30.10.2021
128

Сен мені жек көргеннен не шығады?!
Сен мені жек көргеннен не шығады?!
Сағынып жиі аларсың есіңе әлі.
Кактустай отыз жылда бір-ақ гүлдер,
Ессіз жан ер қадірін кеш ұғады.
Сен менен түңілгейсің.
Мен түңілгем.
Өшпес тек өкініштің өрті бірден.
Елесім түн баласы есік қағып,
Өтерсің өзіңді-өзің өлтірумен.
Сен менен жерінгейсің.
Мен жеріндім.
(Тиынын санадың-ау теңге-өмірдің).
Алдамшы ғұмырыңа қорек етер
Қалдығы жетер осы көргеніңнің.
Сен мені ғайбаттай бер — нем кетеді,
Өз сөзің өз кеудеңді шерлі етеді.
Жүректе кеш бүрлеген сезіміңнің
Бесігін елес қана тербетеді.
Сол елес — мендік рухтан жаралған нұр,
Сен емес, бесігі үшін алаңдап жүр.
Кеудеңе көктен жұлдыз жарық салсын,
Қош боп тұр, сабағы ерте ағарған гүл!..