30.10.2021
  156


Автор: Серік Сағынтай

Күзгі хат

Жапырағын қайыңның жел ұрлайды,
Күздің өңі өзгеше:
Өмір. Қайғы.
Жас қайыңнан жұлынған жапырақ кеп,
Көк теректің ығына дамылдайды.
Жел тінтеді тоғайдың етек-төсін,
Жеткізердей сызданып жат өкпесін.
Жас қайыңнан жұлынған жапырақты,
Жел қуалап аулаққа әкетпесін.
Жапырақ-жыр жазып ем саған арнап,
Қайыңмын деп көктейтін далаға орнап.
(Далаға орнап күз жатыр нала қамдап).
Өзегімнен үзілген жапырақ-жыр
Саған кетті, ұшырмай көр амалдап.
Мен қайың деп, ал сені көк терек деп,
Теңеп көрдім өзімше ептеп-ептеп.
Жапырақ — жыр, сезімің жел шығар деп,
Өлеңімді лақтырмашы өкпелеп кеп...
1997.




Пікір жазу