29.10.2021
  351


Автор: Жадыра Шамұратова

Сарымсақ қосылған ұлу еті

Есік ашылған бойда темекінің иісі лап қойды. Есік көзіндегі қыз бұларға кешкі сағат онда шоу-бағдарлама болатынын айтты.

— Эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді, фуршет, бүгін сарымсақ соусы құйылған ұлу еті беріледі!Ал, дресс-код... спорттық киім киіп келмесеңіз болды — деп жымиғанда оң жақ бетінің ұшында шұңқыр пайда болды. Онысы қызды одан сайын сұлуландыра түседі.

Қасындағы екі жігітпен бірге оңға қарай бұрылып фишка сатып алған Асылбек қай жаққа қарарын білмеді, мұндағы көзді арбайтын интерьер, жалтыраған еден, жалтылдаған шамдар оның көзін әр жаққа қарай ала қашады. Бірінші қабатта слот-автоматтар мен бұл дәмін татып көрмеген шараптың неше атасы табылатын бар орналасқан. Асылбек ойын үстелін әуелі бір жарты сағаттай бақылап тұрды, көп өтпей өзінің де ойнауға құштарлығы оянды. Басында түсінбей ойнап, ұтыла бастап, артынша ойынның мын сан иірімдеріне бойлай берді. Желке тұсынан төніп, өзіне жанкүйер болып тұрған топ мұның делебесін қоздыра түсті ме, немене... Жаңа бастағандар ұтады дегенді естігені бар-ды. Ал енді бар ғой, өзінің фишкасын бір санға қойып және сол бойда қолы шығып, орнына 36 фишканың байламын алған кезде бар емес пе... тура әйелі ұл тапқандай есі шыға қуанды. Өзінің алғашқы ұтысына өзгелердің де қуанғанын көрді. Мұндағы адамдар біреудің қуанышын да өзінікіндей қабылдайды екен ғой, оған қалай елжіремейсің! Асылбек осы кеште 700 доллар ұтты. Бақандай 700 доллар! Екі езуі екі құлағына ілініп, достарымен тойлап жатқан кезде де өзінің ойын туралы ойлап кете бергенін аңдамады. «Осылай ұтып тұрсаң, ерте тұрып жұмысқа барудың, айдың аяғында берілетін мардымсыз айлығыңды күтудің не қажеті бар? Бір кеште 700 доллар, керемет емес пе»!

Ертеңінде «ғажайып мекенге» тағы келді. Кіруге 100 доллар төлейтіні Асылбекті шошытпады, мұндай жерде үстел аз болатынын біледі, егер қажет болса қосымша ойын үстелін де ашатынын кеше келгенде шамалаған. Қымбат шараптар тізілген бары да тартымды, бармені де сыпайы, крупье қыздар мен даяшылардың шаш үлгілері, тіпті үстеріне сепкен әтірінің иісіне дейін көңілін көтерді. Ал, кеше мәзірге берілген сарымсақ соусы қосылған ұлу еті дегенің шынымен де дәмі ерекше, жеңсік ас екен. Осыкүні байлардың әйелдерінің мұхиттан ұлу алдырып, одан бөлінген шырышпен бетін тазалап, жасаратыны туралы келіншегінен естігені де бар.

— Бұл өзі шынымен де ұлудың еті ме, ұлуды жейтінін білмеуші едім — деді қасындағы серігіне, соны білмегеніне қысылған кейіппен.

— Оп-па, ұлуды жеп көрмедің бе? Бұл деген нағыз деликатес қой! Оны қымбат ресторандарда береді. Қымбат болады! — деп сұқ саусағын жоғары көтерді серігі.

— Айтпақшы, — деді мақтаншақтау адамның әдетімен маңыздана қалған серігі сөзін жалғап, — өз басым келген сайын ұлу етіне тапсырыс берем, ұлу етінде холестерин мүлдем болмайды, пайдалы нәрседен ақша аямау керек!.

***

— Асылбек, бүгін жұмыстан шыққан бойда үйге келетін шығарсың, неше күн болды, көруден қалдық, командировкаң бітпейді екен — деді келіншегі шаршаңқы жүзбен. — Кеше папа бірнеше рет телефон шалып сені ала алмапты, мен қанша рет қоңыраулаттым, телефонды неге алмайсың?

— Менде не шаруаларың бар? Сонша іздеп...

— Түсінбедік. Келіншегі бұған сұраулы жүзбен қарап қалды.

— Папаң іздесе жалғыз баласысың, мен іздесем күйеуім емессің бе?

— Айтпақшы, үйдің жөндеу жұмысына алған кредитті төлеу керек. Айлығымды шкафтағы сұр пиджактың қалтасына салдым. Папаға хабарласуды ұмытпа, кешке баланы балабақшадан аларсың, бізге мектепте жиналыс болады, — деді тағы келіншегі шығып бара жатып.

— Сен бала телефон көтермейтін болғанбысың? — деді әкесі телефонның ар жағынан.

— Қолым тимей жүр, жұмыс көп. Кеш қайтып жүрмін. (Өзінің жұмысқа бармағанын ойлағанда беті ду еткендей болды. Телефоннан бет-жүзіңнің көрінбейтіні де жақсы).

— Үкіметтің жұмысы сол ғой. Бір қағазды ұстап алып кешке дейін әрі-бері сабылып жүретін шығарсыңдар. Баяғы шаруа ғой менікі, өткенде анау ресейлік фирмаға тауарға тапсырыс бергенбіз, енді ақшасын жіберу керек, сен қолыңды босатып сонымен айналыс — деді әкесі.

— Түсіндім, пап.

Шағын дүкен ашып күнкөріс жасап жүрген әкесі осыкүнгі он-лайн төлем жасауды онша түсініңкіремейтін болғасын, ондай шаруаларды мұның өзіне тапсыратын. Асылбек үшін бұл тіпті де бас қатыратын шаруа емес. Ол көлігінің айнасын сүрткіштеп тұрып, бүгін жұмысқа барсам ба, бармасам ба деп ойлады. Егер бастығына барып осынша күн жұмыста болмағанының себебі боларлық бір жағдай айтса, мүмкін, кешірім жасар, сосын ештеңе болмағандай жұмысына қайта кірісе бермей ме. Бір сәт өзі жұмыс істейтін мемлекеттік меншік департаментіндегі бірнеше жігіттен ақша қарыз алғаны есіне түсіп, келіншегі қалдырған ақшадан қайырсам ба екен дегенді де ойлады, ал, бірақ, кредитті қалай төлейді? Өзінің осы айдағы айлығын кеше ойынға салғанын келіншегі әлі білмейді. Кешегі күнді есіне алды, қолына қомақты соманы ұстап тұрып, «ақша бірнеше минуттар ішінде жеңіл келетін болса, ит болып жұмыс жасап нем бар» деп те ойлап үлгерген. «Әкем секілді өмір бойы қарапайым кеңсе қызметкері болуға да, зейнетке шыққасын шағын дүкен ашып, демалыс көрмей жұмыс істеуге де онсыз да үлгеремін ғой» деп ойлаған жігіт өз ішінде қазірден ақ белгілі болып тұрған сол соқпаққа түскісі келмейтінін ұқты. Дәл қазір ол үшін ұтыс комбинациясын табудан асқан рахат жоқтай.

Асылбек екі квартал асып барып, көлігін басқа бағытқа бұрды.

***

Бұл жерде терезе кіре берісте және шыға берісте ғана, ал іште терезеге ұқсайтын ештеңе байқалмайды. Бұл жерде ойыншыға сыртқы әлемді ұмыттыру үшін бар амал жасалғаны анық. Баяу шыққан музыка, сирена даусы керек пе, сыңғырлаған, шылдырлаған, автоматтар сигналы дейсіз бе, ойын автоматтарынан шыққан дыбыстардың өзі-ақ еліктіретін. Үлкен зал ішін әлсін әлі «Ұтыс! Ура! Ұтыс!» деген дауыстар кернеп кететін де, бұл тіпті осы жердегі бар ойыншы ұтыс алып жатқандай әсер етіп, қарап отырған адамның өзінің алақаны қышып, арқасы жыбырлай бастайтын. Кімнің ұтқысы келмейді дейсіз? Автоматтардың өзі көңілді қоңырау үнімен ойыншыны баурап, «экшенге» қосылуға шақырып, айналадағы елдің бәріне ұтыс шығып бақытты болып жатқан кезде ала-бөле жалғыз өзіңнің қара басып ұтылып, қарадан қарап бақытсыз болып қалуың тіпті қисынсыз көрінетін. Бұған дейін покердің ойын стадияларынан, кэш дегеннен хабары жоқ Асылбек сияқтылар бар ықыласы, ынта-зейіні өзінен-өзі гипноздалғандай алдындағы құмары мен қызығына ауғанда уақыттың қай мезгіл екенін де айырмайтын. Әйтеуір, неше бір жарқыл-жұрқыл ғаламаттың бәрі табылғанда, казиноның қабырғасында сағаттың болмауы сыртта бұдан бөлек өмір бар екенін, сағат тілі жылжыған сайын таң атып, кеш батып, мезгіл алмасып жатарын ойыншылардың есіне салмауды ойлағаны. Қайда қарасаң да жарқырап, әлсін-әлсін тазалық жұмыстары жасалып жататын, ойыншылар тазалықшыларды көрмесе де осынау тазалық пен қамқорлық оларға шешелерінің қамқор алақанын еске салатын. Бұл жердің жарығы да жанға жайлы, көзді шағылыстырып шақырайып тұрмайды, жарық өткір болса адам жатырқар еді, ал мұндағы сиқырлы шам жаныңды жайландырып, креслоға арқаңды сүйеп, рахатты ғана сезінуге шақырады. Оны айтасыз, аяқ астындағы кілемдегі ашық түсті өрнектер, айқұш-ұйқыш, шым-шытырық сызықтар, жұмбақ секілді таңбалар миды арбап, көзді тыныштандыратындай. Қабырғалардың қызыл түске боялуы өзіңді сенімді қорған ішінде жүргендей сезіндірер. Осы қорғанның ішінде жүріп, Асылбек «келіншегім кредит төле деп қалдырған ақшаның шетінен аздап алып ойнасам, сосын одан да көп ақша ұтсам жетпей тұрғанын орнына қайта салып қоймаймын ба, тіпті ешкім байқамай да қалады» дегенді ойлады. «Бүгін төлемесем, ертең төлемеймін бе, банк күте тұрады». Осы ойы оның кібіртіктеп тұрған адымын ашып, жел бергендей болып, өзінен-өзі желпініп, ойынға кірісіп кетті. Терезені де, сағатты да қойшы, Асылбекке оның қажеті шамалы, дәл қазір оған «ештеңе жасамай-ақ ақша ұтып ала берсем» деген тілегі ойланып жатуға да, ойлап барып шешім қабылдауға да ерік берер емес. Бастапқыда жеңіске жетем деп үнемі қызылға басатын еді, әуелі бір фишка, ұтылып 2 фишка, тағы ұтылып 4, 8, 16, 32 деп кете берді. Біраздан соң Асылбек нақты бір санды таңдаудың қажеті жоғын түсінді, мысалы 14 санын таңдаса, оның дәл сол санға түсетін-түспейтіні белгісіз еді. Енді бастапқыдай қызыл мен қараға басуды да доғарды, бұл әдіс ойыншының ақшасы тез таусылып қалуына жасаған амал екенін ұққандай болды. «Елу де елу» қағидасы күдігін еселеп, төзімін сарқатындай. Асылбек ендігі жерде бірден бес фишка қойып, алты саннан тұратын бес блокты жауып тастап үйренді.

***

«Командировкаға кеттім» деп үйден шығып, осы жерге келгелі күндіз бе, түн бе, айырудан қалған басы өзінен-өзі айналғандай болды. «Бұл жерге енді қайтып келмеймін» деп кіжінді іштей әлдекімге. Біртүрлі іші ашығандай ма... Келіншегінің айлығын түгел ұттырып жіберем деп өзі де ойламаған. «Қалай болды өзі? Бірақ, өздері әлдеқандай қылғанымен, мұғалімнің айлығы өзі де мардымсыз еді ғой, бір айналымға да жетпей қалды емес пе?» деп жұбатты біресе өзін. Егер дәл қазір казинодан кетіп қалса, шынымен де оралмауы мүмкін секілді. «Кету керек»!

Тас-түйін болып, өзінен-өзі қатайып, шығар есікке беттеген. Құдай-ау, бұл казино дегеннің жоспарын сызатындар бірдеңе шегіп ала ма, немене, лабиринт секілді бір бұрылыстан соң бір бұрылыс, бір қуыстан соң бір айналма, бір жүріп өткен жолыңды кері айналсаң таба алмайсың, нағыз бас қатырғыш, Асылбек шыға алмай көп жүрді, толып тұрған автомат пен ойын үстелдері оның жолын бөгей берді. Осы автоматтар тұрған жерде шығатын есік бар екенін білетін, бірақ, дәл қайсы автоматтың қасында екенін есіне түсіре алмады. Мұндағы дизайнның бас айналдырар ерекшелігі мен сәнді интерьері көзін де, көңілін де арбай берді. Егер ойыншы әлдебір әжетін өтеу керек болса, не ойын арасында қарын жұбатуды ойласа, міндетті түрде казиноның түкпіріне бару керек болады, ал, қайтар жолда бүкіл казиноны аралап, қызыл-жасыл дүниеге көз суарып қайтады. Бұдан кейін ойыншының өзі сәттілікке бір қадам жақындап тұрып осы бір есті алатын ғажайып мекенді тастап кете алмас. Бұл жерге келген адам өзінің құмарлығы арқылы казиноны көл-көсір пайдаға қалдырып жатқанын байқамайтын да. Сол ұзын-шұбақ автоматтарға тұра қалып та ойнай беретіндер жеңіс пен ұтысқа бір қадам жақындап тұратынын миынан шығармайды. «Блэкджегке» есі кеткен құмарпаз қайта-қайта дилерден құттықтау алған сайын төбесі көкті әне-міне тірейтіндей, сөйтіп өзінің қалтасы жұқарған үстіне жұқарып бара жатқанын байқамайтын. Мұндай да болады екен ау, оның аяғы өзіне бағынбай, автоматқа қарай аттап барады. Салғаннан қолы шықты, болмашы болса да осының өзі құмарпаздың дәмесін зорайта берді. Тап қазір Асылбек үшін ұтыс комбинациясын табудан асқан рахат іс жоқ. Оқушы кезінде де әкесі мен шешесі күнұзақ жұмыста болған кезде жалғыз ұл өзінің қажетіне деп берілген ақшаны алып компьютер клубына асығатын. Ол ақшаны салып, ойын параметрлерін беріп, тағы бір ставка жасады. Бірақ, компьютердің «жүрегіндегі» чип оған ештеңе ұтпағанын көрсеткенде Асылбек қайтадан қолын қалтасына апарды. Былғары әмиянда банкомат карталары мен лифт картасы ғана қалған еді.

Алғашқы күндері ойын қыза келгенде өзінің еркін билей алмайтындығынан ептеп іш жиғанымен, бұл күрделі, түсініксіз сезімі ұзаққа созылмады, аздан соң өз ішіндегі менменшілдігі жеңіп, тіпті өзін-өзі жоғары бағалаған, өз ісіне көңілі толған мақтаныш сезімі ұлғайып, әлдебір ессіз құмарлық басты айналдырар сиқырымен оның жанын тұтқындай берді. Осылайша құмарлықтың ұйытқымалы өктем құшағына жұтылды, ұтса бұрынғыдай масайрамайтын болды, ұтылса түңілмейді, ойынханаға бару, сарымсақ соусы қосылған ұлу етінің дәмін тату өзі үшін бұлжымас міндет секілді, ол өзінің жаңа әдетінен арылуға, оны жеңуге ерінді. Ақыр аяғында бұл Асылбектің өмір сүріп жүргенінің белгісіндей болып қалды, қарыз алып, өз ақшасын өзі ұрлап, әкесінен, әйелінен жырып, қақшып кеткен ақшаны ойынға салуды ар көрмейтін болды.

***

Бұл әлі Лас-Вегас болмаса да, Асылбек көзімен көрген бұрынғы Қапшағайға ұқсамауға айналыпты. Қаланың түнгі тіршілігі күндізгіге қарағанда қызықтырақ. Түнгі қала өзінің құпиясына ынтықтырып, тылсымға толы құшағын аша түсетіндей, кеудесін бір лекілдеген сезім кернейді. Музыка құлағын тесіп бара жатса да жарық құйылған витриналарға қарап келе жатып бүгін өзінің басында әлдебір ерекше оқиға болатындай сезінді.. Айқұш-ұйқыш ағылшынша жазуларда кемпірқосақтың барлық түсі бар еді, жылт-жылт етіп көзді алған шамдар әлденеден үміттендіріп, қызыл-жасыл дүние арбап, алда болар бір ғажайыптың боларына сендіретіндей.

Кіре берісте ойнауға келгендердің өкпелі даусы естіледі.

— Шалбардың сыртқы қалтасы болса бұл милитари стилі деген сөз, соны білесіз бе?

— Маған оны білудің қажеті жоқ, ереже солай.

— Мен жалғыз бұл емес, Еуропаның бірнеше клубының мүшесімін.

— Түсінем, бірақ, кіргізе алмаймын

— Джеймс Бондтың костюмі ғой бұл, дұрыстап қарасаңызшы!

— Сіз неғып түсінбейсіз, бізде қалтасы бар киім киіп келіп ойнауға тыйым салынған.

***

Жалпы залда покерге ең кемінде 100 доллар тігіледі. Асылбек жеке бөлмелердегі ойын үстелдерінде ақшаның мүлдем басқа тәртіппен тігілетінін, екінші қабаттағы VIP-залға кіру депозиті бір мың АҚШ доллар, екенін де біліп алды. Ал, жеке бөлмелердегі тігілетін мөлшер мұның түсіне де кірмес. Біртүрлі ішінен сол жеке бөлмелерге келетін адамдардың бақытына қызықты ма ау..., ішінен солардың бағын қызғанды ма, немене... «Шіркін, күндердің күнінде осы жердің вип-клиенті болсам» деген арман пайда болды. Сонда фейс-бақылаушылар Асылбекті анадайдан танып, мұны көптен көрмей, әбден сағынып, енді бұдан да әрі кешіксе ішқұса боларлық күй кешіп жүргендей қарсылап, құрмет білдірісіп, «Алтын картаның» иесі ретінде қолдарын ала жүгіріп... және мұның қолын сондай бір еппен, ізетпен алып... олардың елпілдеп, құрақ ұшуы, бір-бірімен түйісіп қала жаздап, бұған қызмет қылуға асыққандары мұның көңілін өсірер еді.

Асылбек неше күннен бері осында. Дилерлер қарсы алады, құрақ ұшып жүріп отырғызады, алдына неше түрлі ас қойып тойдырады, ішкізеді, ас бергені қандай, тамағының дәмі қандай! Бүгін ұтылдың ба, ертең пайызыңды аласың, айналаның бәрі жылыұшырап, музыка да, жарық та, диван да жұмсақ, шаршағанын, жүйкелегенін ұмыттырып... Неше түрлі сусын мен тәуір арақ құйылған бокалдары бар подносты көтерген қыздар... Ішімдік ішкен адамның өзін бақылауы әлсіреп, шешім қабылдауды доғарып, ойына келмейтін жүріс жасайтыны әлімсақтан белгілі. Асылбек те «ақша деген немене, келеді, кетеді» деп ойлай бастады, алдыңы күні көлігін тым тәуір бағаға сатқаны мұндай жақсы болар ма, енді қалай ойнаймын десе де еркі, Асылбек фишканы біресе оңға, біресе солға шиырып отырып, өзі үшін оның түк құны жоқтай, өзінен-өзі көтеріліп, өзінен-өзі арқасы қозғандай болып отырды. Ұтыс туралы есінен шығарып, тегін берілген ішімдіктің әсерінен бе, көңілді ойын көрсеткісі келді ме ау...

Бұл жердегі құмаршылар арасында жасы ұлғайғандар да бар, неге екенін ақ шаштылар ширақ көрінеді, басында таңғалған, кейін көзі үйренді, олар бұл жерге ойын кезіндегі күйзелісі мен күйініші анық көрініп, жас адам секілді буырқанған, тасып-төгілген күйді тағы бір рет бастан өткеру үшін келетіндей. Асылбек те ойынды әуелі рахатпен бастады, артынша мұнысы үйреншікті іске айналды, мұның алдындағы ойыннан алған сезімі мен әсері әлсірегендіктен енді одан да көбірек ойнау керек, сол қуанышты бастан қайта өткеру үшін күні де, түні де осы жерде өтетін болды. Осыған дейінгі өмір деп танығаны о бастағы бет-бейнесінен, тұрпатынан айрылды, тек ләззаттың көзі ғана қалды, оның артынан қайталап ойнау мүмкін болмаса мазасыздық пен азап келе бастағанын Асылбек байқамады.

Бүгін сенбі болғандықтан көңілді бағдарламалар мен ұтыстар ұйымдастырылыпты. Бұл нағыз мереке. Асылбек те дәмі жағымды коктейль ішіп, сарымсақ соусы құйылған ұлудың дәмін татты. Қозғалған сайын әне-міне үзіліп кетердей нешетүрлі баумен әдіптелген жылтыр қара түсті лыпа киген стриптизер бикештер барын салып билейді. Бөкселері бұлтың-бұлтың, қарындары діріл қағып, шығыс әуеніне майыса қимылдаған бикештердің кейбіреуі осының қолы ашық-ау деген ойыншылардың алдына отырып алып, шайлық дәметеді, бірақ, бұл жерде оларға назар салып жатқан біреу бар ма десейші, бөксесін бұлтыңдатып, тасырайған омырауына еркектің көзін салдыруға қанша тырысып бақса да покерге қатты берілген карташы еркектер олардың сәнін де, салтанатын да, биін де елейтін емес. Дене бітімі келісті, жүрісі де көз тартарлық стриптизер қыз тақырбас еркектің алдына отырып, құшағына кірмекке ентелей берген еді, анау: «былай кет, карта көрінбейді, көрмейсің бе, ставка тігіп жатырмын» деп ажылдап қоя берді.

Бір қарағанда бұл жердегі құмарпаздардың бәрінің бет-әлпеті бірдей секілді. Әлде бірдей ой, бірдей қызығушылық, бірдей қиналыс, тіпті қуаныштары мен армандары да бірдей болғандықтан адамдар өзара ұқсап кете ме... Бұл жерде әйелдер де көрінеді. Анау шеттегісі осы жердегі ойыншының шешесі. Ұлының қасына ере келген қазақ әйелі біреу оқыс ұрып қалатындай өзінен-өзі үркіп, сақтанып отыр. Оның бетіне қарасаң, көптен бері жымиыстың ізі болмағаны аңғарылар еді.

Көлігін сатып, бақандай төрт миллион теңгені казиноға ұттырғанда Асылбек осы берекесіз тірлігінің нақты бағасын есептеп, іші удай ашыған. Ол тіпті ойынның ләззатын сезініп те үлгермеген. «Төрт миллион! Қалайша байқамай қалдым? Тұп-тура төрт миллион теңгемнен айрылып қалғаным ба? Жоқ, бұл жүрісім дұрыс емес, мен не істеп жүрмін? Бітті, бүгін үйге барам да жаңадан басқа өмірді бастаймын» деген ойлар да келген. Ашудан ісініп бара ма ау... . «Маған шағым кітабын беріңдер, мен шағымданам, бұл дұрыс емес, сендер адам сияқты ойнауға мүмкіндік бермедіңдер», деп барқырай айқай салды ол. Келіншегіне, әкесі мен шешесіне не айтады, осы кезге дейін қарыс жерге де жаяу жүрмейтін басы өзіне де қиын болатын болды.

Таңертеңінде.... «бүгін соңғы рет ойнаймын» деп киіне бастады. Мүмкін, кеткен ақшаның жартысын қайтарып алар, тіпті соның өзі олжа емес пе? Әкесі «тауарға төлем жаса» деп берген ақшаны жұмсау Асылбектің ойында мүлдем болмаған, тек он-лайн төлем жасайтын кезде миына небір құйтырқы жоспар келіп, мұның ойын бұзбасы бар ма? Ол қомақты соманы тауар жіберетін фирмаға емес, өзінің төлем картасына аударып жіберді. Мұнысының дұрыс еместігін білсе де, өзінің есепшотына осыншама қаражат келіп түскені туралы хабарлама жанын жадыратты. Одан арғысын ойлағысы да келмеді. Мұндай ақшамен казиноға келу басыңа күнде қона беретін бақ емес. Кім біледі, осы жолы тағдыр мұны қуантқалы тұрған шығар. Егер мол ұтыс шықса, әкесінің ақшасын сол бойда тауар жіберетін фирмаға аударып, келіншегі тапсырған кредитті де төлеп, одан қалған ақшаға жұмыстастарынан алған қарызын төлеп құтылмай ма? Ол осы ойдың жетегінде ерекше құлшыныспен ойнай бастады. Қолы шығып, ұта түсті. Тіпті өзін осы жердегі маңызды қожайын сезіне бастағанын қайтерсің, казино қызметкерлері ұзақ отырған ойыншыға тамақ та әкелетін, сусынмен шөлін де қандыратын, қымбат сигара, арақ керек пе... Бірақ аз өтті ме, көп өтті ме, Асылбек тағы ұтылып қалды. Оны қайырам деп ертеңінде тағы ойнады, айналасындағы «осы қарыз береді ау» деген адамдардан қарызға ақша алып, ойынға қайта салды. Тағы да екі қолын мұрнына тығып қайтып келді. Қарыз көбейіп барады. Оның бар ойы тек ақша, ақша, ақша... Енді бұл телефон шалса достары көтермейтін болды, көршісі сәлемін алмады, танысы көшеде көрмеген болып өтіп кетті. Өзі болса мұны қиын жағдайда сатып кеткен достарына өкпелеп бөлектене берді. Тіпті үйіне жолауды қойды. Өзінің бұл дүниеде бар екенін тек ойындар арқылы сезінеді. Оның миы үнемі ұтыс комбинацияларын есептеуден босамай, тіпті ұйықтауға жатса да партиядан кейін партия басталып, онысы созылып, ертесіне өзінің не ұйықтағанын, не ұйықтамағанын айыра алмай енжар, сүлесоқ қалыпта жүретін болды.

Әсіресе, әкесін көруге жүрегі дауаламайтындай. Әкесі сол жолы ертеңінде ұлына қайта хабарласқан.

— Кешегі тауарларға төлем жасадың ғой, бала?

— Әрине, бұрыннан жасалып жүрген жұмыс емес пе?

— Ия, білем ғой, бірақ, ол жақтан ешкім хабарласпай жатыр, бір-екі күнде тауар жеткізіп қалар, бәлкім, деп әкесі телефонды жапқан кезде

Асылбек «уфф» деген. Әзірше ұсталмағанына қуанды ма, әлде өзін

құтқаратын таңғажайыпқа сенді ме... «Әкем біліп қойғанға дейін сомасын түгел тауып, орнына салып қоярмын» деген сенімі болған. Бірақ, Асылбек ол соманы тауып үлгермеді, әкесі фирмаға хабарласып, «біз төлем жасадық, сендер тауар жібермедіңдер» деп шу көтергенде барып ешқандай төлем жасалмағаны белгілі болды. Асылбек өзінің ұрлығы ашылып қалғаннан кейін үйге мүлдем оралғысы келмеді. «Мен бекер жүрмін бе, ұтыс та алып жатырмын, салған ақшамды да қайырып, керек болса тегін тамақтанып жүрмін, құр босқа жүргем жоқ қой» деп сендіреді өзін.

***

Айнала тұманытып, шамдары сығырайған шаршаңқы көшенің бойымен аяғының астындағы тас жолды ғана сезіп, асығыс, алқын-жұлқын жүгіре басып келе жатты. Есікті ашқан бойда үйдегілердің жүзіне асығыс көз салғандағы білгісі келгені — өзі жоқта біреу-міреу іздеп келіп қарызын сұрамады ма, бар шындықты біліп қоймады ма? Бөлмесінің есігін іштен бекітіп алып, өзін әбден жаншып, мың жылғы батпан ауырлықтан арылмаққа асыққан. Бірақ, үйіне келсе ештеңемен айналыса алмай, ішін әлем-жәлем еткен ойлары мен әлдебір қорқынышы отырса отырған жерін айналдыра орап, тұрып жүрейін десе аяғынан шалып әбден мазасын алды. Осыншама азап арқалап шаршаса да соңғы күндері кірпігі ілінбейтін болған. Жүйке талшығы мамықтай үлбіреп тұрса да жұмысына барып-келіп жүрген, қақ-соқпен ісі жоқ адамдай көрініп, өзін-өзі қыстап жымиюға, сырт көзге момақан кейіп танытуға тиіс еді. Тек бір адам, келіншегі ғана мұның жанында не болып жатқанын сезетін тәрізді, әйтеуір, бұған ауру адам секілді қарайтындай.

— Бір жерің ауырып жүрген жоқ па, неге көңілсізсің? Әлде жұмыстарыңда бір жағдай болды ма?

Ондай сәтте Асылбек келіншегінің қасынан қашып кеткісі келетін, ұзақ отырса ол бұған әлдебір жұбататын әлде құтқаратын сөздер айтатындай болып жүрегі аузына тығылады. Жанын жұбатарлық үмітті сезіну маңдайына жазылмаған ба, келесі күні қайтадан ойын ойнауға аңсары ауып, бұл құмарлықтың күшейгені сондай, оның әлсірей бастаған қорқынышы қайтадан жалт етіп бас көтерді. Бұл күні ол тұп-тура жүз елу мың теңгенің басына су құйды, ұтылып кеткен ақшаның сомасы күннен күнге өсе түскені оны шошытты, тап осылай ұтыла берсе бәрінен бұрын ұтсам деген ішкі тілегін қанағаттандыра алмасы анық. Мұның арты неге әкелуі мүмкін? Соңғы ақшасын беріп тұрып, ертең тағы да ақша тауып әкелу керегін ойлап тұрды. Ол өзінің осы жерде емін-еркін тыныстайтын сәтін бір күні аз, бір күн көп ақша жұмсап сатып алып жатты... Өмір бойы үкіметтің жұмысын жасап, бел жазбаған әкесі мен шешесінің арқасында ештеңеден мұқтаждық көрмеген, басы артық қимылдамауға үйренген жігіт өзімен күресуге дәрменсіз еді. Осы кезге дейінгі қамсыз өткен сағаттары енді азапты сәттерге ауысып, ойын үстелінде өтіп жатқанын ойлағанда өзінің қиын жағдайда екенін анық түсінді. Жиналып қалған қарыздар сілкіп лақтыра сала алмайтындай болып, екі иығынан басып, жаншып, мұның өмірін батпаққа батыра бастаған. Мұны ойлағанда өзін қоярға жер таппай кетеді. Енді сол қарыз бергендердің өзін жек көре бастады, «есуастар, әдейі мұны сынайын деген ғой, төлей алмай миы ашып жүрсін деді ме екен, қарыз бергіштерін!» Қарыз алатын жер қалмады, сататын тағы ештеңе жоқ еді. Ол енді осының бәрінен тек өліп құтылу керегін түсінді. Тек тағы да қызыққа шақыратын, уақытша қуаныш сыйлайтын ештеңе тап болмаса екен, жолына кесе-көлденең тұрып алып, мұны кері қайтпайтын сапардан қайтарып алмаса екен дейді. Балконнан ұшып кетсе ше... сол ғана тығырықтан шығаратын жалғыз жол секілді еді. Ол қиналмай, ауырсынбай, азап шекпей жан тапсыру жағын ойлаған еді. Қашан да өзіне жеңілдеу жағын ойластыра жүретін әдеті. Дегенмен, жан беру, жанарға сыйған жарық күнді оп-оңай қиып кету қайдан оңай болсын. Жо-о-оқ, өлуге үлгерер ау, алдымен ойындағы мүмкіндігін тағы бір байқап көру керек. Ал, егер шынымен де аяқ астынан мол ұтысқа ие болса ше, онда өлудің не қажеті бар? Бүкіл қарызынан құтылып, қарғыс атқыр осы жерге ендігәрі қайтып жуымас та еді.

Даусын өшіріп тастаған қалта телефонына үңілгенде әкесінен сегіз рет қоңырау түскенін көрді. Ақыры хабарлама жіберіпті. ¬«Бала кешке қалай да үйге кел, әңгіме бар».

Әкесі не айтпақшы? Бұрынғыша «Қашанғы мақсатсыз өмір сүресің? Жасың отыздан асты, қолыңнан ештеңе келмейді, ақылы оқу оқытып диплом әпердім, таныстарға айтып жұмысқа тұрғыздым, пәтерің бар, көлік міндің, , енді саған не керек?» деп миды жейтін шығар. Зу етіп ағындап өте шыққан көліктерге қарап тұрып, осылардың арасында менің де тұлпарым басқа біреудің тақымында кетіп бара жатқан шығар дегенді ойлаған күйі Асылбек күрсініп қалды. Таңертең ерте тұрып ақша іздеп кеткенде де, сол ақшаны алып казино табалдырығын аттағанда да оның көзі ештеңе көрмейтін. Мұндағы тегін түскі ас ішуге берілетін купондар, әртүрлі шоулар, ұтыс лотереялары Асылбекті ерекше қуанышқа бөлеп, бәрінің ықыласы өзіне ауғаны көңілін аспандатып, оған бәрін ұмыттыратын. Үйіне барғысы келмеді.

***

Мұның казиноға мол ақша ұттырғанын, айнала қарыз екенін естіген әкесі қатты ашуға басты. «Жетесіз! Осынша жетесіз болармысың!» деп столды жұдырығымен қойып қалған кезде шошып кеткен Аяла шыңғырып жылап жіберді. Әйелінің долдана жылағаны, шешесінің басын төмен салып уайым шеккені... Асылбекке осы бір мұздай қабақ соғыс мәңгілік бітпестей көрінген. Айқай-шу, ұлы сүрең кезінде осының бәрі басылсыншы деп уәде бергенімен өзіне соншалықты сенімі болмағаны өзіне аян.

Бірі айқайлап ұрсып, бірі жылап, бірі басы салбырап, бірі үнсіз күрсінген отбасылық жиынның соңында осы өздері тұрып жатқан екі бөлмелі пәтерді сатып, оның ақшасының бір бөлігіне бір бөлмелі пәтер алып, қалғанын Асылбектің қарызын жабу туралы шешімге келіскен.

***

Бүгін балабақшаға қызына келді. Кішкентай Аяла бақшадағы қызықтарды айтып тауыса алмайды, салған суреттерін көрсетеді.

— Әке, сен өзіңде көп ақша болса не істер едің? деді қызы бір күні.

Асылбек баланың сөзі болса да жауаптан тосылып қалды. Ақша туралы сұрақ баланың ойына қайдан келеді, әлде шешесі бірдеңе деді ме екен деп ойлап үлгерді. Осыдан біраз күн бұрын ол көп ақшам болса ставканы жоғары қойып покер ойнаймын деп армандайтын. Ал, қазір... шамасы келсе өзі тұрып жатқан пәтерді сатпас еді, егер көп ақшасы болса бүкіл қарызынан құтылар еді де, өзі мінбесе де әкесіне ең қымбат көлік әперер еді. Ол қызына осы ойын айтты.

— Атама ма? Алақай! Атамда машина болады. Бүлдіршін қыз атасы тап

қазір су жаңа көлік мінетіндей қуанып секіре жөнелді. Асылбек колготкиінің бір аяғын киіп, екіншісін сүйретіп секіре жөнелген қызына қарап толқып кетті. Баламысың деген, қалай оп-оңай қуана алады, қалай жеп-жеңіл секіріп, шаттана алады!

— Ал, мен көп ақшам болса не істеймін, білесің бе?

— Ал, айта ғой өзің.

— Сосын айтам. Бір күні... Қазір құпия болсын. Кішкентай қыз жүгіріп ойнап кетті.

Сенбі, жексенбі күндері пәтер көрушілердің қарасы көбейеді. Демалыстарында бұлардың өздері де пәтеріміз сатылып кетіп жатса қамсыз отырмайық деп шағындау пәтер іздейді. Біресе жаңа пәтердің келіншегінің жұмысына жақын болғанын дұрыс көреді, әлде мектепке жақын жерден қарағаны жөн бе, келер жылы Аяла да мектепке барады.

— Сен жаңа баспанамыздың қай жерден болғанын қалайсың? — деп сұрады ол келіншегіне қарап.

— Не болса да жаңалау баспана алайық, ал шынында, менің уайымым — енді бәрі дұрыс болса екен, — деді келіншегі.

— Әрине, бәрі дұрыс болады, уайымдама, ол жағдайды есіме сала берме, кеткен ақшаның орнын толтырам, — деді Асылбек.

Ол бұл сөзді сенімді айтты. Осындай бірқалыпты күндер жалғаса берер ме еді. Ақыры пәтер де сатылатын болды. Пәтер сатылған соң да екі аптаға ішінде бұларға өздеріне ыңғайлы деген екі-үш пәтердің бірін таңдау ғана қалды.

***

Асылбек пәтерін сатқан ақшаның бір бөлігін қарызына жұмсады. Бұрынғы жұмыстастары, өзінің араласатын нағашы ағасы, әкесінің немере қарындасы, курстас досы, көршісі, құдай ау, бұл қалада Асылбектің қарыз алмаған адамы қалмауға айналыпты. Олардың бәрі Асылбектің ақша әкелгенін білгенде жүздері жайнап, қалай қуанды десеңші. Кейбіреуінен әкесінің төлеп құтылғанын естіген кезде тіпті көңілі босап кеткендей болған. Бұл күні Асылбек рахаттанып ұйықтады. Дүнияда екі иығыңды басып тұратын қарызың болмағанынан артық рахат бар ма екен. Енді өзіне ақшасын сұрап ешкімнің телефон шалмайтыны, «сіздің қарызыңызға пине қосылуда» деген хабарламаның да келмейтіні қандай рахат! Ал, қалған ақшасына пәтер сатып алады. Мейлі, бір бөлме болса да әзірге өздеріне жарап қалар, кейін ақша жинап, кеңірегін сатып алады ғой. Бастысы — ешкімге қарыз емес. Асылбек кеудесін керіп бір рахаттанып демалды.

Әке-шешесінің үйіне де алыс емес, келіншегіне де бір автобуспен қатынауға болатын, салынғанына бес жыл болған үйдегі пәтердің жөндеуі екеуіне де ұнады. О баста иесі өзім тұрам деп жөндеу жасаса керек, әйтеуір, кірсе шыққысыз болып жарқырап тұр. Қонақ бөлмесі үлкен екен, екі терезесі бар, егер ортасынан бөлсе екі бөлме шығады, ол бөлмеден Аялаға бөлме жасауға болады. Енді тек пәтер иесімен келісім-шарт мерзімін белгілеу ғана қалды.

Асылбек қолындағы бір бума ақшаға қарап отырып, «не деген көп ақша, бірақ тек бір бөлмелі пәтерге ғана жетеді» деп ойлады.

***

Асылбек бір бөлмелі пәтер сатып алатын ақшамен казиноға барғанда өзін ерекше саятқа шыққандай сезінді. Оның сол кездегі ынтызарлығы да, рахат сезімі де аң аулаушыныкындей еді. Келесі үстелдегі жас дилер өзі қолапайсыз ба, әлде алғашқы ойыны болғасын ептеп толқыды ма, қолы дірілдеп фишкалар мен шарларды қолынан түсіріп алды. Дилер жігіттің жаңадан келгенін Асылбек бірден байқады. Мұны ішінен жақсы ырымға балады. Әдетте жаңа жерге келіп ойнасаң не дилер тәжірибесіз болса ол кейбір ойыншыға жағады. Жігіт стаффқа (крупьелер демалатын орын) қарай кетіп бір айналып келгенде оны покер ойнаған төртеуге жіберді. Дилер ойыншылар алаңға ставка тіккеннен кейін өзіне және ойыншыларға бес картадан үлестірді. Асылбек өзінің картасын көріп отырып, оны ставкаға тігілген сомаға айырбастап алды, ал дилердің картасы жейдесінің жоғары жағында болғандықтан оны дилердің өзі де, басқалар да ең соңына дейін көре алмайды. Ойыншылар ойынды жалғастыруға келісіп антеден төменгі алаң — вентеге карталарды қойып жатты.

Осыдан кейін барып дилер өзінің картасын ашты, дилер ойыншылардың карталарын сол жақтан бастап оңға қарай аша келгенде комбинация дилердікінен төмен болды да ол ойыншының анте мен веттеде тұрған фишкаларын өзіне алды. Енді ставка көбейтілді: бір жұп 3-ке, екі жұп 5-ке... Дилер ұтқан фишкаларды ашық тұрған флотқа салып, бұлар төлеп содан фишка алып, ойын жалғаса берді. Асылбек флоттың жанындағы саңылауға көз қиығын салды, талай рет өзі де бұған шайлық салған. Шайлық салсаң бұл өзіңе жақсы, дилерлердің еңбегін бағалағаның. Егер бүгін қолы шықса тағы ризалар еді.

Ортадағы жылаңқы ойыншы бәрінің жүйкесіне тиіп бітті, дилер оған ұтылып, ақша төлесе де жылаңқы неме өзінен-өзі боқтана береді, әр айтқан сайын ойына неше түрлі лас сөз келетінін қайтерсің, бұл оның таланты десе болғандай. Соңында ол ашудан түтігіп, карталар мен фишкаларды жан-жаққа лақтыра бастады. Асылбек бұл ойыншыны таниды, рулеткада ең төменгі ставкамен бастап ұтысты біртіндеп көтере отырып, ставканы жалпы сомаға жеткізетін қарсыласына кейде сүйсінетін де, өйткені ол қанша боқтампаз болса да ойнай білетін. Өзі ешкімге шайлық бермейтін сараң, бірақ, оның әлсіздігі ұтқан ұтысын сол бойда ойын автоматтарына салып, тағы ұтылып қалатын.

Өзіне қарама-қарсы отырған алып жігітті де шырамытты. Бірде оның қойған «тамашасына» куә болғаны бар. Бойы екі метрлік, әр жұдырығы шамамен 20-25 келі тартатындайжігіт ішкен кезде құдды алапат құйын басталғандай болады екен. Сол күні қомақты ұтыс тігілген мереке болып, сонда осы жігіт оңбай ұтылған. Сол бойда күректей алақанымен фишкаларды алып дилердің бетіне жіберді. Күлсалғыш, рөмке, стакан керек пе, бәрі ұшып жатты, бір кезде ұтыла бастағанына біреуді кінәлі деп ұқты ма, ол столдан тұрып көзін дилерге қадады да, жыртқыштарға тән көзқараспен дилерге қарсы жүрді, оған қарап тұрып Асылбектің өзі де ішінен жүрексінгені есінде, үстелдер арасындағы шынжырлар ғана алып жігіттің адымын тұсады, ол дилерге жетем дегенше менеджер келіп үлгеріп оны сабырға шақырды. Алып жігіт ауыр орындықты алып дилерге жіберіп қалғанда ол байғұс лезде бұрылып үлгерді. Оны басқа біреу ауыстырып, ойын үстелін жауып үлгеріп, дилер қашып тығылды. Сол жолы қатты ұтылған жігіт одан кейін де қайта-қайта клубқа келіп жүрді. Асылбек дилерлердің алып жігітпен ойнаған кезде құдайына жалбарынып отыратынын да талай байқаған.

Асылбектің өзі қалайда ұтсам деп армандағанымен ешқашан арам ойынды қаламайды. Өйткені, бұл ойын өзі үшін қасиетті секілді, оған өтірік араласса барлығы бүлінетіндей. Әр ойыншының ішінде ойынды адал ойнауға ниет пен байлам болу керек, қалғаны математика, жолы болғыштық, ойыншының психологиясына байланысты деп есептейді. Оның үстіне бұл жерде өтірік ойын мен алдаудың арты жақсылыққа апармайды, бәрі бақылауда, дилерлер фишканы ұрламау үшін олардың киімінде қалта болмайтыны сияқты, казиноның фишкаларының арнайы контейнерде сақталып, құлыппен жабылатыны, столдағы бір камераның сол «флотқа» бағытталады.

Бүгінгі ойынның өзі үшін ерекше сәт боларына Асылбек сеніп отырды. Егер бүгін казино тарихында болмаған, болса да өте сирек оқиға боларлық жағдай орын алса және ол оқиғаның басты кейіпкері Асылбек болып шықса ... Ай-хой де! Онда бұл соңғы келуі болар. Осымен тоқтайды.

Асылбек бойын тіктеп, жөнделіп отырды. Дилер ойыншыларға қарсы покер ойнап тұрды, өзгелердің қасында дем беруші достары бар, Асылбек қана жалғыз. Дилер үш ойыншының картасын ауыстырды, олар ветті жапты. Қалғаны төртінші ойыншыны күтті. Бұл жай Асылбектің өзіне әбден таныс. Өзі де соңғы ойыншы болған кезінде талай рет ойынды ұзаққа созған, елдің бәрінің шыдамын тауысып, картаны асықпай бірінен соң бірін ашатын. «Пах, шіркін десейші, мұның ләззаты қандай! Ойыншы өзінің қасындағы жанкүйерлеріне көрсетіп, дилерге бір картаны айырбас жасады, тіпті манағы манағы ма, басқаларды әбден жүйкелетейін дегендей, тасбақадан да баяу қимылдап дилер берген картаны ашты, оның өзі де, достары да бұл картаның не карта екенін білгісі келіп өліп бара жатқаны көзге көрініп тұрды, өзі болса көйлегінің арқа тұсы дымқылданып борша-боршасы шығып терлепті, осы кезде оқыстан шыққан дауыс ат шаптырым залды кернеп кетті, «Мен Рояль-флешті» ұстадым» деп айқайлады ол. «Мен ұттым!» деді тағы. Оның даусы жаңғырып естілді ме, әлдеқалай бір күшпен зорайып естілді ме, Асылбек ол арасын аңғармады, бірақ, бір сәт өзіне осы аумағы үлкен залдың ауасы тарылып, дем жетпей қалды, тіпті шекесіндегі қан тамырларының бүлк-бүлк етіп қалай соғып тұрғанын да сезінгендей.

Бұл покердегі ең жоғарғы комбинация болатын, расымен де мүмкіндік соншалықты аз болатын сирек жағдай, ондық, валет, дама, король, тұздан тұратын комбинацияның қатар келуі бүкіл залды түсініксіз абыр-дабырға толтырып жіберген. Асылбектер ойнап отырған үстелге арасында пит босс пен менеджерлер бар бір топ адам жүгіріп келді. Дилер болса сүмірейіп тұр. Бұл жерде күн жаумай су болып сүмірейген дилер ғана емес, Асылбек еді. Өзінің әне-міне бір бөлмелі баспана сатып алам деген ақшасын түгел ұттырып жібергені енді ғана санасына жетті. Жетті дегеніңіз не, ол бар даусымен айқайлап, араша сұрағысы келген. Бірақ, даусы да жоғалып кетіпті. Ойынның басынан бері бақырып, боқтанып отырған жасы елулердегі жылаңқы ойыншының ғана неше түрлі боғауызды төпеп жатқанын көрді. «Ол да ұтылған ау шамасы» деді ішінен, бірақ, бұл ойы өзіне ешқандай жеңілдік бермеді, жалғыз бір өзі ғана емес, қасындағылардың ұтылғаны мұны жұбата алмады. Ол қатты шаршаған. Бұл жерге қашан келіп, қашаннан жүр, оған ой жіберетін шамасы жоқ еді. Табалдырықтан аттаған бойда уақыт деген ұғым миынан сүртіліп қалған. Ақша біткенге дейін. Осыған дейін Асылбек адамның ойын залдарына кірген кезде екі, үш тәулік бойы тамақ ішпей, ұйықтамай ойнай алатынын да білмеген.

Рас, казинода үйіне барар жолды ұмытып, миының қатпар-қатпарына дейін комбинацияларға толып қалған Асылбек сияқты адамдарға демалуға, сусын ішуге, аздап тамақтануға жағдай жасайтын, қай құмарпаздың әлі де ақшасы бар екенін, қайсысының шамасы қандай екенін дилер де, есіктегі күзетші де сезетін. Ақшасы біткен бойда ашық күнде мәңгіріп қалған есуастарды казинодан сүйрелеп шығарып, қуып жіберетін. Бүкіл әулетіңнің жиған-тергенін қоссаң да құралмайтын, түсіңе де кірмейтін қыруар ақшаны ұттырып жөніне кете беретін адамдар болады, дилерлер олардың еш жерде жұмыс істемейтінін де, ондай ақшаны қайдан алатынын да білмейтін, бірақ, іштерінен шамалайтын. Ал өзі жуастау, ақшасы да аздау тұрақты ойыншының (Асылбектің) жоғары ставкамен ойнағанын, ең соңында ол барлығынан ұтылып, ештеңе болмағандай тұрып кетіп, менеджерден столды жаппауды өтініп, жарты сағат өтер-өтпесте манағыдан да көп ақша әкеліп, сонымен тағы ойнағанын, осылай бірнеше рет қайталанып, ақыры үлкен сомадан ұтылғанын көрген дилерлер бұған өте қуанышты еді, өйткені мұндай көп ақшадан оларға сыйақы төленетін.

Асылбектің саусақтары бір-біріне байланған күйі қытыр-қытыр етті де, бір кезде сылқ етіп қимылсыз қалды. Ештеңеден үмітсіз, күйрей ұтылған, енді өкініш пен түңілу аралас азапты сәтті көргісі келмеген қолдар ойыншының бетін көлегейледі. Оған осы сәтте бұл жердегілердің бәрінің бет-жүзі мағынасыз көрінді. Залдың мың құбылған жарығын сезбейді, әр жерден естілген күлкілерді еститін емес. Жақындап қалған қауіп-қатер оның онсыз да ширығып тұрған жүйкесін дырылдатып үзіп жібергендей болды.

Былғары портмонесін ызамен жұлмалап қоқыс жәшігіне салған Асылбек қазір жатып ұйықтап алса деп ойлады. Әбден тынығып ұйықтап алса, қалғанын тағы көре жатар. Әрі қарай не істейтінін ойлағысы келмеді. Ертеңгі ойынға ақшаны қайдан алатыны туралы ойлағанда белгісіз бір үрей ішінен өсіп шығып, тұла бойын қалшылдатып тоңдырып, өзін қоярға жер таппай кететін. Ақша туралы ойласа әкесіне, әйеліне қандай өтірік айтатыны да миына келіп болмайды, одан комбинация шешкен әлдеқайда оңайырақ па дейді. Ақша туралы ойласа ол өзін жан-жағынан жел азынаған, қуыс-қуысынан суық үрлеген қираған ескі үй секілді сезінетіні несі екен. Асылбек казиноның түкпіріне қарай ойыншылар демалуға арналған бөлмеге кірді, енді болмаса талып бара жатқандай. Көзі де қарауытып, басы зілдей болып, желкесі тартып, ұзақ отырғаннан белі де қақшиып, соңғы тәуліктердің қалай өткенін де білмейтіндей, ұйқыға мас кейіпте төсекке жантая бастады. «Шынында да осы бүгін нешесі? Қашан келіп еді бұл жерге?» Асылбектің кірпігі айқаса берді. Осы кезде есікті біреу қақты.

— Кешіріңіз, азамат, бұл жерде ұйықтауға болмайды. Бөлмені босатыңыз.

— Ме-ме... Асылбек қапелімде тұтығып қалды.

— Маған айтасыз ба?

— Енді кімге? Сізге айтам, қазір шеф келіп тексереді, бұл жерді босатыңыз.

— Мен осы жерде ұйықтап жүрмін ғой, рұқсат берген.

— Енді рұқсат жоқ!

— Жоқ, шықпаймын, шаршап тұрмын.

— Егер жай сөзді түсінбесеңіз, күш қолданамыз.

— Бауырым, аздап демалып алайыншы, рас айтам, қатты шаршадым, — Асылбектің даусы жалынышты шықты.

Қарулы жас жігіт соңғы кезде дұрыс ас ішпей, алаңсыз ұйқыны да ұмытқан, бар есі-дерті ойын болып, әбден жүдеп-жадаған Асылбекті қаңбақ құрлы көрмей тік көтеріп алды да, ұзын дәлізбен сүйрелей, дедектетіп әкеліп сыртқы есіктен шығарып жіберді. Бұл көріністі бәрі көрді. Асылбек миына еш ой қонақтамаған, аузына жөндем сөз түспеген күйі казиноның шыға берісінде мелшиіп тұрып қалды. Тұрғаны бар болсын, тізесі бүгіліп, құлап кете жаздап тұрды. Басы айналып, көзі қарауытқан күйі теңселе басып, жолындағылардың бетіне үңіле қарайды, неге екенін олар Асылбекке түкке жарамайтын, ешқандай мәні жоқ, тіпті өлген адамдар секілді көрінеді. Осы сәтте оның өзі де өзіне керексіз еді.

***

Жағдайдың сұмдық қорқынышты екенін, бұлтартпайтынын, бұдан шығатын жол жоқ екенін ... мұның арты қалай болатынын ертеден қара кешке дейін ойлаумен болды. Оның жүйке талшықтары күн мен су жеген шірік арқандай ағарып тозып, әне-міне үзіліп кетердей, қасынан біреу өте шықса да, әйелі қасына жақындаса да, әлдекім телефонына қоңыраулатса да селк етіп шошып кетеді. Ештеңені аяғына дейін ойлай алмай, тиянақсыз болжамдардан басы айналды. Әкесіне, келіншегіне қалай айтады, кешіре ме, соңғы мүмкіндік бере ме, жоқ па, осынау ұзаққа созылған азапты ойлардың ішінде оған анық болғаны — ол өзінің қойнында жатқан әйелін толық білмейтін болып шықты. Кешірсе ғой. Соңғы рет. Келіншегі пәтердің ақшасының түп-түгел су болып ағып кеткенін естігенде не күйде боларын көз алдына әкелді: келіншегінің түрі бозарып кеткенін, әкесінің тұнжыраған күйі қабағының астымен қарап мұны сұраққа алғанын, ар жағы не болады... ? Әрі қарай не істемек? Осымен оның қиялы сарқылды, бәрі қатты үрейдің әсерімен қараңғы шым-шытырыққа батып кетті.

— Асылбек, ертеңгі жұмысыңнан сұранатын шығарсың, мен де сұранып келейін, жаңа пәтеріміздің иесі хабарласты, ертең келісім-шарт жасасуымыз керек, көшу де оңай емес. Жұмыс жетеді.

Асылбектің іші қылп етті. Ішіне бір кезек мұз түсіп кетіп, соның ызғары тұла бойына жайылып барады. Өзінің осынша күн жасырып жүргенін енді бұдан әрі қымтап ұстай алмайтыны анық еді.

— Дана, мен саған бірдеңе айтайын деп едім.

Келіншегіне жақындағанда тәлтіректей басып, жүрек қағысы жиілеп, оның тұла бойынан қиналысы мен қаупі байқалып тұрды.

— Ия, айта бер. Келіншегі шәйнекке шәйді демдеп, оның үстіне сүйрік саусақтарымен сүлгі жауып жатты.

Мен... мен... ұтылып қалдым... Ол үзіп-үзіп, өзінен күштеп бірдеңе шығарып жатқандай қиналып сөйледі.

— Не-е-е, Асылбек, сен ол жерге бармаймын дегенің қайда? Тағы бардың ба?

— Сөзімде тұра алмадым. Мен... оңбағанмын, итпін... Адам емеспін мен...

— Тұра тұршы...

Келіншек күйеуінің жүзіне барлай қарап тұрып қалды.

— Сен пәтер аламыз деген ақшаны ...

Асылбек келіншегінің көзінен мұның әлдебір айыбын мойындауды тағатсыздана күткенін көрді.

— Ия... Өзім де байқамай қалдым. Дана, мен жолы болмайтын біреумін... Асылбек сыбырлай, қалшылдай сөйлейді.

Қараторы келіншектің момақан жүзі өзгеріп, іле-шала Асылбек осы кезге дейін ешуақытта байқамаған бір жеккөрініш пен ыза араласқан күлкі естілді. Асылбекті бар салмағынан айырып, үф десе қалықтай жөнелер қайдағы бір қауырсынға ұқсатқан бұл күлкі аяқ астынан, оқыс болған жарылысқа ұқсады, ешқандай жылусыз, мейірімнен ада, сезімсіз осы күлкінің әсерінен бір сәтте найзағай түсіп, оның оты Асылбекті шарпып кеткен. Отқа шарпылса да сілейіп тұра берді. Келіншегі жүрегін ауыр бірдеңемен бастырғандай қабағы түйіле түсіп барып жазылып, жұтқыншағы тыным таппай жоғары төмен қозғалып, сөздер оның тістерінің арасынан ысылдай шықты.

«Жетер енді!» деген шыңылтыр дауыстан ас үй үстелінің үстіндегі жуылып-шайылып қаз-қатар тізілген тәрелкелер бірдей үн шығарып, бүкіл дүние сылдырлап кеткендей болды.

— Қалай? Қалайша? Біз ана пәтерді сатып аламыз деп келісіп қойдық қой. Сонда... дымсыз, түксіз қалғанымыз ба? Оңбаған! Үндемей, көңілсіз жүргенге ауырып жүр ме, әлде жұмысы қиын ба десем... Ауру! Аурусың сен! Ауру болмасаң өстемісің? Енді тентіреп жүр десейші! Оңбаған! Шыдамым бітті! Кет. Көзіме көрінбе! Жек көрем сені!

Оның сөздері Асылбектің құлағынан тапаншамен атылғандай қатты тиіп жатты. Казинода да ұтқанда не ұтылғанда осыған ұқсас қатты дыбыстар шығатын, бірақ ол Асылбекті дәл осылай шошытпайтын.

— Мүмкін, бәрін емес шығар, мүмкін, ойнап айтып тұрған шығарсың? Асылбек, бір-бірімізді қинамайықшы, ұттырған шығарсың, бірақ, бәрін емес шығар... Келіншектің даусы енді жалынышты шықты.

— Бәрін...

Үміті күл-парша болған келіншек өз-өзінен селкілдеп, қорқынышты дыбыс шығара еңіреп жіберді. Әйелі аңшының оғы тиіп қапыда жараланған өте ашулы жолбарыстың табанына түсіп, сол жыртқыш әйелдің ішін дар еткізіп жыртып жібергендей сұмдық қорқынышты дыбыс шығарды... қас-қағымда жараланып қалғандай күй кешкен келіншегінің осы қалпынан Асылбек дірілдеп кетті. Сәт арасында үй ішінде алапат дауыл басталып, есік сар-сұрт ашылып-жабылып, бөлмеге жұлқына кірген жел сумаңдай жүгіріп осы кезге дейінгі міз бақпай тұрған бейбіт тіршіліктің күл-талқанын шығарып есіп жүрді. Келіншектің ашу мен өкініш табы тұрған жүзінде ыза мен кесімді шешім бар еді.

***

Кеудесіндегі жаны әлдеқашан шығып кеткендей сүйретілген, көзінің оты сөнген, жүзі әлем-тапырық Асылбекті бомж кейпінде тауып алған әкесінің оған айтар сөзі де таусылғанға ұқсайды. Ызаланған күйі ұлын құлақ-шекеден жіберіп ұрды, тепкілеп те тастады. Бірақ, алпыстан асқан адамның жұдырығы отыздағы жігітке қаншалықты дарысын. Былай сілкісе былай, олай итерсе олай сұлай береді. «Бүйткенше өлмедің бе, баласы жоқтар да жүр ғой» деп таусыла сөйлеген әкесі бір кезде шарасыз күйде жылап жіберді. «Жалғыз ұл деп өбектегенде көрсеткенің осы ма» дегенде тісі шықыр-шықыр етті. Ертеңінде оянғанда әкесінің бөлмесіндегі үюлі заттарға қарап ұзақ жатты. Бұл келіншегі екеуі қосылғаннан бері құраған дүниелері еді, бір шетте қызының кішкентай кезде шомылған ваннасы, бергі жақта шашылып қалған картон қораптан сурет альбомдары көрінеді. Мұның ноутбугын да әкеп тастапты. Асылбек келіншегінің төркініне кетіп қалғанын ұқты. Әрі қарай не істегені жөн? Ол көзін қолымен көлегейлеп ұзақ жатты. Оған өзі үшін қымбат нәрселерге қарау бәрінен ауыр еді. Аузына сарымсақ соусы қосылған ұлу етінің дәмі келгендей болды да лоқсып жіберді. Оның екі шекесі солқылдап, жүрегі лоблып, бүкіл дүниеден жиіркеніп тұрғандағы жүзі қорқынышты еді.

***

Неше күн өтсе де келіншегіне хабарласуға дәті барар емес. Не деп телефон шалады? Кешір дей ме? Ол мұны көргісі келе қояр ма екен? Қызы неғып жүр екен? Бәрін қойшы, Асылбек қызын сағынып жүр. Аяла деген аты қандай, Аяла деп оған атасы қойған еді. Асылбек қызын көрмекке балабақшаға барды.

— Сізге баланы көрсете алмаймыз, — деді тәрбиеші ұстамды кейпінен жазбай.

— Неге? Мен әкесімін ғой.

— Сіз балабақша меңгерушісімен сөйлескеніңіз дұрыс.

— Ия, көрсете алмаймыз, бізге солай деген. Кешіріңіз, отбасылық жеке мәселелеріңізге араласқан дұрыс емес, бірақ, сіздер бірге тұрмайды екенсіздер, осы себептен сізге баланы беруге тыйым салынды, деген меңгерушісі көзілдірігінің үстінен қарап салқындау жауап қатты.

— Кімге? Кім тыйым салады? Баласын әкесіне көрсетпеуге кім тыйым сала алады?

— Болды, жігітім. Сабырға келіңіз. Отырыңызшы, — деді қартаң әйел.

— Сіздің қызыңыз өте ақылды, сезімтал. Тек балаға обал болды, осы күні көңілсіз жүреді, оның үстіне қатынайтын жері де алыстап кеткен.

— Сіз маған қызымды көрсете аласыз ба?

— Сіз неге қызыңызды сағынсаңыз өзіңіз іздеп бармайсыз? Әйеліңіздің әкесінің үйін білетін шығарсыз? Қартаң әйел енді қатулана тіл қатты.

— Ия, білем. Бірақ,...

— Бірақ, қорқасыз, солай ма? Ал, бұл жерде қорықпайсыздар, бізге келіп бұйыруға келгенде бәрі батыр, солай бізді ыңғайсыз жағдайға қалдырасыздар.

Асылбек орнынан тұрды.

— Кешіріңіз. Айып етпеңіз. Мен далада күтіп тұрам, кеште мамасы алып кетуге келгенше күтем.

— Сөйт, жігітім. Сол дұрыс.

Келіншегін анадайдан көргенде өзінен-өзі көңілі алабұртып кетті, мұндай сезім баяғыда алғаш кездесіп жүргенде болмап па еді. «Алдынан шықсам ба, әлде... Жоқ, тап қазір алдынан шықсам сөйлеспей бұрылып кетер не бекерге ұрсысып қалармыз, одан да Аяланы бақшадан алып шыққан кезде көрінгенім дұрыс, сол кезде Аяланың өзі маған қарай жүгірмей ме? Аяла балабақшадан мамасына бірдеңелерді айтып көңілді шықты. Басына екі қиық гүлі бар әдемі ашық жасыл түсті бас киім мен үстіне қызғылт плащ кигізіп қойыпты, етігі де су жаңа. Асылбек қызына мұндай киімдерді қашан сатып алғандарын есіне түсіре алмады, шамасы келіншегі жақында алған болу керек. Аяла мұны көре сала көзі жарқ ете түскендей болды. Әлде бұған солай көрінді ме екен. Бірақ, қызы неге екенін, баяғыша құшағын айқара ашып әкесіне қарай жүгірмеді. Бұрынғыдай жүгіріп келіп мойнына асыла кетпеді. Әкесі жанына жақындап, екі қолымен тік көтеріп алған кезде де бала бұрынғыдай мәз болып, шалықтап қуанған түр танытпады.

— Әке, мені көтермеші, жерге түсірші, мен енді кішкентай емеспін ғой, түсірші, ұялам.

Асылбек қызды жерге түсірді.

— Баланың маған көңілін суытып қойған сенің шешең бе? Асылбек әйелімен салқын сөйлесті.

— Мамамда шаруаң болмасын, әуелі өзіңді жөндеп ал. Неге келдің? Не бетіңмен келдің өзің? Айтшы. Келіншек даусын басқалар естіп қоймасын деп бәсеңдетсе де, ашудан жүзі алаулап тұрды.

— Қызымды көрейін деп.

— Болды, енді келме, баланы алаңдатпа. Көзімізге көрінбей-ақ қойшы. Бүкіл үй алатын ақшасын ойынға салып жіберген, бала-шағасын қаңғытып жіберген сендей әкеден не қайыр? Сотқа арыз түсірдім, әңгімені көбейтпей ажырасамыз деген үміттемін. Мен баланы алып Қызылордаға кетем. Ақыры бөліске салатын ештеңең жоқ қой. Басты қатырмай, қайта-қайта сотқа жүргізбей, ажырасуға келісім берерсің, деді мысқылмен.

Асылбек үндемеді. Оның жауабы да жоқ еді.

— Соңғы рет Аяламен сөйлесейінші... (неге соңғы рет деп айтқанына да мән беріп жатпады).

— Аяла, қызым, қарашы, мен саған не әкелдім? Ол қызына деп алған шоколадты және қойнынан қолы, аяғы қозғалатын, көйлегі әдемі қуыршақты шығарды. Аяла есейген бе, бұрынғыдай шаттанып қолын шапаттап қуанған жоқ.

— Әке, менің өзіміздің үйімізге барғым келеді, — деді қыз жүрелей отырған әкесіне басын сүйеп. Сосын ешкім естіп тұрған жоқ па дегендей айналасына қарап алды да, Асылбектің құлағына аузын тақады:

— Мамам айтады, енді біздің өзіміздің үйіміз жоқ дейді, шын айта ма әке? Менің ешқайда барғым келмейді , өзіміздің үйімізге ғана барам. Атамды, әжемді сағындым.

Аузына сөз түспеген Асылбек үнсіз ғана қызының арқасын қағып тұрды. Бір кезде есіне әлдене түскендей қалтасын қарманып бірдеңе іздей бастады. Олы дірілдеп, қалтасынан он мыңдық алып қызының қалтасына салды.

— Мұны саған атаң беріп жіберді. Ұлының Аялаға барам дегенін естіген атасының бүгін осы ақшаны ұстатқаны рас еді. Кішкентай қыз ақшаға бірден қол созбай, ойлы жүзбен әкесінің бетіне қарады.

— Егер менің осындай көп ақшам болса не істейтінімді білесің бе?

Асылбек қызының бетіне қарап тұрып, осыдан жарты жыл бұрынғы әңгімені есіне алды. Ол кезде де Аяла осындай сұрақ қойған болатын.

— Ия, сен бұны құпия дегенсің, ал, өзің айта қойшы, не істейсің?

— Мен онда Құдайға сыйлық жасаймын!

— Құдайға?

— Ия, көп ақшаға Құдайға сыйлық аламын?

— Неге Құдайға? Неге... мысалы, мамаңа сыйлық жасауға болады ғой.

— Жоқ, Құдайға. Ол маған ең күшті әке бергені үшін.

Қызы осылай дегенде Асылбек өзін зорға ұстады, енді болмаса еңіреп жіберер ме еді, енді болмаса... кішкентай қызды ерте есеюге, ойлы сөз айтуға итермелеген өзінің болымсыз тірлігіне деген өкініші ішін жидітіп бара жатты. «Күшті әке дей ме? Мен бе күшті әке?»

— Жоқ, сен атаң берген ақшаға өзіңе ойыншық ал. Ал, Құдайға сыйлықты кейін жасайсың.

— Жарайды, бара ғой, қызым. Мамаңа бар.

Қызы қозғалмады.

— Әкешім, — деді ол көзін бұдан алмай тұрып, — енді бүкіл ақшаңды алып қоятын ойынды ойнамашы, жарай ма? Оны жаман ағайлар ойнайды.

***

Күтпеген жерден өзіне бір сенім пайда болғандай. Бір сиқырдың күшімен бе, ақыл-ойы жарқырап, алдағы белгісіздіктің орнын бір беймарал жайлылық басты. Асылбек өзі үшін өмірдің мәнін жоғалтпағанын, егер өз өмірін сақтап қалғысы келсе және оған мағына бергісі келсе бүгіннен, дәл осы сәттен бастауға болатынын түсінді. Бұл әлдебір кітаптардан оқыған, қияли жазушылардың аузымен айтылған емес, өзінің осы соңғы кездерде бастан кешкен, қолдан жасалған азабының нәтижесінде түсінгені еді. Егер қайтадан өмірді бастар болса үрейсіз, өтіріксіз-ақ бастар еді. Өйткені, оның қауіпті ойынды жүргізе беруге де, қарабет болған құмарпаз бейнеде өмір сүре беруге де күші қалмаған. Соңғы кездері казино десе бұрынғыдай байыз таппай кететін әдеті қалғанын байқайды. Бұл қашанға дейін созылар екен. Ол күндіз әкесіне көмектесіп, түнде басқа жерге ауысыммен күзетші болып орналасты. Бір таңғалғаны — ақша дегенді бір-біріне қоса берсең, берекесін алмай, шетінен еппен ғана жұмсасаң, кәдімгідей басы құрала береді екен. Осы қалыпта жинай берсе, күндердің күнінде пәтер сатып алып, өзінің отбасын соған кіргізсе ғой. Сонда келіншегі де бұған сене бастар еді, дұрыс жолға түскеніне көзі жетер еді. Аяла қалай қуанады десеңші! «Кіп-кішкентай қыз құдайға сыйлық жасаймын дегенін айтсайшы, ондай ой үлкен кісінің ойына келе ме, бәрі менен бас тартқанда Аяла ғана күшті әкесің деді ғой». Ол ойша есептеді, егер осы қалыппен жинаса бір бөлмелі пәтер алуға кемі он бес жылдай уақыт кетеді екен, ал егер жарты сомасын жинап ипотека алса ше? Болмайды, ол кезге дейін қайда әлі, Аяланың бойжететін уақыты ғой. Асылбек қалай тез ақша жинауға болатыны туралы амалдарды ойлап жатып ұйықтайды. Бірақ, көбіне-көп аяқ астынан келетін, бір сәтте жарылқап тастайтын олжа туралы қиялдап кетеді.

Бір күні бейтаныс біреу хабарласты. Сол күні Асылбектің әкесі әлдебір шаруалармен көрші қалаға кетті де, жалғыз өзі тыным таппай мықшыңдап жатқан. Дүкен аядай болғанымен, жұмыс бастан асады. Келген тауарларды орналастыру, жемістерді сұрыптау, арасында келген тұтынушыларға қызмет көрсету, тіпті шай ішуге мұршасы жоқ.

— Мен аффилейтпін, — деді хабарласқан адам. Асылбек телефонды жауып тастамақ болған. «Қызық екен, мұның номерін қайдан алған, бұрын казиноның клиенті болғанын да білетіндей».

— Онлайн покер ойнағыңыз келмей ме? Меніңше, тиімді ойын. Бәрі ашық жүреді.

— Жоқ, мені мазаламаңыз!

— Жігітім, бұл өте тиімді, ойланып көрсеңші. Тіпті казиноға барудың қажеті жоқ, телефон, скайп, контакт арқылы байланысамыз, база арқылы хабарласып, ойынға тіркеп қана қоймай, ойнауға үйретем. Бізден ойнап, жоғары ставка жинап, көлік мінген, тіпті бизнес ашқан жігіттер бар, рас айтам, — деді бейтаныс жігіт сендіре сөйлеп.

— Пәтер де алуға болады деп жарнамалай берсеңізші, ха-ха-ха!

— Жігітім, сенбей тұрмысың, онда өзің біл.

— Ал, рулетка ше?

— Рулетка қызықтыра ма? Дұрыс, жігітім. Мен де рулетканы жақсы көрем, бұл енді қалай десем екен... бұл халықтың жиған-терген ақшасын иемденіп кететін жинақтаушы зейнетақы қорына қарағанда ең әділ жол деуге болады. Бейтаныс жігіт өз теңеуіне өзі мәз болды.

— Бірақ, есіңде болсын, бұл жерде ықтималдық теориясы жүреді.

— Мен хабарласам. Өзім... Асылбек телефонды жапқан соң өзінің бейтаныс сөйлемпаз жігітке «жоқ» дей алмағанына жыны келді. Неге «жоқ» деп қайырып тастамады. «Жоқ, енді мені ойынға шақырмай ақ қойыңыз деп неге айтпады»?

***

Соңғы кездері шешесінің әжімі тереңдей түскенін де, біресе «Аяланы сағындым» деп мұңайып, біресе «ауырдым» деп қабағы ашылмайтынын байқап жүр. Табиғатынан тұйық, мінезі ауырлау адаммен сөйлесудің өзі оңай емес. Өзінен өзі солып, жағы суалып, самай шашы түгел ағарып кеткен шешесінің диванда жансыз мүсіндей болып сағаттап отыратынын, бос терезеге мағынасыз көз салатынын бірнеше рет байқаса да, қасына жақындай алмайды. Әкесі де өз-өзіне тығылып, тас үнсіздіктің құрсауында қалғандай. Көбіне ұлын кекетіп-мұқатып, шадыр мінез көрсететін болды. Бұл үйдегі ауа да жұтқан сайын адамды улайтындай. Асылбек үшін күндердің күндерден айырмасы жоқтай, кейде бәрін тастап өзі қалаған жаққа безіп кете барғысы келетіні бар. Асылбек жұмыстан оралғанда шешесі басын орамалмен тас-түйін байлап алып, бір бөлмелі үйдің бұрышындағы диванда жатыр екен.

— Дәрігер шақыртсам қайтеді, мам?

— Жаңа давлениенің дәрісін іштім, кішкене жақсардым, — деді шешесі.

— Әкең шаруам бітсе екі күнде оралам деген, уф...

— Ия, сөйлестім, шаруасы бітеді, бір кісімен кездесуі керек.

— Уф, тамағыңды әзірлеп ішсеңші...

— Ия, мам, мен ас үйде болам, бірдеңе керек болса дыбыстайсың ғой, — деді ас үйге беттеп.

Кәрі әйел қан қысымының дәрісін тағы ішті. Ұлы келесі бөлмеден сол күйі шықпады. Қанша өкпелесе де перзенті ғой, кейде жаны ашиды, біресе ұлының бәрінен айрылып, өзін-өзі орға жыққан мүсәпірлігіне, берекесіз тірлігіне жыны келеді. Бірақ, қайтеді, адам бейшара өз қолын өзі кесе алмай осылай пұшайманның күйін кешеді екен. Екі қолымен самайын сығымдай ұстады, солқылдаған шеке тамырын қолымен басып езгілеп тастағысы келгендей... Бір кезде құлағы шыңылдап кетті де, дүние өзінен-өзі шыр көбелек айналып жүре бергендей болды. Одан арғысы есінде жоқ.

Әйел көзін ашқанда оты қайтқан жанарда салқындықтың да, ұлына деген реніштің де ізі жоқ еді. Маңдайының қыртыстары жазылып, көздерін кеңірек ашып, әлденеге таңырқағандай шағын бөлмені шолып өтті. Әлденені есіне түсіргісі келгендей. Аяқтары бүгіліп, қайта созылды. Бір сәтте бойын билеген үрейден бе, болмаса ойына жайсыз бірдеңе түсті ме, өңі бұзылып қолдарын сермелей бастады... біреуді шақырып жатыр ма, болмаса өзінен бірдеңені қуалап жатыр ма? Бір уақытта санасы бұрынғы сергек қалпын қайта тауып, ептеп есі кіргендей болды, бірақ ауыр демалып жатты. Ол бірдеңе айтқысы келгендей.

— Асылбек...

— Ау... Тағы сол ойын ба? Сорлы болған балам ай... деді үзіп-үзіп. Миың айналып қалды ғой әбден. Не семьяң жоқ, не үйің жоқ, не жұмысың жоқ, кеттің ғой құрдымға... Уфф...

— Асыл-бе-ек...

Науқас орнынан көтерілгісі келген, бірақ оған тым әлсіз еді. Еріндері дірілдеп, маңдайынан суық тер шығып, әлдебір мұң мен түңіліске толы жанарын төбеге қадап жатты. Бұл кезде оның бетінде шаршаңқылық пен жайбарақаттық бар еді. Әйелдің қарлығыңқы тыныс алысы жиілеп, кеудесін жоғары көтере түсті де тынып қалды.

Келесі бөлмеде отырған Асылбек осы отырысында монитордың ішіне еніп кетердей еді. Бұл кезде түн ауып кеткен болатын, белі талса да орнынан тұрмады. Таңға жақын шешесінің ыңқылдағанын да, «Асылбек, Асылбек» деп әлсіз дыбыстағанын да естімеді. Аффилейтпін деген жігіттің айтқаны қисынды ма деп ойлады, он-лайн покер деген казинодан да қызығырақ секілді, ойын тәртібін меңгеріп алу Асылбеккке түк қиын болған жоқ. Тырс-тырс, тырс-тырс. Бөлмеден тек клавиатураның дыбысы ғана естіледі. Саусақтар ерсілі қарсылы ойнап, қабақтар біресе түйіліп, біресе жазылып... Тамағы құрғап кеткендей болды, «шіркін, салқын шарап болса ғой» деп тіледі бір сәт. Казинода әдемі қыздар салқын шарап әкелетін. Осыны ойлауы мұң екен, осы сәтте жиегі ирек-ирек әдемі әппақ ыдысқа салынған сарымсақ соусы құйылған ұлу етінің дәмін аңсады. Мониторға үңілген екі көзде құмарлыққа билеткен есірік көзқарас қана бар еді.






Пікір жазу