30.10.2021
  375


Автор: Серік Сағынтай

Балқаш, Балқаш, көл кеудеңе мұз қатты

Балқаш, Балқаш, көл кеудеңе мұз қатты,
Суық күз кеп, сынық тісін сыздатты.
Шағалалар шарқ ұрады төсіңде,
Қара талдар қалтырады кешіңде.
Түн-көзіңе жаңбыр жасың іркілді,
Жылауық жел бұза берді шырқыңды.
Қамыс жалың жығылып тұр біртүрлі,
Мұнар белде мұң ұлып тұр біртүрлі,
Бектауата бетін бұрып батысқа,
Көк аспаның құбылып тұр біртүрлі.
Сезем бәрін — сезіміңде жоқ күтім,
Кенді қырлар жамыла алмай шоқпытын,
Қара күзде қаша береді көп құтың.
Құстар ұшқан құба белге қол бұлғап,
Қош-қош айтты көлбеңдеген көк түтін.
Балқаш, Балқаш, тербелмейді төсің-дүр,
Сәби сазға айта алмадың бесік жыр.
Ымырттағы іңгәлаған іңкәр үн
Қыр-адырда құм боран боп көшіп жүр.
Балқаш, Балқаш, кеудеңе мұң қамалып,
Қалыңдап тұр қара аспаның қабарып.
Қайтқан құсқа мен де ілесіп кетейін,
Көктем келсе кездесерміз жаңарып.
Балқаш, Балқаш...




Пікір жазу