29.10.2021
  524


Автор: Жадыра Шамұратова

Сағыныш

Ескі вагон арасында сықырлаған дыбыс шығарып, мөңкіп ала жөнелгендей мінез танытса, үстел үстіндегі суып қалған шай шайқалып төгіле жаздайды. Станциялар мен ауылдар көзге жиі шалынып, шоқ-шоқ болып өскен ағаштардың да қарасы көбейіп келеді. Аспанды бұлт торлай бастағанда «ертең де екі тізем бастырмай, сырқырап шығатын болды ау» деп уайым етті.

— Күз келгенде қайда барасыз, сіздің жасыңызда алыс сапарға шығу оңай емес. Ол кісіні өмір бойы іздеумен келесіз ғой, тірі болса әлдеқашан табар едіңіз, енді жаныңызды күтіп отырсаңызшы, — деген қызының сөзін ойына алды.

— Іздесем өз бауырым, сенен ақша сұрадым ба, болмаса ерігіп жүр ме екенмін, — деп кілт ете қалған.

Енді келіп, мұның көңілін қимай жолға бірге шыққан қызын аяп келеді. Өзіне қызы болғанымен, ол да үш немеренің әжесі. Жасы еңкейгенде туған жерді бір көріп, топырағына табанын тигізсе, батпандай салмағы білінер жүкті көтеріп жүрген кәрі жүрегі содан бір жеңілдік табатындай көреді. Сол өзі туған үйдің орнын бір көрсе... Таныр ма екен? Өмір бойғы іздеген туған бауырын таппаса да, сол өзі өскен ауланы бір көрудің өзі айтып тілмен жеткізе алмас сезімге бөлерін іші сезеді. Дәл осы отырысында жайбарақат, сабырлы көрінгенімен, бүкіл ішкі дүниесінде алабөтен толқынысты бастан кешкен кемпір вагонның жоғары төсегінде қаннен-қаперсіз ұйқы құшағындағы жасамыс әйелге көз салды да, өз ойымен өзі болып кетті.

****

Қаланың ескі бөлігімен кетіп бара жатып татар үйлерді көрсе, көңілі қараптан-қарап алабұртып кететіні бар. Ол үй кімнің үйі болды екен, қандай адамдар тұрды екен, тағдырлары не болды екен деген ойлар шырмайды. Екі қабатты етіп салынған, терезелері қақпақты сондай татар үйлердің бірінде қалған өзінің балалық шағы туралы үзік-үзік суреттерді қайыра еске түсірудің өзі кейде ұйқысын қашырса, кейде жанын жылытады. Кемпір тағы да ойға шомып кетті.

Ескі үйдегі естелік

Анам туралы көп ештеңе есіме түсіре алмаймын. Шашымды тарап өріп беретіні, ән салатыны, даусы керемет әдемі екені ғана есімде қалыпты. Соған қарағанда анамнан тым жас қалған болуым керек. Ал әкем шешесіз жетім қалған үш баласын асырау үшін ауыр жұмыс істеп, қараңғы түскенде аяғын әрең сүйретіп, сілесі қатып шаршап оралатын. Осы күні шешемді баладан қайтыс болған сияқты көрем, өйткені кіп-кішкентай шақалақ сіңлімнің сүт сұрап қолды-аяққа тұрмай шыңғырып жылайтыны көз алдымда қалып қойыпты. Ондайда әкем бейшара не істерге білмей, жан тері шығып, шырылдаған баланы сарыала жаялығымен қойнына тығып алып, дәкеге нанды езіп, қоймалжың быламықты сәбидің аузына салатын. Бірақ ол ана сүтіне қайдан жетсін? Кейде біздің бөпемізбен шамалас сәбиі бар көрші әйел келіп емізіп кететін. Ана сүтін құныға сорған сәби сәлден соң қара терге түсіп, беті албырап ұйықтап кетеді. Бірақ сәбиді рахатқа бөлейтін мұндай сәт көп бола бермейді. Сөйтіп әкемнің әзірлеген быламығын талғажау етіп, кішкентай сәби өсіп жатты. Өзі әлжуаз, кіп-кішкентай еді. Кіп-кішкентай болса да сезімтал сәби жаулық тартқан әйел адамды көрсе көзі күліп, уілдеп қоя беретін. Көңілденіп, еңбектеп алдынан шығады. Кейде бір шаруасымен не оттық алу үшін көрші әйелдер келсе, солардың алдына барып, үмітке толы көздерін қадап, жәудіреген күйі ұзақ қарап тұрар еді. Бірде үйге әкемнен қарыз сұрап қарсыдағы көрші әйел кіргенде кішкентай сәбидің қалай қуанғанын көрсеңіз, оның алдына келіп, күліп, сәби қылықтарымен өзіне қаратып жатыр. Екі көзі омырауда. Ол әйел балаға онша назар аудармастан шығып кеткенде манағы өзін бауырына алып, емізе ме деп үміттеніп күтіп тұрған сәби жерге етпетінен түсіп, бақырып жылап жатты. Бұл көрініске куә болудың қандай қиын екенін мен есеймей жатып түсіндім.

Әкем күн ұзақ жұмыста. Кішкентай балаға қарау менің мойнымда. Мен ол кезде 6-7 жасар баламын. Соңымнан еріп, мен не істесем соны қайталайтын інішегім бар. Оның да үш-төрт жасар кезі болса керек, әйтеуір, екеуміздің біресе нанға, біресе әкем әкеліп берген қоңыр бәтіңкеге таласып қала беретініміз есімде. Ескі екіқабатты үйдің екінші қабатындамыз. Ойын десе есім кететін. Оның үстіне көрші балалар да қызықтырып қоймайды.

— Зайнаб, біз бүгін кешегіден де күшті ойын ойнаймыз.

— Зайнаб, бізбен бірге жүрсеңші.

— Кешегі тығылмақта сенің болмай қалғаныңды қарашы...

«Сен де бір пәле болдың» дегенді қабағыммен білдіріп, сіңлімді тезірек ұйықтап қалсыншы деп одан сайын үстінен қаққыштаймын. Оның ұйқысы келмейді. Терезеден қарасам, балалар үш топқа бөлініп жаңа ойын бастап кеткен екен. Бөпемді ала-мала көтеріп қиқа-жиқа жасалған ағаш баспалдақтан түсе берем дегенде аяғым тайып кетіп, екеуміз бірдей домалай жөнелдік. Сәбидің бір жері қатты ауырып кетті ме екен, бастапқыда демала алмай қалғанын көрдім. Сонда да, өз басымды ойлап үлгеріп жатырмын. «Кешке әкем келгенде ұрыспаса екен, әлде бала менің соңымнан ерем деп баспалдақтан өзі құлап кетті деп айтсам ба екен» деген, өзімді ақтамақ болған өзімшіл ойлар кимелейді. Біздің дыбысымызға келген көршілер беті-басы қанап, шырылдап жылаған сәбиді жұбатып, менің үсті-басымды қаққылап тұрғызды. Кеште әкем болған жайды көршілерден естіп, маған біраз ұрысты. Сыпырғыштың жұлынып қалған талымен ұрған болды. Соның өзіне ауырттың деп байбалам салып жатырмын. Даусымның ащылығы сондай, сырт көз мені біреу шырылдатып зәбір көрсетіп жатыр екен деп ойлар еді. Інім мені аяған көздеріне жас толып бұрыштан сығалайды. Қолына таяқ алып ұрам десе қолынан қағатын кім бар, бірақ, қайран әкем ондайға бармайды, даусын көтеріп, өзінше қаталдық көрсетіп, тәртіпке салмақ болады. Сонда да қаттырақ ұрсуға батылы бармай тұрғанын сезем.

Жоғалған бала

Бізде ескі аспалы бесік болатын. Бірде сол бесікке сіңлімді жатқыздым да, тербетіп, ұйықтады ау дегенде сыртқа беттедім. Есі-дертім есік алдындағы балаларға қосылу. Ол кезде оң-солын әлі танып үлгермеген мен үшін жер бетіндегі ең керемет нәрсе — ойын болып көрінетін. Ойынның қызығымен қалай кеш түсіп, қас қарайғанын байқамаппын. Тіпті үйде кішкентай бала бары да есімнен тарс шығып кетіпті. «Әкем жұмыстан келген шығар ендігі» дегенді ойлауым мұң, жүрегім зу ете түсті. Сүріне-қабына жетсем, қолына пілте шам ұстап алған әкем қаракөлеңкеде қарманып әлдене іздеп жүр. Үй іші тым-тырыс. Әкем кішкентайды іздеп жүр екен.

— Бала қайда?

— Бесікте ұйықтап жатқан, — деймін аң-таң болып.

Айнала қараймыз, ұшты-күйлі жоқ. Көршілерге жүгірдік, ешкім көрмеген. Біреу алып кетті ме деуге бейсауат ешкім келмеген болып шықты. Әкемде ес жоқ, өңі қашып кеткен. Екі кештің арасында у-шу болдық. Енді қайтеміз дегенде бір бұрыштан «іһ,іһ» деген дыбыс шыққандай болды. Жақындап барып тыңдасақ, бірдеңе қыбырлайтын сияқты. Пештің түкпір жағында отын жинайтын қуыс болушы еді. Ол жер күндіздің өзінде қараңғы болып тұратын. Қалай-солай тасталған томарлар мен жаңқалардың арасынан сәбиін тауып алған әкем әлде қуанғаны, әлде көңіл-күйі солай болды ма, жас балаша еңкілдеп, еңіреп жылап жіберді. Ол баланың не аспалы бесіктен ұшып кетіп отынның үстіне түскенін, не болмаса есі жоқ неменің жалғыз қалғаннан қорқып сол жерге өзі барғаны белгісіз, бет-аузы ағаштың қатты қабығы мен бұталарынан әбден жарақаттаныпты. Әсіресе білектеріне ағаш шырпылары аямай кірген екен. Әкем әлгі жаңқалардың әрқайсысын түйреуішпен қыл суырғандай етіп алған сайын байғұс бала безек қағып жан даусы шығады. Осы оқиғадан кейін әкем мынадай тоқтамға келді.

— Мына баланы балалар үйіне тапсыру керек, Зайнаб. Мен болсам жұмыстамын, ал сен баланы мүлдем қарамайсың, саған ойыннан басқа ештеңе керегі жоқ, өстіп жүріп екеуміз мұны өлтіріп алып, обалына қалармыз.

Әкемнің бұлай деуі қаталдығы емес, керісінше амал іздегені еді. Сөйтіп, әкем сіңлімді балалар үйіне өткізді, біз бастапқыда сәбиге барып, жағдайын біліп тұрдық, бірақ, арада уақыт өткенде одан көз жазып қалдық.

Тұлдыр жетім

Бұл соғыс жылдары еді. Біз жоқшылық дегеннің тап не екенін онша түсінбеуші едік, өйткені, ол кезде дүние-мүліктің, киімнің жаңа не ескілігі туралы ойламайтынбыз, әйтеуір, іліп алар киім болса соған ырзамыз. Бізді қинайтыны тамақтың тапшылығы болатын.

Інім менен нан сұрай беретін. Ондайда әкем тауып әкелген ұнды суға шылап беретінмын, кейде нан да табылатын. Қоңыр көздері ұшқын атып, кекілі желбіреп, құлдыраңдап жүгіріп жүретін інім бір күні жата беретінді шығарды. Күнұзаққа тыным көрмейтін ойын баласының жатқан орнынан тұрмай қалуы мені де есейтіп жібергендей. Бір күні ол менен нан да сұрамады, көзін де ашпады...

Әкем ауыр жұмыста жүріп әбден арып, қатты жүдеп, ақыры ол күні төсек тартып жатып қалды. Қатты арықтаған адамның ішкі құрылысы терінің сыртынан да көрініп тұратынын мен сол кезде өз көзіммен көрдім. Бір күні әкем орнынан мүлдем тұрмай қалды деп көрші әйелге бардым. Ол маған «әкең бір орнынан қозғалмай қалмасын, екінші жағына аударып салсаңшы», — деді. Үйіме қайтып келіп, әкемді орнынан қозғамақ болдым. Егер орнынан қозғасам одан әкеме бір жеңілдік болатын сияқты көрінді. Сегіз жастар шамасындағы кішкентай қызбын, бар күшіммен әкемді аударып жатқызбаққа әрекеттендім. Осы жатқан жатысында қу сүйегі қалып, әруаққа ұқсап жатса да әкемді қозғауға шамам келер емес. Борша-боршам шығып әкемнің денесін орнынан қозғаған кезде жүрегім тас төбеме шықты. Әкемнің арқасы қатты қанталап кетіпті. Ырсиған қабырғаларының терісі дәкедей жұқарып, қарақошқылданып, қорқынышты көрінеді. Көп ұзамай мен жалғыз арқасүйерімнен айрылдым. Бұл қазаға менен өзге қайғырған адамды байқамадым. Соғыстың, ауыр тұрмыстың, аштықтың адамдарды қалай өзгертетінін сол кезде көрдім.

Балалар үйінде

Тұлдыр жетім қалдым. Әкем өлгеннен кейін мені іздеген адам болмады. Біз қалада тұратынбыз. Вокзал жаққа барып, өзім секілді жетім, қараусыз балаларға қосылдым. Жазда әйтеуір, күн жылы, әупірімдеп болса да күн көруге болады, басты уайым тамақ тапсаң болды. Жарты бөлік нан үшін шартпа-шұрт төбелесіп, таласып қалатын кездеріміз де аз емес. Күз түсе жылы жер іздей бастайды екенсің. ДЕПО-да от жағылатын бір құжыра болушы еді, күндіз ол жерге жақындау мүмкін емес, ондағы жұмысшылар жақындатпайды, ал кеште қараңғыны пайдаланып, әлгі жерді паналаймыз. Жетім бала үшін күні бойы талғажау етер тамақ іздеп, арасында ойнап, әбден сілесі қатар шақта ыстық тамаққа тойып алып, жылы жерде ұйықтаудан асқан бақыт бар ма! Әбден қараңғы түсіп, көз байлануын күтіп жүреміз, ДЕПО-ның айналасы тынышталды-ау дегенде жетімнің жұмағындай жылы қуысқа қарай жақындаймыз. Бірде сол қуысқа кіріп алып, жылы жерде маужырап, рахаттанып ұйықтап жатыр едім. Бірдеңе «арр» еткендей болды. Аяғымнан тістелеп сүйреп ала жөнелді. Мен не болғанын түсініп болар емеспін, көзімді ашпастан жылы орныма еңбектеймін. Қатты шаршағаным сондай, тек жылы орныма жатсам, ұйықтасам деймін. Әлгі ырылдаған бәле қайтадан аяғыма жармасқанда қатты шошынып, атып тұрдым. Бетінде қорасан дағы бар ер адам саусағын изеп бері кел деген белгі берді. Бұл жетім балаларды итпен іздеп жүрген милиция екен. Сөйтіп, мені және өзім секілді қаңғыбас балаларды жинап, Свердловскідегі балалар үйіне әкелді.

Екі қабатты терезелері көп үлкен үйде мен құралпы балалар жетерлік екен. Өзім секілді балаларға қосылып кеттім. Мен үшін ең керемет қызық-қуаныш болғаны — жасым 10-ға келгенде партаға отырып, оқушы атандым. Сабаққа зерек болдым. Оқуды да, жазуды да тез меңгердім. Басыма бантик тағып, хорға қатысып, ән айтқанды жаным сүйетін. Соғыс басталғаны туралы хабарды алғаш естігенім де осы кез. Соғыстың не екенін онша түсінбесек те, әйтеуір, бір жаманшылық, қиыншылық екенін түсінеміз.

Менің жаңа ата-анам

Халил деген кісі әйелімен бірге Балалар үйінде жұмыс істейтін. Сол кісінің әйелінің мені өзінше жақсы көріп, бауырына тартып жүретінін байқайтын едім. Менің фамилиям Мұхтарова болатын, ол кісінің де фамилиясы Мұхтаров екенін кейін білдім. Бір күні әлгі адам балалар үйінің директорымен келісіп, мені үйіне алып кетті.

— Сен енді біздің қызымыз боласың, Зайнаб! Жалпақ бет әйел жұп-жұмсақ алақанымен басымнан сипады.

Менің жүрегім қаттырақ соғып кеткенін сездім. Бұл қуаныш па, әлде белгісіздік алдындағы қобалжу ма, белгісіз.

— Біздің басқа баламыз жоқ, енді сен бізге бала боласың, — деді нығарлап Халил аға.

Мен келген үйдің тұрмысы жақсы екені алыстан байқалатын. Үйдің төбесі екі еңісті, шатыржалды және шатырында шағын терезесі бар, еңселі қақпасы анадайдан көрінетін. Қазақтардың үй-жайынан ерекшелігі — татарлар үй салуға мән берген ғой, үй бөліктерден — «әк өй» немесе «кунак булмәсә» және «кара өй» — ас үйден тұрады. Қара бөлігінде орыс пеші салынып, оған су жылытатын және тамақ әзірлейтін қазан орнатылған. Алғашқы уақытта өзіме шап-шақ, жаңа әрі әдемі киімдерге, маған деп арнап сатып алынған дәптерлер мен қаламұштарға қатты қуанып жүрдім. Балалар үйінде тозған не өзінен үлкен балалардан қалған киім киіп жүрген бала үшін шілтерлі қызыл көйлек, әдемі қызыл етік кию ерекше бақыт көрінді. Ішіп-жем де мол. Соғыстың ызғары бұл үйден сезілмейтін. Күнара ыстық тамақ жасалатын, дастарханда нан мол, оған жағылатын май да табылатын. Көп ұзамай мен жаңа ата-анам тапсырған жаңа міндеттеріме кірістім. Таңертең үйдегі екі сиырды табынға қосам, бұзау қараймын, екі шақырым жерден білегім талып су тасимын, қора тазалау, ауладағы бақшаны қарау, ауланы сыпырып қою... мен күнделікті сабағыма әрең үлгеретін болдым. Оңашада өзім үйреніп қалған балалар үйіне қайтып барсам деп ойлаймын. Бір-біріміздің бетімізге көмір не сия жағып, шашымыздан жұлқып қалып қаша жөнелетін достарым дәл қазір не істеп жатыр екен деп ойлап жатып ұйықтаймын. Интернаттың тамағы да бұл үйдікінен тәттірек секілді ме ау... Ондағы у-ду өмірден артық қызық жоқтай көріне берді.

Қашып шығу

Осылай күндер өте берді. Бір күні шаруамды жайғап жүріп, басыма бір ой келді. Үйде ешкім жоқ болатын. Жүгіре басып балалар үйіне келіп жеттім. Келсем, көп баланы сыртқа шығарып тізіп тұрғызып қойыпты.Түсінгенім, басқа қалада балалар үйі ашылып, балалардың жартысын сонда аударайын деп жатыр екен. Іздегенге — сұраған. Мен қуанып кеттім. Бұл маған құтқару амалы болып көрінді. Шеттеу жерге таяп келдім де, бойы өзім шамалас бір қызға киімімді көрсеттім.

— Киіміңді ауыстырасың ба?

Қыз менің киімімнен көз алмай қарап тұрды. Қызығып-ақ тұр. Бірақ, ауыстыруға батылы жетпей тұр.

— Осылай бере салам, тек тездетіп ауыстырайық, — дедім.

Екеуміз оңаша жерге барып, құнжыңдап киім ауыстырып жатырмыз.

Үстімдегі Халил ағайдың әйелі сатып әперген мақпалдан тігілген жаңа пальтомды, басымдағы әдемі, қалың, гүлді орамал, аяғымдағы қызыл етік, іш жағымнан киген бантикті жаңа көйлекті қызға шешіп беріп, балалар үйінің қара-қоңыр матадан тігілген өңсіз киімдерін киіп алдым. Жұқалау болса да жылуы мол секілді көрінді ме ау, әйтеуір, көңіліме ыстық. Балаларды фамилиямен тағы бір тізімдеп болғанда мен де олардың араларына қосылып кеттім. Арасында өзім танитын балалар бар екен, дуылдасып, солармен қосылып, пойызға отырдық. Бізді Қазақстанның Семей деген жеріне әкелген екен. Келгеннен кейін фамилия бойынша тексеріп, тізімдеп қабылдап жатты. Ең соңында мен қалдым. Тізімді қарайды, Мұхтарова деген фамилия жоқ. Тағы бір тізімді қарайды, онда да жоқ. Сол кезде дәу де болса балалар үйін басқаратын осы шығар деп қолынан жараланған, ақ шашты ағайға барып, жалына бастадым.

— Ағатай, мен осында қалайыншы. Мен де сол балалар үйінде болғам, мені асырап алған еді, бірақ мен қашып кеттім, енді қайта барғым келмейді, ағай, қалайыншы. Сабағым да жақсы, тәртібім де дұрыс. Ән де салам, хорға қатыстым, — деп жатырмын. Сол кезде «олай болмайды, тізімде жоқсың» десе жүрегім қарс айрылатындай. Тек олай дей көрмесе екен, қалдыра көрсе екен... Өзім жылап жатырмын.

Маған таңырқай қарап қалған ол кісі «жақсы, жақсы» дегенде шын қуандым. Балалар үйі менің үйім секілді, ал ондағы балалар туыстарым секілді көрінді. Ол жерде жамандық көрмейтініме сендім және солай болды да.

Жалғыз өкініш

Соғыс кезінде маман жетіспейтін. Жетінші класты бітіргенде бастауышқа мұғалім етіп жіберді. Осылайша мен үлкен өмірге жолдама алдым. Алдымен педучилищеде оқыдым. Артынан Алматыға барып Қыздар педагогикалық институтына түсіп, оны қызыл дипломмен бітірдім. Беделді жоғарғы оқу орнында ұстаздық еттім. Жақсы адамға жолықтым, ғалым еді, өмір бойы сыйласып өттік, екі баланың анасы атандым. Қазір немереден шөбере сүйіп отырмын. Былайша айтқанда, мен енді жетім емеспін. Бір ғана өкінішім — бала шағымда балалар үйіне тапсырып көз жазып қалған сіңлімді онда-мұнда хат жазып іздесем де таппадым. Көз алдымдағы сәби бейнесі де жылдар өткен сайын көмескіліп барады. Сіңлімнің дүниеге келген уақыты соғыстың алдындағы жылдары еді, менің өзім бала едім, суретке де түспеппіз. Соның бәрі өкініш. Бір үміт қана әлі күнге үзілмей келеді. Үзілсе мен мына өмірден көшкен күні ғана үзілетін шығар... Енді сіңлімді соңғы рет іздеймін. Кім біледі, туған топыраққа келуім де соңғы шығар... *** Қалта телефонына хабарлама келіп түсті. «Ресей жеріне қош келдіңіз, сіз роуминг арқылы сөйлесе аласыз» деген хабарлама екен. Кемпір вагонның терезесіне үңілді. Кәрі жүрек дүрсілдеп кеткендей болды.





Пікір жазу