30.10.2021
  147


Автор: Серік Сағынтай

Ақтоғайдан ақ қайың-ару көрдім

Ақтоғайдан ақ қайың-ару көрдім,
Жасыл желек жастығы пәк күнәдан.
Ай көркіне ғашық боп тағы үлгердім,
Cыршыл сезім қамытын тақты маған.
Жел өтіне желегін жұлмалатпай,
Нұр дидарын ну жыныс қымтап алды.
Тұнжырай қап жанарым түнгі алаптай,
Шатыршадай басыма бұлт оралды.
Ақсораңдай арманым мұзды құшты,
Ай астынан жарқ етіп сен көрінбей.
Жетімшоқы-көңліме күз жылысты,
Тоқырауын құм жұтып өлгеніндей.
Ақтоғайдың гүл жазын дауыл алып,
Салқыны алып кеудемді күзгі лептің.
Қайтқан құсқа қош-қош деп ауық-ауық,
Жырын жаттап отырмын «Қыз Жібектің».
Жалпаққайың, тұлғаң-ай жеке, заңғар,
Ақ қайың-қыз қалтырап тұр ма, көкем?
Қособаның тұсында Бекежан бар,
Жосалы адыр тұсында кім бар екен?
Жоса кетер, жас сезім өлер ерше,
Ақ жүрекке сұр жебе дарыған соң.
Алты қазбен тілдескен Төлегенше,
Алты шумақ жыр жаздым.
Налыған соң...




Пікір жазу