30.10.2021
  198


Автор: Серік Сағынтай

Ағам айтқан...

Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте,
Құлын боп қосылып ек елден көшке.
Құлдыраң құлыншақ кез ұмыт қалып,
Өкінтіп түседі екен өлгенде еске.
Ол кезде сен — құлыншақ, мен — құлыншақ,
Кейін ғой бөлек кетіп шерге ұрынсақ.
Дырау мұң дар айырып жон арқамды,
Қу тағдыр тепеңдетті-ай терлігін сап.
Ол кезде көктем күткен шулап алдан,
Бел асып кетті алдырмай қуған арман.
Не пайда енді соны еске салып,
Бауырға ап ер-тоқымды тулағаннан!
Құлын ем қияс-қырсық, қылығы — жын,
Лайланды-ау көңілімнің тұнығы мың.
Шарт етіп шалма түсті қыл мойынға,
Қайтейін, күйкі өмірдің құрығы ұзын.
Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте,
Құлын-күн түседі екен өлгенде еске.
Ілбіген жауыр мәстек қырдан асты,
Жырақта жылауық күн сөнген кеште.
Ол кезде сен де он бесте, мен де он бесте...





Пікір жазу