыз отыр екем дейді Кәрі тіс. Жап-жалғыз. Жан серігіндей болған Төбеқұс та жоқ. Үңірейген үңгір де ізім-қайым. Аспан қайда, жер қайда?! Маңына бажайлап қараса, бұлтиған бұлтқа мініп кетіпті. Апыр-ай, дейді, бұлттың үстіне жайғасқанмын ба? Төменге үңілсе түк көрінбейді. Кенет қолына әлдене ұстап отырғанын байқады. О, ғажап! Отты шыбықты өз аса таяғындай серт ұстап, бұлтты сапырып отыр екен. Бір мезетте бұлттар тым-тырақай жосып жөнелді. Бұлттар ыдырағанда төменде алақандағыдай боп жер жазылып жатқаны көрінді. Жер жарықтық. Жөңкіліп жақындап келеді. Әне, бұйраланған Жосалы жоталары. Дүлей таудың шодырайған шекесі Көктегі Отқа шағылып жалтырап тұр. Үңгірдің ауызы ергенекпен бітелген. Ендеше Дүр ене бастаған тайпа ормандағы қоныста болар? «Апыр-ай» деді Кәрі тіс. «Отты шыбықты топыраққа қадамап еді-ау. От орны белгісіз, тайпа қайда сонда?» Сол-ақ екен астына бөктерген бұлтың бұлт Ұлы Ағаштағы Айлы алаңқайға қарай жөңкіді. Кәрі тіс енді ес жиды — Отты шыбық өзінде екен. Бұлт бұлтың-бұлтың етіп жерге тіпті тақап келеді. Енді қайтпек?! Жан-дәрмен жанталаса бұлтты от өріммен осып-осып жіберді. Астындағы бұлт шіріген ергенек құрлы болмай, ыдырап, тоз-тоз боп кетті. Енді өзі ғана тізерлеген қалпы төменге құлдилап келеді. Төменде Дүр ене, Төбеқұс және басқа тайпаластары От әуенін айтып тұр екен. Бұл Отты шыбықты қос қолдап ұстаған бетте зымырап жерге қарай ағып келеді. «Кетіңдер» дейді бар даусымен, «Кетіңдер! Қашыңдар алыс. Отқа ұрынасыңдар». «Өзің ше?» дейді төмендегілер, «Өзің өртеніп кетесің ғой» дейді олар жанұшыра. Сонда ғана аңдады — Отты шыбықты тас қып құшақтап алыпты. Өмірі мұндай ыстықты сезбеген болар. Жан-тәнімен еріп, лапылдап келеді екен. Жібере салғысы келеді. Мүлде мүмкін емес. Төмендегілер де қашпайды. Бәрі аңтарылып бұған қарап қалған. Бұл жерге мүлде жақындап қалған сияқты еді, әлі жете алмай заулап келеді, заулап төменге ағып келеді. Кеудесін керіп, дем алайын десе, от жұтады екен. Мұндай ыстық болар ма еді! Кенет ақ қайыңдардың жел тербеген бастары көз алдына келді. Бұл бір қолын босатып ап, ағаштардан қарманайын десе, ұстаған бұтақтары лезде күл боп жанып кетеді. Кенет өзі де лап ете қалды. Күйдім-ау дейді. Жоқ, күймейді екен. Керісінше, рахаттанып, белгісіз, бұрын кешпеген ләззатқа шомып барады екен. Көзін ақтық рет кең ашып, айналасын, ашық аспанды, түпсіз ұлы Көк аспанды, От атаулының анасы Көктегі Отты жанарымен аймалағысы келді. Тіпті, үрей тудыратын бұлттарды, одан өретін қап-қара көлеңкелі Түнді де көріп кеткісі келген. Бірақ, көзі жоқ екен. Жоқ болғанда, қайда қараса да, тек Отты ғана көреді екем дейді. Төмендегілер От әуенін шырқап тұрды. Кәрі тіс Отты шыбыққа айналып кеткен екем дейді.
Қара түннің қойнауынан шыққанбыз,
Отты дабыл, сенің үнің тым күшті...
Нажағай жарқ ете қалды да дүлей таудың тура бөктеріндегі Айлы алаңқайдан сәл әріректегі ұзын алып қайың лап етіп тұтанып, шарт сынып көкке атылды. Бүткіл тоғай қолаты жап-жасыл отқа шарпылып, күтір еткен кәрі аспан жерге жүрегімен соғылып күл-парша сынғандай болды.
Кәрі тіс мүлгіп кеткен екен. Төбеқұс «әже, әжелеп» жұлқылап оятқанда, созалаңдап орнынан тұра келе дүлей таудың теріскей бөктерін тіке көлбеген кең алаптағы мүлгіген тоғай арасындағы ең алып қайыңның отқа оранып, қою түтінді көкке ата жанып жатқанын көрді. Үңгір аузына топтала жиылған әйелдер қуаныш пен үмітке, үрейге толы үнмен От әуенін шырқап тұр. Кәрі тіс өң мен түсті айыруға дәрменсіз еді.
* * *
Сол күні үңгірді тастап, ну жыныстағы Отты шыбық өртеген алып қайыңға аттанған тайпаның бес-алты мүшесі ұзақ ұйқыдан оянбай қалды. Он әйел мен он сегіз еркек тау бөктеріндегі құрғақ, ықтасын жерге кемпірлер мен жас балаларды қалдырып, үлкен жауын-шашын кезеңінде тасыған топан әлем-тапырық, астаң-кестең еткен орманды көктеп, жаңа қоныстарына қарай бет түзеді. Бір қарағанға, ол маң жақын. Бірақ, тұтасқан қалың ну толағай топан топалаң еткесін, мүлде аяқ басқысыз: жер батпақ, ағаштар бей-берекет сұлаған, жиі бағыт алмастыруға тура келеді. Кейде жүз жасаған теректердің көктегі оттың сәулелі саусақтары дүние жаралмағалы сипамаған қараңғы қапас қойнауы адастырып кете жаздайды. Кәрі тіс бағытынан жаңылмайды бірақ. Енді бір сәтте алдан отты шыбық жайпаған маңайдың ағаштары жанып-бықсып жатқандығының хабаршысындай түтін иісі жетті. Қоп-қою ащы түтін. Әбден сусіңді боп шіри бастаған ағаштар ысылдап-пысылдап, көк қою түтінді лоқсып-лоқсып жібереді. Ағаштардың басын шулатып жел жүйіткігенімен, төменде тымырсық. Үп еткен ауа қозғалысы жоқ. Қою түтін жер бауырлай жайылып, жылтыраған жалынның тілі әзер көрінеді. Топ алдында келе жатқан Дүр ене кілт тоқтап, сол қолын көтерді. Кәрі тіс соңында келе жатқан Төбеқұстың иығына секіріп мініп, одан жоғарыдағы теректің иір бұтағына жармасып, жылдам өрмелеп, лезде биіктеп кетті. Мұнысы анық желдің бағытын білу. Кеше ғана қаусап, қартайып отырған от иесі бүгін ерекше жігерлі. Аласы көп көздері ұшқын ата ойнақшиды. Жел дүлей таудың қыр желкесінен бағыт алып тұр екен, демек, олар әлі әлсіз жанған оттың ық жағына шығып, тасқын сындырған, сел ағыс айдап әкелген ағаштарды отқа сала беруі керек. Ондағы мақсат отты сөндірмеу. Ол үшін топ үшке бөлініп, біразы жапырағы түсе қоймайтын саласы біртекті ұзын өскен құрғақ терек таңдап ап, түтінді сейілте, отқа желпумен айналысады. Екіншілері ағаш бұтақтарын сындырып, отқа тасып салып отырады. Қалғаны түтінге тұншықпай күш алған от межелі жерден асып, бой бермей кетпес үшін сынған ағаштардан тазарған маңдағы тамырынан ажырамай көктейтін бұталардың бұтақтарын сындырып, жалын тілі жетпестей етіп, сиретуге тырысады. Бұлардың әрекетіне Кәрі тіс басшылық етіп, бақылап отырады. Кей жылдары екі-үш күн жанталасып жасаған әрекет зая кетіп, сығырайған әлсіз алау түтінге тұншығып, бықсып-бықсып сөніп қалатын. Кей жылдары арындаған алау тайпаның ырқына көнбей тұтас орманды отап кететін. Сол үшін де Кәрі тіс тайпаластарына оттың айналасынан үлкен шеңбер жасай қоршап, ағаш арасын неғұрлым сирете түсуге күш салды. Әуелі отқа тез құрғап жанатын шырпы-шыбықтар, қау жапырақ, құрғақ құрақ тасталып, бұтақтар кептіріле бастады. Алаң сыртында қалар ағаш бастары сыртқа майыстырыла тартылып, әріректегі ағаштарға байланылып тасталады. Алаң ішіндегі ағаштар да осы тәртіппен байланды. Әу баста Отты шыбық түсіп, тұтанған алып қайың желпуіштер көмегімен маздап жана бастағанда, су бұтақтарды кептіріп жүрген от жағушылар тұтанған бірнеше ағашты алаңның әр шетіне таман үйілген құрғақ қауларға таси бастайды. Әрі оларды да желпіп, отты қаулата түсті. Біраздан соң тау бөктерінде қалған оншақты бала мен кемпірлер де жеткізілді.
Аумағы кең алаңқай өртеліп тазартылғанша, от жылуын, түтін иісін сағынған тайпаластар алаңның әр тұсына топталып, екі-үш тәулік отқа телміреді. Қаншама заман қалыптасқан дәстүр бойынша маңайдан сынған тал-бұта жиналып, алаңнан сәл алыстау үйіле береді. Қоныс әбден тұрақ-жай жасауға дайын болғанша алып От маусымында тайпа алауын сөндіріп алмас үшін мол қор жасақталады. Күні ертең Ұлы терім жыры шырқалып, От иесінің жалынмен жандасып, Ұлы би түнгі болжамы айтылған соң Дүр ене бастаған ересектер алғашқы терімге алыс-алыс қиырларға аттанады. От басында Кәрі тіс және екі-үш еркек, терімге жарамсыз ұсақ балалар мен кәрі-құртаң кемпірлер ғана қалады. Ол кезде ешкім де алаңқайдан аттап баспайды. Жауын-шашын кезеңінен қалған азықтарды дәтке қуат етіп, әр күн сайын Көктегі от ағаштардың басына шыққанда ғана От иесі бастап бұлаққа су ішуге барады. Онда да отты иесіз тастамай еркектердің бірін күзетке қалдырады. От маусымының алғашқы ширегінде шөлдеп қаталау аса көп бола қоймайды. Алаң маңында әлі де сусіңді ағаштар мен тамырлар көптеп кездеседі. Тамырларды топырақтан суырып алу да оңай, таңғы шық та қалың түсетін кез. Ал терімшілер оралғанша құрт-құмырсқа тіріліп, от маңынан алыстау мүлде қажетсіз боп қалады. Маусымның дәл ортасына қарай бұлақ не өзенге дейінгі аралықтағы тал-бұталар да отынға айналып, алаңқай кеңейе түседі.
Алаңқай әбден өртеліп тазартылған соң ортадағы Отты шыбық қадалған ең үлкен алауға ағаш үйіліп, өзге от орындары тып-типыл тегістеліп, сөнген күлдер үлкен тайпа алауы маңын қоршай төгіледі. Кейін үлкен алаудың күлдері осы алғашқы күл астына көміле-көміле әжептәуір биік, отыруға да, түнде жатып ұйықтауға да ыңғайлы орын пайда болады. Көктегі от Жосалының жотасына жасырынар сәтте от иесі алауды ұзын асасымен көсеп, жанып бітіп, күлге айнала бастаған шалаларды шетке ысыра береді. Балалар әлі суый қоймаған күлді өздері жататын тұсқа таласа-тармаса үйеді. От иесі болса, ең өжет, әрі шыдамды баланы өз себетіндегі нәрлі жеміспен марапаттап, ынталандырып қояды.
* * *
Жылдағыдай емес, биыл тайпа қонысы орманның ең бір қалың жынысты, көкке ұмтыла биік өскен тұсынан тиді. Сондықтан да, Кәрі тіс алаңқайды кең алуға тырысқан. Оншақты жерден жанған алау да тура бес күннен соң барып, алаңды әзер тазартты. Осы уақыт ішінде отқа ентелеген тайпаластар күндіз де, түнде де аспанға бір қарамай, тек От әуенін ғана айтып жүрді. Таудан түсер таң әлетіндегі үрейлі түстің әсерінен әлі айыға алмаған Кәрі тіс қана мазасызданып, нешеме уақыт көрмеген Көктегі от пен бозарып толған Айға, сансыз жұлдыздарға қарап, өзінің жаңа жырын, жаңа болжам-жорамалын әм соңғы жорамалын іштен түйіп, түйіліп жүріп алды. Алаңқайды әдеттегіден кең алғанын ескерткен Дүр енеге де ашылмай, қыстығып, Ұлы Би түні тақаған сайын дегбірі қашып, өмірі кешпеген жан толқыныстарымен әуреленіп, бөлекше қатайып кетті.
...Ол кезде Кәрі тіс әлі балаң қыз болатын. Оны тайпаластары да Кәрі тіс деп атамай, Ай анасы берген Әсем қайың атымен атайтын. Дүр ене әлі өмірге келмеген де. Ақ жалын кемпір отқа өртеніп кеткен жаз еді ғой. Дүлей таудан түскен қырық қаралы тайпалас Айлы алаңқай іргесінде қоныстанған. Тайпабасы Ақ жалын айтқан болжам да есінде.
Қара түннің қойнауында туғанмын,
Қара түннің соңына еріп кетермін.
Менің атым — Ақ жалын!
Аппақ Айдан сүтін іштім анамның,
Аппақ Айдан соңыма ерген Қара елес.
Шошытпашы баламды!
Қара үңгірге ене алмайды ол елес,
Қара түнде шошытатын ол емес.
Көктегі оттан соңыма ерді сол елес,
Оның аты Көлеңке!
Айлы түнде неге келдің, Көлеңке?
Менің ғана мекенім ғой иен өлке!
Кет, аулақ! Аулақ!
Немерімді шошытпа!
Немеремді қорқытпа!
Айлы түнде құшақтарсың ұлымды,
Айлы алаңға бастаймысың ұлымды...
Менің ғана мекенім бұл ен өлке!
Аулақ, аулақ, Көлеңке!..
Е-һе-һей! Е-һе-һей!
Ақ жалын кемпір алауды айналып билегенде Көлеңке соңынан еріп, қосыла билеген. Ол қалт тоқтағанда дір-дір қағып, оттан қорқып ығына тығылған. Отырса, отырады. Тұрса, ол да тұрып, қоса жүгіреді. Бірде бүк түсіп, қорқып отырған бұған Ақ жалын тақағанда қоса жеткен. Әсем қайың ыршып түсті. Күл үстінен құлап, көзін тарс жұмып жатып алған.
Менің келіп ішіме түс, Көлеңке!
Оттың келіп ішіне түс, Көлеңке!
Қара ағаштың ішінде ғой мекенің,
Кет, кет! Аулақ!..
Бұл орнынан тұрып, күл үстіне қайыра шыққанда Ақ жалын ұзын асасын қолына алып, Көлеңкені ұрғылап жүр екен. Жерге жатып ап, жанталасқан Көлеңке де бұл құсап, үнін шығарар емес. Ақ жалын секірген сайын ол да қашпақ болып, кемпірдің табаны жерге тигенде қайыра созылып жата қалады. Тайпаластар Би түні бойы алауға кезегімен от салып, елеспен алысқан елтінің әр сөзін қалт жібермей тыңдап отырған. Көп жаңа сөздер айтты сол күні Ақ жалын. Аһ ұра айғайлап, аласұрып, ақыры аппақ Ай Жосалыдан әрі асып кете бергенде, қалт тынған. Асасын басына қос қолдай көтеріп, ортадағы отқа қарады. Көлеңке де қалт тынды. Ақ жалын бір басып, екі басып, отқа тақаған. Көлеңке бүрісіп, жиырылып қалды. Кенет бар даусымен қарқылдай күлген Ақ жалын аспанға тік қарғып, тура оттың ортасына топ ете қалды. Көлеңке де кемпірмен бірге секіргенде отқа оранып зым-зия боп кетті. Сол сәтте-ақ Көлеңкенің отқа жұтылардағы ащы зары, Ақ жалынның қарқылдай күлген дауысымен араласып, орман іші азалы үнмен жаңғырыққан. Сосын, сосын от ішінен белгісіз бір иіс мүңкіп, Көлеңке түтінге айналып аспанға ұшып кетті. Ақ жалын кемпір Ай жаққа кеткен еді. Әне, Айдың тура үстінде өрмек тоқып отыр. Ал, Көлеңке... Көлеңке бұл есейгенде қайтып оралды. Әлі күнге соңынан қалар емес. Мұның бар істегенін қайталап, тек бұл қара орманға кіргенде ғана от басында қалады. Айлы алаңқайда ғана мұны басқа Көлеңкелер қарсы алады. Ол елестер мұның өз көлеңкесіндей емес, дауыс шығарып, оны жабыла қайталап, таза естен тандырады. Сол Ақ жалын кемпір Ай жаққа ұшқан жазда бірнеше еркекті Айлы алаңдағы елестер алып кеткен болатын. Кейін тайпадағы еркек атаулыны үңгірден шығармай, Айлы алаң жайлы аңызды ел әбден ұмытқанда ғана Ақ жалын кемпір жиі-жиі түсіне енген мұның. «Мен оттың ішіндемін» дейтін сол әжесі. «Оттан алыстамаңдар! Көктегі оттың да өшіп қалмауын байқап жүріңдер. Көлеңке Айлы алаңқайға өз тайпасын бастап апарған. Еркектерді жібермеңдер онда. Барсаң От ала барып, өртеп жібер! Әйтпесе, тайпаңды тегіс жалмайды көлеңкелер». Сол маусымда Айлы алаңқайға жапсарлас қонған тайпадан төрт-ақ адам үңгірге оралды. Одан бері Көктегі от та қаншама мәрте жанып-сөнді. Үңгірге енген бұлардың тайпасы да молайып, соңынан ерген шөберелері де бой жетті. Ал, биылғы маусымда тағы да сол Айлы алаңқайға жақын қоныстануға мәжбүр болған. Көктегі оттың бұларға жіберген Отты шыбығы осында әкелген. Айлы алаңқайдағы елестер туралы аңызды өзі де ұмыта бастапты.
...Ертеде, өте ертеде, Көктегі оттың әлі тұтанбаған заманы болыпты. Жо-жоқ, тұтанған, сосын, ұлы селдің күшімен өшіп қалған уақыты болыпты. Қасиетті қара орман, Ұлы ағаш жермен-жексен жапырылып қалған екен. Аспан, Көк аспан қап-қара боп түйіліп, жерге жабысып қалыпты. Мұның әжелері тек етпетінен түсіп қана жүре алады екен. Тізерлеп отыра алады екен тек қана. Бұлардың тайпасында бірер әйел ғана қалып, еркектер бойын тіктемек боп, аспанның зіл салмағына жаншылып, көкке ұшып кеткен деседі. Сонда қара үңгірдің іргесіне келіп, төрт аяқты бөрінің баласы көкке кеткен енесін жоқтап, аспанға қарап ұлыған дейді. «Ау-у-у-у-у-у! Уа-у-у-у-у! Уа-а-а-а-а-а! Ау-у-у-у-у-у!» деп жылаған дейді бөлтірік. Қаншама уақыт үңгір іші мен жермен-жексен болған орман ішін осы үн жаңғырықтырған. Бір күні бөлтіріктің тасқа шағылған үнінен ұшқын ұшып, от тұтанып, дүлей таудың етегі жалынға ораныпты. Содан соң аспан да биіктей берген. Әуе де ашылып, орманнан шыққан өрт Көктегі отты тұтатуға сеп болған-мыс. Үңгірден мұның әжелерінің бірі алғаш шығып, көкке қарап жылаған бөлтірікті қысып қойнына салып, сүтін ішкізіпті. Кейін Бөрі жігітке өз қыздарының бірін берген. Содан тараған ұрпақ қазір орман ішінде де, алыс сулар жағаларында да көп екен деседі. «Бірақ, біздің тайпа неге көбеймейді? Ал, осы маусымда таза құрып кететінін мына сіңлілерім мен қыздарыма қалай айтамын?!» Бөрі жігіт үңгірді тастап кеткен Жауын-шашын маусымы соңында тайпа алғаш рет тұтанған отқа жылынып, демеу тапқан екен. Сол жылы Айлы алаңқайға қоныстанған тайпаның біраз балғын қыздары алаң ортасындағы бұлақ батпағына батып кеткен. Қара жердің адам жұтатынын алғаш көрген әйелдер тайпасы ол алаңға енді бармасқа, алаңқайдағы көлеңкелерді енді көрмеске серттесіпті. Айлы түндері әлгі алаңда елес-қыздар билейді екен. Иә, бұл көрген сол елестерді. Аппақ Айдың жүзінен тозаңытқан сәуле төгіліп, әлгі алаңды бозамық шуаққа шомдыратын. Тоғай ішін тінткен жел де кенет тынып, Ай сәулесінің сиқырына арбала солықтайды. Күрсінген кәрі терекке сыңсыған қайың қосылып, жылаушы еді. Алаңдағы бұлақтан басын көтереді бір елес. Айға қолын соза, аппақ шашын көкке жаяды. Сосын, сыңқ-сыңқ күліп, әлде жылап, бойын тіктейді. Боз толқынды шаштары Айға дейін жетеді шұбатылып. Қос қолын да еппен көтеріп, толықсып бір биге салады дерсің! Кенет әлгі буалдыр елес қыздың биіне елтіп тұрғанда, бүкіл алаң ішінде ойнақ салған көлеңкелердің ортасына түскеніңді білмей қаласың. Сыбдыр-сыбдыр жапырақтар, тал-құрақтар қосыла билеп, теңселе кетеді. Айлы алаңқайдың әр тұсынан ағараңдаған елестер бұлақтан бой көтерген қыздың еркімен шалқып, сыңсып, жоқтау айтады. Демін тартып күрісінісіп, уілдеп, сызылтып сылқылдай жылайды. Кенет тына қалып, шу етісіп, сыңғырлап күледі. Елес қыздардың биі түнгі орманды оята бергенде аппақ Ай бұлақтан шыққан қыздың шашынан ұстап тартып әкетеді. Ағаштар діріл қағып, көкке созған қолдарын кенет жинасып алып, сапырылысып, шуласып кетеді. Айдың жүзін бұлт бүркеп, алаң қараңғылыққа тола бергенде кетіп үлгермесең, бұлттан секіріп жерге түскен алып көлеңке кеудеңе қона кетер болар. Сол сәтте-ақ қара жер өкіне күрсініп, аяғыңнан тартып, жұта бастайды...
Ескі аңызды есіне алып, елтіп отырған Кәрі тістің жанына Дүр ене келді.
Отқа әбден жылындық, шешей. Ұзын судың бойымен терімге шығар күн ертең. Ай анам да албырап, ақ жол тілейтіндей. Бассаңшы, Ұлы биіңе! Арғы күнім жайлы оттың тілі не дейді? Бергі күнім жайлы Айдың жүзі не дейді? Жеткізсеңші білгеніңді біздерге!
Дүр ененің ләмін қоштаған тайпаластар да уілдесіп қоя берді. Кәрі тіс қанталаған көзімен толған Айға телмірді. Ай жақтан бұлақтан шыққан бұла қыздың шашы желбіреп түсіп келе жатқан еді. Ашалы басына кепкен шор салбырай байланып, жылтыр тас, айқұш-ұйқыш томар таңылған асасын қолына алды Кәрі тіс. Күл үстінен секіріп түскенде жотасына төгілген шашының арасынан Көлеңке де сырғып түсіп, ербең ете қалды. Ортадағы алауды кең қоршаған күл үстіне тізерлей отырысқан тайпаластар гу-у етісіп, тынды. Отқа жақын отырған тайпа басы Дүр ене көлденең жатқан іші қуыс шор теректі зілбатпан ағашпен дүңкілдетіп соға кетті. Дүңк-дүңк еткен үн қалыпты ырғаққа түскенде тайпа әйелдері де «У-уа!» «Һу-уа!» десіп, теңселіскен. Төбеқұс тайпаның өзге еркектерімен бірге отқа ағаш салып, әйелдердің ырым-жораларына араласпай үн-түнсіз үрей құшағында. Кенет Кәрі тіс шашын серпе шалқая Айға қарап қалт тұрды. Асасын жерге қадап қалғанда кеудесін жара күңіреніске толы айғайы да аспанға атылды. «Һу-уа!» Сол бетте-ақ селк-селк етіп, шалқая түсіп, шашы жерге тигенше қайқайып, қос қолымен асасының без бұтақты бас жағынан ұстап, артына қарай бірақ секірді. Көлеңке бір мезет кемпірдің астында қалып қойды да, ол аяғымен жерге дік түсе қалғанда қайыра сұлай жатты. Асасын қос қолдап, тік биікке көтерген Кәрі тіс қос аяғын тарбита секіріп, биге басып кетті. Алауды қос аяқтап секіріп айналып шығып, шаңдатып та жіберді. Күлдің шаңына тұншыққан Көлеңке жермен-жексен боп, мүлде көрінбей де қалды. Төбеқұс ол қашып кетті деп ойлаған. Аспанға атылған ақ жалынды екінші мәрте үйіріле айналып, сыңар аяқпен секіріп жүрген Кәрі тіске қарап аң-таң. Жылдағы биіне мүлдем ұқсамайтын, тың қимылдар. Сәлден соң асасын бұтының арасына тығып алып секіруге көшкеніне қарап тіпті таң қалды. Төбеқұс қана емес, шор теректі дүңкілдеп отырған Дүр ене де, тайпаластар да үрейлі еді. Асаның жерге тиіп жатқан ұшы із тастап, Көлеңкені тіліп-тіліп кетуде. Бір мезетте асасының басын отқа малып алған елті тоқтай қалып, зарлы жырын аңыратты.
Е-е-е-һей!
Қара түн!
Қара үңгір, ұлы енем!
Қойыныңнан шыққанбыз,
Көлеңкеден тығылып,
Қойыныңа бұққанбыз!
Аппақ айға атылған
Судан туған қыз көрдім,
Су бетінен тараған будан туған қыз көрдім!
Қара үңгірден тараған балаң жылар күн келді,
Қап-қара елес күнімді қараң қылар күн келді!
Отқа енген Ақ жалын енем, емшегіңнен қан көрдім,
Айға ұшқан аппақ елес қайыра оралды орманыма!
Табаныма тапталған Көлеңке, ізімнен қалмай қойыныма кіріпті,
Сүт саулаған төсімнен сорып, қанын шығарды,
Ішіме еніп, менің көзіммен қарап тұр немереме!
Сенің көзіңмен қарап тұр ол маған!
Көктегі оттан тараған жердегі Оттың иесі ем,
Орманымды жалмайды-ау ішімдегі елесім!
Өрт!
Өрт көрдім алапат!
Уа-а-а-а!
Дүр ене, сіңілім!
Сенің ішіңде сол Көлеңке,
От жанады ішіңде!
Саған тапсырдым отымды!
Тек сен өртерсің көлеңке атаулыны...
Бірақ, өзің өртенбесең құтылмассың бұл елестен!
Айлы алаңға от қойып, Айға атылған елесті күлге ораңдар, жандарым!
Қара шашты шарт түйіп, түнді ораңдар, жандарым!
Сары Терек, Ұзын қайың, шешелерім!
Сендерге тапсырдым немеремді, шөберемді.
Төбеңнен ұшып өтер Төбеқұсты қорғағын,
Мына өрттен сақтағын!
Көп адасып жүрер ол, ұзын аңға мінер ол!
Қойыныңда түнер ол!..
Еһе-һе-ей, Қара үңгір, қарт анам!
Ергенегің жабылмас, енді барар жан табылмас!
Отта туған Ақ жалын енем, қайдасың сен!
Құшағыңа ал мені!
Жылуыңа сал мені!
Еліріп алған елті Ай сырғанап Жосалыдан әрі асқанда, Көктегі от қалың ағаш арасынан сығалап қарай бастағанда дүр сілкініп барып тоқтаған. Теңселіп отырған әйелдер түрегелісіп, бір-бірінің иығынан қапсыра ұстасып, күл үстін шаңдатып билеп жүр еді. Дүр ене шор теректі қос қолдап дүңгірлеткен. Маңай бозамық тартып, оттың тілі биіктеп кеткенде Көлеңке де әлсіреп, шаң арасында адасып жүр еді. Кәрі тіс би басталғандағыдай аспанға қайқая қарап тұрып, асасына қос қолдай сүйеніп, от ішіне орғып түсті. Кемпірдің шұбалған шашына жармаса Көлеңке де отқа орана кетті. Аласапыран бимен естері танған тайпаластар от ішінен Көлеңкенің шырқырай шыққан үнін естігенде ғана қалт тынды. Дүр ене жүзін тарамдай аққан жасты білегімен сүртіп, орнынан атып тұрған.
«А-ааа-ауууу!» «Ууууууа-аһһ!» деп айғайлады Көлеңке. Кенет от ішінен Кәрі тістің асасы ұшып шығып, Дүр ененің алдына түсті. Лапылдай жанған аса таяқты шап берген Дүр ене де шыңғыра айғайлады. Таяқты үйілген күлге шаншып-шаншып, қолымен отты ысыра, күйгеніне қарамай сөндіріп алып, алапат биге баса кетті Дүр ене!..
* * *
Көктегі от екі рет лапылдап жанғаннан соң ғана тайпаның әлеуетті әйелдері бас боп, Ұлы терімге аттанды. От басында От иесі атанған Дүр ене мен Төбеқұс бастатқан бес-алты еркек, балалар ғана қалды. Төбеқұс Кәрі тістің Ай жаққа кетерінде айтқан жырының денін түсінбеген еді. Шешесінен сұрамақ болып қанша мәрте жақындағанымен, әлденеге ызбарлы, алаңдаулы тайпабасы асасын білеп, маңына тақатпай қойған. Дүр ене Ай жаққа кенет кетіп қалған Кәрі тісті жоқтап, қайғы кешкен-ді. Кәрі елтінің айтқан жорамалы да жұмбаққа толы. Ұлы Ағашқа үрейлене енген әйелдер бұған қарайлап-қарайлап, беймәлім сапарға еріксіз аттанған. Сол түні ағаш іші де тынышсыз еді. Алыстан Ұзын судың күрсінісі естіледі. Сықырлаған теректер арасында көлеңкелер өріп жүргендей. От басына келіп жылына алмай, тек алаңқай шетінде ғана сенделіседі олар.
Сонау бір заманда, Төбеқұстың үңгір ішінде жапыраққа ораулы кішкене кезінде көрген түсі кеше қайыра оралған. Әлдебір отсыз алаң көрді. Қара түн болса да айнала анық шалынатын. Көлеңкелерден аппақ Ай түсті жарық шашырайды екен дейді. Алаң ортасында аппақ бұлақ жатты ақтарылып. Бұлақ үстінен шұбалған шаш көрген. Айдың шашы екен жерге түскен. Кенет әлгі шаш арасында жапыраққа ораулы баласын байқаған. Аспанға қарай желбірей тарқатылған бозаң елес баланы көкке қарай әкетіп бара жатыр еді...
«Кәрі тіске жалын тілі не деді? Айдың лебі нені айтты? Неге кетті ол кенеттен? Әлде кеткен жоқ па? Мына оттың ішінде жылынып отыр ма? Сөндіріп қарасам қайтеді? Жо-жоқ! Тайпа отын бұл сөндірмеуі керек! От өзі сөнбесе, әйел баласы жаққан отын өшірмеуі керек қой. От өз ішіңнен жанады деді ғой Кәрі тіс». Құрсағы жылымағалы не заман өткен. Әлсіз еркектерге қарады. Бәрі мұның ызбарлы жүзінен қаймығып, төменшік тартқан. Үйілген күл сыртында балалар ғана жерге шұқшиып, құрт-құмырсқа теріп, қыбыр-қыбыр жайылуда. Бұл асасын жайлап жерге қадады. Енді еркектер де қоңыз, құрт термекке жан-жаққа жылыстаған. Көктегі от төбеден сәл тайып, түн келер жаққа ығысыпты. Енді сәлден соң Жосалы беттен көлеңкелер жер бауырлап өрмек. Олар терімге шыққанша, бұлар үлгергені керек. Күн ағаш бастарына жақындағанда балаларды ертіп бұлаққа қарай ілбіді жазған ене. Бұлаққа қарап еңкейіп, су ішінен қараған жүзі қорқынышты бөтен біреуге тесілді. Толқын-толқын қара шаш кең маңдайынан кері сұлаған. Мұның ағаш тілген тыртығы тәрізді тілгіленген маңдайдың етегі қалың қара қас. Жойқын күш пен ашу белгісіндей. Қос көзі де бұған от шаша ызбармен қарайды. Жалпақ бетінің ортасындағы дем тартар қос тесіктен ұйлығыса шыққан түктеріне шөп-шалам жабысыпты. Бұл қолын созбақ болды. Су ішінен де бейтаныстың қолы сумаң ете қалды. Қолы суға тиген бетте әлгі шегініп кетті. «Су ішкенде көздеріңді ашпаңдар!» деп айғай салды басын көтеріп. «Бұлақтан Айға ұшатын қыздар туралы Кәрі тістің айтқаны рас екен».
Айлы алаңқайдағы аппақ қыздарды көрейік, шеше, - деді кешкісін Төбеқұс.
Бұл отырған жерінен ұшып тұрып, асасымен ұлының кеудесінен сарт еткізіп ұрып, шалқасынан түсірді. Үйме күлдің етегіне құлаған Төбеқұс ыңырсып, бөтен үн шығарып, жылап жіберген. Сол түні отқа құрақ таситын еркектердің бесеуі жоғалып кеткен. Төбеқұс та, Дүр ене де оларды Кәрі тіс айтқан Айлы алаңдағы сиқырлы биді көрсетуге көлеңкелер ертіп кеткенін білді. Ағаш іші сытыр-сытыр, сықыр-сықыр. Бұлардан гөрі көлеңкелердің саны көбейіп кеткен еді. Шешелері орманға сіңгеннен мазасызданған ұсақ балалар түнімен шошып, жыласып шықты. Таң бозында тыным таппаған бірін Дүр ене сирағынан ұстап, отқа лақтырған.
О, Кәрі тіс! Жұбатшы мына шөбереңді!
Сәлден соң-ақ отқа түскен бала тыным тауып, ұйқыға кетті. Төбеқұс Кәрі тіс айтқан жыр-ертегінің шырмауынан шыға алмай, ұзын аң деген белгісіз елес туралы ой кешіп, ағаштардың төбесінен ұшатын кезін елестетті. Ертесіне тайпадағы жеті-сегіз еркек қатарынан Айлы алаңқай соқпағымен келмеске кетті. Қара түн бұларды қапсыра қоршап, қатары азайған тайпаластарды таптап тастамаққа бекінген еді. Аласұрған Дүр ене терімге кеткен ошақтастарын шақырмақ боп шашын қиып, асасының басына шалып, өртеді.
Еһе-һей, Уа-а-аһ!
Қараңғы түн, қарт ене!
Шор теректің түбірін қаққан қолым қарысты,
Айлы түнде алаңға тартқан жолым жабылсын!
Ақ жалыннан өрбіген жарық қайда, қарт енем?
Жанарымды сүймей ме зарыққанда, қарт енем!
Қара үңгірдің ішінен үн шығады құмыққан,
О, оны енді кім ұққан?
Қайт, қайт кейін!
Шегін әрі, Көлеңке!
Шашым қидым ормандай оталмас деп құрағым,
Қара түнге жара сап лапылдады шырағым.
Өрттің иісі шарпыды қалың қара шашымды,
Қара үңгірім қара түнде кімге ашылды?
Ай әуенін ұмытты ма ұлдарың,
Зар әуенін тыңдатты ма қараңғы?
Қай соқпақта адастың, менің жазған қыздарым!
Еһе-ей! Оһо-ой!
Дүр ене отты айнала биледі. Мойнына таққан кепкен жиде моншақтары сартылдап, асасына таққан тастар тарсылдап, бақайлары сыртылдап, көзі алақшып, езуінен сары көбік бұрқыраған. Еңкейе қалып, бүкшиіп қарт енесінің биін салды, қайқая қалып, асасын аспанға көтеріп, дір-дір ете елтінің биін салды. Төбеқұс шор теректің іші қуыс дүмін келтек ағашпен ұрғылап отырды. Кенет өлім жайлы ой ойлаған. Алғаш рет. Бұрын Кәрі тіс әжесі ғана ойлап, бұған ертегі ғып айтатын алыс сапарлар жайлы ойлады...
Таң ағаш ішіне сүтін төккенде Дүр ене есі ауысып, күл етегіне құлады. Тайпада жеті-сегіз бала мен үш-ақ еркек қалған еді.
Ұлы Терімге кеткен әйелдер от маусымының соңын ала оралмақ-тұғын. Ағаштардың шаштары тарқатылып, жидіп түсе бастады. Дүр ененің өртеген шашымен бірге олардың да бұрымдары жанып, сарғайғанымен әйелдер келмеді. Дүр ене айлы түндері көкке қарап, төсін керіп, ұлитынды шығарды. Тайпада бұлықсыған бойжеткен қыз жоқ, әлеуетті еркек жоқ. Өзінің де құрсағынан бұлақ тартылған. Мына отты келесі маусымда кім тұтатпақ, Қара үңгір енесіне сегіз баланы қалай жеткізбек? Түн сайын іргесіне жақын келіп, ыс-пыс етіп, ұйқы бермейтін Үрейден, ағаш арасынан шығып, күлдің етегіне кеп жылынып жүрген қалың көлеңкеден қалай құтылмақ?!
«Ау-у-у-у-у-у-у-у!» дейді зарланып, Дүр ене.
Ауу-ууаһ!
Қайдасыңдар, қыздарым!
Көкке саудым төсімді,
Айдан шыққан қыз емеді сүтімді.
Сары Терек, Ақ Қайың!
Саумалыңды кім ішер?
Жапырағың қуарды, жасыл шашың тарқады,
Желегіңді кім өрер!
Төсі түкті Жер ана, жидегіңді кім терер!..
Көктегі оттың қызуы бой жылытар күндер алыстаған кездердің бірінде Төбеқұс еркектердің соқпағымен Айлы алаңға баруға бел буды. Дүр ене оған қарсы тұра алмас еді — Кәрі тістің болжамы орындалуы керек! Ұлы Би түні айтылған құпиялы сөздердің алдында дәрменсіз еді бар тайпа.
Адасып, Ай жаққа кетіп қаласың-ау, Төбеқұс!
Ерлер салған соқпақты басар шөп жоқ қаулаған, Айдың жолын білемін, алаңға бастап апарар. Кешікпей оралармын. Елес қыздардың биін қарындасыма үйретермін әлі!
Адасып ағаштардың зәу басымен бұлттардан асып кетесің-ау, Төбеқұс!..
* * *
Ұлы Ағаш демін ішке тартып тұр. Жапырақтары қозғалмай, сыбдыр-сыбырдан да күрт тиылған. Алып От маусымы қаңсытқан қау құрақтар да жерге жабыса солықтап, кәрі теректер сықырлай күрсінуін доғарған. Ұзын судың дем-тынысы әлсіреп, кәрі кеудесінің күркірі сырылға айналып кеткендей. Алыс-алыс қараңғы қойнаулардан көктегі бұлтқа емінген жас өскіндер ғана әредік қалғып кетіп, басын қайың діңіне ұрып алып, дүр сілкінеді. Мың-мың жылдық меңіреу тыныштықты Төбеқұстың аңдап басқан қадамы астында жаны шыға жаншылған құрғақ қамыс-құрақтың жалынышы бұзады. Айлы алаңқай Көктегі от төбеден ауар жолдың кәміл астында. Түн қараңғылығы келгенде Айдың да аппақ шашы сол жолға шұбала жайылады. Бірақ, қалың орман көкті бүркеп, ештеңе көрсетер емес. Төбеқұс оң құлағына әлсін-әлсін шалынатын ұзын судың сылдырын ғана бағытқа алып, бүкшие басып келеді. Әне, қыр желкесіне бозамық сәуленің лебі жылу жүгіртті. Көктегі от ағаш басына өрмелейді қазір. Аппақ Айдың сілеміне түнде басын иген. Қалың нулы қапаста қасына алғаш түні серік болған Көлеңке де жоғалған. Көктегі от көтеріле айнала алашұбар жарыққа толғанда теректің етегіне басын сүйеп қалғымақ. Ұйқының ұйыған әлемінен қанша үрейленгенімен, жетегіне ереді ол еріксіз. Көзі жұмылған бетте қолынан шап бере ұстаған елестермен бірге аспан мен орманды кезіп кетеді. Ертеде, өте ертеде, Кәрі тіс әжесі айтқан Қара үңгірдің ішінде алғашқы адам дүниеге келіпті. Аспаннан саулап бұлақ ағады екен, Жерден қаулап терек өседі екен. Үңгірдің ұйық қанасынан басқа жердің бәрі топан су болыпты. Кенет әлдеқайдан жеткен бөлтірік ұлып, белгісіз бір ұзын аң кісінеген екен. Бұл бөлтірікті бауырына қысып, ұзын аңның арқасына жатып ұйықтайды-мыс. Ұзын аң аспанды, бұлттарды, Айды, алып ағашты, ұзын суды кесіп өтіп, шарлап жүреді. Дүр ененің асасының үніндей, шор теректің дүмінен шыққан дүңкілдеген дауыстай бір ырғақпен соғылған үн әлден уақытта тынғанда бұл ұзын аңның үстінен құлап кетіпті. Құлап келе жатып, айғайлады дерсің. Айғайлап жатып оянып кетті Төбеқұс. Тыныш орманды аралап жаңғырығы кетті қиянға. «А-аа» деді әлдекім алыстан. «Уаа!», «А-аа!» деген дауыстар жан-жақтан талып қайталана берді. Сол мезет орнынан ұшып тұрған Төбеқұс дауыс шыққан жаққа қарай бүкшеңдеп жүгіре жөнелді. Орнынан тұрған бетте оң құлағымен тыңдап келе жатқан ұзын судың күркірінен жаңылып еді. Күн жүгірді, түн жүгірді. Адасқан еді. Әлдебір кеште талықсып құлағаны есінде, танауына судың иісі жеткен. «А-аа» деді ішінен. Дауыстауға әлденеден секем алды. Үрей келді алыстан алқынып. Нешеме уақыт жүгіргенде жете алмағаны байқалады. Ырс-ырс етіп, біресе оң жағынан, біресе сол жағынан кезек шығып, болдырып тұр ол да. Бұл оны анық көре алмай, басын көтергенімен айнала бұлдырап, тәлтіректеп құлай берді. Сол сәт Үрей демеді қолтығынан. «Тұр. Құлама. Құласаң Көлеңкенің астында қаласың. Суық жерге жұтылып кетесің!» Еңсесі езіліп, терекке сүйенді. Ішіне кіріп кеткен әлдене әл-қуатын сорып барады. «Тамыр қазып жеу керек!» Тамыр есіне түскенде әнтек ойы сергіп, дәл жақыннан судың сылдырын естіді. Ұзын судың жағасында тұр екен. Жартастан құлай өскен терекке сүйеніп тұрғанын да аңдады. Дереу теректің діңіне шығып, өзенге құлай өскен бұтағымен ақырындап сырғи отырып, суға иіле кеткен тұсына дейін жетті. Аяғымен ағашты қысып, салбырап тұрып, суға басын мала сімірді-ай бір. Су жағасынан қамыс құрақ шалынған көзіне. Бұтақпен тағы біраз өрмелей барып, қолын созып суырып алып, тіске басты...
* * *
Дүр ене қайғыға қамалды. Түн қойнауында жалғыз қалып, алауға ағаш тасумен шалдыққан. Ұсақ балалар шырылдап жылап, жұбанар емес. Ақыры ауыр шешімге бекінді. Балалардың ішіндегі ең әлді екеуін ғана қалдырып, қалғанын Ақ жалын мен Кәрі тіске тапсырмақ. Дір-дір етіп, опыр-топыр бауырына тығылған ұрпағын кезегімен көтеріп, жанарынан жас саулап отырып, еміреніп иіскеді. Балақайлар мұның көзінен аққан жасты жалап, жұбанған болады. «От басына тастап кетсем, Көлеңкеге жем болар!» Өз ұрпағын өз қолымен Ай жаққа аттандырам деп ойлап па еді! Кәрі тіс кетпегенде ұлан-асыр ойнақ салып, күлді шашып, алаң ішін күлкіге толтырар еді ғой. Мұның шашынан тартқылап, төбесінен қарғып, бұтына тығылып, мазасын алушы еді ғой. Қазір бәрі әлсіреген. Көктегі оттың да қызуы қайтып, тайпалас әйелдер терімнен оралмаған соң, алаң айналасы ыбырсып, шырпы-талға толып кетті. Әр бұтаның түбінде көзсіз көлеңкелер діріл қағып, түн сайын отқа жақындасып келеді. Мұның асасы да ортасынан сынып, қысқарып қалған. Айға он тоғыз мәрте басын иді кеше. Қоштасарда Төбеқұсқа зәрленіп, зарлап тұрып, жиырмасыншы түні келмесе, Ұлы ағашты отқа құрбан етерін айтқан. Бүгін келмеді Төбеқұс. Ауыр ой еңсесін езіп отырғанда балалардың үрейден жылағанын да ұмытты. Аңырап жалғыз қалам деп пе еді! Үңгір енесіне қайыра жалғыз баруға қорқады. Кім жылытар онда мұны?! Мұнда қалса қайтеді?! Күні ертең-ақ Ұзын судың бетін мұз басып, қарлы маусым келеді. Көктегі от та, алаң ортасындағы алау да өшеді. Жоқ! Бұл әлгі шешімінен бас тартпауы керек! Үңгір енем кешірсін мені! Соңғы рет Ұлы бимен Кәрі тіспен сырласқысы келді. Жалын ішінен сыздықтай көтерілген түтін Ай жақты нұсқап тұр еді. Түтін ойына қарсы болған. Көлеңкені сабарлық асасы да сынғаны жадына оралды. Ақтық рет көтеріліп, күл сыртынан бұрнағы күні әкелген томар мен дарақты сүйреп әкеп, отқа тастады. Жалын шалқи көтеріліп, қою түтін есілді. Ағаштар су тартыпты. Күн суыйтын сәттер де жақын. «Сен келмедің, Төбеқұс! Айлы алаңның шетінде бүрісіп, қара жерге жұтылып кеттің бе екен?! Түн астында қара бұлт бар үрейлі, сен жоқсың онда, Төбеқұс! Көктегі от астында Алып Теректің шулы шашы бар тарқатылған, сен оны ұстаған жоқсың, Төбеқұс! Ай астында аппақ қыздың бұрымы шұбалып тұр, сол сені әкетті ме, Төбеқұс!» Дүр ене шарылдай жылаған баланың бірін алып, көзін тарс жұмып, от ортасына лақтырды. От ішінен Көлеңкенің шарылы шығады. Келесі сәтте еңбектеп бауырына тығылған кенже немересін қос қолдай лақтырды. Қара түн құлағын бітеп ап, от ішінде арпалысқан Көлеңке баласының дауысын тыңдағысы келмей, солықтады. Шулы орманның балаң терек, қыз қайыңдары сыңсып, шуласты. Ұлы ағаш ішін тартып өксіді. Ұзын су алғаш шыққан үңгіріне тығылғысы кеп, аяғын тартты арнасынан. Дүр ененің екі жағында бір қыз, бір ұл немересі ғана қалды. Солқылдай жылаған тайпабасы асасын отқа матырып, жалын көсеп, лапылдай жанған сынық ағашты басынан жоғары көтеріп, қос немересін ертіп, Айлы алаңқайға бастар соқпаққа түсті.
* * *
Еһе-һей!
Кәрі енемді жұтқан қара орман,
Тайпамды жұтқан Ұлы ағаш,
Ізімді көмген ну ағаш,
Ақ жалын мен Кәрі тісті көкке әкеткен Оттан жаның артық па?!
Көктегі отты жасырған бұлттан сесің күшті ме?
Ай бетінен шұбалған аппақ қыздан елесің үрейлі ме?
Қойыныңа тығылған Көлеңкеден бұққан баламнан шуың күшті ме?
Қолтығыңды аршыған Ұзын судан тете едің,
Сары Терек, Ақ Қайың, шешелерім демейін,
Отқа бердім өзіңді!!!
Айлы алаң жоқ, сен кетсең,
Отты шыбық қадалған қонысым тұл, күл жапсын!
Айға шашын өргізген ақ елесті күл жапсын!
Зор бұлақтан есілген боз елесті күл жұтсын!
Қойны суық Қара жер, батпағыңды күл алсын!
Тірі болсаң Төбеқұс, Көлеңкеден қашарсың!
Ұзын суға бір түссең, Оттан да аман шығарсың!
Айлы алаңқайға жеткенше соңында қалып отырған қалың ағаштың бұтағына от тигізіп, Ұлы ағашты өртеген Дүр ене тізесінен батпаққа батып тұрып, зарлады-ай. Қос немересін Айлы алаңдағы бұлақ басындағы жалпақ тасқа жатқызып, ұйықтатқан. Ыс-пыс етіп, терең күрсінген батпақты бұлақтан сәт сайын көкке атылып жатқан елестер лап етісіп, тұтанып жатты. Айналасы бір түн ішінде Ұзын су қолатындағы қалың орман лапылдап жанды. Асасын ұзын терек бұтағына алмастырған Дүр ене Айлы алаңқайдың елестерінің лап етісіп, жанғанына үрейлене қарап тұрып, кенет шалқая кетіп, жотасына төгілген шашына от тигізді. Келесі сәтте шашының арасына енген Көлеңке шарылдап жылап, өзі де бүк түсіп қатты да қалды.
Алапат өрт Көктегі от бірнеше дүркін жанып-сөнгенше басылған жоқ. Алып теректің сусіңді қуыс өзегіне түнеген Төбеқұс жан-жақтан қаумалаған жалын тілінен құтыла алмасын сезіп, жартастан Ұзын суға қарғыған. Cудың жеңіл ырғақты ағысы қақпақылдап, төменге қарата ағызып әкете берді тайпаның соңғы еркегін...
* * *
Ұзын судың қос жағасынан лапылдай ұмтылған оттан қашқан Төбеқұс әлденеше заман өткенде өзенге құяр басқа сағамен бойлай өрттен құтылып еді. Жіңішке өзенді кеше жоғары өрлей жүріп, Бегазы тауларының бөктеріне жетті ол. Кейін осы тау бөктеріне алып тастан қорған соғып, өз тайпасының — еркектер тайпасының тірлігін ұштады...
Иә, арада қаншама заман өтсе де Дүр ененің тайпасы жайлы аңыз ұрпақтан ұрпаққа ұласып, айтылып келеді. Ұмыт қалған тұстары болса, оны сонау ескі замандар жайлы көрер үрейлі түстерімізден шошып оянғанда жадымыздан жаңғыртып аламыз. Тарих аңызшы сонау ескі дәуірлерге Анаеркі (Матриархат) дәуірі деп ат берген. Ол дәуір енді келмеске кеткен деседі ел. Бірақ, Ұлы Ағаштың шуылын бойына сіңірген Ұлы тас қалаларда сәт сайын алау тұтанып, оның соңы алапат өртке ұласып жатады. Ай бетінен төгілген аппақ елестің шашына оратылып, талай еркек от басынан адасты, барсакелместің соқпағымен ізім-қайым жоғалды. Ал, анаеркі дәуірі ертең қайыра оралып, әлгі аңызда болған оқиғалар әлі талай қайталанатынына Бегазының бөктеріндегі тас қамалдар мен Жосалы баурайындағы бұла бұлақтар һәм өртенген орманның орыны кепіл.
Солай. Тәмәт. Тәмәм!..
1999-2009 ж.ж.