30.10.2021
  160


Автор: Серік Сағынтай

«Гүлдер» шағын ауданы

«Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді...»
Бәкір ТӘЖІБАЕВ.

Гүлі қайда?
Мына маңды тас басқан,
Аспанымен тас қабырға астасқан.
Біреу бұған ат қойыпты «Гүлдер» деп,
Жан ба екен даламенен қастасқан?!
Мен бұл маңға жиі келем көктемде,
Көз салғым кеп гүл жайнаған бөктерге.
Гүл орнына күл уыстап қайтамын,
Әлде олар да тасқа айналып кеткен бе?!
Бетон үйдің безергенде бет-өңі,
Жүрегімді аяз қарып кетеді.
Маған арман — даладағы дарқан күй,
Маған арман — қырмызы қыр етегі.
Сағынғанмен, аңсағанмен даланы,
Қалай қиып тастап кетем қаланы!
Тас көшеде тайғанақтап табаным,
Жүрегім де тасқа айналып барады...





Пікір жазу