29.10.2021
  163


Автор: Серік Сағынтай

Бұлттар

(экспромт)
Бұлттар ауып барады қаңбақтардай,
Немесе атам қуған қалмақтардай.
Ағыл-тегіл көз жасын көрсетпеуге,
Тас төбемнен әрі аунап аулақ барғай.
Бұлттар ұшып барады күндерімдей,
Зырылдаған, зулаған дүрмегімдей.
Немесе Ескендірдің көп қосынын
Жайпаған үнділердің пілдеріндей.
Бұлттар көшті төбемнен — сең көшкендей,
Немесе жаз жайлаудан ел көшкендей.
Бұла жүрек бұлқынад бір көшті аңсап,
Тоқтатамын, тыямын мен дес бермей.
Бұлттар, бұлттар... бұйдасын шұбыртады,
Бізді жерге байлаған ғұмыр қамы.
Көктем-күзде беймәлім көшті аңсағыш,
Көшпелінің мен едім бір ұрпағы.
Бұлттар, бұлттар, бұйратың сүйікті тым,
(Аспан сүйген асқақтау биік бітім).
Керуеніңе мен қосқан боз тайлақ деп,
Ошағымнан ұшырдым сұйық түтін.
Бұлттар, бұлттар...





Пікір жазу