30.10.2021
  151


Автор: Серік Сағынтай

Қабарды аспан батыстан бұлтын шұбыртып

«...бұлт қой анау жылаған».
Есенғали.

Қабарды аспан батыстан бұлтын шұбыртып,
Имантай молда созады даусын құбылтып.
Бұл кеше ғана «К-700» айдап жүруші еді,
Тағдыр шебер-ай, қойғанын қара жүгінтіп.
Жайғасты-ау апам, үй сыртын таңдап шөп басқан,
Имантай молда.
Соңында шалдар топтасқан.
Күркіреген көкке күңіренген дауыс үн қосып,
Біздің орданың төбесіне кеп шөкті аспан.
Шөкті аспан, бұлттар төбеден төмен төнді кеп,
Ақтық сапарға жазылғансыды жол жүдеп.
Қалиакпар көкем автобусын әкеп тосады,
Мінеді оған апам алғаш рет, анық соңғы рет.
Ауыр-ау жүгі қайқайған сынды жон-сауыр,
(Бұл жүрер жолдың маған да жүгі сонша ауыр).
Ауылдың анау күншығыс беті көп бейіт,
Күтеді бізді көрші ауыл, осы қоңсы ауыл.
Атам бар онда, апамды күткен қанша жыл.
Атам бар онда апаммен қалар қауышып,
Апам да қалар — топыраққа демі ауысып.
Имантай молда созады даусын құбылта,
Көктегі бұлттың шыдамын мүлде тауысып.
Үзілді әуен, тарқады көктің шері бар,
Үзілді өмір.
Топырақтың жұтқан демі — зар.
Аспанның бұлты сейіліп келед біртіндеп,
Шегініп келед шер-шемен барша ел ұғар.
...Тірліктің сазы әуенін созып қыдыртып,
Тек алға ғана ұмтылады екен ғұмыр-құт.
Алдымнан талай көлденең көлік тартылды,
Бұ қалай-ау деп қараймын оған шын үркіп.
Имантай молда созады даусын құбылтып...





Пікір жазу