Ащы алма
Есін енді ғана еміс-еміс біліп қалған балғын шақ. Бірақ кейбір қадау-қадау көріністер көкірек сарайында күні кешегідей-ақ сайрап тұр. Қаланың шеткері аудандарының бірінде пәтер жалдап тұратын әке-шешесі бұл оянғанша жұмыстарына кетіп қалады. Қожайын жайымен жапсарлас аядай жер тамның қараңғылау түпкірінде тымпиып жататын бұл ұйқысы қанып оянған сәтте босағаға сүйеніп өзіне қарап тұрғын кемпірдің сұлбасын көреді. Төбесіндегі жаулығының шетінен бурыл шашы дудыраған сықпыты қорқыныштылау адам.
Кішміштей бет-аузы терең әжімнен айғыз-айғыз. Сұп-суық сұрғылт жанары үрей ұшырады. Күндегі сурет осы.
Шешесі оған баласына бас-көз болуды қатты қадағалап тапсырып кеткен.
Әрине, ол еңбегінің де ақысын жемейтін болуы керек...
Кей күндері кемпір екеуі қатар-қатар жайғасқан кино кино көрерменінше ауа сыртындағы кеңістікке телмірген күйде алақандарын тізелеріне қойып күн ұзақ отырады.
Зейнеткер қария мен мектеп жасына жетпеген бала бұдан басқа не істемек?
(Кейін ойласа, ол бір базардан қайтқан, бірі о жаққа енді ғана бет түзеген екі адамның дәл жолдары түйіскен тұсы екен).
— Әй, аштың ба көзіңді? Тұр! — дейді табалдырықта тұрып зіркілдеген кемпір. — Бар беті-қолыңды жу! Киін! Бол!
Қаршадай баламен үлкен кісіше сөйлесетіні қызық. Мінезі де шәлкем-шалыс, қатал, бір-түрлі қырсықтау жан. Ешкімді жақтырмайды. Өткен-кеткенді сынап-мінеп, тіпті, аузын жыбырлатып жазықсыз қарғап-сілеп отырады. Дегенмен, қасында томпаңдай жүгіріп, апалап, отырғысы келсе орындығын дайындап, сүйенетін таяғын тауып беріп қолғанат болатындығынан ба, неге екенін, анда-санда бұған мейірленіп қалатын сәттері де жоқ емес. Кейде:
— Кішкентай ғана ақылы бар! Адам бол тіпә-тіпә! — деп сүйсінеді.
Сонда да зекіп сөйлейтін дағдысын қоймайды.
— Әй, мә! Ал, мына тиынды! Нан алып кел. Шай ішейік! — дейді бір мезгілде.
— Бұл кісінің бір әдеті — артылған нан қалдықтарын тастамайды. Кептіріп қап-қап қылып жинап қояды. Бірде мұның шешесінің: «Апа, мұнша қатқан нанды қайтпекшісіз?» деп таңырқай сұрағаны бар. Сонда кейуана көзі ежірейіп: «Ей, ессіз қыз қыз-ау сен не білуші едің? Сақтықта қорлық жоқ — аштық айтып келе ме! Кешегі отыз екі қайта сап ете түссе көрер ем қайтпекшіңізді! Өй-й, санасыз жаман қыз» деп кейіген-ді.
Тағы бір дағдысы — күзге қарай ауласындағы үш-төрт түп алма ағашынан үзіліп түскен жемісті де «іске асырады». Қидалап, турап, оларды да өзі тіккен дорбаға салып, қатар-қатар етіп шатырға жайып тастайды.
Бұл жүгіріп барып есік алдындағы дүңгіршектен бір бөлке нан алып келеді. Үй төбесі төмен және терезе шағын болғандықтан, қыста күн шақырайыа тұрса да, кемпірдің ас бөлмесі қаракөлеңке тартып тұрады.
Екеуі дөңгелек тапал үстелдің шетінде ләм-мим деспей ұзақ отырып шай ішеді. Әлден уақытта қария: — Е-е айтпақшы, мә! Мынаны баған шешең тастап кеткен. Же! Мен бір сені аш қалдыратындай... Бейшара қыз күнде сөйтеді. Менің де немерелерім бар емес пе! — деп ірге тұсындағы тартпадан қалың етіп май жағып, бетіне ұсақ қант сепкен бір кесек нанды алып ұсынады.
Бала «Немерелері қайда екен? Неге келмейді?!» деп ойлап қояды. Одан ауылдағы әжесі есіне түседі. Бұл мұнда келгенше бірталай уақыт соның қолында жүрген. Әкесі екеуін Алматыға кетіп бара жатқанда жолға ұзатып шыққан әжесі үй жанындағы көпірдің үстінде мұны кеудесіне қысып көп тұрып еді.
Үнсіз егіліп, ұзақ аймалаған. Қазір оның күн қақты қоңыр шапанының иісін де аңсайтындай. «Әжем не істеп жүр екен? Қашан барар екенбіз?!» деп қиялдап кетеді.
Ал, енді бар! — дейді кемпір осы кезде селк еткізіп.
— Ойна! Мен азырақ тынығып алайын. Шығып бара жатқанда тағы үн қатады: — Сухар жейсіңбе ей? Әйтпесе, алманың қағын жеңдер! Албарда толып тұр. Алып жей беріңдер!
Кепкен нанға құштарлығы жоқ. Татып көрген. Дәмсіз. Алма қағын да жеген. Дұрыс кептірілмегендіктен бе, көк татиды. Кермек пе... Жоқ қышқыл. Қышқыл да емес, шіріген көктің дәмі. Сондықтан, оған да жоламайды.
Үнсіз ілбіп, әлгі бір жапырақ нанын ұстап аулаға шыққанында шарбақтан мойнын қылтитып, бұған күлімсірей қарап көрші үйдің өзі құралпылас қызы Алена күтіп тұрады. Алтын түстес шашын екі бұрым етіп өріп қойған сүйкімді, секпіл бет қыз. Оның да ата-анасы жұмыста. Ол да кәрі әжесінің қарауында қалған.
Сондықтан мұның қолындағы нанды бөліп жеп алған екеуінің жұбы кеш батқанша жазылмайды. Үй ойнайды, топырақ үйеді, әткеншек тебеді — ермек көп.
Жұмыстан әке-шешесі келген кез ең бақытты сәттер. Сүреңсіздеу, күңгірттеу лашықтары олар келгенде шуақтанып, гүл-гүл жайнап кетеді.
Әкесі тұйықтау жігіт. Кісі есігінде жүргені жанына бататын болу керек, тіршіліктің өзге де мұңы көп, көбінесе албар терезенің түбіндегі ескілеу креслода темекісін тартып, қоңырайып қағаз қарап отырар еді. Шешесі — мұғалім. Түн ортасы ауғанша шұқшиып, дәптер тексереді. Бұл соның жанына жайғасып алып сурет салудан жалықпайды.
Шешесінің әкесіне қоятын үйреншікті сұрағы бар:
— Ақшаларыңды қашан берер екен?
— Білмедім беріп қалар.
— Тезірек берсе жақсы болар еді?
Бір кезде қожайын кемпір екі орталарын бөліп тұрған қабырғаны ұрады. Ол «Сағат он екі болды. Жарықты өшіріңдер!» деген сөз... ылғи осы.
Бір күні аяқ астынан жүрек қысқан кемпір жан тәсілім етті.
Оның немерелерін сол кезде ғана көрген. Жалғыз өгей қызынан туған балалары екен. Мұның өлімін ғана асыға күтіп жүрген адамдар сияқты, қартты апыр-топыр жерлеп келе салысымен бұлардан пәтерді босатуда талап етті. Сатпақшы көрінеді...
Кейінірек бұлар да баспана алған. Әкесінің қызмет орны берген еді. Бірақ оған дейінгі қаншама пәтер ауыстырулар естен кетер ме? Сабылып жатаханадан жатаханаға көше жөнелу мұны да мезі етіп, жұдырықтай жүрегін сыздатқан-ды. Шегедей болса да, баспанасыздықты бұл да түйсініп, кей құрбы-құрдастарынан кәдімгіше қысылатыны да есінде. Сәл жасқаншақтау болып өскені де сондықтан ба?
Қазір зіңгіттей жігіт бұл. Тым жуас деуге де келе қоймас. Талай ашынған, талай қайраттанған...
Кенет баяғы Аленаның еске түскені. Қандай қыз болып өсті екен ол? Нағыз сұлу шығар. Таныр ма еді мұны? Нан бөлісіп жер ме еді?! Қызық бәрі. Аузына кемпір марқұмның қышқыл жеміс қағының дәмі келгендей болды. Қышқыл емес, көк татыған ащы дәм. Алма да ащы жеміс қой. Тірлік те бірде кермек, бірде тәтті...
Ол бала құрбысы Аленаға барып қайтуға бекінді