29.10.2021
  122


Автор: Мирас Мұқаш

Келесау

Аурухананың жүйке ауруы бөлімшесінде төсекке таңылған бір қыз жатыр. Палата іші тар. Қара көлеңке, терезе сыртындағы өмір де сүреңсіздеу. Мезгіл қаңтардың соңына ауысқанмен, Алматының ауа-райын адам түсініп болмайды: екі күн бойы қар орнына жаңбыр жауған. Күн бұлыңғыр. Жер көк тайғақ.
Әсемді бұл бөлімшеге кеше түнде алып келген.

***

Жатахана. Гүлназ ащы айқайдан шошып оянды. Сипалап жүріп электр тетігін әрең тапқан. Қасында төрт жыл бірге оқып, бірге тұрған құрбысы өзі-өзімен арпалысып, сандырақтап жатыр. Тұла бойы бұлауға түскендей қара тер. Гүлназдың аузына:
«Біссіміллә, біссімілләдан» — басқа сөз түспеді. Мұндай жағдайды бірінші рет көруі. Қатты шошыған.
— Жаным, Әсем, не болды, тұршы! Бісімміллә,біссіміллә! Бұлқынып жатқан Әсем есін жия алмады. Гүлназ жатахана кезекшісі мен жедел-жәрдем қызметкерлерінің қашан келіп, қалай кіргенін де аңдамай қалды.

***

Бастапқыда бәрі де әдемі басталған еді. Мектеп бітіру кеші, тамылжыған әуен, жүздері бал-бұл жанған албырт жастар.
Көп ұзамай-ақ үлбіреген үміттерін үкілеп ару Алматыға да келген. Қаптаған талапкерлер, жаңа достар, жатахана, студенттік өмір...
Әке-шешесі Әсемнің алдындағы екі баласын оқытпаған болатын. Жағдайлары да келе қоймаған, оның үстіне ұлдары оқуға онша құлықты емес-тін. «Екі қолға бір күрек — оқу не керек, ден сау болса, бір жерден шығар», — деп мазалай қоймаған. Қазір ағайынды екеуі үйдегі азын-аулақ аша тұяқты бағып ауылда жүр.
Алматыға Әсемді әкесі ертіп келді. Әуелде үлкен үміт арқалап келгенін жақсы сезінген қыз қолынан кітап түспей күні-түні дайындалды. Межелі күнге жетіп, қабылдау комиссиясы төрағасының қолынан «несие бөлімге қабылданды» деген бір жапырақ қағаз алып шықты.
Басында әжептәуір қобалжыған ата-ананың қуанышында шек болмады. Жиған-тергенін шашып, той қылды.
Ағалары да мәз, арақ аңдып, құтты болсын айтып келген қуларды армансыз суарып, өздері де қоса ішіп, көңілдері тасып, жалғыз қарындастарының оқуға түскенін аянбай «жуды».

***

Жатахана бөлмесінде Әсемнен өзге ешкім жоқ, қолында кітап, оған көңіл аударып отырғаны да шамалы, алыстағы ата-анасы мен ауылын аңсап, жападан жалғыз елегізіп отыр. Соңғы кездері бірталай еңбекпен түскен оқуын тастап та кеткісі келетін ойлар қылаң бере бастаған. Оны бір бөлмеде тұратын құрбысы Гүлназға ғана айтады. Ол мұны мазақтап, келемеж етеді.
— Ауылға қайта барғанда не істейсің, дүниеде Алматыға жететін жер бар ма?! — деп тамсанады.

***

Қазір Гүлназ түнгі клубқа бармақшы болып дайындалып жатыр, күні бойы ұйықтаған. Әсем тағы да жалғыз қалмақшы.
— Жоқ! — деді ішінен — күнде жіпсіз байланып отыра беремін бе, Гүлназбен барамын, — деп шешті. Алматыға келгелі қала аралап көрмегені де рас еді. Жатаха мен оқу корпустарының арасындағы жолды ғана біледі.
— Гүлназ, сенімен барайыншы! — деді бір кезде қиылып.

— Саған баяғыда айтпап па едім, өзің ғой бармай жүрген... — деп қуанып кетті құрбысы. Сөйтті де:
— Мә, бойжеткен басыңмен өмір-бақи боянбай жүрмекпісің! — деп, опа-далаптарын Әсемнің алдына тастай салды. Енді екеуі таксилетіп түнгі клубқа қарай тартып келе жатыр.
Әсем аяқ астынан таңғажайып ертегілер еліне тап болғандай қайран қалды. Оны қала жастары үймелеген түнгі клубтың көрінісі бірден-ақ аң-таң қылған. Гүлназды мұндағылардың көбі таниды екен. Қалай танымасын, күнде... түнде осы жерден шықпайды. Бір мезетті құрбысын енгезердей бір жігітпен таныстырып үлгеріп, соның қолынан ұстатып кеткен Гүлназдың өзі көзді ашып-жұмғанша қара-нөпір би алаңына еніп кетті.
Жігіттің аты Марат екен, осынау «мекемеде» абыройсыз еместігі де байқалып тұр, жан-жағында құрақ ұшып жүрген даяшылар мен өзге де қызметкерлерді қолдың қимылымен-ақ жұмсап отырған сері жігітті тал шыбықтай бұралған қыз бірден ұнатты.
Алдарына шағын дастархан түрлі таңсық тағам мен арақ-шарапқа толып кетті. «Қандай тартымдылық, не деген қолы ашық жігіт?!» — деп, Мараттың әр қимылына қызыға қарап отырған Әсем өзіне құйылған жеміс шырынын сызыла отырып сыздықтата тартуға кіріскен. Әрине, ол ішіп отырған сусынына күшті шарап қосылғанын білмеген еді. Көп ұзамай-ақ көз алды гүлдей жайнап, дүние құлпырып жүре бергендей болды.
— Қандай ғажап! — деді іштей.
Марат биге шақырды...
Осы күннен бастап сабақ та, әке-шеше үміті де бірте-бірте естен шыға бастаған еді. Күнде клуб, кафе, қымбат сыйлықтар балаң қыздың басын айналдырайын деген. «Қала деген осы екен-ау, қандай тамаша...», — деген қиял баураған.
Күлімдеп күндер, ағындап айлар, жылжып жылдар өтті. Кешегі ата-ана үмітін арқалап келген бірінші курс студенті төртінші курстың белді бір студенті атанды. Әрине, емтихан мәселесін әлгі жігіттің көмегімен шешкен.

***

Әсемнің қазіргі күні күн емес. Марат тастап кеткен. Әсемді ғана емес, екеуін де...
Қыз талай жалынды: «Әке-шешем түсінеді, сенің айтқаныңнан шықпаймын, үйленейікші!» — деп өтінген. Бірақ маңғаз жігіт көнбеді. «Ақымақсың, бала менікі емес, басқа біреудікі, жөніңді тап, менде шаруаң болмасын», — деп, өзіне пәле жапты.
Күндегі әдетінше Әсем бүгін тағы жылап жатыр. Гүлназ тағы кеткен. Тағы да түнгі клубта шайқап жүрген шығар...
Түс кезі еді, есік қағылды, көрші қыз екен. Бірден:
— Әсем, мен сенің қиналып жүргеніңді байқап жүрмін, саған көмектескім келеді, — деп аяушылық танытты...
Жанарынан үміт оты жарқа ете қалған қыз қалай көмектеспексің деген сұраулы жүзбен көрші қызға таңдана қарап қалыпты.
Екеуі бөлме есігінің ілгегін салып қойып әңгімелесті. Әсем ойланды, «сөйту керек екен, басқа амал жоқ», — деп шешті.
Ертеңіне көрші қызбен қала сыртындағы қирап бітуге айналып, иесіз тұрған екі қабатты үйге келіп кірді. Ішіндегі бекүнә нәрестені жасырын түрде жоқ қылмақшы...
Әсем ұйықтай алар емес, әр нәрсені ойлап жатып көзі ілініп кетті, түс көріп жатыр.
Кең дала, ашық аспан, жүгіріп келеді. Артына бұрылса, соңынан бір топ нәресте ілескен, не үшін қашып жүргенін өзі де түсінер емес, артына жанұшырап тағы көз тастаса, әлгі сәбилер жыртқыш аңдарға айналыпты, жүрегі аузына тығылып алқынып кетті... Алыстан өз үйі көрінді, әке-шешесі, ағалары тұр, әрең жетіп, үйге, өз үйіне кірмекші болды, есік тарс жабылып, үйі табаны ауғандай алыстай берді, жете алар емес. Әсемде зәре жоқ, артынан шұбыра қаптап құбыжық кейпіне енген бүлдіршіндер енді мұны тарпа бас салды, ойда-жоқта қамау мен талауға арбалған қыз шыңғырып жіберді.




Пікір жазу