Біздің ауыл
(Дәуренге)
«Есіктің алды тал-қайың,
Басыңда тұрмас жаз дәйім...»
Халық әні
Біздің ауыл баурында Жыландының,
Сонда өткен құлын-күн, құнан-күнім.
Бәйге-өмірдің мәресі елде ме екен?!
Білмеймін, күмәндімін...
Біздің ауыл сол таудың еңісінде,
Құлын-тағдыр тізілген желісінде.
Шылбыр үзіп, шұрқырап кеткем кейін,
Күреңбайдай сыншы жоқ ел ішінде.
Біздің ауыл... тар-қапас қала қазір,
Біздік тағдыр — бәйгеге балама жыр.
Менің тәнім — қаланың қуыршағы,
Жаным болса дүбірлі далада жүр.
Біздің ауыл қалды артта құр бұйығып,
Қалаға еніп кетіппін жылжи ығып.
Алынбаған ауылда қамау терден,
Көкірегіме у-зәһар жүр құйылып.
Біздің ауыл астында сағым, қырдың,
Біздік жүрек астында шағым-зілдің.
Қимайы иісін қимастан қу қаланың,
Тайғанақтап кете алмай лағып жүрмін.
Біздің ауыл баурында ед Жыландының,
Мұнарлы мұң сол елде, тұмарлы күн.
Ілби жылжып жетем бе сол еліме?!
Білмеймін, күмәндімін...